Африка елдерімен достық қарым-қатынас құру қажет - Барлыбай Садықов
АСТАНА. KAZINFORM – Осы аптада Конго Республикасының президенті Денис Сассу-Нгессон Қазақстанға сапармен келеді. Осыған орай Қазақстанның Эфиопиядағы және Кениядағы (қоса атқарушы) Елшісі, Африкалық одақ пен ЮНЕП жанындағы Тұрақты өкілі Барлыбай Садықовты сөзге тартқан едік.

- Барлыбай Кәрімұлы, биыл 1-3 тамызда Конго Республикасының Президенті Денис Сассу-Нгессоның Қазақстанға сапары жоспарланып отыр. Сіз Қазақстан Республикасының Африка Одағы жанындағы Тұрақты өкілісіз және бірқатар Африка елімен, оның ішінде Конго Республикасымен ынтымақтастыққа жетекшілік етесіз. Осыған байланысты Конго Республикасымен және жалпы Африка елдерімен екіжақты ынтымақтастыққа қатысты бірқатар сауал қойғымыз келеді. Конго, осынау африкалық мемлекет туралы не айтар едіңіз?
- Конго Республикасының көне тарихы бар. Елдің байырғы тұрғындары – VIII ғасырда қазіргі Конго аумағына қоныстанған пигмеи және банту тайпалары. Әлемдегі ең ірі және терең өзендердің бірі – Конго осы елдің аумағы арқылы ағып өтеді. «Конго» сөзі өз атын өзенге берген конго халқының және екі мемлекеттің - Конго Республикасы мен Конго Демократиялық Республикасының атауынан шыққан.

XV ғасырда Конгоны ең алғашқы рет ашқан еуропалықтар – португалдықтар. XVIII ғасырдың ортасынан бастап Конго Республикасы “Француз Конгосы” деген атпен Франция колониясының құрамында болды. Ел тәуелсіздігіне 1960 жылғы 15 тамызда қол жеткізді. Ұзақ жылдар бойы Конго Республикасы мен КСРО арасындағы қарым-қатынас стратегиялық сипатта болуына байланысты бұл ел социалистік бағытты ұстанды. Конго этникалық құрамының сан алуандығына қарамастан, ішкі саяси тұрақтылығымен ерекшеленеді. Браззавиль барлық елдермен достық және теңдестірілген қарым-қатынас, ал Франция, Қытай, Ресей, АҚШ Үндістан сынды елдермен өзара тиімді әріптестік орната білді.
Халықаралық сахнада Конго түрлі бейбіт бастамаларды қолға алған. Атап айтсақ, Ливия мен Конго Демократиялық Республикасындағы жағдайды реттеуге қатысты. Конго климаттың өзгеруіне қарсы күресте, атап айтқанда ормандарды сақтау және орманды қалпына келтіру науқандарында жоғары белсенділік танытады. Конго Республикасының Президенті Денис Сассу-Нгессоның ұсынысы бойынша 40 жылдан бері республика аумағының 80 пайыздан астамын орман алып жатқанына қарамастан, елдің әрбір тұрғыны жыл сайын 6 қараша күні бір тал ағаш (Президент Дени Сассу-Нгессоның жарлығына сәйкес жыл сайын 6 қарашада Конгода Ұлттық ағаштар күні мерекеленеді - ред. ескертпесі) отырғызады. Осылайша ормандар мен ғаламшардың биологиялық алуан түрлілігін сақтауға ықпал ететінін айтып өткенді жөн санаймын.
Конго пайдалы қазбаларға бай мемлекет. Мұнай, газ, металлдардың ірі кен орындары бар. Республикада сұйытылған газ, пальма майы мен қант шығаратын зауыттар салынған. Ағаш өңдеу өнеркәсібі дамыған.
Соңғы жылдары сыртқы борышты жүйелі түрде азайту саясаты, салықтық әкімшілендіру саласындағы реформалар, мұнай кірістерінің артуы, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен ағаш өнеркәсібінен түсетін кірістердің ұлғаюы нәтижесінде Конго тұрақты экономикалық өсімді көрсетіп келеді. Халықаралық даму институттарының деректеріне сәйкес, Конгоның ЖІӨ өсімі 2022 жылы - 3,2%; 2023 жылы - 3,5%, ал 2026 жылға дейін жылына 3,4% деңгейінде сақталады деп болжанған.
