«Ақ Жайықтың алтын ұлы» - баспасөзге шолу

Рио-де-Жанейро қаласында өткен ХХХІ жазғы олимпиада ойындарынан қазақстандықтардың жүлде алған және өнер көрсеткен сәттерін «Орал өңірі» де қалт жіберген жоқ.
Газеттің 16 тамыз күнгі нөмірінде олимпиада туралы «Үмітті ақтады Ольга» (Ғайса Бәймен) деген мақала берілген. Мұнда шығысқазақстандық Ольга Рыпакованың қола жүлдені иеленгені айтылады.
Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан жазғы олимпиада ойындарының тоғызыншы күні қазақстандықтар үш қарғып секіруден Лондон олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпаковадан жүлде күтті. Шығысқазақстандық саңлақ бұл үмітті ақтады.
Бірінші әрекетінде-ақ 14,73 метрге секірген Ольга жоғары орын үшін күреске дайын екендігін байқатты. Дегенмен бәсеке барысында колумбиялық Катрин Ибаргуэн 15,17, венесуэлалық Юлимар Рохас 14,98 метрге секіріп, әлдеқайда ұзап кетті.
Қазақстандық спортшы өз көрсеткішін бір ғана сантиметрге жаңартып, қола жүлдегер атанды. Төртінші орынға табан тіреген америкалық спортшы Кетура Ор-джидің Ольгадан үш сантиметрге ғана (14,71) қалып қойғанын ескерсек, қола медальдың да оңайлықпен келмегенін аңғарамыз.
Лондон олимпиадасында 14,98 метр нәтижемен чемпион атанған, биыл 32-ге толатын Ольга осымен екінші жүлдесін жеңіп алып отыр. Бұл, әрине, спорттағы үлкен табыс, биік абырой.
Өкінішке қарай, жүлдеге қол созым жерде қапы қалып жатырған отандастарымыз да аз емес. Шығыс Қазақстан облысының тағы бір өкілі, ауыр атлет Денис Уланов 85 кг салмақта жүлде алады деп күткен едік. Ол жұлқа көтеруден 175 келімен төртінші орында қалса, серпе көтеруден соның есесін толтыра алмады. Тіпті ешқандай нәтижесіз қалудың алдында сәл-ақ тұрды. Аңысын аңдымай, бірден ауырлау салмаққа тапсырыс берген бапкерлердің қателігі ме, әйтеуір Денис 215 келіні үшінші әрекетінде әзер көтеріп, сонымен тоқтауға мәжбүр болды. Ирандық Киануш Ростами 396 келімен (179+217) чемпион атанса, жарыс кезінде бар болғаны екі-ақ мүмкіндігін пайдаланып, жанкештілік танытқан Тянь Тао күміс медальді иеленді. Ал барлық мүмкіндіктерін қалт жібермеген румыния-лық Габриэль Синкраян Денис жарыс жолынан шыққаннан кейін 217 келіні тік көтеріп, қоссайыс қорытындысында Д. Улановпен бірдей нәтиже (390 кг) көрсетіп, қола медальді жұлып әкетті. Тіпті оны жүлде алады деп көп ешкім елей де қоймаған сияқты. Міне, спорт деген осы. Осылайша сан соғып, бармағын тістеген 22 жасар Дениске енді Токио олимпиадасын күтуге тура келеді. Бірақ оған дейін кім бар, кім жоқ, басқа мықтылар шығып, жол бермеуі де әбден мүмкін. Әңгіме Нижат Рахимов сияқты нағыз сын сәтте қайрат танытып, есе жібермеуде ғой.
Грек-рим күресінен Алмат Кебіспаев пен Досжан Қартықов та жүлдеден тыс қалды. Әсіресе, Алматтың қола медаль алатындай мүмкіндігі болды. Ол алғашқы белдесуінде ресейлік мықты палуан Ибрагим Лабазановты 4:0 есебімен ұтқанмен, екінші айналымда 22 жасар жапон жігіті Шинобу Отамен бәсекеде қателік жіберіп, ұтылып қалды. Ш. Ота финалға шыққаннан кейін А. Кебіспаев жұбаныш белдесуде Лондон олимпиадасының жеңімпазы, алты мәрте әлем чемпионы, ирандық Хамид Сорианнан 0:7 есебімен ұтылып жатып, таза жеңіп кетті. Осы кездесу бар күшін сарықты ма, тағы бір жұбаныш белдесуде норвегиялық Стиг Андре Бергеге 0:2 есебімен есе жіберді. Кейін дәл осы норвегиялық палуан қола жүлдегер атанды. Тағы бір қола медальді Өзбекстан намысын қорғаған қазақ жігіті Елмұрат Тасмұратов жеңіп алды. Ташкент облысында дүниеге келген Елмұрат балаң кезінде Түркістандағы Бекзат Саттарханов атындағы спортинтернатта төрт жыл оқып, Қазақстан құрамасына іліккісі келген екен. Бірақ ондай мүмкіндік берілмегеннен кейін Өзбекстанға қайтадан кетіп қалған. Елім деп келген Елмұратты өзекке тепкен екенбіз, өкінішті...
Рио олимпиадасында тоғызыншы күннің қорытындысы бойынша қазақстандықтар сегіз медальмен (қос алтын, екі күміс, төрт қола) 16-ыншы орында тұрды. Бұл көрсеткіш әлі де өзгерері анық. Әсіресе, боксшыларымыз барынша сәтті өнер көрсетуде. Жартылай финалда кубалық Эрис-ланди Савонды «сабаған» Василий Левит (91 кг) осы түнде алтын медаль үшін ресейлік Евгений Тищенкомен шайқасты. Қазақстан құрамасының капитаны, Батыс Қазақстан облысының түлегі Данияр Елеусінов жартылай финалда франциялық Сулейман Сиссоконың шамасын байқап көрді. Бұл салмақта әлем чемпионы, марокколық Мохаммед Рабии мен өзбек Шахрам Гиясовтың біреуі финалға шықты. Өзбек демекші, Біржан Жақыповты жолдан тайдырған Хасанбой Дусматов ақырында олимпиада чемпионы атанды. Көптен алтын алмаған өзбек спортшыларының биылғы қарқыны қатты, жалпыкомандалық есепте озық шығудан басты үміткерлердің қатарында. 56 кг салмақта әп-әдемі бокстасқан Қайрат Ералиев ширек финалда ұтылмаса да, жеңіс төрешілердің шешімімен тағы бір өзбек Муроджон Ахмадалиевке берілді. Бұл ештеңе емес, қарсыласынан екі мәрте нокдаун алып, есеңгіреген боксшыға да жеңіс берілгенін көз көрді, құлақ естіді. Қайта қазақ боксшыларының әзірбайжан жігіттерімен шайқасында жолдары болды. Суперсалмақта Иван Дычко өзі сияқты басты үміткерлердің бірі, әлем чемпионы Магомедрасул Меджидовпен рингке шығып, бірінші раундтан кейін алда тұрды. Екінші кезеңде жарақат алған М. Меджидовке дәрігерлер кездесуді жалғастыруға рұқсат бермеді. Сөйтіп, бұл бәсекеден оңай өткен И. Дычкоға енді, сәтін салса, жол ашық тұр деуге болады. Сол секілді 81 кг салмақта тағы бір әзірбайжан жігіті Теймур Мамедовті ұтқан Әділбек Ниязымбетов кем дегенде қола жүлдеге ие болмақшы. Оның жартылай финалдағы қарсыласы мықты, британиялық Джошуа Буатси осы олимпиадада өзбектің мықтысы Эльшод Расуловты нокаутқа жіберді. Кеше сондай-ақ қазақстандықтар Жәнібек Әлімханұлы (75 кг) мен Олжас Сәттібаев (52 кг) тағы да әзірбайжан боксшыларымен шеберлік байқасып, өз өнерлерін көрсетті. Ауыр атлетикадан 105 кг салмақта Александр Зайчиков бағын сынаса, грек-рим күресінен Қазақстанның қалған жалғыз үміті, аса ауыр салмақтағы Нұрмұхан Тінәлиев кілемге шықты.
Мақала соңында: «Қыздар боксынан 75 келіге дейінгі салмақта Дариға Шәкімова екі мәрте әлем чемпионы, канадалық Ариан Фортинді 2:1 есебімен тізе бүктіріп, келесі кезеңге жолдама алды. Ол 17 тамыз күні марокколық Хадиджа Мардиді ұтса, кемінде қола медальді еншілейді. Ал 18 тамыз күні Жайна Шекербекова (51 кг) шайқасқа түседі. Өзекті өртеген өкініш емес, жеңіс көбейсін, ағайын!» делінген.
«Құрылысшылардың мерекелік жиыны» деген ақпаратта (Лучия Курарару) құрылысшылар күніне арналған шара жария етілген.
«Өткен сенбіде құрылысшылар күніне орай облыстық қазақ драма театрында салтанатты жиын өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев, құрылыс компанияларының басшылары, құрылысшылар және сала ардагерлері қатысты,» делінген онда.
Жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев жиналғандарды төл мерекелерімен құттықтап, құрылысшы мамандығының жауапты әрі құрметті мамандық екендігіне тоқталды.
- Сіздер қаланың кескін-келбетін қалыптастырасыздар, еңбектеріңіздің жемісі жұртшылықтың көз алдында, қалалықтардың өмір сапасының жақсаруына да үлес қосасыздар. Құрылыс кешенін дамытуға мемлекет тарапынан басымдық берілген. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасы бойынша күллі елімізде жыл сайын әлеуметтік нысандар, тұрғын үй, өнеркәсіп және инфрақұрылым бойынша мемлекеттік бағдарламалар іске асырылуда. Соңғы жылдары облысымызда көптеген балабақша, білім беру және медициналық мекемелер бой көтерді. Биыл да осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, шаһарымыздың көркейе түсуіне жұмыстанамыз. Кәсіби мереке қарсаңында сіздерге мықты денсаулық, табыс, бақуаттылық тілей отырып, кәсіпорындарыңызға гүлдене берсін дегім келеді. Өмірдің әр кезеңінде қала құрылысына қатысып, баға жетпес үлес қосқан құрметті ардагерлерімізге айтар алғысымыз ерекше, - деді Бағдат Оразалдыұлы.
Салтанатты жиын барысында өңірдің құрылыс саласының үздік басшыларына, кәсіпорын қызметкерлеріне төсбелгілер, құрмет грамоталары және облыс әкімінің алғысхаттары табыс етілді.
