Ақ Жайық жұртшылығы Жаңа жылды шат-шадыман күйде қарсы алды

Кеше кешкісін Орал қаласындағы орталық Абай алаңында әсем шырша жанына жиылған тұрғындар батысқазақстандық әртістер әзірлеген мерекелік бағдарламаны тамашалады.
Осы кешке арнайы келген Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өңір тұрғындарын Жаңа жылмен құттықтап, өткен жылан жылы да жемісті болғанын атап өтті. Елбасы тапсырмаларына сәйкес мемлекеттік бағдарламалардың табысты орындалуына батысқазақстандықтар да өз үлестерін қосты. Осының бәрі - ел бірлігінің, ұлт ынтымағының жемісі. Еліміздегі жарқын істер жаңа жылда да жалғасатын болады.
Жаңажылдық бағдарлама барысында өнерпаздар түрлі ұлт өкілдерінің әнін шырқап, биін биледі. Сондай-ақ балдырғандар үшін ертегілер ізімен көріністер де қойылды. Жаңажылдық кеште үздік өнер көрсеткендерге сый-сияпат табыс етілді.
Ақ Жайық аспанын отшашу да әсемдеп тұрды.
Жаңа жылға арналған мерекелік шаралар өңірде одан әрі жалғасуда.