Агенттік «А» корпусының кадр резервін қысқартудың себебін атады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда мемлекеттік қызметшілердің «А» корпусының кадр резервін қысқарту жоспарлануда. Бүгін Парламент Мәжілісінде тиісті заң жобасын таныстыру барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Марат Дәуешев осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Атап айтқанда, «А» корпусының кадр резерві қысқартылады. Соңғы екі жылдағы тағайындаулардың талдауы олардың 66 пайызы кадрлық резервтен тыс жүзеге асырылатынын көрсетті. Бұл резервке алынған тұлғалардың мемлекеттік органдардың салалық қажеттіліктеріне кейбір жағдайдарда келмейтіндігінен болып отыр», - деді М. Дәуешев.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда «А» корпусының резервінде 26 адам бар. «А» корпусының кадр резервіне соңғы іріктеу 2 жыл бұрын, яғни 2017 жылы өткізілді.
«Сонымен қатар, осы резервті қысқарту «А» корпусының лауазымдарына үміткерлер тобын кеңейтуге, сондай-ақ аталған лауазымдарды жедел толтыруға мүмкіндік береді. Бастама Мемлекет басшысының 2019 жылғы 18 қарашадағы қарарымен мақұлданды», - деді агенттік өкілі.
Бұдан бұрын хабарланғандай , Мәжілісте Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы тыныстырылды.