Ақ Үй TikTok-та ресми аккаунт ашты
АСТАНА. KAZINFORM — Ақ Үй сейсенбі күні ресми TikTok аккаунтын ашты. Бұл АҚШ президенті Дональд Трамп белгілеген мерзім аяқталуға бір айға да жетпеген уақытта болды. Трамптың талаптарына сәйкес, бұл қосымша жаңа иесін табуы немесе АҚШ-та тыйым салынуы тиіс еді, деп жазады Синьхуа.

Сол күні түстен кейін аккаунтта алғашқы видеосы жарияланды — 27 секундтық роликте Дональд Трамп серіктерімен серуендеп, 2016 жылы Республикалық партияның съезінде президенттікке үміткер болуға келісім бергені жайлы сөзінен үзінді қойылған.
Алғашқы видеодан бірнеше сағат ішінде Ақ Үйдің аккаунты 57 мыңнан астам жазылушыға ие болды. Бұған дейін былтыр Дональд Трамп өзінің президенттік науқаны үшін ашқан TikTok аккаунтында 15 миллионнан астам жазылушы бар.
Трамп өзінің бірінші президенттік мерзімі кезінде TikTok-ты АҚШ-та тыйым салуға бағытталған жарлыққа қол қойды. Жарлыққа сәйкес, қосымшаның иесі — қытайлық ByteDance компаниясы АҚШ-тағы бизнесін жергілікті компанияға сатуы тиіс еді. Алайда бұл жарлық сот шешімдері себепті күшіне енбеді.
Ақ Үйге оралғаннан кейін Трамп 20 қаңтар мен 4 сәуірде ByteDance компаниясына соңғы мерзімді екі рет 75 күнге ұзартты. 19 маусымда ол тағы бір рет TikTok-тың АҚШ-та қызмет ету мерзімін 2025 жылдың 17 қыркүйегіне дейін 90 күнге ұзартатын жарлыққа қол қойды.
Осыған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп дүйсенбі күні пошта арқылы дауыс беру жүйесіне қарсы шықты және бұл тәжірибеден бас тарту үшін «қозғалысқа бастамашы» болатынын мәлімдеді.