АЭС салатын кезде экологтар бәрін егжей-тегжейлі қарайды – министр

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде атом электр стансасын салу барысында халық пікірі ескеріледі. Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Экология кодексіне сәйкес кез келген құрылыс жобасы, оның ішінде атом электр стансасы да салынбас бұрын бірнеше кезеңнен өтуі тиіс. Елімізде атом электр стансасы салынады деген әңгіме қозғалған сәттен бастап біз құзырлы орган ретінде өз ұсынымымызды жібердік. Аталған нысанды салу туралы нақты құжат дайын болғанда біз оны міндетті түрде қараймыз. Сонымен қатар қоғам пікірі ескеріледі», - деді Зүлфия Сүлейменова Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында.

Еске салайық, бұған дейін Энергетика министрі Болат Ақшолақов атом электр станциясын салу технологиясы биыл таңдалатынын айтқан еді.

Сондай-ақ, таяуда ғана Үкімет басшысы АЭС салуға қатысты түпкілікті шешімнің әлі қабылданбағанын жеткізген еді.

«Атом электр стансасы - өте күрделі технологиялық объект. Біз бұл нысанды әлемдегі ең озық технологиялары бар компаниямен бірге салғымыз келеді. Яғни, әлемнің ең озық технологияларын тарту үшін көпжақты жоба болғанын қалаймыз. Негізгі жеткізуші ретінде «Росатомды» таңдауға қатысты шешім әлі қабылданған жоқ. Шешімді биыл халықаралық сарапшылармен пысықтай отырып қабылдаймыз. Бізде Росатоммен бірге арнайы жол картасы жасалды, енді дайындық жұмысын жүргізуіміз керек. Оның қорытындысы бойынша тікелей ядролық және басқа да жабдықтарды жеткізуші компания айқындалады», - деп еді Әлихан Смайылов.


Соңғы жаңалықтар