Аграрлық ғылым экономикаға қызмет етуі тиіс - АШМ

АСТАНА. KAZINFORM – Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен аграрлық ғылымды дамыту және ғылыми ұйымдардың тиімділігін арттыру мәселелері бойынша кеңес өтті.

субсидии аграриям
Фото: Kazinform

Жиынға Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы (ҰАҒБО), оның еншілес ұйымдары, ғылыми-зерттеу институттары, салалық департаменттер және ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты.

Министр өз сөзінде Мемлекет басшысының 2023 жылғы Жолдауында аграрлық ғылымды дамыту және ғылыми нәтижелерді өндіріске енгізу бойынша жүйелі шаралар қабылдау тапсырылғанын еске салды.

– ҰАҒБО-ны толық өндірістік тізбекті қамтитын агротехнологиялық хабқа айналдыру жөнінде стратегиялық міндет қойылды. Белгілі бір жұмыстар атқарылғанымен, әзірге жүйелі нәтиже байқалмайды. Аграрлық ғылымның дамуын тежеп отырған факторларды ашық талқылап, нақты шешім қабылдау қажет, – деді Айдарбек Сапаров.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Оның айтуынша, 2024–2026 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында 34 ғылыми-техникалық бағдарлама іске асырылған. Соның ішінде 26 бағдарлама ҰАҒБО еншілес ұйымдары арқылы жүзеге асырылуда.

Селекция және тұқым шаруашылығын дамыту шеңберінде 2028 жылға дейінгі Кешенді жоспар бекітілген. Бағдарламаларды орындау нәтижесінде мемлекеттік сорт сынағына 108 жаңа сорт пен буданды ұсыну жоспарланып отыр. Министр олардың нарықтағы сұранысы мен экономикалық тиімділігін нақты бағалау қажеттігін атап өтті.

Тұқым шаруашылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мәселелері де талқыланды. АӨК-тегі мемлекеттік инспекция комитеті құрамында тұқым өндірісі, сертификаттау және өткізу үдерістеріне жүйелі қадағалау жүргізетін бейінді басқарма құрылды. Бұл субсидиялау рәсімдерінің ашықтығын арттыруға бағытталған.

ҰАҒБО басқарма төрағасы Бауыржан Асанов 2026 жылы 110,5 мың гектар алқапқа егіс жүргізу жоспарланғанын айтты. Әсіресе майлы және мал азықтық дақылдардың үлесі артады. Тұқымдық егіс алқаптары 66,8 мың гектарға дейін ұлғайып, жалпы егіс көлемінің 60%-ын құрайды.

2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі Кешенді жоспар аясында ҰАҒБО еншілес ұйымдары мен бейінді оқу орындары базасында 17 құзырет орталығы құрылмақ.

Кеңес барысында ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруды күшейту, кадрлық әлеуетті нығайту, материалдық-техникалық базаны жаңарту және ғылым мен агробизнес арасындағы байланысты арттыру мәселелері көтерілді.

Қорытындылай келе, Айдарбек Сапаров аграрлық ғылым нақты экономикалық нәтиже беруі тиіс екенін баса айтты.

– Әрбір ғылыми-техникалық бағдарлама саланың нақты табысына жұмыс істеуі керек. Міндеттерді орындау барысында көзбояушылыққа жол берілмейді. Аграрлық ғылымға қатысты барлық мәселе менің тікелей бақылауымда болады, – деді министр.

Кеңес қорытындысы бойынша салалық департаменттер мен ҰАҒБО-ға Кешенді жоспарлар шеңберіндегі іс-шараларды сапалы іске асыру, көктемгі дала жұмыстарына уақытылы дайындықты бастау, аграрлық сала өкілдеріне ұсынымдар әзірлеу және инвесторларды тарта отырып жер ресурстарын тиімді пайдалануды қамтамасыз ету тапсырылды.

Айта кетейік, Үкімет депутаттардың агробанк құру туралы ұсынысын тағы қолдамады.

Соңғы жаңалықтар
Референдум