«Ахи» емес, «бауырым», «ифтар» емес, «ауызашар»: ҚМДБ қазақша сөйлеуге шақырды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мұсылмандыр діни басқармасы араб сөздерінің орнына қазақша атауларды қолдануды ұсынды.

ҚМДБ
Фото: ҚМДБ

Басқарманың баспасөз қызметінің мәліметінше, осы аптада Мемлекет басшысы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында қазақ тілінің дамуы туралы маңызды ойлар айтты. Соның ішінде дінге қатысты көне сөздеріміздің орнына араб сөздерін жиі қолдану мәселесіне де тоқталған болатын. Осы орайда құлшылықтағы тілдің орны мен күнделікті сөз қолданысының аражігін байыппен түсіну маңызды.

— Құран аяттарының, намазда оқылатын дұғалар мен зікірлердің араб тілінде айтылуының өзіндік мәні бар. Ана тілімізді ардақтай отырып, құлшылық сөздерінің де орнын ескергеніміз жөн. Ал күнделікті қарым-қатынаста ойымызды қазақ тілінде жатық әрі түсінікті жеткізіп, тілімізде қалыптасқан сөздер мен ұғымдарды орнымен қолдану — ана тілімізге деген құрметтің көрінісі. Мәселен, «ифтар» мен «сухур» ұғымдарының тілімізде бұрыннан қалыптасқан «ауызашар», «сәресі» деген атаулары бар. Бұл сөздер халқымыздың ораза ұстау дәстүрімен біте қайнасқан. «Ауызашарға келіңіз», «сәресіге тұрайық» деген сөздер үлкенге де, кішіге де түсінікті. Осындай қалыптасқан атауларды қолдану арқылы діни дәстүрімізді де, тілдік мұрамызды да жалғастырамыз, — деп атап өтті ведомство өкілдері.

Олардың сөзінше, бес уақыт намаздың «таң», «бесін», «екінті», «ақшам», «құптан» деген атаулары да халқымыздың діни өмірінде әбден орныққан. Күнделікті әңгімеде, уағызда және намаз кестелерінде осы атауларды қолдану көпшілікке түсінікті әрі тіліміздің қалыптасқан дәстүріне сай келеді.

— Сол сияқты кейбір азаматтардың өзара «ахи», «ухти», «абла», «аби», «брат» және «сестра» деп тілдесуі жиі кездеседі. Біздің пікірімізше, мұндайда өз тіліміздегі «бауырым», «ағам», «інім», «әпкем», «апам», «қарындасым» деген сөздерді қолданған абзал. Бұл сөздер жақындық пен құрметті білдіріп қана қоймай, халқымыздың үлкенге ізет, кішіге қамқорлық танытатын сыйластық дәстүрін де сақтайды. Дана бабаларымыз имандылық тәрбиесін ана тілінде ұрпағына жеткізе білді. «Аманатқа қиянат жасама», «кісі ақысын жеме», «обал болады», «сауап болады» деген сөздермен адалдыққа, жауапкершілікке, жанашырлыққа баулыды. Осы рухани мұраны бүгінгі ұрпақтың санасына сіңіру үшін оның мәнін ашып, күнделікті өмірмен байланыстыра түсіндіруіміз қажет, — деп түйіндеді Қазақстан мұсылмандыр діни басқармасы.

Бұдан бұрын Алматы облысында шәкірттерін ұрған ұстазды ҚМДБ жұмыстан шығарғанын жазғанбыз.