Ағаштарды заңсыз кескен семейлік кәсіпкерге айыппұл салынды
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семейде заңсыз ағаш кескен кәсіпкерге айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кәсіпкер Ш. Қаржаубайұлы көшесінде жол жиегінде өсіп тұрған көп жылдық ағаштарды заңсыз кескен. Оның бұл әрекеті әлеуметтік желігі тараған бейнежазбадан кейін белгілі болды. Қала тұрғыны ағаштарды кесіп, «КамАЗ» көлігіне тиеп жатқандарды бейнежазбаға түсіріп алған.
«Міне, «Апрель» дүкені, «Кең Дала» қонақүйінің маңайы. Қайың ағаштарын кесіп жатыр. Жай қалып өсіп тұрған, шірімеген ағаштарды қалай кесіп жатыр?» деген қала тұрғыны өз жазбасында.
Осыдан кейін жергілікті билік мән-жайды тексеруге кіріскен. Кейін белгілі болнағындай, ағаштарды кесуге «Кең дала» кешенінің қожайыны тапсырыс беріпті. Кез келген ағашты кесу үшін алдымен құзырлы органған өтініш өткізіп, рұқсат алу қажет. Алайда кәсіпкер құзырлы мекемелерден рұқсат алмаған.
«Семей қаласының табиғатты қорғау полиция бөлімі аталған аумақтағы ағаштарды кесуге рұқсат берілмегенін анықтады. Кәсіпкерге Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабы яғни, қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендердің инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл желекті жою және бүлдіру
бабы бойынша 30АЕК (72 150 теңге) айыппұл салынды», - деді Семей қалалық Ішкі саясат бөлімінің жетекшісі Нұржан Есенжолов.