Жиын соңы мерекелік концертке жалғасты.
Өңірге келген Парламент депутаттары тұрғындармен кездесіп, пікірлесіп жатқаны белгілі. Бұл туралы «Мәжіліс депутаттары ауданда» деген ақпаратта (Б.Ширмединұлы) хабарланады.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Шафхат Өтемісов пен Кеңес Әбсәтіров Сырым ауданына жұмыс сапарымен келді. Аудан әкімі Абат Шыныбеков депутаттарға бірқатар нысандарды таныстырды.
«EVEREST» супермаркеті - заманға сай салынған аудандағы алғашқы әмбебап сауда орталығы. Оның аумағы 1500 шаршы метрді құрайды. Осы айдың соңына қарай іске қосылатын супермаркеттің құрылысына сауда орталығының иелері Мелс Сапаров пен Медет Кәкімов өз қаражаттарын салды. Ал айналым қаражатына және сауда үйіне керекті құрал-жабдықтарды алу үшін кәсіпкерлер «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының мүмкіндігін пайдаланыпты. Жобаның жалпы құны 57 млн. теңгені құрайды.
Депутаттар сауда орталығының жұмысына халықаралық маңыздағы Самара - Шымкент күре жолындағы жолаушылар ағыны сұраныс туғызады дегенді айтты. Орталықтың жұмысын жолға қоюдағы ауданның түпкі мақсаты да осы. Жаңа нысан 17 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ.
Халық қалаулылары жұмыс сапары барысында Жымпиты ауылының Қарасу мөлтекауданындағы 93 тұрғын үйдің құрылыс алаңы үшін жасалып жатқан инженерлік-коммуникациялық жүйелері құрылысының жұмысымен танысты. Бұл құрылыс Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың есебінен жүргізілуде.
Биыл Сырым ауданының орталығы Жымпиты ауылындағы ауылішілік қатты жамылғылы жолдардың 8,3 шақырымына жаңа-дан асфальт төселеді. Бүгінде мердігер «УральскСтройИнвест» ЖШС аудан орталығындағы Абай көшесінің 838 метріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Бұл жұмыстар Х. Есенжанов көшесі бойынша толық аяқталды. Алдағы аптада С. Сейфуллин көшесінің шақырым жарым ұзындығына орташа жөндеу жұмыстары басталады. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Шафхат Өтемісов пен Кеңес Әбсәтіров жол жөндеу жұмыстарының қарқынына жақсы деген баға берді.
Оралда Халықаралық жастар күні де кеңінен аталып өтілді. Бұл жөнінде «Жастар күні жасындай жарқылдады жас өрен» деген ақпаратта (Т.Тоқмамбетов) жария етілген.
Орал қаласындағы М. Мәметова атындағы алаңда Халықаралық жастар күні мерекесі атап өтілді.
Қай мемлекетте болмасын, жастардың болашағы басты назарда. Біріккен Ұлттар Ұйымының бас ассамблеясы 1999 жылдан бастап 12 тамызды Халықаралық жастар күні деп бекіткен болатын. Міне, содан бері елімізде жастар күні дәстүрлі түрде аталып келеді. Осыған орай облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйымдастыруымен аталмыш алаңда үш турдан тұратын «Karaoke battle» сайысы оздырылды. Бірінші турда барлық тілек білдіруші әндер тізімінен өздері таңдап, бір ән орындайды. Ал екінші турда қатысушы жасырылған әуендерді дәл тауып айтып, көрерменнің көзайымына айналуды мақсат тұтады. Үшінші кезеңде алаңға жиналған барлық көрермендер өздеріне ең ұнаған қатысушыға таңдау жасайды. Бұл күнгі мерекеде Салтанат Қасымханова 1-орынды жеңіп алса, екінші және үшінші орындарды Алина Семғалиева мен Алтынбек Байзоллаев иемденді. Жеңімпаздарға ұйымдастырушылар атынан бағалы сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар жастар шаштаразшыға шаш үлгілерін жасатып, жердегі шахмат ойыны және ұлттық ойын түрі асық атудан сайыстар өтті.
- Бұл шараның негізгі мақсаты - жастар күнін жоғары дәрежеде атап өту. Аталмыш шараға жастарымыз белсенді қатысып, өздерінің қабілеттерін байқауда. Әлеуметтік желі арқылы осы жерде тұрып, ең көп лүпіл (лайк) жинаған жастарға сыйлықтарымыз дайын, - дейді облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының кеңесшісі Лаура Есқалиева.
Келесі күні Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының алаңында Халықаралық жастар күніне орай мерекелік шара одан әрі жалғасты.
Батыс Қазақстан облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен және «БҚО азаматтық альянсы қауым-дастығы» ЖҚБ ұйымдастыруымен өткен шараға Ресейдің көршілес облыстарынан жас өнерпаздар келіп, мерекелік шараны қыздыра түсті.
- Бүгін дәстүрге айналған Халықаралық жастар күнін атап өтудеміз. Көршілес Ресейдің Самара, Саратов қалаларынан жастар келіп, өз өнерлерін ортаға салуда. Қазіргі таңда облыс тұрғындарының төрттен бірін (14 пен 29 жас аралығында) жастар құ-райды. Концерттік бағдарлама арқылы қала жастарына жақсы көңіл күй сыйлағымыз келеді, - дейді облыстық жастар саясаты мәселелері басқарма басшысының міндетін атқарушысы Данияр Құлжанов.
Самара қаласынан келген «ақ түсті ғажайыптар» бейнесіндегі қонақ жастар көрермендермен суретке түсіп, балаларға шаттық сыйлады. Сондай-ақ өзге ұлт өкілдерінің жас өнерпаздары қазақтың бірнеше әнін әуелетті. Тольяттидан келген дауылпазшылар сахнада бірнеше туындылар орындап, мерекенің шырайын аша түсті. Көңілді кеште жергілікті әнші Данияр Рахметжановтың «07-Аймақ» атты әнінің тұсауы кесілді.
«Қауіпсіз мектеп» акциясы басталды» деген ақпаратта (Б.Қосжанұлы) Еліміздің Білім және ғылым министрлігі 10 тамыздан 20 қыркүйекке дейін «Қауіпсіз мектеп» республикалық акциясын бастауына байланысты Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары Меңзипа Жұматованың тәрбие және білім мекемелері басшыларымен кеңес өткізгені айтылады.
Ол «Қауіпсіз балалық шақ!» ұранымен өткізу ұсынылған аталған шара барысындағы міндеттерді тұжырымдады. Мақсат - білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оқушылар арасында және оларға қарсы құқықбұзушылықтың алдын алу және оқу орындарында қауіпсіздік шараларын жетілдіру.
Кеңесте аудан прокуратурасының прокуроры Анастасия Семилиди бұл акцияның барысында оқу сыныптарының, асхананың, спорт залының, медициналық кабинеттердің, су құбырларының, жылу жүйесінің жұмысқа дайындығына; ғимараттың өртке қарсы және санэпидемиологиялық талаптарға сай болуына назар аудару қажеттігін қаперге салды. Сондай-ақ ол мектеп директорларының, мектепке дейінгі ұйымдар жетекшілерінің «Білім туралы» заңнан, тиісті басқа да құқықтық актілерден хабардар болуының маңызын еске салды. Мекемелерде босаған жұмыс орындары туралы үш күннің ішінде жұмыспен қамту орталығына хабарлануы тиіс. Өкінішке қарай бұл тәртіпті білмейтіндер кездесіп қалады.
Түнгі уақытта балалардың беймезгіл жүруін болдырмау, мектеп - ата-ана байланысын нығайту жайында кеңінен қамтылды.
«Жерлесімізге мың алғыс» (Т.Тоқмамбетов) - бұл ақпаратта оңтүстіккореялық хирургтердің Оралға келіп, ота жасағаны айтылады.
Облыстық аурухананың мәжіліс залында Оңтүстік Корей еліндегі Мин емханасының хирургі, Сеул ұлттық университетінің профессоры Ким Джон Миннің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Оған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ирменов, облыстық аурухананың бас дәрігері Ерлан Тоқсанов, БАҚ өкілдері қатысты.
Соңғы 10 жыл шамасында көптеген ауруларды хирургиялық жолмен емдеудің әдісі түбегейлі өзгеріп, жаңа эндоскопиялық немесе аз инвазивті хирургия әдісі енгізілді. Облыстық клиникалық ауруханада 1998 жылдан бастап лапароскопиялық холецистэкомия жасала басталды. Қазіргі таңда клиникада эндоскопиялық оталар ЛОР, кеуде және ішперде тұстарындағы органдарға жасалады. Орныққан тығыз халықаралық әріптестік аясында және инвазивті эндоскопиялық хирургияны одан әрі дамыту мақсатында Мин емханасы бас директорының арнайы шақыруымен қарқынды хирургия бөлімінің меңгерушісі Қ. Жаишев Оңтүстік Кореяда оқу-тәжірибеден өтті. Облыстық клиникалық аурухана негізінде қалқанша безіне жылына 60 ота жасалады. Осы сала-дағы әлемдік тәжірибені меңгеру мақсатында Сеул университетінің профессоры Ким Джон Миннің тікелей басшылығымен шеберлік сағаттары оздырылды. Игі істердің басында жүрген жерлесіміз Галина Әлімова баспасөз мәслихатында осы сапар туралы қысқаша түсінік берді.
- Оңтүстік Корей елінде алдымен тіл үйрендім. Алған білімімнің арқасында осындай дәрежеге жеткеніме қуаныштымын. Адамның басты байлығы денсаулық екенін жақсы білеміз. Әріптестеріме Қазақстанға барып шеберлік сағатын өткізу туралы ойымды жеткіздім. Менің бұл ойыммен келіскендері үшін алғысым шексіз. Бұл - дәрігерлердің Қазақстанға алғашқы сапары, алдағы уақытта өзге де өңірлерді аралап, науқас жандарға қолұшымызды бергіміз келеді. Туған жерім Жайықтың жағасы болғандықтан, әріптестерімді бірден осында ертіп әкелдім. Облыстық аурухананың басшысы Ерлан Виленұлының келісімімен келіп отырған жайымыз бар. Мұндағы басты мақсат - жерлестерімнің денсаулығының жақсаруына аз да болса септігімді тигізу. Туған жерге келіп әріптестеріммен бірге маңызды шаруа атқарғанымызға қуаныштымын, - дейді Мин емханасының кеңесшісі, жерлесіміз Галина Әлімова.
