Ақ үй Анкоридждегі «құпия құжаттар» оқиғасына қатысты айыптауға жауап берді
АСТАНА. KAZINFORM — Ақ үй АҚШ Ұлттық қоғамдық радиосының (NPR) Анкоридждегі қонақүйде табылған Мемлекеттік департаменттің құжаттары қауіпсіздік нормаларының бұзылуына себеп болды деген айыптауларын жоққа шығарды, деп хабарлайды The Hill.

Ақ үйдің баспасөз хатшысының орынбасары Анна Келли бұл айыптауларды жоққа шығарды.
«NPR-дың бірнеше беттік түскі ас мәзірін жариялап, оны „қауіпсіздік ережелерін бұзу“ деп атағаны күлкілі», — деді ол.
Сонымен бірге Келлидің айтуынша, мұндай «өзін-өзі жариялаған журналистік тергеулерге» ешкім сенбейді.
«Президент Дональд Трамптың шешімімен олар енді салық төлеушілер қаржысына да сүйенбейді», — деп қосты ол.
Бұған дейін NPR хабарлағандай, Трамп пен Путиннің Анкоридждегі Эльмендорф-Ричардсон әскери базасында өткен кездесуі қарсаңында қонақүй принтерінен сегіз құжат табылған. Олардың ішінде саммиттің бағдарламасы, кездесулер өтетін орындар туралы мәліметтер, сондай-ақ АҚШ үкіметінің үш қызметкерінің телефон нөмірлері болған.
Құжаттың алғашқы бетінде жұма күнгі кездесулердің тәртібі, оның ішінде Трамптың Путинге сыйлық беруді жоспарлап отырғаны жазылған. Келесі беттерде америкалық және ресейлік жоғары лауазымды тұлғалардың есімдері көрсетілген.
Ал алтыншы және жетінші беттерде қонақтардың отырыс сызбасы мен түскі ас мәзірі берілген.
NPR бұл жағдайды «Трамп әкімшілігі шенеуніктерінің қауіпсіздік нормаларын сақтаудағы кезекті қателігі» деп бағалады.
Еске сала кетейік, 15 тамызда Анкоридждегі Эльмендорф-Ричардсон әскери базасында Владимир Путин мен Дональд Трамптың кездесуі өтті.