Ахмед аш-Шараа Сирияның өтпелі кезеңдегі президенті болып жарияланды
АСТАНА. KAZINFORM – Бұл туралы Дамаскіде Башар Асадты биліктен кетіру үшін соғысып жатқан қарулы топтардың қолбасшылары қатысқан кездесуде айтылды, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Сәрсенбі күні өтпелі кезеңге президент болып бұған дейін «Хайят Тахрир аш-Шам» (ХТШ, Қазақстанда тыйым салынған ұйым – ред.) басшысы ретінде белгілі болған Сирияның іс жүзіндегі жетекшісі Ахмед аш-Шараа тағайындалды.
Бұл туралы Сирияның SANA ақпарат агенттігі Асадтың биліктен кетуіне әкелген шабуылды басқарған Әскери операциялар қолбасшылығының өкілі полковник Хасан Әбдел Ғаниге сілтеме жасап хабарлады.
- Біз көшбасшы Ахмед әл-Шараның өтпелі кезеңдегі ел президенті лауазымына кіріскенін жариялаймыз, - деп мәлімдеді Әбдел Ғани.
- Ол Сирия Араб Республикасының президенті міндеттерін атқарады және оны халықаралық форумдарда таныстырады, - деп хабарлады SANA ақпарат агенттігі.
Әбдел Ғани сондай-ақ Сирияның 2012 жылғы конституциясының жойылғанын жариялады.
Әл-Шараа сонымен қатар өтпелі кезеңге арналған уақытша заң шығарушы кеңесті құруға уәкілетті, ол өз міндеттерін жаңа конституция қабылданғанға дейін орындайды.

Жаңа заң шығарушы кеңес өз міндеттерін жаңа конституция қабылданғанға дейін орындайды. Өткен жылы Асад тұсында сайланған парламент ресми түрде таратылды.
Жабық конференцияда қабылданған шешімдерде жаңа заң шығарушы органның қашан сайлануы мүмкін екенін нақтыланған жоқ немесе өтпелі процестің уақыты туралы қосымша мәлімет берілмеді.
Бұл мәлімдемелер «Сирия революциясының жеңісін жариялау жөніндегі конференция» отырысында жасалды. Оған бұрын ХТШ тағайындаған уақытша үкіметтің министрлері қатысты.
Конференция барысында Әбдел Ғани Сирия революциясының жеңісін және 8 желтоқсанды Асад тақтан тайдырылып, Сирия үкіметіне қарсы күштер Дамаскіге кірген күнді ұлттық мереке деп жариялады.
Аш-Шараа бұған дейін ұлттық конференцияны, инклюзивті үкіметті және оның айтуынша, төрт жылға созылуы мүмкін сайлауды қамтитын саяси ауысуды бастауға уәде берген еді.
Әбдел Ғани сондай-ақ Башар Асадтың «Баас» партиясы мен оның мемлекеттік қауіпсіздік аппаратының таратылғанын және онымен соғысқан бүлікші топтардың таратылып, мемлекетке біріктірілетінін хабарлады.
Осыған дейін Еуропалық Одақ Сириядағы жағдайды тұрақтандыру үшін санкцияларды тоқтататынын хабарлаған болатын.