АИТВ денсаулыққа қаншалықты қауіпті және оның алдын алу үшін не істеу керек

АИТВ инфекциясы - адамның иммун тапшылығы вирусынан (АИТВ) туындайтын баяу үдемелі жұқпалы ауру. Вирус иммундық жүйенің жасушаларын зақымдайды.

АИТВ
Фото: freepik.com

Вирус иммундық жүйенің жасушаларын зақымдаған соң оның жұмысы бәсеңдейді, жүре пайда болған иммундық тапшылық синдромы (ЖИТС) дамиды, науқас ағзасы инфекциялар мен ісіктерден қорғалу мүмкіндігін жоғалтады, қалыпты иммунитеті бар адамдарға тән емес қайталама аурулар пайда болады.

Вирусты жұқтырғаннан кейін 6-10 жылға дейін АИТВ-ның сыртқы белгілері болмайды, бірақ вирус жұқтырған адамның қанында болады және қорғалмаған (мүшеқапсыз) жыныстық қатынас немесе бірлесіп инъекциялық есірткі тұтыну жолымен басқа адамдарға берілуі мүмкін. Қазақстан Республикасында АИТВ инфекциясын диагностикалау, емдеу және алдын алу шаралары толығынан тегін, мемлекет есебінен іске асырылады.

АИТВ профилактикасының іс-шаралары мынадай бағыттарда жүргізіледі:

  • халық арасында, оның ішінде халықтың негізгі топтары арасында АИТВ инфекциясының таралуына эпидемиологиялық бақылау жүргізу;
  • ақпараттық материалдар, әлеуметтік желілер және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халықтың әртүрлі топтарына АИТВ инфекциясы мәселелері бойынша ақпарат беру;
  • АИТВ инфекциясының профилактикасы мәселелерін білім беру жүйесіне және жұмыс орындарына интеграциялау;
  • халықтың негізгі топтарына сенім пункттерінде, достық кабинеттерінде емдік-профилактикалық қызметтерін ұсыну;
  • мемлекеттік әлеуметтік гранттар мен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды үкіметтік емес ұйымдар арқылы орналастыру және іске асыру;
  • донорлық пен транспланттаудың инфекциялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
  • АИТВ инфекциясының анадан ұрыққа және балаға берілуінің алдын алу;
  • жанасуға дейінгі және жанасудан кейінгі профилактиканы ұсыну;
  • диагноз қойылған сәттен бастап АИТВ инфекциясының берілу қаупін азайту үшін антиретровирустық терапияны ұсыну.

АИТВ-ға тексеру заманауи, 4 ұрпақты (антиген/антидене) тесттермен жүргізіледі. Емдеу барысында сапалы, сертификатталған дәрілік заттар қолданылады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұйғарымымен «95-95-95» стратегиясы іске асырылып жатыр, яғни 2030 жылға қарай:

  • АИТВ-мен өмір сүретін барлық адамдардың 95%-ы өз мәртебесі туралы білуі тиіс;
  • АИТВ инфекциясы диагноз қойылған барлық адамдардың 95%-ы антиретровирустық терапияны тұрақты алуы тиіс;
  • антиретровирустық терапия алатын адамдардың 95%-да вирустық супрессия байқалуы тиіс.

АИТВ-мен өмір сүретін адамдар және халықтың негізті топтарының қауымдастығы бірлесіп жұмыс жүргізгенде ғана осы мақсатқа қол жеткіземіз деп үміттенеміз. 

Бекен Сырбек,

Шымкент қалалық «ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталық» МКҚК бас дәрігері

Соңғы жаңалықтар