Ағымдағы жылдың 1 наурызында «Кезексіз емхана» байқауының 2-кезеңі басталады

- деп хабарлайды аталмыш ведомствоның баспасөз қызметі.
Аталған байқау халыққа медициналық көмекті тез және сапалы түрде көрсететін, кезектері жоқ және ұйым қызметі жақсы реттелген еліміздің үздік емханаларын анықтауға бағытталған. 2011 жылдың 20 желтоқсаны мен 2012 жылғы 20 қаңтар аралығында өткен байқаудың алғашқы кезеңінің нәтижесінде 35 емхана үздік деп танылды. Байқаудың 2-ші кезеңінің шарттары бойынша учаскелік дәрігерлердің, емханалардағы 2-ші және 3-ші санатағы медбикелердің, әлеуметтік қызметкерлердің және психологтардың тұрғындармен жұмыс нәтижелері басты назарға алынады. Сонымен қатар, емханалардағы зертханалық және бейінді мамандардың кеңес беру және медициналық көмек көрсету қызметінің сапасын арттыру талабы қойылады.
Байқауға қатысу үшін атқарған іс-шараларын, жетістіктерін, жұмыс нәтижелерін, оның ішінде фотосуреттері бар таныстыру материалдарын Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің өңірлік департаменттеріне және Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментіне жолдауы тиіс. «Кезексіз емхана» байқауының 2-ші кезеңінің қорытындысында Денсаулық сақтау министрлігі жеңімпаздарды анықтап, 2012 жылдың 1 қыркүйегінде оларды марапаттау рәсімі өтеді. Жеңіске жеткен ұйым өкілдері біліктілігін арттыру және бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарының жұмыс тәжірибесімен танысу үшін шетелге жіберіледі.