Пуэ́нт-Нуа́р қаласы - Атлант мұхиты жағалауындағы Конгоның ірі порты. ол Африка, сондай-ақ Орталық Африка елдеріне, ең алдымен Габон, КДР, Чад сияқты теңізге тікелей шығуға мүмкіндігі жоқ мемлекеттер үшін тауарлардың экспорты мен импортына арналған теңіз қақпасы саналады.
- Конгомен ынтымақтастығымыз қаншалықты дамыған және біз Конго Президентінің Қазақстанға сапарынан не күтеміз?
- Биыл елдеріміздің арасындағы дипломатиялық байланыстардың орнағанына 25 жыл толады. 2023 жылғы қарашада Дубайда өткен COP-28 форумы аясында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Конго Президенті Денис Сассу-Нгессомен кездесіп, нәтижесінде тараптар ынтымақтастықты нығайтуға келісті.
2024 жылғы 10-11 маусымда Конго Президентінің Жеке өкілі Франсуа Жоли Қазақстанға сапармен барып, оның барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевпен, бірқатар мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың басшылығымен кездесулері өтті. Кездесулер қорытындысында мұнай-газ, тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, ІТ-технологиялар, қаржы секторы, білім беру және басқа да салалардағы ынтымақтастықты дамыту жоспары анықталды.
Ф.Жоли Президент Қ.Тоқаевтың басшылығымен Қазақстандағы саяси және экономикалық реформалардың барысын жоғары бағалады және Конгоның Қазақстанмен әріптестік орнатуға мүдделілігін білдірді. Ол елімізді Конгоның экономикалық дамуына қатысуын кеңейту арқылы Орталық Африкадағы саяси және экономикалық ықпалды нығайта алатын маңызды серіктес ретінде қарастыратынын атап өтті.
Ал, осы жылдың 2-5 шілдесінде Қазақстан Президентінің кеңесшісі –халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі З.Сүлейменова бастаған қазақ делегациясы Африка Одағы комиссиясы, БҰҰ-ның ормандар жөніндегі форумы және Африка орман форуы бірлесіп ұйымдастырған Орманды қалпына келтіру жөніндегі бірінші халықаралық конференцияға (CIAR-1) қатысты.
Конго Республикасының Сыртқы істер, ынтымақтастық және шет елдердегі конголездіктер жөніндегі министрі Жан-Клод Гакоссо да елімізбен ынтымақтастықтың келешегін жоғары бағалап, Конго президенті Денис Сассу-Нгессоның Қазақстанға алдағы уақытта жасайтын сапарын тәжірибелік мазмұнмен толтыру ниеті мен өзара қызығушылық танытатын салалардағы ынтымақтастықты дамытуға зор мүдделік танытты.
Қазіргі уақытта екі елдің арасындағы екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық көлемі қолда бар мүмкіндіктерге сәйкес келмейді. Алайда, өзара ынтымақтастық үшін қолдағы бар орасан зор әлеуетті жүзеге асыру маңызды және бұл Конго Президенті Дени Сассу-Нгессоның елімізге сапарының негізгі мақсаты. Сапар барысында Конгомен ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік беретін екіжақты бірқатар құжатты қабылдау жоспарланып отыр.
- Сіз Қазақстан Республикасының Африка Одағы жанындағы Тұрақты өкілісіз. Қазіргі таңда Африка мен Африка Одағының әлемдегі рөлі мен маңызын қалай бағалайсыз және Қазақстанға Африка қандай мақсатта қажет?
- Африкада БҰҰ-ға мүше 54 мемлекет бар. Африканың халықаралық сахнадағы саяси салмағының артуы жалғасуда. БҰҰ-дағы барлық дауыстың 1/4-тен астамы Африкаға тиесілі. 2017-2018 жылдары Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануында, сондай-ақ ЭКСПО-2017-ны өткізуде африкалық елдердің қолдауы Қазақстанды таңдауда шешу рөл атқарды.
БҰҰ болжамы бойынша, 2050 жылға қарай әлем халқының 25 пайызы Африкада (2.5 млрд-тан астам адам) тұратын болады. Африка елдері азық-түлік, тауарлар, денсаулық сақтау қызметтерінің, білім беру, банк және телекоммуникация секторларының және тағы басқаларының ірі тұтынушылары саналады.
Статистикалық деректерге сәйкес, қазiргi заманғы өнеркәсiптi және жоғары технологияны дамыту үшiн аса маңызды дүниежүзiлiк пайдалы қазбалар қорының (әлемдегі платина - 83%, алмаз - 45%, алтын - 40%, кобальт - 47%, палладий - 43%, хром - 42%) 30 пайызына дейiн Африкада шоғырланған. 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап Континенттік еркін сауда аймағы туралы келісім күшіне енді.
