«Air Astana», «Qazaq Air» мен «ҚТЖ» қашан жекешелендіріледі

«Қазіргі жағдайды талдай отырып, біздің компаниялардың ІРО-сына қатысты айтарлықтай қауіп барын анықтадық. Яғни қазір ІРО-ға қойылған жағдайда компаниялар баға жағынан да, көлемі жағынан да Үкімет қойған параметрлік базаларға жетпей қалуы мүмкін. Сол себепті біздің стратегия бойынша компаниялардың ұзақ мерзімді бағасына бағыт-бағдар ұстанып отырмыз. Қазақстан халқы үшін осылайша барынша табыс келетіндей жұмыс жүргізбекпіз», - деді Алмасадам Сатқалиев тікелей эфирде өтіп жатқан баспасөз мәслихатында.
Сол себепті «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Үкіметке компаниялардың жекешелендірілу мерзімін өзгерту туралы ұсыныс білдірген.
«Яғни біз биыл тізімде тек төрт активті қалдыруды ұсындық. Олар: «Қазақтелеком» мен орташа көлемдегі үш актив. 2021 жылы жекешелендірілетін ірі активтердің ішінде тек «Қазпошта» пен «Самұрық Энерго» бар. Ал 2022 жылы «Air Astana» мен «Qazaq Air», сонымен бірге «Самұрық-Қазынаның» тау-кен компаниясын, 2023 жылы «Қазақстан темір жолын» жекешелендірмекпіз», - деді ол.