Африка одағы Бениндегі әскери төңкеріс әрекетін айыптады

АСТАНА. KAZINFORM — Африка одағының комиссиясы Бенинде билікті күшпен басып алуға бағытталған әрекетті қатаң айыптады, деп хабарлайды Синьхуа.

Африка одағы Бениндегі әскери төңкеріс әрекетін айыптады
Фото: google.com/maps

Африка одағы комиссиясының төрағасы Махамуд Али Юсуф жексенбі күні Бенинде болған әскери төңкеріс әрекетінен кейін қатаң мәлімдеме жасады. Ол әскерилердің саяси үдеріске араласуына бағытталған кез келген әрекет Африка одағының негізгі қағидаттары мен құндылықтарына қайшы екенін атап өтті.

Юсуф бүлікке қатысы бар әскери қызметшілерді барлық заңсыз әрекетін дереу тоқтатуға, елдің конституциялық тәртібін толық сақтауға және казармаларға оралуға шақырды. Оның айтуынша, әскер тек өз кәсіби міндетін атқаруы тиіс және мемлекеттік басқаруға араласпауы қажет.

Сондай-ақ Африка одағы комиссиясының төрағасы Бениннің саяси және қоғамдық күштеріне жағдайды одан әрі ушықтырмау үшін диалогқа, бірлікке және тұрақтылықты сақтауға басымдық беруге үндеді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Бениннің ішкі істер министрі Алассане Сейду билік орындарының мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетінің жолын кескенін мәлімдеген болатын.

Соңғы жаңалықтар