Африка немесе Кариб бассейнінде орналасқан мемлекеттерге әскери бақылаушыларды бірінші кезекте жіберу орынды - И.Адырбеков

«Бүгінгі таңда әлем геосаяси сипатқа ие терең өзгерістерді бастан кешіріп отыр. Жер шарының көптеген аймақтарында өлшеусіз шығындар мен гуманитарлық дағдарыстарға душар етіп отырған саяси жанжалдар толастар емес. Сондықтан да дүниежүзілік қауымдастық қалыптасып отырған бұл жағдайдан шығудың жолдарын іздестіру үстінде. Әрине, бұл бағытта шешуші рөл БҰҰ-ға тиесілі. Өйткені ол халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелерін шешуге, жеке елдерге арнайы бітімгершілік миссиясын жіберуге құқығы бар бірден-бір ұйым болып табылады», - деді ол.
Сенат депутатының атап өтуінше, аталған беделді ұйымға мүше болған сәттен бастап Қазақстан өзіне қабылдаған барлық халықаралық міндеттерді үлкен жауапкершілікпен тұрақты, тиянақты атқарып келеді. Осы бағыттағы ел Президентінің сындарлы сыртқы саясаты мен берік ұстанымы бүгінде елдің де, Елбасының да халықаралық қоғамдағы беделі мен абыройын жаңа биікке көтерді. Ал Астана аймақтық және жаһандық қауіпсіздіктің, экономика мен қаржы, мәдениет пен діндер арасындағы мәселелерді талқылайтын, шешім қабылдайтын маңызды халықаралық орталықтардың біріне айналды.
Сонымен қатар Қазақстанның ядролық қаруды таратпау және қарусыздану мәселелері бойынша көшбасшылық рөлі де бүгінде әлемге кеңінен танымал екендігін баса айтқан И.Адырбеков кейінгі 10 жылдан астам уақыт бойы Ауғанстандағы халықаралық коалицияның шараларына да еліміз өз үлесін қосқандығын, ал Иракта болған қазақстандық контингенттің атқарған қызметі халықаралық қоғамның жоғары бағасына ие болғанын тілге тиек етті.
«Міне, Қазақстанның сыртқы саясатының бүгінгі жеткен жетістіктері жаңа белес, жаңа мақсат - 2017-2018 жылдары еліміздің БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесінің мүшелігіне өтуін, Бас ассамблеяның 71-ші сессиясы төрағалығына сайлануын күн тәртібіне қоюға мүмкіндік береді. Еліміздің Қорғаныс министрі Ә.Жақсыбеков мырза атап өткендей, БҰҰ-ның бейбітшілік сақтау миссияларына әскери қызметкерлерді жіберу 2016 жылы өтетін БҰҰ-ның осы ұйымдарына сайлау науқаны кезінде Қазақстанның кандидатурасын қолдауға нақты негіз болмақ. Бұл тұрғыдан келгенде әсіресе бізді әлі тани қоймайтын Африка немесе Кариб бассейнінде орналасқан мемлекеттерге әскери бақылаушыларды бірінші кезекте жіберу орынды деп есептеймін», - деді сенатор.