Аида Балаева: Әке – отбасының тірегі, ұлт тәрбиесінің темірқазығы

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Премьер-министрінің орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қазақстандықтарды Әкелер күнімен құттықтап, әкенің отбасы мен қоғамдағы ерекше рөлін атап өтті.

Аида Балаева
Фото: ҚР Мәдениет министрлігі

Министрдің айтуынша, қазақ қоғамында әке әрдайым отбасының тірегі, ұрпақ тәрбиесінің темірқазығы саналып келеді. Бүгінде отбасы институтын нығайту және жауапты әке болуды дамыту мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып отыр.

— Бүгінгі қазақстандық әке — тек отбасының асыраушысы мен қорғаны ғана емес, бала тәрбиесіне белсене араласатын, оның жан дүниесін түсініп, болашағына бағыт-бағдар беретін тұлға. Әкенің қамқорлығы, сенімі мен перзентімен бірге өткізген әрбір сәті ұрпақтар арасындағы рухани байланысты нығайтып, елінің ертеңіне жауапты азаматтарды тәрбиелеуге қызмет етеді, — деді Аида Балаева.

Оның атап өтуінше, отбасы құндылықтарының маңызы Қазақстан Конституциясында да айқын көрініс тапқан. Қазіргі уақытта еліміздің барлық өңірлерінде мектептер жанынан құрылған 500-ден астам Әкелер кеңесі жұмыс істейді. Сонымен қатар «Әкелер одағы» мен «Ата-аналар академиясы» жобалары ата-аналардың тәрбиелік әлеуетін арттыруға бағытталған.

Министр барлық әкелерге зор денсаулық, бақ-береке тілеп, Әкелер күнімен құттықтады.

Айта кетейік, маусым айының үшінші жексенбісінде елімізде әкелер күні атап өтіледі. Мереке қарсаңында түрлі мәдени-спорттық шаралар, әлеуметтік жобалар жүзеге асатын дәстүр бар. Өскелең ұрпаққа әкелер институтының маңызын ұғындыратын жиын қатары да көбейеді. Осы орайда Kazinform агенттігінің аналитикалық шолушысы отбасыдағы әкенің сипатына үңіліп, қоғамның бүгінгі көзқарасын талдады.