Air Astana кеңесші жалдап, Лондондағы IPO-ға дайындықты бастады - Bloomberg

ұшақ
Фото: Kazinform

Қазақстанның ең ірі әуе компаниясы Air Astana өз акцияларын отандық платформаға және Лондон қор биржасына шығаруға дайындалып жатыр, деп хабарлайды Bloomberg өз дереккөзіне сілтеме жасап. 

Жылдар бойы кейінге қалып келген бұл науқан 2024 жылдың алғашқы тоқсанына жоспарланып отыр, дегенмен мәміленің нақты уақыты нарық жағдайына қарай белгіленеді.

Әуе компаниясы шетелдегі листингке көмек беретін халықаралық кеңесші ретінде Citigroup, Jefferies Financial Group және Wood & Co компанияларын, ал ішкі нарықта жұмыс істеу үшін Halyk Finance, BCC Invest, Jusan Invest және SkyBridge Invest компанияларын жалдады.

Алдын ала мәліметке сенсек, IPO-да компания шамамен 1 млрд долларға бағалануы мүмкін.

Оның аясында британдық BAE Systems қорғаныс компаниясы мен Қазақстанның «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры өз үлесінің бір бөлігін инвесторларға ұсынады.

Қазіргі уақытта Air Astana акцияларының 49% — BAE Systems-ке, ал 51% — ұлттық әл-ауқат қорына тиесілі.   

Акционерлер өздерінің жалпы үлесін шамамен 50% дейін қысқартуды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, науқан кезінде қосымша акциялар шығарылады.

Bloomberg дереккөзі қазірдің өзінде әлеуетті сатып алушылармен келіссөз жүріп жатқанын мәлімдеді.

Air Astana ұлттық әуе тасымалдаушы мәртебесін сақтап қалу үшін мәміле акцияның бақылау пакетіне Қазақстан азаматтары мен ұйымдары ғана ие болатындай етіп жасалған.  

Соңғы жаңалықтар