Ахметтің жары Бадрисафа мұсылман дінін қалай қабылдады

Ахметтің көзін көрген замандасы, рухани шәкірті мерейтойға жазған естелігінің ішінде «Ахмет Байтұрсынұлы Әулиекөлге екінші рет мұғалім болып барды» деген сөйлем бар. Ол жер Қостанай қаласынан 100 шақырымда жатыр. Ахмет Байтұрсынұлы сол жерде әуелі тәжірибеден өтіп, кейіннен қайта айналып соққан. Осы жерде болашақ жары Адександра Ивановнамен танысқан. Ахмет сабақ берген мектепте Александра да бастауыш сыныптарға сабақ берген екен. Екеуінің құрметіне бір көлді Мұғалімкөл атандырған. Ол жерде жеті көл бар. Соның ішінде Мұғалімкөл Ахмет сабақ берген мектептің іргесінде ғана жатыр. Ол ғимараттың қабырғасы әлі бар», - дейді музей жетекшісі.
Ахметтанушы Александра мен Ахмет Байтұрсынұлының арасында іңкәр сезім болмаса, көлге Мұғалімкөл атауы берілмес еді деп топшылайды.
«Ахмет Байтұрсынұлы сол жердегі Мұхамедсадық деген татардың үйінен пәтер жалдайды. Әлгі татардың Бадрисафа деген қызы болады. Балиғат жасына толар шағында ол қызы ауырып қайтыс болады да, Мұхамедсадық Ахметтің болашақ жарына өз қызының құжатын береді. Ахмет пен Александра Қостанайдағы бір мешітке барады. Өкінішке қарай, ондағылар мұны қолдамайды. Ақыры олар Троицкіге барып, некелерін сонда қиғызады. Александра, міне осы кезден бастап Бадрисафа Байтұрсынова болып жазылады. Екеуінің некесі талапқа сай болуы үшін Бадрисафа татар мешітінде үш ай мұсылмандық мектептен өткен. Құжатта ұлтының тұсына татар деп жаздырған. Өйткені түрі қазаққа ұқсамаған», - дейді ахметтанушы.
Ахмет Байтұрсынұлының отбасылық жағдайын кезінде бетіне салық етіп басқысы келгендер болған көрінеді.
«Ахметті кекеткісі келген кісілер «Әкең мен ағаларыңды айдауға жіберген орыстың қызын елге неге әкелдің» деп сұрайтын көрінеді.
Сұрасаңыз, есімі – Александра Ивановна,
Ризамын құдайдың оны маған қиғанына.
Бір кәпірді мұсылман ғып сауаптансам,
Тұрмай ма, он молданың иманына», - деп өлеңмен жауап берген екен», - дейді Райхан Имаханбет.
Айта кетейік, 5 қыркүйекте Ахмет Байтұрсынұлының дүниеге келгеніне 150 жыл толды.