Африканың бірқатар елі (Кения, Эфиопия, Гана, Нигерия, Руанда) атом электр станцияларын салуды қоса алғанда, қазіргі заманғы технологияларды белсенді дамытуда. Оңтүстік Африка Республикасы қазірдің өзінде АЭС-ке иелік етеді, ал Мысыр АЭС құрылысын 2022 жылы бастады. Бірқатар мемлекет ғарышты ғылыми зерттеу мен пайдаланудың ұлттық бағдарламаларын әзірлеуде. Оның ішінде спутниктерді ұшыру да (Оңтүстік Африка Республикасы, Мысыр, Эфиопия, Нигерия, Конго Республикасы) бар.
Сонымен қатар, Африканың кейбір елінің алдында тұрақсыз ішкі саяси жағдайға, азаматтық қақтығыстарға, сондай-ақ діни экстремизмнің, террористік белсенділіктің, заңсыз көші-қонның, табиғи апаттардың және онымен байланысты құрғақшылықтың, су тасқынының, ашаршылықтың өсуіне орай күрделі сын-қатерлер тұр.
Африка елдерінің ортақ мүдделерін ілгерілету мақсатында африкалық елдерді жаһандық платформаларда біртұтас блок ретінде таныстыратын ең ірі құрлықтық панафрикалық ұйым - Африка Одағы құрылды. 2023 жылы Африка одағы G20-ға мүше болды.
Ал, 2013 жылдан бастап Қазақстан Африка Одағына бақылаушы мемлекет мәртебесін алды. Бұл шешім Қазақстанның сыртқы саяси талпыныстарының географиясын кеңейту, африкалық мемлекеттерге біздің өзекті халықаралық және өңірлік проблемаларға деген көзқарасымызды жеткізу, сондай-ақ халықаралық бастамаларымызға қолдау көрсету қажеттілігіне байланысты туындады.
Африка елдерінің алдында тұрған көптеген сын-қатерлерге қарамастан, көптеген мемлекет, оның ішінде АҚШ, Қытай, Ресей, ЕО, Үндістан, Түркия, Жапония, Оңтүстік Корея, Біріккен Араб Әмірліктері, Әзірбайжан, Беларусь мемлекеті Африкамен белсенді жұмыс жүргізуде, елшіліктер ашуда. Тұжырымдамалар әзірлеп, инвестициялар салуда және Африкамен сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуде.
Африка шынымен де Қазақстанға қажет. Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев 2023 жылғы қарашада Того Президенті Ф.Гнассингбемен кездесу қорытындысында атап өткендей, «Африка елдерімен ынтымақтастықты нығайту - Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі бағыттарының бірі». Қазақстан Республикасының 2020-2030 жылдарға арналған сыртқы саяси тұжырымдамасына сәйкес, саяси және сауда әлеуетті барынша толық іске асыру үшін Африка елдерімен, сондай-ақ олардың қатысуымен өңірлік ұйымдармен ынтымақтастықты дамыту маңызды.
Геосаяси текетірес жағдайда Африка елдерімен ұзақ мерзімді достық саяси және өзара тиімді сауда-экономикалық байланыстарды құру көпжақтылық қағидаттарын ілгерілету, оған қоса сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, транзиттік-көліктік әлеуетті дамыту, қазақстандық өнім экспортының жаңа нарықтарын дамыту үшін ерекше маңызға ие.
Біз Африкамен ортақ көзқарастар мен мүдделерге иеміз. Халықаралық күн тәртібіндегі көптеген өзекті мәселелер бойынша ұстанымдарымыз бірдей немесе ұқсас болып келеді. Біз БҰҰ-ның іргелі құжаттарында бекітілген тәуелсіздік, ішкі істерге араласпау, егеменді теңдік және мемлекеттердің аумақтық тұтастығы қағидаттарын нық қолдаймыз. Африкада ИЫҰ-ға мүше 57 елдің 27-сі, АҚИҰ-ға мүше 42 елдің 25-і, теңізге шыға алмайтын 32 елдің 16-сы орналасқан.
Өз кезегінде Африка елдері Қазақстанның саяси және экономикалық тұрақтылығы, көпвекторлы және бейбітшілік сүйгіш сыртқы саясаты, білікті жаһандық ұстанымы, сондай-ақ қақтығыстарға қатыспауы, энергетика, азық-түлік, ғылым-білім беру, инвестициялық әлеуеті, мемлекеттік басқарудың жоғары рейтингі сияқты салаларына қызығушылық танытуда.
