АЭС құрылысына нақты бір елдің технологиясын таңдау шешімі жасалмады — министрлік

АСТАНА. KAZINFORM — АЭС құрылысына қатысты нақты бір елдің технологиясына таңдау жасалған жоқ. Бұл жұмыстар референдум нәтижесіне қарай іске асырылады. Бұл туралы ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов мәлім етті.

АЭС
Фото: vwalakte / Freepik

«Әзірге, АЭС құрылысына қатысты референдум өтетін мерзім белгісіз. Жалпы, зерттеулер аясында да дамыған елдердің технологиялары қарастырлатыны түсінікті. Атап айтқанда, референдум өткеннен кейін, яғни тиісті дауыс нәтижесінен соң нақты бір елдің технологиясын іріктеуге назар аударылады», - деді С. Есімханов Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Айта кетейік, осыған дейін 4 елдің ядролық технологиясы зерттелген еді.

Вице-министрдің айтуынша, дәл қазір министрлік нақты бір елдің технологиясын таңдауға қатысты шешім жасамаған.

«Бұл шешім (референдумнан кейін) комиссия аясында мамандарды тарту арқылы қабылданады. Қазір 4 мемлекеттің технологиясы қарастырылып жатыр. Олардың әрқайсының өзіндік ерекшелігі бар. Сонымен қатар, біз де өзіміздің талаптарымызды қоямыз. Келіссөздер барысында тиімді технологияға назар аударылады», - деді Сұңғат Есімханов.

Сонымен қатар тілшілер министрлік халықты ақпараттандыру жұмыстарын жүргізу үшін өңірлерді аралауды қашан аяқтайтынын сұрады.

«Біз өз жұмысымызды жалғастырып жатырмыз. Алдын ала болжам бойынша күзде аяқтаймыз деп отырмыз. Бізде де жұмыс ауқымы үлкен. Сондықтан күзде біздің жоспарлы жұмыс аяқталады деп ойлаймын», - деді вице-министр.

Бұдан бөлек ол «халық АЭС құрылысына қатысты қандай пікірде?» деген сұраққа жауап берді.

«Оны «Самрұқ-Қазынадағы» айналысатын мекемелер бар, тиісті әлеуметтік зерттеулер бар. Жалпы, соңғы зерттеулерде халықтың 55-57 пайызы қолдайды деген. Ол жауап респонденттік сауалнама деңгейінде алынды. Сондықтан әрі қарай бұл жұмысты жалғастыру керек. Қолдайтыны бар, қолдамайтыны бар. Экология жағынан да, тазалық жағынан да, энергетикалық қауіпсіздік жағынан да тиісті ақпараттарды алға тартып, осыны әріптестеріміз түсіндіріп жатыр», - деді С. Есімханов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Оңтүстік Корея Қазақстанға APR-1400 реакторымен жұмыс істейтін АЭС салуды ұсынбақ

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев референдум кезінде АЭС құрылысына қарсы шешім қабылданса, бұл жұмыстың бәрі тоқтайтынын айтқан еді. 

«Дегенмен, біз осы шешімді ел халқы қолдайды деп сенеміз. Өйткені атом энергиясының маңыздылығын түсінеміз. Атом энергетикасы өнеркәсіп пен ел экономикасының дамуына елеулі ықпал етеді. Қазақстанда уран өнімдерін өндіру саласында барлық қажет мүмкіндік бар. Сондықтан АЭС құрылысы экономика мен ғылымды дамыту үшін орасан зор әлеуетті көтеретін соңғы цикл саналады», - деді министр.