БАҚ өкілдерінің қойған сұрақтарына Ким Джон Мин мырза тұшымды жауап берді.
- Эндоскопиялық тиреоидэктомии әдісімен ота жасауда бірқатар артықшылықтар бар. Ота жасалғаннан кейін науқастың денесінде ота тігісі қалмайды. Өйткені ота шағын тесік арқылы арнайы хирургиялық құралдардың көмегімен жасалады. Ең бастысы - қалқанша без жойылғаннан кейін науқастың жұмысқа қабілеті жақсарады, - дейді профессор Ким Джон Мин.
- Соңғы жылдары дәрігерлеріміздің сауаттылығы артып келеді. Шетелдік мамандармен тығыз байланыс жасаудамыз. Корей елінде іссапарда болып, ондағы мамандармен тәжірибе алмасқанмын. Оңтүстік Корей елінен қалқанша безге ота жасау үшін арнайы білікті мамандардың өңірге келуі - біз үшін үлкен сәттілік. Егер науқастың өзі бұл елге барып емделетін болса, 3-4 мың доллардай шығын жұмсайды. Біздің елге келген Ким Джон Миннің емін алу үшін науқастар тегін қаралып, дәрігерлік кеңесті тегін алады. Ота жасау жұмысына да араласпаймыз. Науқастардың барлығына бақылауды өздері жүргізіп, науқасы күрделі деген үш адамға ота жасауда. Қалған науқастарды өз ауруханасына шақырып отыр. Біздің міндетіміз - науқастарға сапалы қызмет көрсету. Осы орайда Галина Әлімова қарындасымызға елімізге шетелдік тәжірибесі мол білікті мамандарды әкеліп, біздермен байланыс орнатқаны үшін шексіз алғысымды білдіргім келеді, - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ирменов.
Осылайша, Оңтүстік Кореядағы Мин клиникасының дәрігері, Сеул университетінің профессоры Ким Джон Мин облыстық ауруханаға келіп, үш науқастың қалқанша безіне ота жасады. Сондай-ақ жергілікті хирургтар мен эндокринолог дәрігерлерге шеберлік сағатын өткізіп, осы күнге дейін жинаған тәжірибесімен бөлісті.
«Судан неге шу шықты?» - Нұрғали Ғаббасовтың бұл мақаласы Жаңақала ауданындағы су мәселесіне арналған.
«Соңғы бір ай бойы Жаңақала ауданының тұрғындары әлеуметтік желілер арқылы ауыз су сапасының сын көтермейтіндігін айтып, дабыл қағуда. Нақтырақ айтсақ, маусым айының ортасынан бастап ауыз судың түсі сарғыш тартып, лайланған судан жағымсыз (балдыр, балық иісі) иіс шығып, дәмі өзгеріп кеткендігін жеткізуде», делінген мақалада.
Жаңақалалықтар ауыз суды 30 шақырым жердегі «Қазсушар» мекемесінің теңгерімінде тұрған Пятимар су қоймасынан алады. Аудан орталығындағы ауыз су қоймасынан бірнеше су тазартқыш сүзгілерден өтіп барып, тұрғын үйлерге беріледі. Аталмыш қондырғы осыдан екі жыл бұрын «Таза су» бағдарламасымен 200 млн. теңгеден астам қаржыға салынған болатын. Бүгінде аудан орталығындағы су беру станциясында әрқайсысының сыйымдылығы 160 текше метр болатын екі су беру мұнарасы орнатылған. Бұрын тұрғындарға күніне 400 текше метр су берілген болса, қазір бұл мұнаралардан күніне 1000 текше метр су беріп тұр.
- Ауыз судың сапасы туралы аудан тұрғындарының айтып жүрген сөздерін жоққа шығара алмаймыз. Иә, бүгінгі таңда судың түсінде де, дәмінде де өзгеріс бар. Бірақ оны ішуге жарамсыз деуге болмайды. Аудандық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы ауыз судың құрамын сараптап, адам ағзасына қауіпсіз деп тауып отыр. Енді түсі мен дәміне келер болсақ, оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, көлде балдырдың көбеюі. Осы уақытта балдыр гүл атады, ал сол балдыр гүлінің түсі суға шығып кетеді. Екіншіден, Пятимар су қоймасы мен аудан орталығындағы су айдағыш сорғы арасын қосып жатқан 32 ша-қырымдық темір құбыр ескіріп, тат басқан. Міне, осыдан келіп ауыз судың түсі де, дәмі де өзгеріп отыр, - дейді «Коммунал» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшысы Мұхтар Батырханов.
Аудан орталығындағы ауыз су қоймасындағы су тазарту құрылғылары мен су сақтау мұнараларын, тазарту сүзгісінен өтіп, тұрғындарға беріліп жатқан судан дәм татып көрдік. Бұл жердегі қызметкерлердің айтуы бойынша, сүзгілер күніне 2-3 рет тазартылып, ауыстырылып тұрады. Және суды залалсыздандыру мақсатында 1 тонна суға 00,30 гр. езілген хлор қосылады екен. Бірақ соның өзінде судың түсін тазарту мүмкін болмай отырған көрінеді.
- Өңірдегі таза суды біз үнемі қадағалап, ай сайын химиялық және бактериялық сынама алып отырамыз. Соңғы сынама 22 шілде күні алынған болатын. «Жаңақала аудандық санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы» санитарлық-химиялық зертханасында су үлгілерін зерттеу нәтижелері Жаңақала ауылы тұрғындарына беріліп жатқан ауыз судың түстілігі мен лайлылығы нормативтік көрсеткіштерден асып кеткенін анықтады. Норматив бойынша судың лайлылығы 2О болу керек болса, қазір бұл көрсеткіш 3,770-ке жоғарылаған. Түсі 20О-ден 25,50-ге көтерілген. Ал судың микробиологиялық, бактериялық көрсеткіштері нормативтік құжаттардың талаптарына сай. Тұрғындардың арасында ауыз судан ауруға шалдыққандар жоқ, - дейді аудандық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының басшысы Р. Ибрагимов.
Бұл мәселе - жылда қайталанатын мәселелердің бірі. Жылдан-жылға өзендерге судың келуі азайып барады. Ал су азайған сайын оның сапасы да нашарлай түсетіні анық. Осы мәселенің шешілу жолына тоқталған аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Ерлан Әбдіров:
- Ауыз су - бүгінгі таңда ауданымыздың басты мәселесі. Ауыл тұрғындарының дабылы жауапсыз қалып жатқан жоқ. Ауыз судың сапасыни қалпына келтіру үшін қолдан келген жұмыстың бәрін жасап жатырмыз. Ауыз су түсінің бұзылып, иістенуіне байланысты су жинағыш сыйымдылықтар тазартылып, залалсыздандырғыштар көлемі екі-үш есеге дейін көбейтіліп берілуде. Апта сайын судың құрамы тексерілуде. Күні бүгін судың сапасы санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай.
Мұхтар Батырханов айтып өткендей, біздегі құрылғылар ескірді әрі ол судың иісі мен түсін тазарта алмайды. Ауылдық округтердегі осыдан 14 жылдай бұрын қондырылған су тазарту құрылғыларының да тозығы жетіп тұр. Аудан халқы жыл санап көбейіп келеді. Алдағы уақытта 384 тұрғын үй су жүйесіне қосылмақ, болашақта одан да көп болмақ. Сол кезде қазіргі су тазарту құрылғымыздың күші мүлде жетпей қа-луы ықтимал. Бұл мәселені шешудің жалғыз-ақ жолы - Құлшық елді мекенінен жерасты суын тарту. Бұл туралы біз ауданымызға іссапармен келіп кеткен облыс басшысына да, оның орынбасарына да айтқан болатынбыз. Құлшықтан су келер болса, аудандағы ауыз су мәселесі толығымен шешілер еді деп, Құлшықтан су тарту үшін барлық құжаттардың дайын тұрғанын айтты.
Облыстық газеттің 18 тамыз күнгі санында Қазақстан мен Ресей басшыларының кездесуіне байланысты «Қиындықтарды бірлесіп еңсермек» атты ақпарат (www.akorda.kz) жарық көрген.
«Қазақстан Президенті Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті. Кездесу барысында мемлекеттер басшылары екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты» делінген онда.
Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин G20, ТМД мемлекеттері басшыларының кеңесі және Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында өтетін алдағы кездесулерге дайындық барысын қарастырды.
Мемлекет басшысы Сочи қаласына шақырғаны үшін В. Путинге алғыс айтып, оның Ресей өңірлерін дамыту жолындағы қажырлы еңбегін атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев екіжақты ынтымақтастықтың қарқынына ризашылығын білдіріп, оны Қазақстанның ілгерілете түсуге ниетті екенін айтты.
- Біздің қарым-қатынасымыз саяси тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да үлгі етуге лайық деп санаймын. Осы жылдары Қазақстан мен Ресейдің 6 мың бірлескен кәсіпорны құрылып, интеграциямыздың өмірде нақты іске асқанын көрсетті. Алдағы Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумына үлкен үміт артамын. Оның экономикалық тұрғыдан маңызды кездесу екенін білемін, осыған орай көптеген жобалар әзірленуде. Қазіргі мәселелер біздің үкіметтеріміз арқылы шешімін табуда. Елдеріміздің міндеті - осындай қиын жағдайда әрдайым бірге болу және бір-бірімізге көмектесу. Достық, ынтымақтастық пен өзара көмек туралы шартқа және ХХІ ғасырдағы тату көршілік пен одақтастық туралы шартқа негізделген Қазақстан-Ресей қарым-қатынасы тұрақты болып қала береді. Қазақстан мен Ресей сенімді көрші әрі әріптес болып саналады және барлық мәселелерді өркениетті елдердегі үлгі бойынша шешеді. Ресейдің Түркиямен қарым-қатынасы жақсарып келе жатқанына қуаныштымын, - деді Қазақстан Президенті.
В. Путин Қазақстан Президентінің Ресей-Түркия қарым-қатынасын қалыпқа келтіру жолындағы қайрат-жігері үшін алғыс айтып, жағдайды реттеудегі бітімгерлік миссиясын атап өтті.
- Көріп отырғанымыздай, бұл қадам жемісті болды. Біз көптеген жыл бойы бірегей ынтымақтастық қарым-қатынасымыз бен өзара іс-қимылымыз орныққан достас Түркиямен толық форматтағы қарым-қатынасты қалыпқа келтіруге риясыз ұмтылыс жасап отырмыз. Түркия Президенті Р. Ердоғанның Ресейге соңғы сапары екіжақты байланыстарды қалыпқа келтіру ғана емес, оны дамыту жөнінде де біздің толыққанды жұмыс жүргізуге ниетті екенімізді дәлелдеп берді. Сол үшін Сізге көп рақмет, - деді Ресей Президенті.
Бұдан бөлек В. Путин Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестіктің барлық бағыт бойынша табысты дамып келе жатқанына назар аударды.
- Әрине, біз экономикада қиындықтарға да кезігіп тұрамыз, әсіресе, әлемдік шикізат нарығындағы тұрақсыздық пен валюталық ауытқу жағдайында төмендеу байқалуда. Бұл ретте нақты көлемі жөнінен ол соншалықты көп емес - небәрі 7%. Қазіргі ынтымақтастық тетіктері бізге оны еңсеруге мүмкіндік береді. Ал бізде мұндай тетіктер тиімді жұмыс істеуде, - деді Ресей Президенті.
«Қыземшекті көргіңіз келсе...» - бұл ақпаратта (Т.Тоқмамбетов) облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Жауқазын-2016» жобасы аясында Шыңғырлау ауданы суретші, шеберлерінің «Тәуелсіздікке тарту» атты көрмесі ашылғаны паш етілген.
ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына 25 талантты анықтау мақсатында ұйымдастырылған көрмеге Шыңғырлау ауданындағы мектептен тыс жұмыс орталығының жас суретшілері мен қолөнер шеберлерінің туындылары қойылды. Көрмеде Қыземшек, Ханшатыр, Сарқырама, Алақантау сияқты аудандағы көркем жерлер бейнеленген. Сонымен қатар Аққұмды мекендеген Бөкенбай батыр мен Қаламқас Рахымқызының шағын мүсінін көзіміз шалып қалды.
Концерттік бағдарлама барысында Шыңғырлау ауданы әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов көрмені тамашалауға келген конақтарға ризашылығын білдірді. Шараға ауданның құрметті азаматтары мен еңбек ардагерлері қатысып, қошеметтерін білдірді.
- Облыс көлемінде оздырылып отырған ауқымды шараға қош келдіңіздер! Осы шара арқылы жас шеберлерді анықтайтын боламыз. Алыстан ат арытып, арнайы келген шыңғырлаулықтарға алғысымызды айтамыз, - деді аталмыш музей басшысының орынбасары Нұргүл Нұрхатқызы.
Кейін Шыңғырлау ауданының ұжымына облыстық тарихи-өлкетану мұражайы атынан алғысхат пен гүл шоғын табыстады. Көрме қыркүйек айының 3-іне дейін жалғаспақ.
Орталық коммуникациялар қызметі өңірлік филиалында аудан әкімдерінің баспасөз мәслихаттары жалғасуда. Бұл жолы Қаратөбе ауданының әкімі Асхат Шахаровқа кезек келді. Бұл туралы «DEM» ауыз суы - Қаратөбе бренді» атты көлемді ақпаратта (Ләззат Шағатай)имәлім етілген.
Соңғы жылдары Қаратөбе ауданында ауыз су мәселесін шешу біртіндеп жолға қойылып келеді. Бүгінгі таңда ауданның 78 пайызы таза сумен қамтылса, Үшана және Үшағаш ауылдарына ауыз су тасымалданып отыр. Күрмеуі қиын мәселені шешу үшін биыл бюджеттен бөлінген 936 млн. теңгеге жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, алдағы үш жылда төрт мың халқы бар бес ауылдық елді мекен «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша ауыз сумен қамтылмақ. Одан бөлек, мемлекеттік бағдарлама арқылы жұмысын дөңгелеткен аудандағы ауыз су өндіру цехында «Дем» деп аталатын табиғи ауыз суы өндірілуде. Оған өзге облыстан да сұраныс күн санап артып келеді. Тышқантай жер асты су қорынан алынатын бұл су аз уақыттың ішінде ауданның брендіне айналып үлгерген.
Ауданда кәсіпкерлікке бет бұрғандардың саны өсуде. Бүгінгі таңда 210 шаруа қожалығы, 310 жеке кәсіпкер, 40 заңды тұлға тұрақты жұмыс істеп, мыңнан астам адам жұмысқа тартылған. Жыл басынан бері жаңадан 46 жұмыс орны ашылған.
Сондай-ақ аудан басшысы бірінші жартыжылдық бойынша атқарылған жұмыстар мен ауданның 2020 жылға дейінгі даму жоспары туралы баяндады.
- Аудан экономикасының негізі мал шаруашылығы болғандықтан, бұл салаға үлкен көңіл бөлініп келеді. Аталған салада айтарлықтай өсу динамикасы байқалады. Ағымдағы жылдың жеті айында 33168 бас ірі қара, 88609 бас қой мен ешкі, 5727 бас жылқы, 23 бас түйе болса, үй құстарының саны 14 406-ға жеткен. Ау-дан бойынша жыл басында 215 шаруа қожалығы болса, бүгінде олардың қатарына тағы 15 шаруа қожалығы қосылды.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2013-2020 жылдарға арналған «Агробизнес-2020» бағдарламасының орындалуы 87,5 пайызды құрап отыр. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша ауданға 340 бас мал алыну қажет болса, бүгінгі таңда 54 бас (2 аталық мал) мал алынып, жоспар 15 пайызға, «Құлан» бағдарламасы бойынша 115 жылқының 49-ы алынып, 47 пайызға орындалды. «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 854 қой алу бағытында шаруашылықтармен ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар аудандағы мал шаруашылығына кезекті ветеринарлық-профилактикалық тексерістер де уақтылы жүргізілуде. Қазіргі таңда өзекті болып отырған бруцеллез ауруына қарсы қажетті шаралар қабылданды.
Биыл аудан бойынша 30 гектар жерге картоп, 60 гектарға көкөніс және 50 гектарға бақша егілді. 731 ауыл шаруашылығы техникасы есепке алынған. «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы лизинг әдісімен «Таужан» және «Әділ» шаруа қожалықтары жаңадан екі «Беларусь» маркалы трактор сатып алды.
Ауданымызда 22 елді мекен болса, соның 10-ы оқшауланған су құбырлары арқылы таза ауыз сумен қамтылған. Бұл аудан халқының 78%-ын (немесе 12767 адам) құрайды. Жеті су құбыры жүйесіне мемлекет тарапынан 2015 жылға 32 672 131 теңге субсидия төленіп, 10 елді мекеннің халқы жер асты суларын пайдалануда.
Ал қалған 2 елді мекенге (Үшағаш, Үшана ауылдары) ауыз су тасымалдануда. Ауылдардың көгілдір отынмен қамтылуы 100 пайызды құрап отыр.
Кәсіпкерлік саласында 560 шағын субъекті жұмыс жасайды десек, ол жерде мыңнан астам адам қызмет етуде. Ағымдағы жылдың шілде айына дейін өндірілген өнім көлемі 1082,4 млн. теңгені құраса, оның 14,8 млн. теңгесі бюджетке тиесілі. Ауданда өнім өңдеу саласы бойынша аспаздық, наубайхана, ауыз су өндіру, тігін, пластик терезе жасау секілді цехтар жұмыс жасайды.
Ал «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша бір жеке кәсіпкер аудан орталығынан жанар-жағармай бекетін ашуды жоспарласа, бірі Орал-Ақтөбе жол бойына автокемпинг салу жұмыстарын бастап кетті. Тағы бір жеке кәсіпкер «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы шеңберінде темір есік жасау жобасымен 837 мың теңге көлеміндегі грантқа ие болды.
Ауданда жыл басынан бері 46 жаңа жұмыс орны құрылып, 81 адам тұрақты, маусымдық және уақытша жұмысқа орналасты. «Жұмыспен қамту - 2020 жол картасы» бағдарламасының ІІ бағыты «Кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру» бойынша 60,0 млн. теңге қаражат бөлініп, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы жеті адам мал шаруашылығын дамыту бағытында 18400,0 мың теңге несиелерін алды.
Бағдарламаның үшінші бағыты - «Жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орна-ласуға жәрдемдесу» бойынша биылғы жылы республикалық бюджеттен әлеуметтік жұмыс орындарына 16 адамға 3081,0 мың теңге, жастар практикасы бойынша отыз адамға, 6872,0 мың теңге қаражат бөлінді.
Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы барысында түрлі сала мамандарына сұраныс артып келеді. Сол себепті «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша келген әр түрлі сала мамандарына әлеуметтік қолдау шаралары жыл сайын жалғасын табуда. 2016 жылы 54 маманға 8 млн. 017,4 мың теңге көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алу үшін 16 маманға 50 млн. 903,5 мың теңге бюджеттік несие берілді.
Ауыл халқының бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін және халықтың мәдени, спорттық, рухани сұранысын қанағаттандыру мақсатында 22 кітапхана, оның ішінде 2 модельді кітапхана, 19 мемлекеттік мәдениет үйі мекемелері, 1 аудандық тарихи-өлкетану музейі жұмыс жасайды, - деді Асхат Берлешұлы.
«Ресейлік профессордың шеберлік класы» (Н.Набиоллаұлы) атты ақпаратта Ресейдегі «Көз микрохирургиясы» салааралық ғылыми-техникалық кешені» федеральды мемлекеттік дербес мекемесі Орынбор филиалының директоры, профессор Александр Чупровтың облыстық клиникалық ауруханада болып, «Көз алмасының алдыңғы бөлігінің хирургиясы» тақырыбында шеберлік класын жүргізгені айтылады.
-Біздің облыстық клиникалық аурухана бірнеше жылдан бері Ресейдің Орынбор қаласындағы медицина саласының қызметкерлерімен тікелей байланыста жұмыс жасап келе жатқаны белгілі. Бүгінгі таңда бұл байланыс ерекше деңгейде жал-ғасын табуда. Облысымыздың тұрғындары көз ауруларына байланысты ота жасату үшін Орынбор қаласындағы орталыққа көбірек жүгінеді. Сол кезде тұрғындарға өзге елдің аумағына өту, жол мәселесі секілді түрлі мәселелер кездеседі. Мұндай қолайсыздықтардан арылу үшін аталмыш бағыттағы оталарды өзіміздің облыстық клиникалық ауруханада жасауға қол жеткізу бүгінгі шараның басты мақсаты десе болады, - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ирменов.
Александр Чупров бастаған орынборлық хирургтер осы сапарларында глаукома мен катарактіні өткізіп алған қос бірдей науқасқа ота жасады. Ультрадыбысты факоэмульсификация деп аталатын ота облыстық ауруханадағы қазіргі заманғы аппарат - факоэмульсикатордың көмегімен жасалған. Бірінші отада глаукоманы емдесе, екіншісінде катарктіні ультрадыбыстың көмегімен жою операциясы атқарылған. Сала мамандарының айтуынша, мұндай отадан соң ауру асқынбайды, адамға көзілдірік те керек болмайды екен.
Шара барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен «Көз микрохирургиясы» салааралық ғылыми-техникалық кешені» федералды мемлекеттік дербес мекемесі Орынбор филиалы арасындағы өзара әріптестік байланыс туралы меморандумға қол қойылды.
БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы «Таза жағалауға» шығайық!» атты хабарламасында қоршаған ортаны қорғауға шақырады.
«Алдағы 20 тамызда ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Болашақ» корпоративтік қорының бастамасымен «Болашақ» - «Таза жағалау! Таза орман!» облыстық экологиялық акциясы ұйымдастырылмақ», делінген онда.
Акцияның мақсаты - су нысандары мен орман алқаптарының экологиялық ахуалын жақсарту, жас ұрпақты туған өлкенің табиғатына сүйіспеншілікпен әрі ұқыптылықпен қарауға тәрбиелеу. Сондай-ақ әрбір тұрғынның қоршаған ортаны сақтау мен оны қорғауға жауапкершілігін арттырып, оны өзгелерге үлгі етуге шақыру.
Акция шеңберінде Орал, Шаған және өзге де өзен жағалауларын, су арналары мен тоғандарды, тоғай мен тоғай алқаптарын қураған ағаштар мен күл-қоқыстан тазалау жұмыстары жүргізіледі.
Орал өзені жағалауы мен Орал қаласының аумағы тазалау жұмыстарын жүргізу үшін жеті аумаққа бөлініп, Чапаев атындағы затоннан басталып, Коминтерн ауылынан аяқталады. Бұл күні Орал қаласы маңындағы тоғайларда, соның ішінде 1, 2, 3-саяжай аудандарында, Хан тоғайы мен Переволочный аумақтарын қураған ағаштардан тазарту жұмыстары қолға алынады.
Акция барысында облыс тұрғындарының назарын қоршаған орта мен экология мәселелеріне аударту бағытында үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, ол өңіріміздің барлық аудандарында жалғасын таппақ.
Бұл күндері еңбек ұжымдары мен жеке кәсіпкерлер, ПИК-тер мен барлық табиғат жанашырларын қаланың өздеріне тиесілі аумақтарындағы тазарту жұмыстарына атсалысып, ғимараттар мен үйлердің сыртқы келбеттерін ретке келтіруге шақырамыз.
Митинг 20 тамыз күні сағат 09.30-да Дамбы тұйығы, 5/1 мекенжайында (БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ғимараты) өтеді. Анықтама үшін телефон: 51-28-42, 26-52-57.
Журналист Болат Қосжанұлы «Сүгір жыраудың құлпытасы табылды» деген ақпаратында көне құлпытастарды зерттеу бағытындағы тың жаңалықтар жөнінде хабардар етеді.
«Ақжайық ауданындағы «Өз өлкеңді өзгеден бұрын таны!» ғылыми-өлкетану экспедициясы XVIII-XIX ғасырдағы көне қорымдардағы араб жазулы эпиграфикалық ескерткіштерді зерттеуді жалғастырды», делінген онда.
Былтыр бастаған жұмыстарды аяғына дейін жеткізу, яғни көне құлпытастардың орнын анықтап, картаға түсіру, суреттеп жазып, суретке басу жөнінде аз ғана күнде ауқымды істер атқарылды. XIX ғасырдағы қырдағы қазақ ауылдарының отырған орындары да картаға түсірілді. Биыл төте жазуды оқуға төселген мамандар оралдық Қазбек Құттымұратұлы мен жаңақалалық Мұратбек Жахатов және Жаңақала музейінің директоры Аманжол Сәлімовті экспедиция жетекшісі, белгілі өлкетанушы, Алмалы ауылдық округінің Атамекен ауылындағы педагог Жәнібек Әбілпейісов арнайы шақырған-ды. Бұл бірлесу іске анағұрлым серпіліс берді.
Кенжеғара қорымындағы Сатай батыр Кенжеғараұлының (1781-1865) құлпытасына биыл да ерекше назар аударылды. Ал Сартай би Сатыпалдыұлының (1797-1868) құлпытасы былтырғы экспедиция нәтижесінде табылғанды. Қорым маңайы мен XIX ғасырдағы Соналы болысының билеушісі Мұхамеджан Сарғожин мен оның ағайындары отырған ауыл орны картаға түсірілді.
М. Сарғожин кезінде Соналы болысын басқарған. Сенаттың жарлығымен дворяндық дәрежемен тепе-тең келетін «Россия империясының мирасқор құрметті азаматы» деген титулы болған. Ол Соналы болысында ауыл балаларына деп 50 орындық бір кластық орыс-қырғыз училищесін ашқызған. Оның жартысына өз қаражатымен, 25 балаға болыс қазынасына интернат ашып, қамқорлық жасаған, сондай-ақ Оралдағы реальдық училищеде оқып жүрген қазақ жастары үшін стипендия беріп отырған. Мұрағаттық деректе 1904 жылы қазақ балаларын оқытуға беркітілген жауапты зиялылар қатарында Орынборда Мейірман Бисенұлы, Жымпитыда Әбдуғали Құмайұлы, Калмыковта Ибрагим Шынарұлы, Қарашығанақта Үмбетқали Дүйсенбіұлы, Ілбішінде Құрманғали Сүйірбайұлы, Соналыда Мұхамеджан Сарықожаұлы, Өлеңтіде Мұзафар Омарұлы болып, балаларды қазақ тілі, орыс тілі және математикадан оқытты деп көрсетілген.
- Экспедиция Байшөрек күтіріндегі Сүгір жырау қорымына бір күнін арнады, - деді газет тілшісіне Ж. Әбілпейісов.- Ол 1868 жылғы патша реформасына қарсы Кіші жүз қазақтары ұйымдастырған «Ел ауа» көтерілісіне қатысқан. Байшөрек жерінде ата-бабасының қонысында қалған шаруа Есқали Шымыров төрт түлік мал көбейтіп, тірлігін дөңгелетіп отыр. Қожалығының аты - "Шымыр мешіті". Есқали атақты Сүгір жырау Мырзалыұлының шөбересі, Шымыр ишанның немересі. Шымыр осы жерден екі мешіт салдырған үлкен ғұлама, ишан болған. Қажылыққа бес мәрте барыпты. Біз бұрын да бұл жерге екі рет келіп, Сүгір жырау туралы сыр тартып кеткенбіз. Осы жолы Мұратбек пен Қазбек сенсациялық жаңалық ашты. Құлпытасы жоғалған деп жүрген Сүгір жыраудың біз жорамалдаған бейітінің қате топшылау екенін дәлелдеп, Сүгірдің құлпытасын тауып, мәтінін оқыды. Осылайша тарихтағы ақтаңдақтың бірі кетіп, Сүгір жыраудың туған, өлген жылдары мәшһүр болды. Осы хабарды Есқалиға келіп: «Байшөрек - айналасы жайылма бел, Есқали - төрт түлік мал қайырған ер. Атаңның құлпытасын тауып келдік, Есақа, сүйіншіңді дайындай бер!», - деп жеткізгенде, ол қуаныштан ертесіне ағайынын жиып, садақа берді, Қазбек пен Мұратбекке жылқы атады.
Сонымен қатар Байбарақ батыр кесенесі маңындағы көне қорымдағы құлпытастар нөмірленді.
Байғұтты-Шолаққамыс қонысындағы қорымның былтыр нөмірленіп, картаға түскені істі жеңілдете түсті. Құлпытастар карта бойынша оңай табылды, көбінің мәтіні оқылып, қағаз бетіне түсті. Шолаққамыс көлдігінің қыр бетіндегі көне қыстау орындары байқалды. 12 қыстау орны картаға түсірілді. А. Сәлімов осы жерден патша эмблемасы мен жазуы таңбаланған әтір құтысы мен тасқайрақ және темір үзеңгінің қалдығын тауып, Атамекен ауылындағы «Жерұйық» мұражайына тарту етті.
Байшөрек елді мекенінен үш шақырым қашықтықта батыс бетте Қуқұлақ деп аталатын ескі қорым бар екен. Жоспарда болмаса да, экспедиция Есқали Шымыровтың жол бастауымен сол қорымға келіп, зерттеу жүргізді. тоғыз құлпытас нөмірленіп, суретке түсірілді.
Базаршолан ауылындағы қорымдағы 31 көне құлпытас, Ескі Есім ауылы маңындағы Есім хан жерленген зиратта 46 көне құлпытас анықталды. Ағаларының қасында жүрген оқушылар - Жәнібектің шәкірттері құлпытастағы көне сандардың қалай таңбаланатынын үйреніп, арабша сандарды оқи алатын дәрежеге жетті. Сөйтіп, бес күн жорықта Кенжеғара, Байшөрек, Байбарақ, Қуқұлақ, Базаршоландағы бес қорым түгел оқылып, нөмірленіп, картаға түсірілді, Есім хан қорымында бұл жұмыстар әзірге жартылай орындалды.
Оралдық оқырман Орынбек Мусин «Адал еңбек иесінің есімі ұмытылмасын...» атты мақаласында атасы Өте Мусин жөнінде сыр шертеді.
«Атамыз Өте Мусин 1886 жылы бұрынғы Шалқар, қазіргі Сырым ауданының Қособа елді мекенінде дүниеге келген. Бабамыз Мұсадан Ақкерей, Сағыр, Өте, Кенжеғали атты (басының сопақтығынан жеңгелерінің атауымен Шошақ аталып кеткен) ұлдар өрбиді. Бабамыз Мұса інісі Қобыландымен қаражат жинап, Алланың алдындағы мұсылмандық парызын өтеу үшін Меккеге қажылыққа жол тартып, сол жақта сүйегі мәңгілікке қалған көрінеді. Бабамыз Мұсаның үшінші баласының ныспысын Өте деп қоюы кейінгі ұрпақтарына шешуін табатын тылсым жұмбақ сияқтанады», деп басталған мақала.
