ЖИ жазған ән: Автор құқығы қалай қорғалады

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгінде кез келген адам жасанды интеллектінің көмегімен ән жазып, оны өңдеп, желіге жариялай алады. Бұл тұста авторлық құқық пен зияткерлік меншікке қатысты мәселелер қалай реттелмек?

ЖИ
Фото: Kazinform / ЖИ көмегімен жасалды

Зияткерлік меншік мәселесі

Жуырда әлеуметтік желіде «Анашым» әнінің жасанды интеллект көмегімен өңделген нұсқасы тарады. Онда Нұрлан Өнербаев пен Kanye West-тің дауыс тембрі рұқсатсыз имитацияланған. Еске салсақ, әннің сөзін Қайрат Жұмағалиев, музыкасын Марат Омаров жазған. Бұл жағдай AI (ЖИ) технологияларының шығармашылық салаға ықпалын айқын көрсетіп, орындаушы дауысы мен авторлық құқыққа қатысты жаңа құқықтық мәселелерді қайтадан күн тәртібіне шығарды.

Заңгер Молдахмет Жанәлидің айтуынша, автордың рұқсатынсыз ән мәтінін, әуенін немесе туындының елеулі бөлігін пайдалану авторлық құқықты бұзу ретінде қарастырылуы мүмкін. Мұндай жағдайда құқық иесі өз мүддесін қорғау үшін сотқа жүгінуге құқылы.

- Бұл жағдайда екі түрлі құқықтық мәселе туындайды. Біріншіден, шығарманың рұқсатсыз пайдаланылуы авторлық құқықтың бұзылуына әкелуі мүмкін. Екіншіден, Kanye West-тің дауыс ерекшелігін жасанды интеллект арқылы имитациялау орындаушының жеке бейнесін заңсыз пайдалануға байланысты құқықтық сұрақтарды көтереді. Демек, бұл жерде әрі автордың, әрі орындаушының құқықтары қозғалып отыр, - деді ол.

Туынды авторы Марат Омаров та жағдайға алаңдаушылық білдіріп, әннің AI арқылы өңделген нұсқасының жарияланғанынан бейхабар болғанын айтты.

- 40 жылдан бері Қазақстан авторлар қоғамының мүшесімін, 2000 жылдан бері АҚШ композиторлар қауымдастығының мүшесімін. 300-ден астам ән жаздым. Соның ішіндегі кең танылғаны – «Анашым» әні. Kanye West-тің дауысын пайдаланып жасалған нұсқада автор ретінде Нұрлан Өнербаев көрсетілгенін көріп, алаңдадым, - дейді ол.

Марат ОМАРОВ
Фото: Spik.kz

Композитордың айтуынша, шығармашылық еңбектің авторы әрдайым нақты көрсетілуі тиіс. Айта кетейік, халық арасында кеңінен танылған бұл композиция бастапқыда Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісоваға ұсынылғаны да белгілі болды.

- Егер тараптар арасында жазбаша келісім болмаса, түсініспеушілік туындауы мүмкін. Ал автор мен орындаушының еңбегі дұрыс көрсетілсе, мұндай жағдайлардың алдын алуға болады, - деді әннің авторы.

Бұл мәселе әлемдік деңгейде де өзекті. Мәселен, Drake пен The Weeknd дауыстарына ұқсастырылған жасанды интеллект көмегімен жасалған «Heart on My Sleeve» трегі интернетте кең тарап, кейін құқық иелерінің талабымен платформалардан алынып тасталған.

Сарапшылардың айтуынша, мұндай жағдайлар жасанды интеллект пен авторлық құқық арасындағы үйлесімді қамтамасыз ететін жаңа құқықтық тетіктерді әзірлеу қажеттігін көрсетеді. Көптеген елдерде AI арқылы жасалған контентті реттеуге бағытталған заңнамалық өзгерістер қарастырылып жатыр.

Қазақстандағы құқықтық база: Алғашқы қадамдар

Қазақстанда да бұл бағыттағы құқықтық база кезең-кезеңімен жетілдіріліп келеді. Атап айтқанда, биыл күшіне енген «Жасанды интеллект туралы» заңда ЖИ жүйелерін пайдалану, синтетикалық контентті таңбалау, авторлық құқықты қорғау және жауапкершілік мәселелері реттелген.

Талап бұзылған жағдайда әкімшілік жауапкершілік көзделген: жеке тұлғаларға - 15 АЕК (64 875 теңге), шағын бизнес пен коммерциялық емес ұйымдарға - 20 АЕК (86 500 теңге), орта бизнеске - 30 АЕК (129 750 теңге), ірі бизнеске - 100 АЕК (432 500 теңге) көлемінде айыппұл салынады.

Қуанарлығы, бұл құқықтық талаптар жаңа буын өнерпаздарының арасында ішкі мәдени жауапкершілік ретінде қалыптасып келеді. Мәселен, ақын, кавер әнші Арманбек Жәкейханұлы танымал туындыларды орындау барысында шығармашылық этиканы бірінші орынға қоятынын айтады:

- Авторлық құқық мен үшін өте маңызды. Өйткені кез келген әннің артында үлкен еңбек жатыр. Әннің сөзі мен әуенін жазған авторлар, оны өңдеген мамандар, орындаушылар шығарманың дүниеге келуіне үлес қосады. Сондықтан олардың еңбегі қорғалуы тиіс. Авторлық құқық сақталған жерде өнер де дамиды, шығармашылыққа деген жауапкершілік те артады. Соңғы жылдары бұл бағытта оң өзгерістер бар деп ойлаймын. Дегенмен әлі де болса авторлардың еңбегін бағалау, құқықтарын сақтау мәселесінде кемшіліктер кездеседі. Кейде әндер рұқсатсыз орындалып немесе интернетте еркін таралып жатады. Сондықтан авторлық құқық мәдениетін одан әрі қалыптастыру қажет деп есептеймін, - деді Арманбек Жәкейханұлы.

Арманбек Жәкейханұлы
Фото: Арманбек Жәкейханұлының жеке мұрағатынан

Жас орындаушы әлеуметтік желідегі белсенділік пен кәсіби жауапкершіліктің аражігін ажыратып, өз ұстанымын былай деп толықтырды:

- Кейде халық әнді орындаушымен байланыстырып, оның авторымен шатастырып алады. Композицияның шығуында әнші ғана емес, оның дүниеге келуіне себепкер болған авторлардың да маңдай тері бар. Әуен авторы, сөз авторы, аранжировка жасаған мамандар - бәрі де шығарманың табысынан өз үлесін алуы тиіс. Сондықтан олардың есімі әрдайым аталып, еңбегі бағалануы керек. Өз басым кез келген әнді орындағанда оның авторларын міндетті түрде таныстырып, кімнің шығармасы екенін айтып барып орындаймын. Бұл авторға деген құрметтің көрінісі - деді әнші.

Бұл жағдай қазіргі цифрлық кеңістікте жасанды интеллектінің мүмкіндіктері мен авторлық құқықты қорғау арасындағы шекара әлі де айқын емес екенін көрсетті. Шығармашылық еңбектің құнын сақтау мен AI дамуы арасындағы тепе-теңдікті табу енді заңмен бірге қоғамның ортақ жауапкершілігіне айналып отыр.

                                                                              Зульмира Аухатқызы