Ахмет Байтұрсынұлы ауылына апаратын жол қашан жөнделеді

ахмет байтұрсынұлы
Фото: ашық дереккөзден

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Ахмет Байтұрсынұлының ауылына апаратын жол неге толық жөнделіп бітпей жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды Kazinform.

«Сіз Ахмет (Байтұрсынұлы – ред.) ауылына апаратын жолды өзім бақылаймын деп едіңіз. Сондай-ақ Міржақып (Дулатұлы) ауылы саналатын Қызбел мен Бидайық жолы қашан салынады? Осы екі Алаш арысының ауылына баратын жол әлі салынбай отыр. Осыны сіз шеше аласыз ба?», – деп сұрады БАҚ өкілі.

Әкім ондай мәселе бар екенін растады.

«Өкінішке қарай, ондай факті бар. Былтыр Жангелді ауылына барған кезімде де, халықпен кездескен кезімде де осы жол туралы айтылған. Жарты жол жөндеуден өтті. Енді жартысы қалып отыр. Ахметтің ауылына дейін қателеспесем, негізгі тасжолдан 100 шақырым бар. Енді сол 50 шақырымды жөндеуге 1 млрд 100 млн теңге бөлінді. Конкурста Қарағанды облысының бір компаниясы жеңген екен. Ұтқанымен, еш нәрсе істеген жоқ. «Мінеки, ақшамыз бар, дайын тұр. Істемейсің бе?». Бірақ істеген жоқ», – деді әкім.

Аймақ басшысы қазір Жангелді ауданының әкімдігі мердігермен келісімшартты бұзуға әрекеттеніп жатқанын айтты.

«Келесі жылы біз міндетті түрде сол қаражатты бөліп, қажет болса тағы да көбейтеміз. Ахметтің ауылына дейінгі жол міндетті түрде жөнделуі керек. Мен халықтың алдында уәде бердім. Қаражатымыз дайын», – деді Құмар Ақсақалов.

Соңғы жаңалықтар