Тарихқа көз салсақ, қазан төңкерісі, одан кейін азамат, Ұлы Отан соғыстары болып өтті. ХХ ғасырдың 28-29-30-жылдары Кеңес одағында жаппай «коллективизация» жүргізілгені мәлім. Сол кезде қазақтың малы тартып алынып, колхоз бен совхоздар құрылды, бүкіл байлық үкіметтікі болып шықты. Халықты байдың баласы не қажының, дін ұстағандардың ұрпақтары деп босытып жіберді. Солақай саясаттың зардабын тартып, бас сауғалаған аталарымыз Ресей асып, орыс мұжықтарына жалданып күн көрді. Бірақ 1932 жылы елімізде өнеркәсіпті қарқынды дамыту басталды. Елдегі ірі қалалардағы зауыт-фабрикалардағы мыңдаған жұмысшыларды азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі бірінші орынға шықты. Кеңес үкіметінің қаулысымен (төрағасы И. Сталин) 1932 жылы «Аңқаты» ет совхозы құрылды.
КСРО-да таза етті бағыттағы ірі қара мал жоқ болатын. Елде қуғын-сүргін саябырсып, жұмыс қолдары өте қажет болатын. Осыны бетке ұстап елге оралайық деп атамыз Өте ағалары Ақкерей, Сағыр, інісі Кенжеғалиды (Шошақ) ертіп, осы «Аңқаты» ет совхозына аға малшы болып жұмысқа кіріседі. Атамыздың қасында көмекшілері болып туған ағалары мен бала-шағасы болған.
Жергілікті қазақтың аналық сиырларын шетелден алтынға сатып алынған герефорд тұқымдас аталық бұқалармен будандастырып, метис ұрпақтарын алып өсіріп, олардың тәуліктік салмақ қосуын әр басына 750 грамға жеткізеді. Жаңағы бұқалар мұхит, теңіз арқылы Англия, Канададан Ленинградқа пароход арқылы жол тартып, кейін шойын жолмен атамыздың өзі бас-көз болуымен Оралға жеткізілген екен. Осы мал «Аңқаты» совхозының №1 бөлімшесінде «Новая точка» деген ауылда бағылып күтілді. Ал жазда Саралжын көлінің Ащысай, Аңқаты өзендерінің және Шалқар көлінің жағалауындағы жайылымдарда жайылатын болған.
Қазақстанның Семей облысындағы «Чалобай» совхозында, Ақмола облысының «Балкашино» совхозында, Ресейдің Чкалов (Орынбор) облысының «Броды» совхоздарында да осы жұмыстар қолға алынып жүргізілген еді. Атамыз Мусин Өтенің аға малшы ретінде ғалымдармен бірлесе жасаған жұмысы өз нәтижесін берді. КСРО-да, осының ішінде Батыс Қазақстан облысында «Аңқаты» ет совхозында аға малшы Өте Мусиннің сиыр табынында ғылыми жолмен етті бағыттағы қазақтың ақбас сиырлары дүниеге келген еді.
КСРО Министрлері кеңесінің (төрағасы И. Сталин) 1951 жылғы 14 наурыздағы №981 қаулысымен бір топ адамға бірінші дәрежелі Сталиндік сыйлықтың лауреаты атағы берілді. Оның ішінде «Аңқаты» асыл тұқымды ет совхозының аға малшысы Өте Мусин, ғалымдар С. Дудин, К. Акопян және тағы басқалар (барлығы 14 адам) бар. Кейінірек бұл атақ мемлекеттік сыйлық болып өзгертілді. Атамыздың бұл жәдігерлері облыстық өлкетану мұражайында сақтаулы және сирегірек болса да, көрермендер назарында.
Атамыз 1940 жылы Бүкілодақтақ ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысқан және 1938-1939 жылдары герефорд тұқымдас метис бұзауларынан (сегіз айға дейін) тәулігіне 750 грамм салмақ қосуын қамтамасыз етіп, мал басын 100 пайыз аман сақтаған (құжаты - 127255. Мақтау қағазы №1992. 1945 жылы 5 ақпан күні).
Бүкілодақтық социалистік жарыстың совхоздар арасындағы ең үздік стахановшы деген атағы бар. Атамыз Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерен еңбегі үшін КСРО-ның Жоғарғы кеңес президиумының қаулысымен «Ұлы Отан соғысындағы 1940-1945 ж.ж. ерен еңбегі» медалімен (Х №055586, 1946 ж. 31 мамыр) марапатталды, ал 1951 жылы «Құрмет Белгісі» орденіне ие болады. Атамыз бірнеше рет ауылдық, аудандық, облыстық кеңестің мүшесі болды. Ол 1955 жылы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының «Құрметті зейнеткері» атағымен зейнеткерлікке шықты. Алайда ірі қара малын бағып-күтудегі мол бай тәжірибесін кеңесші ретінде малшыларды аралап бөлісіп отырды.
«Аңқаты» ет совхозының алғашқы директоры А. Писарев болды. Одан кейін әр жылдары осы совхозды И. Голупов, Г. Петренко, И. Герасимов, Ф. Скобычкин, П. Суворов, А. Черекаев, Ж. Қоланбаев, Н. Келексаев, С. Балахметов, М. Зейнуллин деген азаматтар басқарды. Атамыз Өте Мусин - «Аңқаты» ет совхозының даңқы КСРО-ға таралуына аянбай еңбек еткен адам. Сол кезеңнің біраз аға малшыларын да атап кетуді жөн көрдім. Олар: Бекебас Қартабаев, Шаян Өміров, Байғуат Ысқақов, Тілеген Стамғазиев, Насиха Диярова, Ахмет Отарбаев, Ешмұқан Бөкенбаев, Құлмаш Кенжеғалиев т.б.
Атамыз малшы таяғын Қабекес Серғалиевке тапсырған. Содан ол кісі 1966 жылы наурыз айында Социалистік Еңбек Ері деген жоғары атаққа ие болады. Ал Балтабай Молдахметов алғаш рет Ленин орденімен марапатталды. Атамыз қазақтың ақбас етті бағыттағы сиырларының авторларының бірі ретінде 1951 жылдың наурызында бірінші дәрежелі сталиндік сыйлықтың лауреаты атағын алса, содан 20 жылдан соң осы «Аңқаты» асыл тұқымды мал зауыты КСРО-ның ең жоғарғы наградасы «Ленин» орденімен марапатталды. Ал совхоз директоры А. Черекаев 1972 жылы Социалистік Еңбек Ері деген жоғары марапатқа ие болды.
Атамыздың үлкен ұлы Мүти Мусин осы «Аңқаты» совхозында алғаш рет етті бағыттағы ірі қара малын қолдан ұрықтандыруды (1944 жылы) қолға алған. Денсаулығына байланысты бұл жұмысын 1953 жылы немере інісі Назар Шошақовқа тапсырған еді. Сол кезде ағамыз екі аяқты арбаға ат жегіп, бүкіл малшылардың табынын асыл тұқымды бұқалардың ұрықтарымен сиырларды қолдан ұрықтандыратын еді. Бұл жұмыс тәжірибесі осы саладағы мал шаруашылығында КСРО-да ең алғаш рет қолданылып, іске асқан болатын. Ағамыз ерен еңбегі үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Осының арқасында әр 100 сиырдан 90-100 бұзау алуға жетіскен еді.
Атамыз сақал-мұрты келіскен аққұба, орта бойлы кісі еді. Төңірегіндегі жақын-жуығына қамқоршы бола білді. Атамыздың үлкен ұлы, менің әкем Мүти Мусин 1915 жылы 3 наурызда дүниеге келген, ал анам Сағида Аяшева 1925 жылы 3 наурызда туған. Әкем мен анам 1947 жылы 5 мамырда некелескен. Олардың ұлдары - мен, Орынбек, 1948 жылы 27 қыркүйекте дү-ниеге келгенмін. Бір құрсақтан төрт ұл, үш қыз туғанбыз. Өзім де осы саланың маманымын, қазір зейнеткермін. Немерелерінің бәрі де әр саланың мамандары болып жұмыс істейді.
Атамыз бес мезгіл намазын оқитын, ораза ұстап, наурыз мерекесін, құрбан айт тойларын атап өтетін. Атамыздың екінші ұлы Сағидолла 1919 жылы туған. Ол кісі офицер не саяси қызметкер болып Қызыл Армияда Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп жүргенде, совет-фин соғысы, одан кейін Ұлы Отан соғысы басталып, сол соғыста хабарсыз кеткен. Атамыз әжеміз Әлима баласы соғыстан аман келеді деп күткен еді. Бірақ оралмады. Әлима әжеміз 1971 жылы мамыр айында бақилық болды.
Атамыздың 1927 жылы туған Бәтима деген қызы болды, Жездеміз Жұпқалиев Дәулетқалимен тұрмыс құрған. Екеуінен бір ұл, бір қыз дүниеге келген. Атамыздың үшінші ұлы Әзербай 1929 жылы 30 желтоқсанда дүниеге келген. Әсия деген жеңгеміз болған. Оның қызы Сәния Өтеева 1953 жылы туған. Қазір Назарбаев атындағы зияткерлік мектебінің физика пәнінің ұстазы. Тәтеміз екінші рет үйленіп, жеңгеміз Зина екеуі үш ұл, бір қыз тапқан болатын. Қазір қыздары Өтеева Роза Әзербайқызы - ма-тематика ғалымдарының докторы, Ресейдің Тольятти университетінің профессоры. Атамыздың төртінші ұлы Оралбай 1939 жылы туған. Аңқатыға Саралжыннан жаяу барып, оқып жүргенде, ауырып бақилық болған.
Атамыздың Сырым ауданының Қосаба ауылында әкесінің інісі Қобыландыдан туған Мұқаннан Қанапия, Жанқожа, Алпысбай, Бисенғали деген бел немере інілері тұрған және оларға ат арба жегіп, мені ілестіріп қыдырып баратын еді. Ал облысымызға белгілі Жұмағалиев Бисен ағамыз орыстың атақты жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты М. Шолохов жайында көп жазған еді. Соның бірі менің атама қатысты оқиға болатын. Онда жазушының Шалқар көлі жағасында балық аулап, аң-құс атып жүргенде жаңбыр жауып, көліктері жүрмей қалады. Тоңып-шашырап жүрген кісілерді атамыз отырған күркесіне әкеліп, ыстық тамағын беріп, киімдерін кептіреді. Сол кездесуді М. Шолохов қазақтың кеңпейілдігін жоғары бағалап, соңынан сол қарапайым малшының сталиндік сыйлықтың лауреаты атанғанын естіп, қатты қуанғандығы айтылған. Осы оқиғаны бейнелейтін көркемсурет қазір Дарияндағы (Даринский) М. Шолохов мұражайында тұр.
