АЭС құрылысына отандық арматура жеткізіледі: Qarmet жаңа өнім өндірісін игерді

ТЕМІРТАУ. KAZINFORM — Қазақстанда атом электр станциясын салу жобаларына дайындық жүріп жатқан кезеңде стратегиялық маңызы бар нысандарды отандық материалдармен қамтамасыз ету мәселесі ерекше өзектілікке ие болып отыр. 

АЭС құрылысына отандық арматура жеткізіледі: Qarmet жаңа өнім өндірісін игерді
Фото: Freepik

Мемлекет алдында тұрған басты міндеттердің бірі — қауіпсіздік пен сенімділіктің ең жоғары талаптарына сай келетін өнеркәсіптік базаны қалыптастыру.

Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірін Qarmet компаниясы жасады. Кәсіпорын диаметрі 8-ден 40 миллиметрге дейінгі А500СЕУ класты арматуралық прокат өндірісін игерді. Өнім ерікті сертификаттаудан сәтті өтіп, стратегиялық маңызы бар инженерлік құрылыстарды салуда қолдануға мүмкіндік алды.

АЭС құрылысына отандық арматура жеткізіледі: Qarmet жаңа өнім өндірісін игерді
Фото: Freepik

Компания мамандарының айтуынша, жаңа өнімді игеру мемлекеттік тапсырысты орындау аясында жүзеге асырылған.

— Біздің алдымызға ГОСТ 34028-2016 талаптарына сәйкес А500СЕУ класты арматуралық прокат өндірісін игеру міндеті қойылды. Бұған дейін комбинат А500С класты сертификатталған арматура шығарған болатын. Жаңа өнімнің басты ерекшелігі — жоғары иілімділігі, сейсмикалық төзімді конструкцияларға жарамдылығы және 2 миллионнан астам рет қайталанатын циклдік жүктемелерге төтеп беру қабілеті. Осы сипаттамаларының арқасында аталған арматура атом энергетикасы нысандарын және басқа да күрделі инженерлік құрылыстарды қоса алғанда, аса жауапты объектілердің құрылысында қолданылуы мүмкін, — деп атап өтті Qarmet компаниясының сапаны бақылау бөлімінің мамандары.

Қазіргі таңда Qarmet арматурасы тұрғын үй, өндірістік және инфрақұрылымдық нысандар құрылысында кеңінен қолданылып келеді. Жаңа өнімді шығару үшін компания мамандары толық технологиялық циклді әзірлеп, тәжірибелік жұмыстар жүргізді. Жоба аясында болат оттекті-конвертер цехында балқытылып, кейін сортты прокат цехында дайын өнім шығарылды.

АЭС в Казахстане поддержит отечественная металлургия
Фото: Qarmet

Диаметрі 8-ден 40 миллиметрге дейінгі тәжірибелік арматура партиялары барлық қажетті аттестациядан өтіп, ерікті сертификаттауға жіберілген. Сынақ нәтижелері бойынша компания 2026 жылғы 4 маусымда халықаралық заңды күші бар сәйкестік сертификатын алды.

Мамандардың пікірінше, мұндай өнім өндірісін ұлғайтуда Qarmet компаниясы салып жатқан жаңа сортты прокат станы маңызды рөл атқарады. Жылына 540 мың тонна сортты прокат шығаруға қауқарлы өндірістік кешеннің құрылысы биыл аяқталады деп жоспарланған.

Дәл осы алаңда А1000 класына дейінгі заманауи арматураның кең ассортиментін өнеркәсіптік көлемде шығару жолға қойылады. Жаңа өндірістік кешен өнім түрлерін көбейтіп қана қоймай, олардың сапалық сипаттамаларын да жақсартуға мүмкіндік береді.

АЭС в Казахстане поддержит отечественная металлургия
Фото: Qarmet

Жобаны іске асыру нәтижесінде компанияның сортты прокат нарығындағы позициясы нығайып, импортты алмастыру мүмкіндіктері артады. Сонымен қатар Қазақстанда күрделі әрі жауапкершілігі жоғары инфрақұрылымдық нысандар құрылысына қажетті металл өнімдерін өндіретін толыққанды отандық өндірістік база қалыптасады. Бұл өз кезегінде атом энергетикасы секілді стратегиялық салаларды дамытуға қосымша серпін береді.