АЭС салынса Балқаш суы азая ма – комитет жауабы
«Балқаш көлі Аралдың тағдырыны қайталауы мүмкін. Көл суында тұзы бен күкірт диоксидінің, ауыр металл мен улы шаңның жоғары концентрациясы байқалып отыр. Соған қарамастан АЭС салыну ықтимал орын ретінде Балқаштың аумағы қарастырылып отыр. Ол идеяның авторлары сіздермен сарапшы ретінде ақылдасты ма?» - деп сұрады БАҚ өкілі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде
Министрлік өкілінің айтуынша, түбегейлі шешім әлі қабылданбаған.
«Қазіргі таңда Энергетика министрлігінің жанындағы үлкен ұйым зерттеу жүргізіп жатыр. Балқаштың жағасында салу туралы шешім де бір нұсқа ретінде зерттеліп жатыр. Бұл мәселеде үш негізгі фактор бар. Біріншісі – экология мәселесі. АЭС бүкіл экологиялық талаптарға сәйкес болса ғана салынады. Екіншісі – қоғамдық тыңдау. Қоғам мақұлдаса ғана жоба қолға алынады. Үшіншісі – суды үнемдеу мәселесі. Бізге мамандар атом өнеркәсібінде суды барынша аз тұтынатын технологиялар бар екенін айтты. Яғни, тұтынылуы ықтимал судың көлемі экожүйеге, Балқаштың су қорына кері әсер ететіндей мөлшерде болмайды дегенді айтып отыр. Бұл әзірге келешектің еншісіндегі мәселе, талқыланып қана жатыр. Жобалау кезінде міндетті түрде Су комитеті қарайды. Мен атаған үш мәселе ең негізгі құрамдас бөлігі болады», - деді Зұлфұхар Жолдасов.
Сондай-ақ Балқаш суының азайып бара жатқаны туралы әңгімеге де пікір білдірді.
«Біздегі деректер бойынша бүгінде Балқаштың деңгейі түсіп кеткенін көріп отырған жоқпыз. Бірақ кезең-кезеңмен байқалатын тенденция бар. Бұл жерде екі үлкен проблема бар. Оның бірі – климаттың өзгеруі, Балқашқа құятын су көздерінің, трансшекаралық өзендер суының азаюы, мұздықтардың еруі. Балқашқа құятын судың 70 пайызы Іледен келеді. Ал ол өзен бастауын Қытайдан бастау алып жатыр. Сәйкесінше, көрші елден ағып келетін судың азаюы проблемасы да бар. Ол бойынша трансшекаралық өзендерге байланысты келіссөз жүріп жатыр», - деді комитет басшысы.