Жас кезінде атамыз бір бақсы адамға қаралады, ол кісі «Сен дүниеден 73 жасыңда өтесің» деген. Содан атамыз 1959 жылдың басында өңештің обыры ауруымен ауырып, осы жылдың 15 тамызында бақилық болды. Енді беті бері қарамасын білген соң немерелерін бір-бірлеп қасына шақырып, маңдайынан иіскеп, сүйіп, «Айналайындар, оқыңдар, жақсы азамат болыңдар» деп өсиетін айтқан-ды. Назар інісіне басына қойылатын құлпытасты құйдырды және үй тұрғызатын саман тасты әзірлетіп қойды. Жылдар жылжып өтіп, саман үй құлап қалды, құлып тастың жазулары түсіп қалды. Жерлеуге қатысқан атқамінерлер атамыздың басына мәрмәр тастан белгі қою қажет деп айтқан еді. Оны естіген әкеміз ауданға, облысқа, тіпті республикаға арыз жазды, бұл іс аяқсыз қалды. Сол кезде жергілікті бюджеттен бес мың рубль бөлуге рұқсат еткен. Осы шаралар іске аспаған соң, өзіміз немерелері болып қаражат жинап, мәрмәр тастан белгі қойдық. Құран оқытып, садақасын бердік.
Мақала соңында О.Мусин : «Атамыз қазақтың ақбас етті бағыттағы сиырларының дүниеге келуіне еңбек сіңіріп, стратегиялық азық-түлік, соның ішінде сапалы мәрмәр етті егемен Қазақстанға мұра етіп қалдырды. Олай болса, ел үшін адал еңбек еткен Өте Мусиннің есімін кейінгі ұрпаққа мәңгі үлгі етуіміз керек. Ол үшін облыс орталығы Орал қаласынан бір көшенің немесе мектептің атын сол кісінің есімімен аталса, орынды болар еді. Осылайша, өмір-бақи мал бағып, адал еңбегімен елдің құрметіне бөленудің өнегесін танытқан еңбек ерінің рухына, жасампаз еңбегіне құрмет көрсеткен болар едік», деген ұсыныс-тілегін білдіреді.
Журналист Тілес Жазықбай «Қымыз иісін аңқытып...» атты мақаласында Ақжайық ауданындағы «Самал» шаруа қожалығының табыс-жетістіктері жөнінде жазады.
«Ақжайық ауданы Көнеккеткен ауылдық округінде 18 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Солардың ішіндегі 1996 жылы құрылған «Самал» шаруа қожалығының төрт түлік мал өсіріп, оның игілігін көріп отырған жайы бар», дейді автор.
Шаруашылық округ орталығынан, Жайық бойынан, шығысқа қарай 16 шақырым қырлықтағы Қарамектеп қыстағын атақоныс еткен. Малжанды ауыл жыл сайын төрт түліктің басына бас қосып, жылқы байлап дәруменді сусын - қымыз өндіріп отырғаны көрер көзге көрікті, айтар ауызға лайықты. Әрине, қымыз болса, ішер ауыз табылады. Бұдан 3-4 жыл бұрын Теректі ауданы Ақ-жайық ауылындағы аурухананы қымызбен қамтыды. Қазір Орал қаласындағы орталық базарға апарып, пұлдап отыр.
Қожалық жетекшісі Ерлан Сұлтанов пен оның зайыбы Мая Төлеуқызының шаңырақ көтергендеріне биыл он тоғыз жыл болған. Олар үш бала тәрбиелеп өсірді. Ал ата-аналары Сабыржан Сұлтанов пен Гүлжиян Қалмұрзақызы немере-жиен сүйген, шүкіршілігі мол зейнеткерлер. Қазір олар Орал қаласына жақын Подстепный ауылында тұрады. Келісті үй салып алып, немерелерін оқытуда. Мұнда апта арылтпай келіп тұрады.
Ынтымағы жарасқан, ықыластары ұштасқан үлкен әулеттің еңбек жолы да әріден басталады. Отағасы Сабыржан - кезіндегі Ораз Исаев атындағы ұжымшардың малын да баққан, техникасын да жүргізген, темірін де жонған бесаспап жан. Қайда жұмсаса, сонда «Сәкең» атанған азаматтығын ауыл жақсы біледі. Ал қосағы бес баланы өмірге әкеліп, оларға тәрбие беріп, қазақтың салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына, атакәсібіне мейлінше молынан сусындатыпты. Ұлдың да, қыздың да, кейін келіннің де тәрбиесін уысынан шығармай үлгілі жолды үкілей біліпті. Соның айғағы дерсің, Мая келіні, міне, жиырма жылға жуық осы шаңырақтың қиындығын бөлісіп, қуанышын еселеп келеді. «Келін ененің топырағынан жаратылады» деген бар, енесінің үйреткенін жүре тыңдамай, құлағына құйып өскен оның тұрмыстағы қазақылығы қызықтырады. Үй ұстауы, ыдыс-аяқ, көрпе-көпшіктің тазалығы, қонақ күтуі, ас пісіруі - бәрін-бәрін тәптіштеп үлгі етуге болады. Әсіресе, қолда барды ұқсатып, қымызды балдай етуі мақтауға тұрарлық. Бие саууы шапшаң, қолы қолына жұқпайды. Себебі иісі-ніп тұрған жануардың сүт беруі де шапшаңдықты қалайды. Киелі жануардың келісті тұрысынан-ақ иесіне еміренгені байқалады. Басын шұлғып, бауырына жақындаған жанға мейірімді мінез көрсетеді. Желінге қолы тигенде саулап қоя беретін саумалдың өзі де төңірекке хош иісін төгіп жібереді екен. Қырмызы қымыз шашуы танауыңды қытықтайды. Келін бұл сусынның түр-түрін де бір кісідей біледі екен. Уыз қымыз - биені алғаш байлағанда бапталатын қымыз. Мұны «бие бау» деп те атайды. Бал қымыз - әбден піскен және бойына жылқының майы сіңген бапты, жұмсақ қымыз. Түсі сары келеді. Бесті қымыз - төрт түн асып, ашуы әбден жеткен қымыз. Қысырақ қымыз - бірінші рет құлындаған жас биеден сауылады. Міне, әрі қарай жалғастырып, білгіңіз келсе, Мая айтуға әзір. Жылқы түгіл, сиырдың бауырын ұмытқан ауыл келіндері осындайда есіңе түседі. Бәрі де үйретуден, үйренушінің құлықтылығынан. Демек, үйренгеннің жемісі еңбекке құлшыныстың адал көрінісі.
Қожалықта 384 гектар жер бар. Сан түрлі шөпке бай алқапта 120 ірі қара, 200-дей қой-ешкі, 60 шақты жылқы бағылуда. Биыл 42 бұзау , 12 құлын өріске қосылыпты. Сөйтіп, түлік төлден көбейеді. Демек, атакәсіп нәсіпті еселейді де. Оған да мысалымыз әзір. Сабыржан да «Лифан», Ерлан да жаңа «Нива» автокөліктері қай шаруаға да әзір. Бір «МТЗ-82», бір бесаспап «МТЗ - 82 - 1» жаңа тракторы, шөптайлағыш, басқа да техника бабында. Бәрі де малдың арқасы.
- Осы шаруа қожалығы жылда да мал азығын дер кезінде жинап алады. Иісі бұрқыраған көк шөп жануарға жұғымды. Қазірдің өзінде 2500 центнер тайланған шөп үйілді. Айналасы берік қоршалған. Мал азығын дайындау жұмысы жалғасуда. Бұл да еңбекқор жанның өзіне пайдасы, өзгеге өнегесі, - дейді Көнеккеткен ауылдық округінің бас маманы Мұхтар Бұланаев.
- Ауыз суды өзімізге жақын Жаман деген жерден тасып ішіп отырмыз. Жерасты суы таза, жақсы. Малды сусорғымен құдық-тан суарамыз. Су көздері тартылып барады. Болашақта іргемізде жатқан Азынабай - Тайпақ су жүйесін жөндеп, іске қосса, су келсе, малды өңірдің өңі кірер еді, - дейді еңбекпен есейген Ерлан Сабыржанұлы.
Өткен жылдан бері Қаратөбе ауданында қазақ күресінен Қазақстанның абсолютті чемпионы Еңсеп Досқалиевті еске алуға арналған республикалық жарыс ұйымдастырылып келеді. Биылғы жарыс туралы «Еңсеп бабаны еске алды» деген репортажда (С.Хасанов) жазылған.
Тамыздың 11-13-і күндері киелі Қаратөбеде осы өңірден шыққан даңқты палуан Еңсеп Досқалиевті еске алуға арналған қазақ күресінен екінші республикалық турнир оздырылды.
Қазақ күресі өнерінде талай белестерді бағындырып, республикамыздың тұңғыш абсолюттік чемпионы атанған Еңсеп бабамыздың есімі еш ұмытылмақ емес.
1905 жылы Егіндікөл ауылында дүниеге келген Еңсеп атамыз жастайынан қазақ күресіне, аламан бәйгелерге қатысып, шыңдала түседі. Жігері мен табандылығы арқасында 1939 жылы Семей қаласында өткен республика біріншілігіне қатысып, орта салмақта бірінші орынға, сондай-ақ барлық салмақ дәрежесі бойынша қарсыластарын жеңіп, абсолюттік чемпион атағына ие болған. 1941 жылы Фрунзе қаласындағы одақтық жарысқа қатысып, Ресей, Украина, Беларусь және басқа мемлекеттердің палуандарымен белдесіп, чемпион атанады. Ұлы Отан соғысы басталғанда Е. Досқалиев өз еркімен майданға аттанып, 1944 жылы Украина жерінде ерлікпен қаза табады. Ұлттық спорт - қазақ күресін дамытуға өлшеусіз үлес қосқан спорт саңлағының өмір жолы бүгінгі ұрпаққа үлгі боларлық.
Өткен жылы Қаратөбе ауданының әкімі Асхат Шахаровтың қолдауымен Еңсеп бабамызды еске алуға арналған турнир алғаш рет республикалық деңгейде ұйымдастырылып, баба рухы ұлықталғаны баршаға мәлім.
