Air Astana ұшағы Шымкентке қона алмады
АСТАНА. KAZINFORM — Air Astana әуе компаниясының Астанадан Шымкентке бағыт алған рейсінің жолаушылары күтпеген жағдайға тап болды. Ұшақ жоспар бойынша қалаға түнгі сағат 23:50-де жетуге тиіс еді.
Air Astana әуе компаниясының KC341 рейсімен ұшқан жолаушылар Kazinform тілшісіне ұшақтың Шымкентке 23:50–де жетуі керек болғанын, бірақ бағыттың өзгеруіне байланысты қалаға тек таңғы бесте келгенін айтты.
— Кеше Шымкенттің орнына Түркістанға қондық. Содан кейін бізді Шымкентке автобуспен жеткізді. Айтпақшы, автобустың іші суық болды, ал арамызда балалар да бар еді. Шымкентте 23:50-де болуымыз керек еді, бірақ қалаға таңғы бесте жеттік. Такси жүргізушісінен естігенім, тағы бір ұшақ та Шымкенттің орнына Түркістанға ұшып кеткен екен, — деді жолаушылардың бірі.
Әуе компаниясы жолаушылардың шағымына қатысты түсінік берді. Компания өкілдерінің айтуынша, бағыттың өзгеруіне Шымкент әуежайындағы үсік тұман себеп болған.
Ауа райының қолайсыздығынан әуежайда көріну қашықтығы ұшақты қондыруға қажетті деңгейден төмендеген. Сондықтан ұшақты қондыру жолаушылар мен экипаждың қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін еді.
— Астана — Шымкент бағыты бойынша KC341 рейсін орындаған ұшақ Шымкент әуежайындағы үсік тұман мен көріну қашықтығының белгіленген ең төменгі межеден төмен болуына байланысты Түркістанға бағытталды. Шымкент — Астана бағыты бойынша KC342 кері рейсі де Түркістаннан орындалды. Аталған рейстің жолаушылары автобуспен Түркістанға жеткізілді, — деп хабарлады Air Astana баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін Алматыдан Павлодарға бет алған ұшақ кері оралғанын хабарлағанбыз.