Ағымдағы жылы бюджетке салықтық түсімдер 3 трлн. 511,7 млрд. теңгені құрайды

Министрдің айтуынша, бюджетке сәйкес корпоративтік табыс салығы бойынша жоспар 42 млрд. теңгеге азаю жағына нақтыланды. «Негізінен бұлай төмендеу металдарға және қатты пайдалы қазбаларға әлемдік бағаның арзандауы есебінен орын алады. Бұдан бөлек, мұнай емес сектордың жалпы қосылған құнының өсу қарқыны 115,3-тен 114,6 пайызға төмендеуіне байланысты болады», - дейді Ерболат Досаев. Оның айтуынша, республикалық бюджет шығыстары бекітілген бюджетпен салыстырғанда 65,6 млрд. теңгеге азайтылып,
6 033,4 млрд. теңге сомасында көзделді. Сонымен қатар, қысқартылған шығыстардың жалпы сомасынан жергілікті атқарушы органдарға нысаналы трансферттер 23,8 млрд. теңге құрайтын болады.
«1 қазанға жергілікті бюджеттердің жалпы трансферттерді игермеуі 80,2 млрд. теңгені, бюджеттік қаражат қалдығы - 274 млрд. теңгені құрады. Босатылған қаражат, сондай-ақ қосымша бюджет түсімдері, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бюджет тапшылығын 80 млрд. теңгеге дейін азайтуға және жалпы сомасы 100 млрд. теңгені құрайтын инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бағытталатын болады», - деді министр Ерболат Досаев.