Аида Әбікеева әлем кубогында қола жүлдені қанағат тұтты
АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың Гуйян қаласында өтіп жатқан Әлем кубогында бүгін, 20 маусымда Аида Әбікеева (65 келі) қола жүлде алды.
Отандасымыз жартылай финалда бразилиялық Беатриз Феррейрамен қолғап түйістірген еді.
2 дүркін әлем чемпионы, 65 келідегі Аида Әбікеева жартылай финалда Токио және Париж Олимпиадасының жүлдегері, 2 дүркін әлем чемпионы Беатриз Феррейрамен (Бразилия) жолықты.
Бұл жекпе-жекте қарсыластың мерейі үстем болып, төрешілер 0:5 есебін тіркеді.
Аида Әбікеева 1998 жылы 11 шілдеде Қарағанды қаласында дүниеге келген. Ол 2025 жылы World Boxing және IBA аясындағы әлем чемпионы атанды. Оған қоса 2024 жылы Азия чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілді.
Айта кетсек, бұдан бұрын Назым Қызайбай (54 келі), Виктория Графеева (60 келі), Абылайхан Жүсіпов (70 келі), Санжар Тәшкенбай (50 келі) финалға шықса, Дина Исламбекова (80 келіден жоғары), Валерия Аксенова (80 келі) қола жүлдені қанағат тұтты.
Сондай-ақ енді ел құрамасынан Айбек Оралбай (90 келі) ел намысын қорғайды.
Айта кетсек, Жарыстың аталған сатысында Өзбекстан 11, Қытай — 9, Қазақстан мен Франция — 8 үздігіне үміт артса, одан кейінгі орындарда Үндістан мен Польша — 6, Англия мен Бразилия — 4, Әзербайжан мен Италия — 3, АҚШ, Болгария, Оңтүстік Корея, Иордания, Испания — 2 спортшысына сенім білдіреді.
Ал жартылай финалда Аустралия, Германия, Канада, Иран, Мексика, Тайпей, Таиланд және Молдовадан 1 былғары қолғап шебері шаршы алаңға шығады.