AI & Digital Bridge Awards 2026: жеті номинацияда кімдер жеңіске жетті

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов AI & Digital Bridge 2026 форумында ұсынылған цифрлық шешімдермен танысып, AI & Digital Bridge Awards 2026 жеңімпаздарына марапаттар табыстады.

AI & Digital Bridge Awards 2026: жеті номинацияда кімдер жеңіске жетті
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Премьер-министрге түрлі салада қолдануға арналған отандық технологиялық компаниялар мен ұйымдардың жасанды интеллект негізіндегі әзірлемелері таныстырылды. 

eGov GPT, AI-тьютор: AI & Digital Bridge Awards 2026 жеңімпаздары кімдер
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Форум аясында 60-тан астам жаңа келісімге қол жеткізілді. Премьер-министр тиімділігі дәлелденген технологияларды одан әрі кеңінен енгізудің маңызды екенін баса айтты.

— Қазақстан цифрлық инфрақұрылымды озық қарқынмен дамытуда. Қазіргі таңда „Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы“ мегажобасы белсенді жүзеге асырылып жатыр. Бұл — Орталық Азиядағы энергетикалық әлеуеті 1 ГВт-қа дейін жететін ең ірі кампус. Деректерді өңдеу орталықтары жасанды интеллектіні, бұлтты сервистерді, ғылыми зерттеулер мен жаңа цифрлық өндірістерді дамытуға негіз болады. Біз басқа да жаһандық технологиялық компаниялармен ынтымақтастық орнатуға әзірміз, — деді Олжас Бектенов. 

Сонымен қатар форум аясындағы пленарлық сессияда DREAM компаниясының президенті Себастиан Курц, Freedom Holding Corp. компаниясының бас атқарушы директоры Тимур Турлов, Crimson Education компаниясының негізін қалаушы Джейми Битон және Higgsfield AI компаниясының бас директоры Александр Машрабов сөз сөйледі.

Сессия қорытындысы бойынша Премьер-министр жасанды интеллектіні дамытуға және цифрлық трансформацияға үлес қосқан технология саласының өкілдеріне марапаттар табыстады.

eGov GPT, AI-тьютор: AI & Digital Bridge Awards 2026 жеңімпаздары кімдер
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

AI & Digital Bridge Awards 2026 жеңімпаздары:

  • GovTech Project of the Year — egov.GPT, табиғи тілдегі сұраныстар арқылы мемлекеттік қызметтер алуға мүмкіндік беретін жасанды интеллект платформасы;
  • EdTech Project of the Year — GoPrep, IELTS емтиханына дайындалуға арналған жасанды интеллект платформасы;
  • Startup of the Year — HealthTech, медициналық құжаттарды автоматтандыру және тексеру жобасы;
  • Corporate AI Transformation of the Year — Aventa AI, жұмыс үдерістерін автоматтандыруға арналған корпоративтік GenAI платформасы;
  • International Breakthrough of the Year — Higgsfield AI, жасанды интеллект көмегімен бейне жасауға және өңдеуге арналған платформа;
  • Venture Fund of the Year — MA7 Ventures, жаһандық әлеуеті бар технологиялық стартаптарға $150 мыңнан $1 млн-ға дейін инвестиция салатын венчурлік қор;
  • Best Creative Industry Project of the Year — ōzen, музыканы цифрлық платформаларға таратуға және авторлық құқық иелеріне тиесілі сыйақыны басқаруға арналған цифрлық платформа.
AI & Digital Bridge Awards 2026: жеті номинацияда кімдер жеңіске жетті
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Еске салайық, мұның алдында AI & Digital Bridge форумында қандай келісімдер мен меморандумдарға қол қойылғаны туралы жазғанбыз.