Ақ аю Том қатерлі ісіктен көз жұмды — Алматы хайуанаттар бағының директоры

ақ аю
Фото: Pexels

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы хайуанаттар бағының директоры Сейілхан Ақылбеков European Endangered Species Program бағдарламасы аясында Прагадан ақысыз түрде 2024 жылдың 29 наурызында жеткізілген 17 жасар полярлық ақ аюдың өлімі туралы мәлімдеме жасады.

Оның айтуынша, Томда ісік анықталған. Сондай-ақ, полярлық аюдың жаһандық базада (Zoological Information Management System) медициналық картасы болмаған, сондықтан Алматыға жеткізілген жануардың денсаулық жағдайын толық бағалау мүмкіндігі болмаған.

Аю Алматыға жеткізілген сәтте Прага хайуанаттар бағының мамандары Алматы хайуанаттар бағына хат жолдап, Том соңғы айда салмағын біршама жоғалтқаны туралы жазған. 

«Біз үшін Том ерекше жануар болды. Ол — Алматыда рекордтық 30 жыл өмір сүрген әйгілі ақ аю Алькордың немересі. Біз Томды „Жойылып кету қаупі төнген жануарлар түрін сақтау жөніндегі еуропалық бағдарлама“ аясында алдық. Бізде үлкен жоспарлар болды. Өкінішке қарай, біз оларды жүзеге асырып үлгермедік. Бүгін біз барлық зерттеулер мен сынамалардың нәтижелерін алдық, сондықтан халықаралық талаптарға сай, енді ғана Томның өлімі туралы нақты деректерді хабарлай аламыз», — деді Сейілхан Ақылбеков. 

Ветеринарлар жануардың бойында анықталған ісік бірнеше жыл ішінде қалыптасқанын атап өтті. Алматыға келген кезде Томның денсаулығы нашар болды. Осыған байланысты, зообақ ақ аю бойынша арнайы мамандар мен EAZA (Еуразиялық хайуанттар бағы мен аквариумдар қауымдастығы) жүгіну туралы шешім қабылданды. 

Томға EAZA мамандары ұсынған кешенді емдеу тағайындалды. Өкінішке қарай, бұл уақытша ғана оң нәтиже берді және жануардың жағдайын жақсарта алмады. Алматы хайуанаттар бағы әр бір іс-әрекетін ЕЕР үйлестірушісіне баяндап отырды. Сондай-ақ ветеринарлардың барлық әрекеттері ZIMS жаһандық базасында жарияланып тұрды. Бұл базаға Прагадағы әріптестер де, әлемнің барлық хайуанаттар бағы да кез келген уақытта қол жеткізе алады», — деді Алматы хайуанаттар бағының директоры Сейілхан Ақылбеков.

Оның айтуынша, жануар 2024 жылдың 4 мамырында көз жұмды. Аюдың өлімі туралы ақпарат бірден EAZA-ның хайуанаттар бағы мен аквариумдарда жануарларды орналастыру және ұстау ережелеріндегі талаптар бойынша ЕЕР үйлестірушісіне хабарланды.

ЕЕР үйлестірушісі «Полярлық аюдың өлімі туралы қоғамға толық ақпарат беру үшін, паталогоанатомиялық және гистологиялық зерттеулер нәтижелерін күту қажет», — екенін айтты делінген хабарламада.   

«Аюдың өліміне себеп: мұрын жолдарында шоғырланған ісіктің пайда болуынан (хондрома) мұрын қуыстары бітеліп, бөлінген сұйықтық — шырышты секреция мұрын қуыстарында қалып, іріңді қабынуға, дененің жалпы интоксикациясына және мидың ісінуіне әкелді. Хондрома кезінде клиникалық түрде аюда аэрация бұзылып, мұрын жолдарын екі жақтан бітеп, мұрын қуыстарында толық ауа айналымы болмай және шырышты секрецияның ішке ағып кетуі салдарынан жануардың жалпы жағдайы қиындаған. Нәтижесінде мұрын жолдары мен маңдай синустарының іріңді қабынуы пайда болды, бұл дененің жалпы септикалық жағдайына әкелді», — деді патоморфолог, профессор Амангелді Муланов. 

Алматы хайуанаттар бағының баспасөз қызметінің хабарлауынша, хондрома — бұл диагнозы бірден анықталуы қиын ісік. Медицина тілімен айтқанда: ауру шеміршекте коллаген түзілімдері жоқ. Емдеу тек хирургиялық жолмен мүмкін.

«Ісіктің мұрын қуысында орналасуына байланысты оны диагностикалау мүмкін болмады. Томның өлімі бізге ауыр тиіп отыр…», — деп жазды зообақтың баспасөз қызметі.    

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматы зообағында Прагадан жеткізілген ақ аю өліп қалғанын жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар