Африкада үш нысан ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енді
АСТАНА. KAZINFORM — Малавидегі Муландже тауы, Камерундегі Дий-Гид-Бий мәдени ландшафты және Гвинея-Бисаудың жағалауындағы Бижагош архипелагы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енді. Бұл туралы Анадолы агенттігі жазды.

Тиісті шешім Парижде өтіп жатқан Бүкіләлемдік мұра комитетінің 47-кеңейтілген сессиясында қабылданды. Жиын қорытындысы бойынша Африкадан үш жаңа нысан бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілсе, тағы үш нысан жойылып кету қаупі бар нысандар тізімінен алынып тасталды.
Атап айтқанда, Малавидің оңтүстігінде орналасқан, жергілікті халық киелі рухтар мен құдайлар мекені деп есептейтін Муландже тауы өзінің сирек кездесетін эндемикалық флорасы мен табиғат әуесқойларын тартатын танымал жаяу жүргінші маршруттарының арқасында Бүкіләлемдік мұра мәртебесін алды.
Камеруннің солтүстігіндегі Мандара тауларында орналасқан және XII–XVII ғасырлар аралығына жататын Дий-Гид-Бий мәдени ландшафты археологиялық ескерткіштерімен, егіншілік террасаларымен және культтік құрылыстарымен ерекшеленіп, тізімге енгізілді.
88 арал мен арашықтан тұратын және шамамен 13 мың шаршы шақырым аумақты алып жатқан Гвинея-Бисаудың жағалауындағы Бижагош архипелагы — бұл елдің ЮНЕСКО тізіміне енген алғашқы нысаны. Архипелагта анимизм мен әйелдер көшбасшылығы тән Биджаго матрилиниялық этносы өмір сүреді.
Бүгінде архипелагтағы 20 аралда шамамен 30 мың адам тұрады. Сонымен қатар, Бижагош 870 мыңнан астам көшіп-қонатын құс түрінің мекені саналады.
Осы уақытта Африкадағы бірнеше нысан жойылып кету қаупі бар нысандар тізімінен шығарылды. Олардың қатарында Мадагаскардағы Ацинанана тропикалық ормандары, Египеттегі Абу-Мена аймағы және Ливиядағы ежелгі Гадамес қаласы бар.
Африка көлемі жағынан екінші ірі құрлық болғанымен, Бүкіләлемдік мұралар тізіміндегі нысандардың тек 9%-ы ғана осы континентке тиесілі. Ал жойылып кету қаупі бар нысандардың төрттен бірі дәл осы Африкада орналасқан.
Еске сала кетейік, бұған дейін ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасына Абай қолжазбасындағы «Қара сөздер» кіруі мүмкін екенін жазған болатынбыз.