Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Air Astana ұшақтарында интернет қашан пайда болады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық әуе компаниясы Air Astana ұшақтарында спутниктік интернетті енгізуді жоспарлап отыр. Жаңа технологияны сынақтан өткізу биылғы жылдың төртінші тоқсанына жоспарланған.

Air astana Эйр астана Ұшақ
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Телекоммуникациялар комитеті Air Astana және Viasat компанияларының өкілдерімен әуе кемелерінде спутниктік интернетті іске қосу мәселесін талқылады.

Кездесу барысында жолаушыларға ұшу кезінде жоғары жылдамдықты интернет ұсыну жобасын жүзеге асыру мүмкіндіктері қаралды. Сондай-ақ әуе кемелерін спутниктік байланыс жүйесіне қосуға қатысты техникалық, құқықтық және ұйымдастырушылық мәселелер талқыланды.

— Тараптар әуе көлігінде байланыс қызметтерін көрсету бойынша халықаралық тәжірибені, нормативтік талаптарды және жобаны іске асырудың келесі кезеңдерін қарастырды, — деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Кездесу қорытындысында тараптар ынтымақтастықты жалғастыруға келісті. Air Astana ұшақтарында спутниктік интернет технологиясын пилоттық режимде сынау 2026 жылдың төртінші тоқсанында басталады деп жоспарланып отыр.

Еске салайық, бұған дейін жыл аяғына дейін елдегі әуе компаниялары жаңа алты ұшақ алатынын хабарлағанбыз.