Ақ үй Трампқа импичмент жариялаған жағдайда керек деп стратегия әзірлеп жатыр
НЬЮ-ЙОРК. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамптың кеңесшілері келесі жылы Өкілдер палатасында демократтар көпшілік орынға ие болса, оған қарсы тағы да импичмент басталуы мүмкін деген сценарийді байыппен қарастырып отыр, деп жазды ТАСС агенттігі Аxios порталына сілтеме жасап.

Президенттің кеңесшілерінің бірі Джон Маклафлиннің пікірінше, импичменттің ықтималдығы — бұл Республикалық партияның Өкілдер палатасындағы мүшелеріне Трамптың экономикалық платформасын, әсіресе 2017 жылғы салық жеңілдіктерін ұзарту жоспарын қолдауға бағытталған «дабыл белгісі».
Ақпарат көздеріне сүйенсек, екі рет импичмент басталған алғашқы америкалық көшбасшы ретінде Трамп пен оның командасы бұл процестің Ақ үйдің жұмысына және президенттің күн тәртібіне қаншалықты әсер етуі мүмкін екенін жақсы түсінеді. Тағы бір импичменттің қаупі әкімшілікті 2026 жылғы аралық сайлауға дейін жоспарланған заң жобаларын мүмкіндігінше тезірек жүзеге асыруға ынталандырған.
Ақ үй кеңесшісі Джон Маклафлиннің пікірінше, импичмент ықтималдығы — Республикалық партия мүшелерін ішкі келіспеушіліктерді бір жаққа қойып, Трамптың экономикалық бағдарламасын қолдауға итермелеу жолы.
Демократтардың әрекеттері
Трампқа импичмент жариялау бастамасын Мичиган штатынан сайланған демократ Шри Танедар көтерді. Өзінің бейнеүндеуінде ол президентті конституцияны бұзды және билікті тартып алуға тырысты деп айыптап, әріптестерін бұл бастаманы қолдауға шақырды.
Ол жеті айып тағып отыр. Заң шығарушының пікірінше, Трамп атқарушы билікті асыра пайдаланып, әділ сотқа кедергі келтірген, егемен елдерді әскери басқыншылықпен қорқытып отыр сондай-ақ сыншылар мен бұқаралық ақпарат құралдарына қарсы әрекет ете отырып, сөз бостандығына қол сұғады. Сонымен қатар, Танедар президентті тирания, жемқорлық және «заңсыз органдар» құрды деп жазғырады. Ол, атап айтқанда, АҚШ үкіметінің жұмысын жақсарту жөніндегі департамент (DOGE) құрып, оның басшысы Илон Маскке конституцияны біржақты бұзу құқығын бергенін мысалға алды.
Бұған дейін Техас штатынан сайланған демократ Эл Грин де президентке импичмент жариялау жоспарын мәлімдеген. Трамптың алғашқы президенттік мерзімі кезінде ол бірнеше рет биліктен шеттету туралы ұсыныс енгізген, бірақ оның бәрі сәтсіз аяқталған.
Қазіргі таңда Трампты қолдайтын Республикалық партия Конгресстегі Сенат пен Өкілдер палатасында көпшілік орынға ие, бұл импичментті болдырмауы мүмкін.
Трамп — АҚШ тарихындағы екі рет импичмент басталған алғашқы президент. Бұл жағдайлар оның алғашқы мерзімі кезінде — 2019 және 2021 жылдары орын алған, бірақ екеуі де Сенатта қабылданбаған.
Импичмент процедурасының егжей-тегжейі
АҚШ Конституциясына сәйкес, импичмент федералдық қызметкерлерді, соның ішінде президентті, опасыздық, парақорлық немесе өзге де ауыр қылмыстар мен теріс әрекеттер үшін қызметтен босатуды қарастырады. Айыптау құқығы тек Өкілдер палатасына тиесілі.
Конгресс мүшелері бұл мәселені Палатаның құқықтық комитетіне қарауға жіберу туралы дауыс беруді ұсына алады. Егер айыптаулар негізді деп танылса, ресми айыптау құжаты дайындалады.
Одан кейін бұл құжат Өкілдер палатасының толық құрамында дауысқа салынады. Қарапайым көпшілік дауыспен мақұлданса, іс Сенатқа жіберіледі. Мұнда процесс сот отырысына айналады және оған АҚШ Жоғарғы сотының төрағасы жетекшілік етеді. Өкілдер палатасы айыптаушы тарап ретінде әрекет етсе, сенаторлар алқабилер рөлін атқарады. Импичментті жүзеге асыру үшін сенаторлардың үштен екісінің дауысын жинау қажет.
Бұған дейін хабарланғандай, Amnesty International болса Трампты адам құқықтары саласындағы дағдарысқа кінәлі деп жазғырады.