АХАТ бөлімінде тіркелген әрбір акт азаматтардың болашақ құқығына әсер етеді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласында азаматтық хал актілерін тіркеумен 8 АХАТ бөлімі айналысады. Онда 66 адам жұмыс істейді. Kazinform тілшісі аталған мекеменің күнделікті атқаратын жұмысымен танысып қайтты.

Қазір АХАТ органдары тууды, өлімді, неке қиюды және бұзуды мемлекеттік тіркеуді жүргізеді, азаматтық хал актілерінің жазбаларын өзгертеді, толықтырады, түзетеді, қалпына келтіреді және күшін жояды.

Саналы ғүмырын осы салаға арнаған қызметкерлердің бірі - Гүлбану Алдамжарова. Оның АХАТ бөлімінде жұмыс істеп жатқанына 35 жылға жуықтаған. Айтуынша, бүгін қызмет көрсету жұмысы оңтайлана түскен.
– 1990 жылдың желтоқсан айында Алматы каласындағы Октябрь, қазіргі Түрксіб аудандық АХАТ бөліміне жұмысқа орналастым. Онда 23 жыл жұмыс істедім, кейін Медеу аудандық АХАТ бөліміне ауыстым. Міне, содан бері бір жерде нәпақамды тауып жүрмін. 2000 жылдардың басында мемлекеттік акт жазбаларын қолмен толтырып тіркейтінбіз, 2008 жылдан бастап компьютерлік бағдарламаға сай әр азаматты ЖСН-не сәйкес енгізіп келеміз.
Гүлбану Алдамжарова тұрғындарды қабылдау, кеңес беру, дұрыс жол сілтеу жауапты іс екенін атап өтті.
– Бұл саланың ерекшелігі – жан-тәніңмен жұмыс істеуді талап етеді. АХАТ бөлімінде тіркелген әрбір акт жазбасы азаматтардың болашақта құқығына әсер ететін маңызды құжаттар. Мұндағы жұмыс жауапкершілігі мол әрі қызықты. Қаламыз күнен-күнге кеңейіп, халық саны өсіп келеді. Жұмыс істеп жүрген шетелдік азаматтар да бар. Сондықтан біздің атқаратын жұмыс көлемді. Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан түскен арыздарды уақытылы орындау басты міндеттердің бірі.

Сонымен қатар, ол АХАТ қызметі тек тууды, некені немесе қайтыс болғанын тіркеумен шектелмейтінін жеткізді.
– Мекеме жеке деректердің өзгеруін тіркеп, әке болу, бала асырап алу фактісін анықтайды. Ұйым қызметкерлері құжаттардың түпнұсқаларын береді, жоғалған немесе ұрланған жағдайда көшірмелерін жасайды, белгілі бір акт жазбаларын қалпына келтіреді. Барлық құжаттар АХАТ мұрағатында 1 жылдан 75 жылға дейін сақталады, – дейді маман.
Айтуынша, акт жазбаларын 75 жылдан кейін мемлекеттік архивке жолдайды, ол жерде өмір бойы сақталады. Яғни, қағаз құм болғанша.
Наурызбай аудандық АХАТ бөлімінің басшысы Гүлзира Несіпбекқызы, цифрландыру аясында азаматтық хал актілерін тіркеу қызметтері қазір жаңару сатысында екенін тілге тиек етті.
– Алматы бойынша азаматтық хал актілері жазбаларының электронды мұрағатын қалыптастыру бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. 2008 жылға дейінгі электрондық мұрағаттық мәліметтерді толтыру бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз» - дейді ол.
Айта кетейік, 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап АХАТ функциялары «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына берілген еді.

