«Ағайын, көшуге дайынсыз ба?» - баспасөзге шолу
***
«ЕгеменҚазақстан» газетінің бүгінгі нөмірінде елдің демографиясына да, әлеуметтің әлеуетіне де қатысты мақала жарияланып отыр. Бұнда да сол оңтүстіктегі тығыз жұртты солтүстікке көшіру мәселесі қаузалып, автор мәселенің әр қырына көз салады. Оңтүстіктегі ауылдағы тіршіліктен бастап, тығырықтарға шолады автор. «Сол ағайынға барып «сулы-нулы солтүстікке, шығысқа қарай көшсеңіздерші, барлық жағдай жасалады» деп үгіттеп көріңізші, «жарайды» деп бірден келісе кетуі екіталай. Мың ойланып, жүз толғанады. «Ағайынның ортасында отырмыз ғой, жылы орнымызды суытып қайтеміз, ағайын-туыстан алыстамай-ақ қояйық, өлсек туған жердің топырағы бұйырсын» деп қарсы уәж айтатындардың да аз болмайтыны анық. Негізі, қоныс аударуға байланысты, ақпарат аз емес. Бірақ, сол ақпарат ауылдағы ағайынға толық жетпей жатқандай ма, қалай? Оған дәлел «Көшіп барсақ өтемақы төлене ме?» деген оқырмандар сауалы. Бұл тек өтемақыға ғана қатысты. Олардың көш-қонға байланысты жауап алсам деген сауалдары өте көп» дей келе бірқатар мәселені тарқатады газет «Ағайын, көшуге дайынсыз ба?» деген мақалада.
* * *
«Алтын дәуірі келді ме?» атты «Айқын» газетіндегі сейсенбі күнгі мақалада мұнай бағасы құлдырап, мұнайға сүйенген елдердің тығырыққа тірелген заманында тың жолдардың бірі ретінде алтын өндіруге назар аударылады. «Адам баласы сары темірге «алтын» деген ат бергелі ол құнды металл тауар ретінде еш уақытта айналымнан шыққан емес. Демек, алтынның құны ешқашан жойылмайтыны осыдан-ақ көрініп тұр. Тіпті соңғы он жылда алтынның бағасы әлемде алты есе қымбаттады. Содан болар, мемлекет тұрмақ, жекелеген тұлғалар, инвесторлар өздерінің қаржыларын бұған дейін қозғалмайтын мүлік, құнды қағаздарға салып келсе, енді олардың орнын алтынға айырбастай бастады», деп жазады «Айқын» газеті. Автор мынадай мәліметтерді алға тартады: соңғы 15 айда Қытай елінің алтын қоры 70 пайызға өсіп, 1700 тоннаға жеткен. Бұл алтын қорының көптігі жағынан алғанда әлемдегі алтыншы орын. Дәл сондай мерзім ішінде Ресейдің алтын қоры 21 пайызға еселеніп, 1460 тоннаға жеткен. Бұл қазіргідей дағдарыс кезеңінде екі елдің де экономикасында тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Алтынның нарқы деген осы. Нақты деректерге үңілсек, қазіргі таңда алтын қоры жөнінен АҚШ көш бастайды. Одан кейінгі орында Германия келеді. Үшінші сатыда Халықаралық валюта қоры тұр. Сондай-ақ екі жарым мың тоннаға жақын алтын қорлары бар Италия мен Франция мемлекеттері үздік бестікке енеді. «Ал Қазақстан алтын қоры бойынша әлем елдерінің алғашқы ондығына, алтын өндірісі бойынша үшінші ондығына кіреді екен» дейді автор. Мақалада осы мәселеге қатысты бірқатар сарапшылардың пікірі де беріледі.
