Ахмет Байтұрсынұлының кесене-белгісіне аты-жөнін өзі жасаған әліпбимен қашау керек

Ақаңның кесене-белгісі туралы ұсынысымыз бар.
None
None

Отандық тіл білімі мен әдебиеттанудың көшбасшысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына байланысты шаралар бәрімізді бірлікке, біліктілікке, рухани өрлеуге бастап жатқанын ерекше атап өткіміз келеді.

Соның ішінде туған жеріндегі музей, кесене-белгі және тұрған үйінің жаңа құрылысы сәтімен аяқталады деп сенеміз.

Таяуда әлеуметтік желіде Ақтаудың ақ тасынан тұрғызылған кесене-белгінің жоба-суреті жарияланды. Кесененің нобайы, сәулеттік шешімі ешқандай дау туғызбайды. Бұл нұсқа (әрі шағын, әрі көрнекті, ақ кесене) елімізде имани дәстүрге айнала бастады. Ал, маңдайындағы жазу мен символикаға байланысты мынандай ұсыныс жасағымыз келеді:

1) Ұлт ұстазы – ел әліпбиінің (төте жазудың) авторы. Сондықтан, қазіргі кириллицамен қашалған аты-жөнін тарихқа енген алфавиті негізіндегі және кітаптары мұқабасындағы төтенше اقىمەت بايتۇرسىن ۇلى (Ақымет Байтұрсын ұлы) деген нұсқасымен өзгерткен дұрыс.

2) Қазіргі нұсқада аты-жөнінің оң және сол жағында кітап пен қаламсаптың суреті бейнеленіпті. Бұл – өте жасанды, жеңіл (компьютерден көшіре салған) бейне. Осыны «Қазақ» газетінің логотипіне, яғни Алаш айқындаған «Орда гербіне» ауыстырған жөн.

Бұл ұсыныстардың елдік-тарихи әсері бар:

1) А. Байтұрсынұлының араб текті алфавитімен жазылған аты-жөні осы әліпбидің тарихи орнын және Ислам құндылықтарымен байланысын көрсетеді.

2) Алаш елтаңбасындағы (логотип, герб) бірлік, білім, қауіпсіздік рәміздері ешқашан құнын жоймайды.

Бұл ұсынысты бір топ ғалым жауапты орындарға жолдадық. Сәтімен түзетіледі деп үміттенеміз.

Дихан Қамзабекұлы – филология ғылымдарының докторы, профессор


Соңғы жаңалықтар