Ағылшын клубының шабуылшысы тағы бір үздік көрсеткішке қол жеткізді

Премьер-лиганың 34-турында «Манчестер Сити» сырт алаңда «Фулхэмді» 2:1 есебімен ұтып, турнир кестесінде бірінші орынға көтерілді.
Осы ойында 3-минутта Э.Холанд пенальтиден есеп ашты. Бұл оның «Манчестер Сити» сапында биылғы маусымдағы 50-інші голы еді.
Сөйтіп ол соңғы 92 жылда бір маусымда 50 гол соққан бірінші футболшы атанды. Бұған дейін мұндай нәтижеге Дикси Дин (63 гол, 1927-1928 жылғы маусым), Вик Уотсон (50 гол, 1929-1930) және Том Уоринг (50 гол, 1930-1931), небәрі үш ойыншы ғана қол жеткізді.
Эрлинг Холанд қарсыластар қақпасына Ағылшын премьер-лигасында 34, Чемпиондар лигасында 12, Англия кубогінде 3 және Ағылшын лигасы кубогінде 1 гол енгізді. 22 жастағы норвегиялық шабуылшы бір маусымда премьер-лигада 34 гол авторы атанып, абсолютті рекорд орнатқан Энди Коул («Ньюкасл», 1993-1994) және Алан Ширерді («Блэкберн», 1994-1995) де қуып жетті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Манчестер Сити» шабуылшысының Ағылшын лигасында рекорд орнатқанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ «Қайрат» Қазақстан кубогінің ширек финалына жолдама алды.