«Отбасындағы ойранның кесірінен 316 әйел өзіне қол салған». Бұл мәліметті «Айқын» газеті бүгінгі нөмірінде жарық көрген «Тұрмыстық зомбылық асқынып тұр» атты мақаласында келтіреді. Мақалада соңғы жылдары елімізде шаңырақтың шайқалуы жиілей бастағаны айтылып, салдарынан жантүршігерлік қылмыстар да тым белең алып жатқанына назар аударылады. «Мәселен, 2014 жылы 23 417 адам тек отбасында жанжал шығарып, серігін ұрып-соққаны үшін сот арқылы жазаланған. Биылғы бес айдың өзінде ойранға шыдай алмаған 316 әйел өз-өзіне қол салыпты. Ал ұрыс-керіс кезінде адам өлтірген 302 әйел түрмеге жабылып, жазасын өтеп жатыр. Бір таңданарлығы, шаңырақтағы шулы оқиғаға орай, 2015 жылы сотта небәрі 627-ақ іс өтіпті. Алайда прокуратура 2014 жылға қарағанда мұндай қылмыстың 37 есеге дейін төмендеп кетуінің өзіндік «құпиясы» бар деп отыр», - деп жазады автор. Бұдан бөлек, мақалада тұрмыстағы зорлықтың алдын алу бағытына талдау жасала келе, ҚР Бас прокуратурасының осы мәселеге қатысты ұсыныстарын келтіреді. Мәселен, бас прокуратура отбасын ойран етіп, басбұзарлыққа салынғандарды 48 сағатқа қамап жазалауды, түсік жасатуды қылмыс деп санауды ұсынады.
«Айқын» газеті жаңартылатын энергия көздерін дамыту саласындағы өзекті мәселеге де ерекше назар аударып отыр. Бұл жаңа бағыттағы жаңа буын мамандарының тапшылығы. «...энергия үнемдеу саласында кәсiби мамандарды даярлау күн мен жел, жерасты жылу энергияларын қолдану барысында елiмiз үшiн аса маңызды мәселенi шешудiң негiзi болып отыр. Бұл проблема тек қана бiздiң елге ғана емес, Еуропа одағы елдерiнде, Орталық Азия мен Ресейде де бар», деп жазады газет «Жаңа қуат көздерін дамытуға мамандар ауадай қажет» атты мақалада. Бұл ретте автор осы кезге дейін еліміздегі ең көп сұранысқа ие мамандықтар көшін «юриспруденция», «дизайн», «дене шынықтыру және спорт», «жалпы медицина», «қаржы» салалары бастап келгенін, керісінше техникалық салаларда, энергетика, өнімді өңдеу салаларында мамандар жетіспейтінін алға тартады. «Қазақстандық нарықта механик, слесарь, дәнекерлеуші, жүк және арнайы көлік жүргізушісі, құрылғылар операторы, электр монтаждаушы сынды маман-дық иелері қат. Ғимараттардың жылу үнемдiлiгiн арттыру, бөлмелерде жайлы климат орнату, энергияны пайдалану шығынын төмендету және тағы басқа да өте өзектi мәселелер энергетика, құрылыс және сәулет саласындағы, өндiрiстердегi, тұрғын үй және коммуналдық кәсiпорындардағы мамандар үшiн проблеманың үлкенi. Сондай-ақ ІТ мамандары, сервис пен нано және биотехнологияны игерген кадрлар қазіргі нарыққа аса қажет» делінген мақалада.
***
«Экспресс К» газетінің жазуынша Қазақстан Азия мен посткеңестік кеңістіктегі ең қауіпсіз ел ретінде мойындалған. «Сидней экономика иституты жариялаған Жаһандық бейбітсүйгіштік индексінде Қазақстан сегіз позициясын жоғарылатын 75 орынға иеленді. Осылайша, Қазақстан 163 елден тұратын рейтингтің жағымды деңгейді білдіретін алдыңғы жартысында тұр. Салыстырмалы түрде қарастырсақ: АҚШ тек 103-і орынға ие болса, ТМД кеңістігінде біздің алдымызда тек Молдова бар» делінген «Была команда «Мирно!» атты мақалада.