Қазақстанмен екіжақты ынтымақтастықтың орасан зор әлеуетін мойындай отырып, 2023 жылы Того Президенті Ф.Гнассингбенің сапары өтті. Бұған қоса, Конго Президенті Денис Сассу-Нгессоның сапарынан бөлек, 2024 жылдың соңына дейін тағы екі Африка мемлекеті президенттерінің елімізге сапары күтіледі.
- Қазақстан Африка елдерімен қандай салаларда ынтымақтастықты дамыта алады?
- Қазіргі таңда Африка үшін азық-түлік, энергетика, ақпарат, экологиялық қауіпсіздік, инфрақұрылымды дамыту, ауыл шаруашылығы, индустриаландыру және басқа да мәселелер өте өзекті. Даму мен басқарудың осы биік міндеттерін шешу үшін Африкаға білімді техникалық кадрлар, цифрлық және ІТ-технологиялар, сондай-ақ шетелдік инвестицияларды тарту тәжірибесі қажет. Қазақстан осы салаларда нақты тәжірибеге ие бола отырып, Африканың осы салалардағы серіктесі бола алады және мұндай ынтымақтастық өзара тиімді болады.
Бұдан басқа, Африкаға азық-түлік өнімдерін, тыңайтқыштарды, металлопрокат, құрылыс материалдары, автокөлік пен жабдықтарды импорттау және ауыл шаруашылығы, геологиялық барлау, тау-кен өндірісі, құрылыс материалдарын өндіру, экономиканы цифрландыру саласындағы шешімдердің импортына мүдделі және өзге де салалардағы бірлескен жобаларға инвестиция тартуға мұқтаж.
Қазақстанның Африка елдерімен тауар айналымы төмен деңгейде. 2022 жылы 1 млрд АҚШ долларын құрады: экспорт – 693 млн, импорт – 314 млн. АҚШ доллары. Сонымен қатар, қазақстандық өндірушілер африкалық нарықта табысты бәсекеге түсе алады. Құрлық халқы қарқынды дамып келеді және соған орай тауарлар мен қызметтерді сырттан импорттауды жүйелі түрде қажет етеді.
- Африкадағы климаттың өзгеру мәселелері қаншалықты өзекті және бұл салада ынтымақтастығымызға ортақ негіздеме бар ма?
- БҰҰ-ның пайымынша, Африка – ғаламшарды ең аз жылытатын, алайда климаттың жаһандық өзгеруінен ең көп зардап шегуші құрлық. Африкада ұзаққа созылған құрғақшылық пен жиі болатын су тасқыны гуманитарлық дағдарыстарға ұшырауға және жергілікті халықтың кең ауқымды көші-қонына алып келді.
Сонымен қатар, әлемдегі ең ірі ормандар мен жаңартылатын ресурстардың бірін иеленген климаттың жаһандық күн тәртібін іске асыру жолында Африканың маңызы орасан зор. Оның үстiне, құрлықтағы бiрқатар ел қоршаған ортаны қорғау саласындағы әлемдiк көшбасшылар саналады. Мысалы, Руанда пластикті қолданудан бас тартқан әлемдегі алғашқы мемлекет болса, Эфиопия 2024 жылы бензинмен жұмыс істейтін автомобильдерді әкелуге заңды түрде тыйым салды және 25 млрд ағаш отырғызу бойынша «Green Legacy» ұлттық жобасын (төрт жыл ішінде 15 млрд көшет отырғызылды) жүзеге асыруда. Конго әлемдегі ағашы кесілген жерлер көлемі ең төмен мемлекет бола тұра, БҰҰ-ның «Жаһандық ағаш отырғызудың онжылдығы» туралы, сондай-ақ «Орманды қалпына келтірудің жаһандық стратегиясы» туралы қарарларды қабылдау мәселесін ілгерілетуде.
Қазақстанның да, Африка елдерінің де экологиялық проблемалары мен мақсаттары ұқсас екені осыдан анық. Демек, біз осы салаларда ынтымақтаса аламыз.
Көптеген қазақстандық үшін Африка зерттелмеген құрлық саналады. Африка бүгінде орасан үлкен өрлеу алдында тұр және көптеген саясаткерлер мен сарапшылар болашақ Африкаға тиесілі екендігін мойындайды. Біз үшін елдің болашаққа деген мүдделері мен қажеттіліктерін болжау маңызды және терең зерттеу арқылы африкалық елдермен достық қарым-қатынасты құру қажет.