Ахмет Мұрадов: Қазақстанның БҰҰ ҚК-нің тұрақты емес мүшелігіне сайлануы Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңындағы айтулы оқиға

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне сайланғаны еліміздің халықаралық деңгейдегі тағы бір жетістігі екені анық.
None
None

Қазір қоғамдық ортада оң серпіліс жасап отырған тақырыптың бірі - осы. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі Ахмет Мұрадов өз пікірін ортаға салып, ойларымен бөлісті.

«Күні кеше біз Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне сайланғанын Елбасының өз аузынан естіп білдік. Сонымен қатар отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары да бұл жаңалықты әлемге таратып жатты.

Қазақстан бірінші рет БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайланып отыр. Аталған Ұйымның Бас Ассамблеясында 138 мемлекеттің Қазақстанды қолдап дауыс бергенінің өзі еліміздің халықаралық деңгейдегі беделін көрсетеді.

Еліміздің осы бір маңызды ұйымға мүше болуы тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында болып отырған айтарлықтай оқиға екені шындық. Ширек ғасырдың ішінде мемлекетті қалыптастырудың барлық кезеңінен өттік және елдің іргетасын нығайта білдік, енді дамыған елдердің қатарына қосылу мақсатын алға қойып отырмыз. Әлемнің 150-ден астам мемлекетімен достық-экономикалық қарым-қатынас орнаттық. Көрші елдермен мәңгілік достық туралы шарт жасастық. Әлемдік қоғамдастықтың толыққанды мүшесі болдық.

Енді міне, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшелігіне сайлануымыз үлкен маңызға ие екенін аңғаруымыз керек. Өйткені БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің бес тұрақты және он тұрақты емес мүшесі бар. Аталған кеңеске мүше болған 15 ел әлем тағдырын айқындайды десек, артық болмас.

Қазақстан 25 жыл бұрын өз алдына қойған мақсатына кезең-кезеңмен, табысты жетіп келе жатқанын әлем жұртшылығы көріп отыр. Қабылдаған бағдарламаларды орындадық. БҰҰ Декларациялары, бейбітшілікті қолдау жолындағы әлемдік маңызы бар басқа да халықаралық құжаттарды қабылдадық. Қандай мәселеге де үлкен маңыз беріп қарадық. Мұның сыртында, біздің Елбасымыз - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Әлем. XXI ғасыр» атты манифесін дүние жүзінің назарына ұсынды. Онда ядролық қауіпсіздік мәселелері түгел қамтылған болатын. Елбасы халықаралық қарусыздану үде­рістерін жаңа тарихи жағдайларға бейімдеу, соғыстар мен жанжалдардың алдын алу, орнықты әлемнің географиясын қалыптастыру қажет екенін атап көрсетті. Жер шарын ядролық қарудан азат құрлыққа айналдыру мақсатын алға қойды.

Мемлекет басшысының атап көрсеткеніндей, бүгінгі таңдағы ең маңызды мәселе - ядролық және басқа да жаппай-қырып жоятын қарудан толықтай азат әлемге қарай дәйектілікпен ілгерілеу. Бұл бағытта маңыз­ды қадам қазірдің өзінде жасалып отыр. 2015 жылдың 7 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамасы бойынша Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларация қабылдады. Бұл соғыс қаруларынан азат әлемге қарай жасалған қадамның бірі болмақ. 1991 жылы әлемде алғаш болып Қазақстан Семей яд­рол­ық сынақ полигонын жапты. Біздің елдің бұл қадамын бейбітшілікті қолдайтын әлем жұршылығы жоғары бағалап отыр.

Осы орайда, Елбасы ұсынған манифесте қамтылған кешенді мәселелер БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мақсат-мүддесімен толықтай сәйкес келіп отырғанын атап өтер едім.

Егер біз бәріміз күн сайын Президенттің өзі бастап, барлық ұйымдар, барлық саяси партиялар, біздің қоғамдық институттар болып, ел тұрғындарының бірлігін сақтау жолында еңбек етпеген болсақ, Қазақстандағы тұрақтылық туралы айтудың өзі мүмкін болмас еді.

Біз бүгін қалыптасқан мемлекет болдық деп сенімді түрде мәлімдеп отырмыз. Сонымен бірге бірлігі мықты халық болып қалыптастық деп те мақтанышпен айта аламыз. Біз қандай мақсат жолында алға басып бара жатқанымызды айқын білеміз. Мәңгілік Ел құру жолында қандай қадамдар жасайтынымызды анықтадық және оны қандай құқықтық кеңістікте жүзеге асыратынымызды да нақтылап алдық. Өйткені Парламент біздің барлық реформаларымыздың заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етілу үшін қызмет жасап келеді.

Тәуелсіздіктің 25 жылдығы ішінде біз ішкі тұтастығымызды сақтай отырып, жаһандық мәселелерге араласа алатынымызға бірінші кезекте өзіміздің көзімізді жеткіздік, сондай-ақ халқымыздың және әлем жұртшылығының көзін жеткізе білдік. Елбасымыздың әлем алдындағы беделі өте жоғары екенін әлемнің танымал саясаткерлері жаһандық мәселелердің барлық параметрлері бойынша кеңесіп отыратынынан-ақ анық көруге болады. Әлемнің қайбір түкпірінде дау, жанжалдар мен қақтығыстар болып, саяси дағдарыстар туындай қалған жағдайда, Нұрсұлтан Әбішұлының кемеңгерлік кеңесіне жүгінеді. Оны өмірде көріп жүрміз, Айталық, Украина мен Ресей, Ресей мен Түркия және басқа да аймақтар арасындағы саяси дағдарыстар мен түсініспеушіліктер болғанда, оларды тоқтам жасауға, барлық мәселені бейбіт жолмен шешуге шақырған біздің елдің Президенті Н.Ә. Назарбаев болатын.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі қабылдаған кез келген шешімді, айқындаған міндеттерді енді біз де орындай аламыз. Ол үшін біздің тәжірибеміз де, барлық мүмкіндігіміз де бар.

Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануы біртұтас халқымыздың толымды табысы және жарқын жетістігі дер едім. Бұл - қомақты саяси табыс. Бұл Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік саясаттағы рөлі мен еңбегін жоғары бағалау деп білемін. Бұл - Қазақстан халқының рөлі мен орнын танып-білуі. Қазақстанды әлемдегі ең жоғары халықаралық деңгейдегі тең құқықты саяси рөлі зор ел ретінде тануы екенін баса айтар едім.

Сондықтан мен еліміздің барша халқын осы бір айрықша оқиғамен құттықтаймын. Кім Қазақстанды өз Отаным деп сүйетін болса, сол үшін бұл үлкен мәртебе деп есептеймін». 

Соңғы жаңалықтар