Аграрлық ғылымдағы жүргізілген реформалар оң нәтиже әкелмеді – Айдарбек Сапаров

Аграрлық саладағы жүргізілген реформалар олардың мазмұнын емес, басқарудың әкімшілік формаларын өзгертумен ғана шектелген. Бұл туралы Сенатта аграрлық ғылымды дамыту тақырыбына арналған Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform. 

айдарбек сапаров
Фото: Әділет Бірімқұлов/Kazinform

«Елдегі аграрлық ғылымның тарихына қысқаша тоқталып кетсем. 1990 жылдары аграрлық саладағы ғылыми-зерттеу институттары 31, тәжірибелік шаруашылықтар саны 34 болған. Ондағы ғылыми қызметкерлер саны 6580 адам, жер көлемі 2,9 млн гектар және 618 мың бас мал болған. Содан бері аграрлық ғылымда 6 рет қайта құру, реформа жүргізілген. Нәтижесінде ғылыми зерттеу институттарының саны 31-ден 11-ге, тәжірибелік шаруашылықтар 34-тен 17-ге, ғылыми қызметкерлер саны 6580-нен 902-ге дейін қысқарған. Аталған реформа жалғасын тауып, кейінгі 2 жылдың ішінде Ұлттық аграрлық ғылыми білім-беру орталығының құрамындағы 20 ғылыми-зерттеу институты мен тәжірибелік станциялар жоғары оқу орындарының басқаруына өтіп кеткен. Оған қоса НАНОЦ-ты тарату мақсатында алғашқы қадамдар басталып, ол ұйымнан білікті кадрларымыз басқа жұмыс іздеуге мәжбүр болған. Мойындауымыз керек, аграрлық саладағы жүргізілген реформалар олардың мазмұнын емес, басқарудың әкімшілік формаларын өзгертумен ғана шектелген», - деді А.Сапаров.

Бұл тұрғыда министр аталған іс-қимылдар салдарынан ғылыми-зерттеу нәтижелерінің сапасы мен тиімділігі төмендеп, ғалымдардың кадрлық құрамы нашарлағанын айтты.

«Оған қоса, аграрлық ғылымды қаржыландыру ТМД елдерімен салыстырғанда деңгейі өте төмен көрсеткіште қалды. Мәселен, 2022 жылы Қазақстанда аграрлық ғылыми-зерттеулерге жұмсалған қаржы көлемі саладағы ішкі жалпы өнімнің 0,1 пайызын ғана құрады. Ал Арменияда бұл көрсеткіш 0,3%, Беларусьте – 0,6%, Ресейде 1,2 % болды. Бір сөзбен айтқанда, аграрлық ғылымдағы жүргізілген реформалар оң нәтиже әкелмеді, ғылым мен өндіріс арасындағы байланыс нашарлады», - деді ведомство басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Сенат төрағасының орынбасары Жақып Асанов аграрлық ғылыми жетістіктер тек қағаз жүзінде қалып, өндіріске енгізілмей жатқанын сынға алған еді. 

Соңғы жаңалықтар