Африкада өтіп жатқан әлем чемпионатының табиғатқа келтірген зиянын ғалымдар «экологиялық апат» деп бағалады - республикалық басылымдарға шолу

***
«2009 жылы Астананың жасыл аймағында орманды алқап жасау жұмыстары жүргізілген болатын. Нәтижесінде, ғарыштан түсірілген суреттерді негізге ала отырып, мұнда орман шаруашылығын ұстау және одан әрі дамыту жөніндегі іс-шараларды қамтитын жаңа жоба әзірленді. Астананың жасыл белдеуінде отырғызылатын көшеттерді дайындап, тұқым өсіретін "Ақ қайың" тұқымбағы жұмыс жасауда. Онда жыл сайын 9 млн.-ға жуық қарағай, балқарағай, қайың, шегіршін, жиде, терек, алма, тал секілді ағаштардың 26 түрі өсіріледі. Тұқымбақ көлемі 110 гектар, ал оның коллекциясында ағаш пен бұтаның 70 түрі зерттеуден өткізілуде. Қосымша көшет тұқымдарын алу мақсатында Шортанды орман шаруашылығында көлемі 69 гектарды алып жатқан "Дамса" атты екінші орман тұқымбағы құрылды. Онда тамшылатып суару әдісі арқылы бағалы ағаш көшеттерін, атап айтсақ, қарағай, балқарағай, шырша, қайың, боз арша, аша, жөке секілді 20 түрлі ағаш түрін өсіріп, жылына 3,3 млн. көшет беруге мамандануда. Ал 2003 жылдан бері "ҚазОШҒЗИ" ЖШС Астана қаласының жағдайында сортаң және батпақты жерлерде орман екпелерін құру технологиясын пысықтауда», деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы. Мемлекет басшысының жасыл желек белдеуін құру мақсатында Астана қаласының айналасындағы орманды алқаптарды аралауы барысында көтерілген мәселелер жөнінде білгіңіз келсе, «Астана ну орманды алқапқа оранады» атты мақаланы оқыңыз.
Сондай-ақ аталмыш басылым егемендік алғалы 600 мыңнан астам адам Қазақстан азаматтығын қабылдағандығын және оның ең көп бөлігі соңғы жылдардың еншісіне тиетіндігін жазады. «Егер де тәуелсіздік алған 19 жылдың ішіндегі еліміздің демографиялық дамуына көз салсақ, алғашында Қазақстаннан басқа елдерге қоныс аударушылар санының басым екендігін байқар едік. Бірте-бірте бұл теріс сальдо оңға ауысты. Жыл өткен сайын еліміздің азаматтығын алуға құлшыныс білдіргендердің саны арта түсуде», дейді басылым тілшілері. Аталмыш мәселе жөнінде толыққанды ақпарат алғыңыз келсе «Егемен Қазақстанның» бүгінгі санындағы «20 мыңға көбейеміз» атты мақаланы қараңыз.
***
«Алаш айнасы» басылымының хабарлауынша, маусымның 28-і күні, яғни алдағы дүйсенбіде, Астана күнінің құрметіне орай телекөпір арқылы Мемлекет басшысының қатысуымен индустрияландыру бағдарламасы бойынша 72 жоба іске қосылады. «Аталмыш өндіріс нысандарының жалпы құны 340 миллиард теңге. Жобалардың 68-і жаңадан іске қосылатын өндіріс ошақтары. Ал қалған 4-уі қайта жаңғыртылып, заманауи технологиялармен жабдықталып, қайта құрылыпты», деп жазады басылым. Бұл тақырып жөніндегі мәліметтерді басылымның бүгінгі санындағы «10 мың адам бір мезетте жұмысқа алынады» атты мақаладан көресіз.
Сондай-ақ осы басылым «Елбасы атап өткендей бауырлас қырғыз еліндегі күрделі ахуалға бей-жай қарау мүмкін емес. Ел басына күн туған шақты қырғыздың Уақытша үкіметінің кейбір серкелерінің көрші елдер тарапына қатысты, соның ішінде Қазақстан меншігіндегі Ыстықкөлдегі туристік нысандарды бұрынғы мемлекетаралық келісімдерді бұзу арқылы қайтарып алу туралы мәлімдемелері өздеріне абырой әперетін іс пе еді?», деп мәлімдеді», деп жазады «Алаш айнасы». Басылымның жазуынша, Мемлекет басшысы осы мәселеге байланысты «Мұндай саяси мәлімдемелерге сенудің қажет жоқ. Күте тұрайық, уақыт өтсін, жағдай тұрақтансын. Қазақстан да Қырғызстан да екі ел арасындағы қарым-қатынастардың бұзылуына жол бермейді деп ойлаймын» деп жауап қатады», деп жазады басылым тілшілері.
***
«Айқын» басылымы бүгінгі санында «Доп додасын Африкада өткізу дұрыс емес» деген қызықты мақала жариялапты. Автордың айтуынша, Оңтүстік Африкада өтіп жатқан әлім чемпионатының қоршаған ортаға келтірген ғаламат залалдарын есептеген эколог-ғалымдар, мұндағы жағдайды Жер планетасына келтірілген «экологиялық апатқа» теңеген. Бұл мәселе жөнінде басылымның бүгінгі санынан оқыңыз.
Сондай-ақ аталмыш басылым Таулы Қарабақ мәселесіне байланысты кейбір сарапшылар «өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары басталған келіссөздерден қорытынды болмады. Енді екі жақта мәселені демде шешіп тастау үшін қаруға сүйенуі ықтимал» дегенді айтатындығын жазады. Себебі Әзірбайжан басшысы «Егер де келіссөздер нәтиже бермесе, Армения басып алған жерлерімізді қайтармаса, амалсыз қару арқылы атамекенді қайтарып алуға толықтый құқылымыз» деген.
***
«Казахстанская правда» басылымының хабарлауынша, келесі қыста «Көксарай» су реттегішіне 3 миллиард тонна тасқын су сыйып кетуі тиіс. Мұндай міндетті Оңтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапарында суқұрылғыларын салушыларға Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко қойып отыр. «Су қоймасының айналасын толық шолып шыққан министр көбіне дамбаның құрылыс жұмыстарын басты назарға алды. Қазір бұл құрылыс жұмыстарының ішіндегі ең басты әрі маңыздысы және ұзын саны 44,7 шақырымды құрайтын құрылыс шаралары осы уақытта аяқталды» деп жазады басылым.
***
Ақтаудағы қатаң тәртіпті колниядан 21 адам қашты. Оқиға бейсенбі күні таңғы сағат 5-00-де болған. Оқиға кезінде 6 қашқын атып өлтіріліп, қалғандары іздестірілуде. «Түрмедегілер тұра қашқанда Ақтаудағы №6656 әкери бөлімінің қызметкерлері қашқындарға оқ ата бастаған. Сол мезетте оларға әскери бөлімнің жанынан белгісіз біреулер қарсы оқ атқан. Нәтижесінде әскери қызметкер Отарбаев жарақат алды», деп жазады бүгінгі санында «Литер» басылымы. Оқиғаның әрі қарай қалай өріс алғанын білгіңіз келсе аталмыш басылымдағы «Объявлен в розыск» атты мақаланы оқыңыз.