Агрессивті алкоголь: Қостанай облысында ішімдікті неге көп ішеді

ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM - Аймақта ішімдікке құмарлық өзекті мәселеге айналып барады. Себебі, әр төртінші қылмыс алкогольдің салдарынан болып жатыр. Бұл «статистикамен» Қостанай облысы елдегі ішімдікті тұтыну бойынша көш бастап тұр. Мәселені қалай шешуге болады, тәуелділіктің себебі не деген сұрақтарға Kazinform тілшісі жауап іздеп көрді.

спиртное ішімдік
Фото: Kazinform

Алкоголь салдарынан болатын қылмыстар көбейіп барады 

Ресми мәліметтерге сүйенсек, аймақта алкогольді тұтыну деңгейі тұрақты жоғары. «Алкоголизм» диагнозымен есепке алынатын тұрғындар саны жыл сайын көбейіп жатыр. Соның салдарынан мас күйінде жасалатын қылмыстар да өскен.

— 2024 жылы қылмыстық құқық бұзушылықтардың 27 пайызы мас күйінде жасалды. Қабылданған шараларға қарамастан, олардың санын азайту мүмкін болмады. Қостанай облысы осы көрсеткіш бойынша елімізде екінші орында тұр (республикалық көрсеткіш — 13,7 пайызды құрайды), — деп хабарлады Қостанай облыстық полиция департаменті.

Облыста 20 аудан болса, соның сегізінде өсім бар. Кейбір ауыл-аймақта алкогольдің салдарынан болған қылмыстар бірден 100 пайызға көбейген.

— Алтынсарин ауданында — 100%, Федоров ауданында — 93,3%, Рудный қаласында — 48,6%, Лисаков қаласында — 42,4%. Сондай-ақ, Қамысты, Меңдіқара аудандарында, Арқалық пен облыс орталығында да айтарлықтай өсім бар, — дейді полиция.

Ал, мас күйінде жасалатын қылмыстарға келетін болсақ, қоғамдық тәртіпті бұзу мен бұзақылық өршіп тұр. Төбелес, жарақаттау және кісі өлтіру де жиі кездеседі.

скорая
Фото: Дарья Аверченко/Kazinform

Адамдар неліктен ішімдік ішеді?

Нарколог дәрігер Нағима Тюлендинаның айтуынша, халықтың белгілі бір тобын алькогольге құмар деп айтуға болмайды. Бірақ адамды ішімдік ішуге итермелейтін факторлар бар.

— Біріншіден, бұл әлеуметтік-экономикалық факторлар. Тұрғын үй жағдайларының қиындығы, шарасыздық, жұмыстың болмауынан адамдар осы мәселелерді ұмыту үшін алкогольге жүгінеді. Жақында ғана қабылдауымда ауылдан келген бір науқас болды. Оның жұмысы маусымдық екен. Бос уақытында ішімдік ішеді. Міне, осындай жағдайларда олар мәселенің шешімі ішу деп ойлап, біртіндеп үйреніп кетеді. Өйткені, ішімдікке тәуелділік — бірден пайда болмайды, — дейді дәрігер.

Маманның айтуынша, басқа да факторлар, оның ішінде адамның психологиялық жағдайы үлкен рөл атқарады. Қоршаған орта жағдайларына бейімделу қиындықтары, ұрыс-керіс, өзіне көңілі толмау, стресс, депрессия немесе жалғыздық сияқты жағдайлар психологиялық ыңғайсыздық тудырып, ішімдік ішетіндер бар.

— Адам ауырсынуды басу үшін ішеді. Содан соң ол жеңілдейді, бірақ одан кейін тағы да ішу керек болады. Оның салдары ауыр, — дейді нарколог.

Маскүнемдерде асқыну синдромы болды. Олар ауыруды басу үшін, алькогольдің көлемін арттыра түседі. Осылайша, бүкіл ағзасы спирттік ішімдікке уланып жатқанын түсінбей де қалуы мүмкін.

— Алкоголизм — бұл ауру. Алкогольге патологиялық құмарлық, психикалық және физикалық тәуелділік қалыптасады, — дейді дәрігер.

Сұраныс жағынан сыра бірінші орында тұр 

Халық арасында алкогольдің танымал түрі — сыра. Нарколог дәрігер Нағима Тюлендинаның пікірінше, сыраның ашық сатылуы, қолжетімділік алкоголизмнің белең алуына ықпал етіп отыр.

