Ағымдағы жылы «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасын жүзеге асыруға 2,5 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлініп отыр – Қызылорда

Отырыста бес мәселе қаралды. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Батыржан Қаракөзов «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының жүзеге асырылуы барысы туралы хабарлама жасады. Ол соның ішінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған бағдарламаның бірінші кезекте кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау көрсетудің нақтылы құралы болып отырғанын атап өтті. 2011 жылы кеңесте 32 жоба мақұлданып, олардың 20-сы мемлекеттік субсидия алуға қол жеткізсе, тағы бір жоба мемлекет тарапынан жеке кепілдікке ие болды. Ал 2012 жылғы бағдарлама үшін 2,5 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлініп отыр. Ол кәсіпкерлікті субсидиялауға, жеке кепілдік беруге, өнеркәсіп инфрақұрылымын дамытуға, жұмыс істеп тұрған бизнесті қолдауға жұмсалады. Басқарма бастығы бұл жолы кеңестің қарауына 8 жоба ұсынды. Олар темірбетон және қағаз өнімдерін өндіруге, ағаш өңдеуге және басқаларға бағытталған. Отырыста бұл жобалардың бәрі мақұлданды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша жасалатын өнеркәсіп инфрақұрылымын дамытуға мемлекеттік қаржы бөлу жайын сөз етті. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының хабарлауынша, бағдарламаның бұл бабын жүзеге асыруға мемлекет тарапынан 2 млрд. теңгеге жуық қаржы қарастырылған. Бұл орайда кеңес 6 бизнес-жобаны талқылады. Жұмыстың бұл бөлігін мемлекеттің өз мойнына алып отырғаны аян. Талқылау кезінде ұсынылған жобалардың екеуі ғана мойындалды.
Отырыста қаралған үшінші және төртінші мәселелер инвестициялық жобалардың тұсаукесерін өткізуге арналды. Бұл мәселе бойынша сөйлеген «Алтын қамба ЖШС» бас директоры Қайрат Пірмолдаев Қызылорда қаласындағы «Алтын қамба» коммуналды рыногының құрылысы жобасын ұсынды. Бұл нысанның жалпы құны - 680,2 млн. теңге. Оның мақсаты аймақтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Бұдан бөлек, Жаңақорған ауданында құс фабрикасының құрылысын жүргізу жобасы талқыланды.
Бизнесті жүргізудің жаңа моделін үйрену, «Назарбаев Университетінде» топ-менеджментті оқу, шет елдерде тегін тәжірибеден өту жайында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ облыстық филиалының директоры Жансұлтан Матаев әңгімелеп берді. Бүгінгі таңда «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының осы бағыты бойынша бизнес құрылымдарының 9 жетекшісі оқу оқып, тәжірибеден өтті. Ал биылғы жылы «Назарбаев Университетінде» оқу үшін аймақтағы 5 бизнесменге квота беріліп отыр.
Кеңес қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылдады.