Агроөнеркәсіп кешенінде құны 3,3 трлн теңге болатын 677 жоба іске асырылады
АСТАНА. KAZINFORM – 2027 жылға дейін ауыл шаруашылығы саласында жалпы құны 3,3 трлн теңгені құрайтын 677 инвестициялық жоба іске асырылады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков айтты.

- Азық-түлік тауарларымен өзімізді іс жүзінде толық қамтамасыз етіп отырмыз – негізгі тауар санаттары бойынша өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі 80-нен 100 пайыз және одан да жоғары көрсеткішке жетіп отыр. Ет, сүт, жұмыртқа, көкөністер, ұн – мұның бәрі ішкі нарықтың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жеткілікті көлемде өндіріледі. Өздеріңізге белгілі, өткен жылы АӨК-де өңделген өнімнің үлесін арттыруға бағытталған 2024–2028 жылдарға арналған Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамыту жөніндегі кешенді жоспар қабылданды. Осылайша, өткен жылдан бастап алғаш рет өңдеуші кәсіпорындардың айналым қаражатын толықтыру үшін жылдық таза 5 пайыз мөлшерлемемен жеңілдетілген қаржыландыру көзделіп отыр. Сонымен қатар, өткен жылы 35 миллиард теңге бағытталды. Биыл қаржыландыру көлемі 40 миллиард теңгеден асты, - деді ол Орталық коммункациялар қызметіндегі брифингте.
Вице-министрдің айтуынша, қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде 2024 жылдың қорытындысы бойынша өндірісте оң динамика байқалады. Мәселен, құс еті өндірісі 358,7 мың тоннаны құрап, 6,8 пайызға артты. Шұжық өнімдері өндірісі 4,8 пайызға өсіп, 71,9 мың тоннаны құрады. Балық және балық өнімдері 65,2 мың тонна көлемінде өндірілді. Бұл 2023 жылғы деңгейден 9,5 пайызға артық. Ірімшік пен сүзбе өндірісі 48,2 мың тоннаға жетіп, бір жыл ішінде 7,4 пайызға өсті. Қызылша қантының өндірісі 2023 жылмен салыстырғанда 62 пайызға ұлғайды.
- Алайда бірқатар тауар бойынша импортқа тәуелділік сақталуда. Олар: құс еті, шұжық өнімдері, балық, сыр мен ірімшік, қант. Біз бұл мәселені көріп отырмыз және оны шешу бағытында белсенді жұмыс жүргізудеміз – жеңілдетілген қаржыландыру ұсына отырып, сүт-тауарлы фермаларын, қайта өңдеу кәсіпорындарын, құс фабрикаларын салу бойынша инвестициялық жобаларды іске асырудамыз. 2027 жылға дейін жалпы құны 3,3 трлн теңгені құрайтын 677 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде 915 млрд теңгеге 197 жоба импортты алмастыруға бағытталған, - деді Ербол Тасжүреков.
Айта кетейік, елімізде мал шаруашылығына арналған жаңа несие бағдарламасы іске қосылады.