Пиво
Фото: Pixabay

— Негізінен жастар, ересектер де сыра ішеді. Себебі, арақ немесе коньяк секілді спирттік сусындар халықтың барлығына бірдей қолжетімді бола бермейді. Сосын олар арзан шараптармен шектеледі. Бірақ сыра — жетекші орын алып тұр. Сыра дүкендерінің көптігі және алкогольге оңай қолжетімділік, өкінішке қарай, бұл үрдісті одан әрі дамытып жатыр, — дейді Нағима Тюлендина.

Емдеу шаралары көмектесе ме?

Аймақта 2023 жылы алкогольді асыра пайдаланатын 6 мың жарымнан астам адам есепте тұрған. Ал 2024 жылғы мәліметтер бойынша ішімдікке құмар тұрғындар саны — 6600-ге жетті. Ерлер мен әйелдерді салыстырғанда, маскүнем ерлер көп.

Мамандар маскүнем тұрғындарға көмек ерікті келісім бойынша және мәжбүрлі түрде көрсетілетінін айтады. Сот арқылы күштеп, оқшаулап емдейтін де оқиғалар бар. Алайда, мұндай жағдайлардан кейін де, кейбір науқас әдетінен бас тартпай, ішуді жалғастыра береді. Алкогольге тәуелділіктен құтыламын дейтін тұрғындарда ғана нәтиже болады.

ал
Фото: gazeteoksijen.com

— Науқасқа алғашқы кезде жедел дәрілік терапия тағайындалады. Оны тәуелділіктен шығару үшін жұмыс істейміз. Бір сөзбен айтқанда, адамның есін жиғызамыз, — дейді нарколог.

Ал, дәрі-дәрмекпен емдеу, науқастың бөлімшеге түскен кезіндегі жағдайының ауырлығына байланысты болады. Ол неғұрлым ұзақ ішімдік ішкен болса, дәрі-дәрмекпен емдеу процедурасы соғұрлым ұзақ болады.

— Емдеудің дәрілік кезеңінен өткеннен кейін, оңалту мен қалпына келтірудің ұзақ және өте нәзік процесі басталады. Бұл ем жағдайдың қайталанбауына, алкоголь жоқ өмірге оралуға, қоғамға оралуға көмектеседі. Мұнда көп нәрсе адамның ерік-жігеріне және қалауына байланысты. Ең табандылар жеңіп шығады. Тәжірибемде біржола бас тартқан адамдар бар, — дейді наколог.

Қостанай облысында «Вита» медициналық-әлеуметтік оңалту орталығы жұмыс істейді. Наркологтың айтуынша, облыстағы ішімдікке тәуелді тұрғындарға көмектесу үшін мұнда барлық мүмкіндік қарастырылған.

Қостанай облысында медициналық айықтырғыштар көп

Ал, облыста медициналық айықтырғыштар немесе уақытша бейімделу және детоксикация орталықтары өте көп. Олар Қостанай, Рудный, Арқалық және Тобылда жұмыс істейді. Қостанай облыстық полиция департаменті Қарабалық, Лисаков және Жітіқара қалаларында да ашуды жоспарлап отыр. Олардың айтуынша, мұндай мекемелердің саны жеткіліксіз. Себебі, былтырдың өзінде 25 мыңнан астам адам аталған орталықтарға орналастырылған (2023 жылы бұл көрсеткіш 14 мың адамды құрады).

вытрезвитель
Фото: Дарья Аверченко/Kazinform

— Денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп, Қостанай қаласының уақытша бейімдеу және детоксикация орталығының (медициналық айықтырғыштың) төсек-орындарын кеңейту мәселесі қаралды. Бүгінде облыс бойынша 75 төсек-орынға арналған 4 медициналық айықтырғыш бар (Қостанай, Арқалық, Рудный, Тобыл қалаларында). Бұл жеткіліксіз. Тек Қостанайда бір күнде полицейлер 50-ге жуық мас адамды орналастырады. Сондықтан Қостанайдағы төсек-орын саны 14-тен 25-ке дейін, Рудный қаласында 20-дан 30-ға дейін, Арқалық қаласында 10-нан 15-ке дейін арттырылды. Тобылда 10 орындық орталық ашылды. Енді Лисаков қаласында, Жітіқарада және Қарабалық кентінде медициналық айықтырғыштар құру жоспарда, — деп полиция департаменті редакцияның сұрауына жауап берді.

