«Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрі Батыс Қазақстанда өнер көрсетті (ФОТО)

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрі Батыс Қазақстан облысына шығармашылық сапармен келіп, өз өнерін көрсетті.
None
None

Облыстық қазақ драма театрында қойылған концерт шымылдығы Жантөренің «Шалқыма» күйімен ашылды.

Оркестрдің көркемдік жетекшісі, белгілі күйші-композитор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Секен Тұрысбек өзінің «Ақ жауын» күйіне қоса басқа да туындыларын орындады. Соның ішінде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Мәңгілік ел», сондай-ақ «Аруана», «Ұлы дала», «Көңіл толқыны», «Қоңыр қаз», «Дарабоз» сынды туындылары көрермендерге ерекше әсер етті.

Шығармаларының шығу тарихын да жұртшылыққа әдемі жеткізген Секен Тұрысбектің айтуынша, 1994 жылы Елбасының қолдауымен Алматыда құрылған оркестр кейін Астанада қоныс тепті. Аты айтып тұрғанындай, ақ жауын - қазақ халқы үшін жақсы ырым. Әрдайым елді жақсылықтарға үндеп, қазақтың мәңгілік өнері - күймен сусындатудың өзі бір бақыт. Бұған дейін Қазақстанның барлық дерлік өңірінде болған оркестр Ақ Жайыққа алғаш рет келді.

«Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрінің әртісі, Батыс Қазақстан облысынан түлеп ұшқан Мира Тәстенова Сейдолла Бәйтерековтің сазсырнайға жазылған «Кішкентай» күйін оркестрдің сүйемелдеуінде орындап, халықты бір серпілтсе, өнер ұжымы Мәлғаждар Әубәкіровтің «Таласын», Динаның «Әсем қоңырын», Төлеген Момбековтің «Салтанат» секілді шығармаларын орындады.

Оркестрдің әншісі Алтынай Мамырова Секен Тұрысбектің «Аққу сазы» әнін, ал Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаты Ерлан Рысқали композитордың жаңа туындысы - ақын Несіпбек Айтұлы сөзін жазған «Қайран, өмір» әнімен бірге жеке домбырада көпшіліктің сұрауымен Молдабайдың әні «Молдабайды», Мұхиттың «Паңкөйлегін» әуелете шырқады.

Елбасының «Нұрлы жол - болашаққа барар жол» атты Жолдауында, басқа да стратегиялық құжаттарда айтылған басты бағыттарды бұқара халыққа жеткізу, ұлттық және әлемдік өнер туындыларын кеңінен насихаттау мақсатында елге шыққан оркестр сондай-ақ Ақсай қаласында, облыс аудандарында концерт қойып, көрермендердің ризашылығына бөленді.

Соңғы жаңалықтар