«Агробизнес - 2020» бағдарламасына сәйкес Батыс Қазақстанда 202 жобаны жүзеге асыру көзделуде

ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Агробизнес - 2020» бағдарламасына сәйкес Батыс Қазақстан облысында 202 жобаны жүзеге асыру көзделуде. Бұл туралы Зеленов ауданында өткізілген кеңесте айтылды.
None
None

Облыс әкімінің орынбасары Арман Өтеғұловтың сөзіне қарағанда, соның ішінде Зеленов ауданында 17 жоба іске қосылуы тиіс.

2013 жылдың қорытындысымен облыстағы тауар өндірушілер 3 млрд. 850 мың теңге несиеге қол жеткізді. Жалпы құны 607 млн. теңге тұратын етті қайта өңдеу кешені мен көкөніс сақтау қоймалары іске қосылған. Өткен жылы жоспарланған астық, картоп, бақша дақылдары 2012 жылмен салыстырғанда артығымен алынды. Ал енді бағаның көтерілуінің басты себебі - көкөніс сақтайтын қоймалардың аздығы. Күні бүгін облыста 34 600 тонна өнім сақтауға арналған 29 қойма болғанымен, бар болғаны 9 мың тонна өнім сақтайтын қойма жұмыс істеп тұр. Қалғандары заман талабына сай келмейді. 2014 жылы республикадан облыстың ауыл шаруашылығы саласына 4,2 млрд. теңге бөлінді. Тек қаңтар-сәуір айларының ішінде құны 830 млн. теңге құрайтын төрт жоба жүзеге асырылды. Жыл аяғына дейін 7,4 млрд. теңгенің тағы төрт ірі жобасы жүзеге асады. «Агробизнес - 2020» бағдарламасының қолға алынғанына екі жылға жуық уақыт болды. Бұл жұмысты енді ширату керек.

Жиынға қатысқан облыс басшысы Нұрлан Ноғаев барлық деңгейдегі әкімдердің кәсіпкерлердің өз істерін дамытуларына жан-жақты қолдау көрсетуі, аталмыш бағдарлама тетіктерін түсіндіре білуі қажеттігін атап көрсетті.

«Елбасымыз атқарушы органдар алдына әр облыстың маманданған саласын анықтауға тапсырма жүктеген болатын. Батыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығын, соның ішінде мал өсіруді өзіне басым бағыт ретінде белгіледі. Зеленов ауданында болып, егін егетін, мал өсіретін, бау-бақша салатын ірі шаруашылықтардың жұмысымен таныстық. Көзіміз жеткені - таңдаған бағытымыз дұрыс. Өткен жылы карантинге байланысты Жайық өңірінен бар болғаны 300 тонна ет экспортқа шығарылған болса, биыл 2 мың тонна етті жөнелту жоспарымызда бар. Бұған толық мүмкіндік бар», - деді Н.Ноғаев.

Соңғы жаңалықтар