АИТВ мен ЖИТС: алдын алу және емдеу шаралары қандай

АСТАНА. KAZINFORM – Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күні қарсаңында Астана қаласының Коммуникациялар қызметі арнайы брифинг ұйымдастырды. Онда мамандар аталған дерттің алдын алу және емдеу шаралары жөнінде түсіндірді.

АИТВ мен ЖИТС: алдын алу және емдеу шаралары қандай
Фото: Астана қаласы Коммуникациялар қызметі

Оқырманға түсінікті болуы үшін алдымен АИТВ және ЖИТС ұғымдарына қысқаша анықтама берелік. АИТВ – адамның иммун тапшылығы вирусы. Бұл вирус адам ағзасына еніп, иммундық жүйенің жасушаларын зақымдайды. Соның салдарынан ағзаның түрлі инфекциялар мен ауруларға қарсы тұру қабілеті төмендейді. Ал ЖИТС – жүре пайда болған иммун тапшылығы синдромы. Бұл – АИТВ инфекциясының ең асқынған кезеңі. Иммундық жүйе қатты әлсіреп, адам ағзасы ауыр инфекциялар мен кейбір қатерлі ісік түрлеріне осал болады.

Жоғарыда аталған баспасөз конференциясына Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айдын Әшімханов қатысты.

Айдын Әшімханов
Фото: Астана қалалық коммуникациялар қызметі

Оның сөзінше, АИТВ инфекциясын уақытылы анықтау мақсатында елордада халық үшін тестілеуден өтудің қолжетімділігі қамтамасыз етілді. Нақтырақ айтқанда, жыл сайын шамамен 400 мың адам тексеруден өтеді. Биылғы он айда 379 644 адам АИТВ-ға тест тапсырған. Ал былтыр аталған кезеңде 382 791 адам тексерілген еді.

– Тексеруден өткендер саны - жалпы халықтың 21,4%-ы. Ал дәрігерлік көрсетілімдер бойынша тексерілуге тиіс азаматтарды қамту көрсеткіші 29,3%-ға жетті. Тапсырылған тестілердің 0,09%-ы оң нәтиже көрсеткен. Ауруды анықтау үшін төртінші буындағы тест-жүйелер қолданылады. Олар АИТВ-ға қарсы антиденелермен қатар, p24 антигенін де анықтайды. Бұл инфекцияны ертерек анықтап, науқасты емдеуге уақытылы жіберуге мүмкіндік береді, – деді Айдын Әшімханов.

АИТВ жұқтырғандардың саны қанша

Жоғарыда жауапты маман атап өткендей, елордада АИТВ инфекциясының алдын алу, тұрғындардың тексерілуіне жағдай жасау және ауруды бастапқы кезеңінде анықтау жұмыстары жалғасып келеді. Биыл қаңтар-қазан айларында Астанада АИТВ инфекциясын жұқтырудың 295 жаңа фактісі тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 15 жағдайға аз. Қазақстандық дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының есебіне сәйкес, 2026 жылы Астанада АИТВ-ға шалдыққан адамдардың саны шамамен 3 800-ге жуықтайды.

Сонымен қатар, брифингке Астана қаласы әкімдігінің «АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы» ШЖҚ МКК директоры Денис Панченко да қатысты. Оның мәліметінше, жаңадан анықталған жағдайлардың 91,5%-ы жыныстық қатынас арқылы жұққан. Ал қан арқылы жұқтыру жағдайлары 1,5 есе азайған. Жаңа жағдайлардың 64,1%-ы ерлер арасында, 35,9%-ы әйелдер арасында анықталған. Жас ерекшелігіне тоқталсақ, жұқтырғандар арасында 20-39 жас аралығындағы азаматтар басым. Бұл топқа барлық жағдайдың 46,8%-ы тиесілі. Сондай-ақ АИТВ анықталған кісілердің 64,1%-дан астамы – жұмыс істейтін азаматтар.

Одан бөлек, Денис Панченко баяндамасында АИТВ-ның төрт сатысы болатынын атап өтті.

Денис Панченко
Фото: Астана қаласының Коммуникациялар қызметі

– АИТВ-ның 4 клиникалық сатысы бар. Біріншісі ешқандай симптомсыз өтуі мүмкін. Бірақ кейде жедел респираторлық-вирустық инфекцияның белгілері, қызу көтерілу, мазасыздану т.б. білінуі ықтимал. Екінші сатыда да кішігірім белгілер бар. Мысалы, тері бөртіп кетеді. Ал үшінші кезеңде иммунитеттің айтарлықтай бұзылуы байқалады. Салмақ жоғалту, ұзақ уақыт іш өту, қызу көтерілуден бөлек, науқас инфекциялардың аурулардың кей түрлерімен ауырады. Соңғы, төртіншісі – анағұрлым ауыр саты. Бұл кезде ағзада иммун тапшылығы салдарынан қауіпті вирустар жайылады. Ұғынықты тілмен айтқанда, АИТВ-ны уақытында анықтап, жедел емдемей, асқынып кетсе, ол жүре пайда болған иммун тапшылығы синдромына, яғни ЖИТС-ке ұласады, – деді Денис Панченко.

АИТВ-ны емдеу тегін жүргізіледі

Мамандардың сөзінше, қазіргі емдеу әдістері АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға вирустың таралуын бақылауға, денсаулығын сақтауға және қалыпты өмір сүруге мүмкіндік береді. Ем диагноз қойылған бойда, аурудың қай сатыда екеніне қарамастан басталады. Емдеу амбулаториялық жағдайда жүргізіледі. Қазақстанда антиретровирустық терапия тегін беріледі.

Көпшілік азамат АИТВ-ға өз еркімен және құпия түрде тексеріле алады. Ал заңнамада белгіленген жекелеген санаттар үшін міндетті тексеру қарастырылған. Олардың қатарында ағза, тін және жыныс жасушаларының донорлары, гемодиализ қабылдайтын науқастар, жүкті әйелдер мен олардың жыныстық серіктестері, сондай-ақ инвазивті диагностикалық процедураларды жүргізетін медицина қызметкерлері бар.

Сонымен бірге, дәрігерлер АИТВ-ға жылына кемінде бір рет тексерілуге кеңес береді. Инфекцияны ерте анықтау емді дер кезінде бастауға, вирустың таралу қаупін төмендетуге және денсаулықты сақтауға көмектеседі.

– Елорда тұрғындары мен қонақтары Астана қаласының АИТВ инфекциясының алдын алу орталығына жүгіне алады. Сенім телефондары: 57-67-20, 38-07-02. Ал мекенжайы: Сарыарқа ауданы, Ілияс Есенберлин көшесі, 5/1. Есігіміз әрқашан ашық, – деп түйіндеді Денис Панченко.

Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысында АИТВ жұқтырудың 100-ден астам жағдайы тіркелгенін жазғанбыз.

Ал Ақтөбеде екі студенттен АИТВ инфекциясы анықталды.