Air Astana келесі жылы IPO-ға шығады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Air Astana әуекомпаниясының 49% иелік ететін BAE Systems акцияларды халықаралық қор биржасына (IPO) шығаруды жоспарлап отыр. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры дамыту және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры Ернар Жанәділ мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Air Astana компаниясы IPO-ға өтуге дайын. Биыл жергілікті биржаларға IPO-ға шығуды ұсынамыз. Біз беделді инвестор таптық. IPO-ға шығу үшін акционерлерінің позициясына құлақ асуымыз керек. Қазір олар Air Astana халықаралық биржада және жергілікті биржаларда листингке шығуы керек дейді. Яғни, келіссөздер әлі де жүріп жатыр, біз олардың талаптарын талқылап жатырмыз. Алдын ала болжамға сәйкес Air Astana компаниясы IPO-ға 2024 жылы шығуды жоспарлап отыр», - деді Ернар Жанаділ Astana Finance Days конференциясында.

Спикердің айтуынша, басқа компанияларды да IPO-ға шығару жағы қаралып жатыр.

«Біздің электр желілері бойынша KEGOC компаниясы бар. Аталған компанияның да заңды растауы бар. Жергілікті банкирлерді жалдадық, қазір жұмыс жүріп жатыр»,-дейді ол.

Еске сала кетсек, өткен жылы «Самұрық- Қазына» әл-ауқат ұлттық қорының басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев AirAstana-ны IPO-ға шығару туралы шешім жазда қабылданатынын хабарлаған еді.


Соңғы жаңалықтар