– АХАТ функциялары берілгеннен кейін қызмет көрсету жүйесі, өтініштерді қабылдау және өңдеу тәртібі өзгермеді. Бүгінде АХАТ бөлімшелерінің мамандары мемлекеттік қызметкер болып саналады, сондықтан олардың жас жұбайларға коммерциялық қызмет көрсетуге құқығы жоқ. Олардың міндеті - өтінішті қабылдау, тіркеу күнін белгілеу, тіркеуді жүргізу және құжат беру. Ал Азаматтарға арналған үкімет - коммерциялық қызмет көрсететін корпорация. Сондықтан корпорацияға өткен қызметкерлер де нарыққа қатысушы болады. Бұл дегеніміз - олардың жас жұбайларға арналған нарықтағы барлық коммерциялық қызметтерді көрсете алатынын білдіреді, – деп атап өтті Алматыдағы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалынан.
Мемлекеттік корпорацияның мәліметінше, 2024 жылдың 11 айында АХАТ желісі бойынша Алматы ХҚО арқылы 77 465 қызмет көрсетілді.
– Өткен жылдың 11 айында 38 998 туу және 14257 өлім актісін тіркеді. Сонымен қатар, 19 778 неке қиылды. Айта кету керек, Алматы қаласы некесін қиып шаңырақ көтерген жұптардың саны бойынша республика көлемінде алғашқы орында тұр. Алайда ажырасу да азаймай отыр. Былтыр некені бұзу және тегін, атын, әкесінің атын өзгерту туралы 4 429 жазба тіркелді,– деп хабарлады корпорацияның баспасөз қызметінен.

АХАТ бөлімінің негізгі қызметтері:
– Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруды тіркеу, оның ішінде азаматтық хал актілері жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу;
– Қайтыс болуды тіркеу, оның ішінде азаматтық хал актілері жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу;
– Азаматтық хал актілерінің жазбаларын қалпына келтіру және жою;
- Азаматтық хал актілерін тіркеу туралы қайталама куәліктер немесе анықтамалар беру;
– Неке қиюды және оны бұзуды тіркеу, оның ішінде азаматтық хал актілері жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу;
– Бала тууды тіркеу, оның ішінде азаматтық хал актілерінің жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу.

Естеріңізге салса кетейік, неке қию туралы өтініш 15 күнтізбелік күн бұрын берілу керек. Аталмыш қызмет электронды үкімет порталы немесе екінші деңгейлі банктердің қосымшалары арқылы онлайн режимінде қолжетімді. Жас жұбайлар АХАТ бөлімінде некелерін салтанатты түрде қиятын болса, қосымша қызметке тапсырыс бере алады.
Қала бойынша аудандық АХАТ бөлімдерінде күніне 160-қа жуық жұп некесін қидырып заңдастырады. Некеге өтініш берген жұптардың орташа жасы ерлер үшін 27 жас, әйелдер үшін 25 жас.

АХАТ органдарының тарихы
Қазақстан тарихы Ресей тарихымен тығыз байланысты болғандықтан, Ресейде Қазан төңкерісіне дейін 1722 жылдан бастап азаматтық хал актілерін тіркеу атқарымдарын конфессиялар шіркеулері, синагогалар, мешіттер атқарған.
1917 жылы 18 желтоқсанда РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесі «Азаматтық неке, балалар және хал актілері кітаптарын жүргізу туралы» декрет қабылдады, онда азаматтардың некені, баланың тууын тіркеу үшін қалалық (аудандық, уездік немесе болыстық земство) басқармаға қарасты некені және тууды тіркеу бөліміне жүгінуі қарастырылды.
Бұл бөлімдерде туу, некеге тұру және қайтыс болуды есепке алу жөніндегі арнайы кітаптар жүргізілді.
Қазақстан Республикасында АХАЖ органдарының ресми құрылу күні Қазақ Автономиялы Социалистік Кеңестік Республикасы Халық Комиссарлары Кеңесінің декреті қабылданған күнмен байланысты - 1921 жылдың 5-наурызы.
Сол 1921 жылы Орынборда әділет халық комиссары Ғ.Әлібеков қырғыздар, қазақтар арасында некеге тұру құқығы туралы декретке қол қойды.
Тәуелсіз Қазақстандағы АХАТ органдарының жұмысы
Қазақстанда Неке және отбасы туралы жаңа кодекс қолданысқа енгізілген 2012 жылдың қаңтарынан бері АХАЖ (азаматтық хал актілерін жазу) бөлімдері АХАТ - азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі деп аталады.
Қазақстанды цифрландыру аясында Азаматтық хал актілерін тіркеу туралы электронды мәліметтерді енгізу жұмысы жүргізіліп жатыр. Республика бойынша азаматтық хал актілері жазбаларының электрондық мұрағатын қалыптастыру 2007 жылдың екінші жартысында басталды.
Қазір 1937-2008 жылдар аралығында құрылған электронды мұрағат мәліметтерін толтыру бойынша жұмыс атқарылып жатыр.
Осыған дейін АХАТ өз функцияларын ХҚО-ға бергеннен кейін коммерциялық қызмет көрсете ме, деген сауал төңірегінде материал жазған едік.