Аида Балаева «Әлия» фильмінің түсірілімі тоқтатылуы мүмкін екенін айтты

АСТАНА. KAZINFORM— ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Facebook желісінде аты аңызға айналған мерген Әлия Молдағұловаға арналған «Әлия» көркем фильмінің түсірілімін тоқтатуға қатысты пікір білдірді.

Балаева
Фото: ҚР Парламенті Сенаты

Балаева алдымен Әлия Молдағұлованың ерлігі тарихымыздың ажырамас бөлігі екенін, оның ерлігіне арналған фильмнің үлкен экрандарға шығуына министрлік мүдделі екенін атап өтті.

– «Әлия» фильмі біз үшін басты фильмдердің бірі болмақ. Бұл жалпы бюджеті 900 млн теңгеден асатын ауқымды жоба, оның 450 млн теңгесі жеке инвестиция, ал қалған соманы кинокомпания мемлекеттік бюджеттен алуды жоспарлаған», - деп жазды ол постта. — Осы жылдың маусым айында фильм түсіруді жоспарлап отырған ұжым Ұлттық кинематографияны қолдау мемлекеттік орталығы ұйымдастырған питчинг шарасына қатысып, мемлекеттік қолдауға өтініш білдіріп, фильмнің сценарийін таныстырды. Ведомствоаралық комиссия отырысының қорытындысы бойынша 18 жоба, оның ішінде «Әлия» фильмі қаржыландыруға ұсынылды.

Мәдениет министрінің айтуынша, кинокомпания мемлекет қаржысын ысырап етпеу үшін байқауға қатысуды уақытша тоқтату туралы шешім қабылдаған.

– Бұл шешімді қабылдау үшін жобаны іске асыруды кешіктіруге тура келді, өйткені түсірілімнің негізгі бөлігі Беларусь Республикасының аумағында жоспарланған болатын, онда соғыс қимылдарының көріністерін түсіру жоспарланған, - деп түсіндірді А.Балаева. – Беларусь қазіргі уақытта басқа жобалардың, негізінен ресейлік жобалардың жоғары жүктемесіне байланысты қажетті табиғи алаңдарды ұсына алмай отыр. Сол себепті табиғи декорацияларды қолдану кестесін келісу мүмкін болмады, содан кейін мерзімді бұзу және жобаны уақытылы аяқтамау қаупі туындады. Осыған байланысты Шығыс Қазақстан облысындағы табиғи алаңдарды қолдану туралы шешім қабылданды. Бұл түсірілім сапасын сақтап қана қоймай, уақытында берілуін қамтамасыз етеді.

Балаева жобаны қаржыландыруда еш қиындық жоқ, ұжым фильмнің түсірілімін уақытында аяқтап, үлкен экрандарға ұсынуға бар күш-жігерін салатынына сендірді.

– Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі «Әлия» жобасына және ұлттық мұраны сақтауға бағытталған басқа да бастамаларға барлық қажетті қолдау көрсетуді жалғастырады. «Әлия Молдағұлова туралы фильм еліміздің мәдени өміріндегі маңызды оқиғаға айналып, кейіпкеріміздің ерлігін лайықты түрде мәңгілікке қалдыратынына сенімдімін», - деп жазды министр.