AgriX: Егістік өнімділігін арттыруға көмектесетін ЖИ платформа
АСТАНА. KAZINFORM — Егіннің бітік шығуы тек ауа райына емес, судың мөлшеріне, топырақтың құнарына және жерді дұрыс күтіп-баптауға да байланысты. Енді осының бәрін жасанды интеллект арқылы есептеп, шаруаларға нақты ұсыныс беруге болады.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеттің екінші курс студенті Нұрдәулет Дүзенов ауыл шаруашылығына арналған AgriX атты интеллектуалды платформаны әзірлеген.
Бұл жүйе егістік туралы деректерді талдап, суару мен тыңайтқыш қолдануға қатысты ұсыныстар береді. Платформа диқандардың жұмысын жеңілдетіп, ресурсты үнемдеуге көмектесуі мүмкін.
Нұрдәулет Дүзенов Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасына тікелей байланысқа шығып, сұқбат берді.
AgriX — фермерлерге егістік алқабының жағдайын бағалап, дұрыс шешім қабылдауға көмектесетін жүйе. Фермер картадан жер телімін белгілеп, қандай дақыл еккенін көрсетеді. Ал платформа топырақ ылғалдылығын, ауа райын және спутниктік деректерді талдайды. Соның негізінде суару, тыңайтқыш енгізу және егістікті күтіп-баптау бойынша ұсыныстар береді.
— Бұл жобаны әзірлеуге туыстарымның басынан өткен жағдай себеп болды. Олардың жүгері алқаптарында өнімділік төмендеген соң, мен мәселені зерттеуге кірістім. Топырақ құрамын, ауа райын және суару ерекшеліктерін талдайтын құрал қажет екенін түсініп, ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыруға арналған AgriX платформасын әзірлеп шығардым, — деді ол.
Әзірлеушінің айтуынша, жүйенің тиімділігі тәжірибе жүзінде де байқалған. Мәселен, Қызылорда облысындағы жүгері алқабында жүргізілген сынақ кезінде өнімділік гектарына 6–7 тоннадан 10,2 тоннаға дейін артқан. Шаруалар жүйенің ұсыныстарына сүйеніп, мол өнім алған.
— Платформаға интернетке қосылған кез келген құрылғыдан кіруге болады. Ол үшін фермер тіркеліп, картадан өз өңірі мен егістік алқабын таңдауы керек. Қалған ақпаратты жүйе өзі ұсынады, — деді AgriX жобасының авторы.
Қазір платформа тегін қолжетімді. Әзірлеуші оны жетілдіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Болашақта ақылы нұсқасын іске қосу мүмкіндігі де қарастырылып отыр.
Сонымен қатар жас әзірлеуші су ресурстарын үнемдеуге арналған жаңа жүйе жасауды жоспарлап жүр. Оның мақсаты — егістікке қажетті су мөлшерін есептеп, суды тиімді пайдалануға көмектесу. Қазір бұл бағытта зерттеу жүргізіп жатыр.
Айта кетейік, жас зерттеушілер электр желілеріне арналған ЖИ және қатерлі ісікті емдейтін наногель әзірлеп жатыр.