АЭС салуда Ресейдің ұсынысын жоғары бағалаймыз – Қасым-Жомарт Тоқаев

Қазақстанда атом энергетикасын дамытудың әлеуеті мол. Аталған мәселеге қатысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік «Известия» газетіне берген сұхбатында толығырақ айтып берді, деп хабарлайды Kazinform.

президент
Фото: akorda.kz

«Елімізде атом электр станциясын салуға қатысты түрлі пікір айтылып жүр. Бір жағынан, Қазақстанның атом энергетикасын дамыту әлеуеті мол. Еліміз табиғи уран өндіру көлемі жөнінен әлемде бірінші орын алады. Сондай-ақ, ядролық отын компоненттерін өз елімізде өндіреміз және уранды изотопты байыту жөніндегі қызметтерге қол жеткізе аламыз. Үлбі металлургия зауытының базасында Қытайдың атом электр станциялары үшін дайын ядролық отын шығарылады», - деп жауап берді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, көптеген азаматтар мен сарапшылар атом станциясының қауіпсіздігіне күмән келтіреді.

«Семей ядролық сынақ полигонының ауыр қасіретін ескерсек, мұны түсінуге болады. Қазақстан аумағында атом электр станциясын салу мәселесінде Ресей тарапының жәрдем беру ұсынысын жоғары бағалаймыз. Әйтсе де, АЭС құрылысы жөніндегі түпкілікті шешім референдум қорытындысы бойынша қабылданады», - дейді Мемлекет басшысы.

Соңғы жаңалықтар