вытрезвитель
Фото: Дарья Аверченко/Kazinform

Оған қоса, Қостанайда емханалардың базасында және 73 ауылдық округте медициналық куәландыру пункттері қосымша жұмыс істейді. Денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен, фельдшерлік акушерлік пункттері бар аудандар мен ауылдық округтерде сараптама жүргізу үшін, сертификаты бар медицина қызметкерлерінің санын арттыру көзделген.

Ішімдік ішетіндер мәселесін қалай шешуге болады?

Нарколог Нағима Тюлендина жан-жақты қолдау мен кешенді жұмыстардың арқасында статистиканы төмендетуге болатынын айтады. Психикалық денсаулық саласындағы медицина қызметкерлері тарапынан профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, аз да болса нәтижелерге қол жетіп жатыр.

— Жұмыс тек есепте тұрған адамдармен ғана емес, халықпен де жүргізілуі тиіс. Мысалы, біздің психолог өзге ведомстволарға, фирмалар мен компанияларға барады, онда жұмыс берушілердің өздері қоғамдағы алкогольге тәуелділік мәселесіне алаңдаушылық танытады, — дейді маман.

Ішімдік мәселесінде құқық қорғау жағы да назарда. Мәселен, маскүнемдіктің алдын алу үшін облыста 2024-2025 жылдарға арналған «Мәдени қоғам» жобасы іске асырылып жатыр. Соның аясында алкоголь өнімін заңсыз сатқан 300-ге жуық кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Алдыңғы жылы олардың саны 251 болған. Ал жалпы өңірде ішімдік сататын 5 мыңнан астам сауда нүктесі бар.

— Бірақ, мұндай шаралар нәтиже бере бермейді. Мысалы, Қостанайдағы дүкен иесі бір жыл ішінде 6 рет әкімшілік жауапкершілікке тартылды (148 мың теңгеден 2 айыппұл, лицензияны тоқтата тұру және 2 рет лицензиядан айыру), бірақ ол әлі күнге дейін қызметін жалғастырып келеді, — дейді полицейлер.

Қостанай облыстық полиция департаменті үйдің жанындағы дүкендерде алкоголь сатуға тыйым салу туралы ұсыныс енгізген. Сонымен қатар, қылмысқа бейім тұрғындарды (маскүнемдер, қоғамдық тәртіпті бұзушылар, отбасылық дебоширлер және т. б.) қадағалауды күшейтті. Азаматтардың осы санатына қатысты, тіпті, үйде де ішімдік ішуге тыйым салынды. Осындай 4 мыңға жуық шешім қабылданған. Бұл тұрғындар есепке алынған.

— 2024 жылы қоғамдық орындарда ішімдік ішкені үшін 17 мыңнан астам адам жауапқа тартылды. 3 мыңнан астам адам қайтадан бұзғаны үшін жаза алды, оның 2287-і әкімшілік қамауға алу түрінде жазасын өтеді, — деп хабарлайды полиция.

Мәселені шешудің жолы бар ма?

Қостанай облысындағы алкоголизм — жай ғана медициналық немесе әлеуметтік мәселе емес. Бұл қылмыс деңгейіне, экономикаға, тіпті, өңірдің күнделікті тұрмыс-тіршілігіне әсер ететін өзекті мәселе. Мас күйінде жасалған қылмыстар санының өсуі, наркологтардың есебінде тұрған адамдар санының артуы және алкогольдің барлық жерде сатылуы — мұның бәрі алаңдатарлық жағдай. Билік, дәрігерлер мен құқық қорғау органдары мәселемен күрес жүргізіп келеді. Бірақ статистика бойынша бұл шаралар жеткіліксіз. Сондықтан мәселенің шешімі — кешенді көзқарас пен қоғамның проблеманы мойындап және оны шешуге деген ұмтылысына байланысты болмақ.

Бұған дейін Ақтөбе облысында ішімдіктен бас тартқан 33 ауыл бар екені хабарланды.

Соңғы жаңалықтар
Не удалось загрузить новости