Осы жылғы жарыстың алғашқы күнінде турнир қонақтары мен қатысушылар Мұхит Мерәлиев атындағы аудандық тарихи-өлкетану музейіне саяхат жасап, жергілікті көркемөнерпаздардың концерттік бағдарламасын тамашалады. Екінші мәрте өткізілген республикалық турнирге еліміздің Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе облыстарынан және Орал қаласынан, сондай-ақ облысымыздың бірнеше ауданынан барлығы тоқсанға жуық палуан қатысты.
- Еңсеп бабамыздың турниріне алыс-жақыннан келген қатысушылар мен ұрпақтарына қош келдіңіздер дегім келеді. Осындай айтулы додалардың жастар арасында бұқаралық спортты дамытуға, қазақ күресін насихаттай түсуге зор ықпалы болары сөзсіз. Жарысқа қатысушы спортшылардың биік тұғырдан көрінулеріне тілектеспін, - деді турнирдің ашылу салтанатында сөз алған Қаратөбе ауданының әкімі Асхат Шахаров.
Е. Досқалиевтің немересі Айдар Досқалиев пен жарыстың бас төрешісі Ибат Еришев те қазақ күресінің дами беруіне тілектестіктерін жеткізіп, жарыс жолына шыққан палуандарға сәттілік тіледі.
Дүбірлі додада палуандар 55, 60, 66, 74, 82, 90, 100, +100 келі және абсолюттік салмақ дәрежесі бойынша белдесулер өткізіп, жарыс көрігін қыздырды.
Салмақ дәрежелері бойынша белдесудің ақтық сынына шыққан палуандар арасындағы күрес тартысты өрбіді. Күрес десе, делебесі қозатын қалың жұрт қиқуға басып, сайдың тасындай іріктелген палуандарды қолдаумен болды.
Жарыстың ақтық сынында 55 келі салмақ дәрежесі бойынша оралдық Данияр Ұзақбаев, 60 келі салмақта атыраулық Азамат Едігеев, 66 келіде Сырым ауданынан келген Айбол Оразғалиев, 74 келіде атыраулық Нұрбек Қожағалиев, 82 келіде қазталовтық Ерназар Хамзин, 90 келі және 100 келі салмақ дәрежесінде шымкенттік палуандар Ерсұлтан Мұзаппаров пен Әділжан Ыстыбаевтың бағы жанса, 100 келіден жоғары салмақта қызылордалық Айбек Серікбаев жеңімпаз атанды.
Абсолюттік салмақ дәрежесіне белдесуге шығып, шымкенттік қарсыласы Әділжан Ыстыбаевты үш минутта таза жеңіспен ұтқан қызылордалық Айбек Серікбаев турнирдің «түйе палуаны» атанып, бас жүлдеге тігілген 250 мың теңгені иемденді. «Түйе палуандыққа» талас барысында Бөрлі ауданынан келген Темірлан Көлібай жүлделі ІІІ орынға табан тіреді.
Турнир соңында салмақ дәрежелері бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтарға ие болды. Еңсеп Досқалиевтің немересі Айдар Досқалиев жарысқа қатысушы жекелеген палуандарға түрлі аталымдар бойынша сыйлықтар табыс етті.
«Күш атасын танымас» деген ақпарат (Н.Ғаббасов) қол күресіне арналған.
Спорт күніне орай Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан жазғы олимпиада ойындарына қатысушы Қазақстан құрама командасына қолдау көрсету мақсатында қол күресінен жасөспірімдер мен ересектер арасында Жаңақала ауданының ашық біріншілігі өткізілді.
Аталмыш сайысқа Бөрлі, Жәнібек, Қаратөбе, Орал қаласы №4 балалар және жасөспірімдер спорт мектебі және Жаңақала ау-данының білекті жастары қатысты.
Барлығы 60-қа тарта қара күш иелері қатысқан жарыс тартысты өтті. «Күш атасын танымас» дегендей, спортшылардың бірі күшінің басымдылығын көрсетіп, айқын басымдылықпен жеңіп жатса, бірі айла-тәсілге арқа сүйеп, ал енді бірі спорттық ережеге сай қулықтарын жүзеге асырып жатты. Жарыс соңында күш атасы Қажымұқан аталарын пір тұтқан жеңімпаз спортшыларға арнайы дипломдар табысталды.
Аяужан Кереева «Біздің Салтанат» деген мақаласында сыныптасы Салтанат Мақсотқызы жөнінде сыр шертеді.
«Бала кезгі қызықты сәттерді ойға алған кезде сағыныш толы естеліктер арасында тәтті шақты бір бөліскен бала күнгі достардың бейнесі жанға ерекше әсер сыйлайды», деп бастайды автор.
Сол кездегі тұлымды ұл мен бұрымды қыздар бүгінде өз өмірлерінің ұстасы, бір-бір отбасының тірегі мен шырағы болып отыр. Солардың бірі - біздің сыныптағы ең қайсар қыз, ұлдың өзін екпінімен ығыстырып, үнемі асық ойнау, ләңгі тебудің ортасынан табылған ерке сыныптасым Салтанат. Төрт ағасының ортасында еркелеп, еркін өскен құрбымның әкесі, марқұм Мақсот аға - көп жыл совхоздың малын баққан нағыз еңбек адамы. Ұл-қызын еңбек етіп, тер төгу арқылы адал ас табуға тәрбиелеген абзал жан «төрт ұлын бір төбе, Салтанатын бір төбе» санап өтті. Анамыз Қымбат бүгінде бала-шағасының ортасында көзайым болып, ұрпағының қызығына кенеліп отыр.
Салтанатпен Теректі ауданының Шағатай ауылдық округіне қарасты Қызылжар ауылында бірге өстік, Қызылжар негізгі мектебінде тоғыз жыл бойы білім алып, бір партада отырдық. Туған ауылымыздағы тоғыз жылдық мектепті бітіргеннен кейін әркім әр тарапқа жол тартқанда, Салтанат Орал қаласындағы Құрманғазы атындағы саз колледжінде 2005-2009 жылдары драма актері мамандығы бойынша оқуға түсіп, бала кезгі актриса болсам деген арманына алғашқы қадамын жасады. Кейін, 2009-2013 жылдары білімін Алматы қаласындағы Т. Жүргенов атындағы Қазақтың ұлттық өнер академиясында театртанушы мамандығы бойынша жалғастырды. 2014 жылдан бастап Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының магистратурасында театртанушы мамандығы бойынша оқып, биылғы жылы көптен күткен дипломына қол жеткізді.
Армандар мекені - Алматы қаласында құрбым білім алып қана қоймай, сонымен қатар жанына жақын қызмет тауып, өзін білікті маман ретінде мойындата білді. Айта кетсек, менің Салтанат құрбым 2012 жылдан бастап 2014 жылға дейін М. Әуезов атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрында сайт редакторы болып қызметін бастаса, 2014 жылдан көрермендермен жұмыс жасау бөлімінің жетекшісі болды, 2015 жылы Баспасөз қызметі бөлімінің жетекшісі қызметіне ауысып, қазір осы лауазымды лайықты атқаруда. Қызметтік сатысында жеткен жетістіктері де аз емес. 2011 жылы театртану бойынша өткен республикалық пәнаралық олимпиадада ІІІ орын иеленді, «Театртану» мамандығынан курстағы ең үздік ғылыми мақала аталымының иегері (2011-2012 оқу жылы), магистратурада оқып жүргенінде көптеген шетелдік курсқа қатысып, сертификаттар иеленген, сонымен қатар сұхбат, сын мақалалары республикалық газет-журналдарға жүйелі түрде жарияланып келеді.
Өмірдегі жетістіктері туралы сөз қозғағанда, Салтанат әр қол жеткен биік үшін әуелі Аллаға, ата-анасына, содан соң ұстаздарына шексіз қарыздар екендігін үнемі айтып отырады. Қайсар қыздың биікке ұмтылып, өнер шыңына нық қадам басуына Қызылжар негізгі мектебінде бастауыш сыныпта жетекшіміз болған марқұм Зауре Қадырғалиқызы Байнешованың, жоғары сыныпта қамқорлығына алған Жанаргүл Байнешованың, Құрманғазы колледжінде білім берген ұстазы - ҚР еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемировтың, Т. Жүргенов атындағы білім ордасында бағыт-бағдар берген өнертану ғылымдарының докторы, марқұм Бағыбек Құндақбаевтың, өнертану ғылымдарының кандидаты Анар Еркебайдың рөлі зор. Ал өмірдегі, өнердегі ұстазы, жанашыры ретінде жүрегіне жақын тартатын жан - елге танымал театр сыншысы Әлия Бөпежанованы анасындай сыйлайды. Әлия Қаһарманқызы кезінде Салтанаттың театрға қызметке орналасуына септігін тигізіп, өмірінің маңызды сәттерінде қасынан табылып, бар ақыл-кеңесін аямастан, аялы қамқорлығын көрсетіп келеді.
Кішкене ғана ауылдан алыстағы алып қала Алматыға арман қуып аттанған қайсар қыздың әлі талай биікті бағындырып, туған ауыл-аймағының мақтанышына айналарына сенім мол.
Зеленов ауданынан Түгелбай Бисен «Ән айтып, тіл үйренуде» деген мақаласында қазақ тілін үйреніп, ән салып жүрген замандастарын жазады.
Тәуелсіздік алғалы елімізде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне, өнеріне деген қызығушылықтары арта түсті. Қазір Зеленов ауданында қазақша ән шырқап, көптің көңілінен шығып жүрген өнерпаздар аз емес. Солардың бірі - махамбеттік Анастасия Сафина. Жастайынан өнерге құмар боп өскен Анастасияның әнге деген махаббатын мектепте музыка пәнінен сабақ берген ұстазы оятқан. Ол жайында Настяның өзі:
- Маған музыкадан сабақ берген Мағаз Досаев деген ағайымның сабақтары қатты ұнайтын. Ол үнемі қазақ әндерін айтып жүруші еді. Басқа сабақты оқымасам да, музыка сабағын жібермеуге тырысатынмын, - деп еске алады. Осылайша ұстазының арқасында қазақ әндерін үйрене бастаған Настя ең алғаш аналар мерекесінде «Анашым» деген әнді орындап, көпшіліктің көңілінен шыққан. Ол сәтті әлі күнге дейін есіне алып отыратын кейіпкеріміз бұдан кейін барлық мерекелік шаралар мен концерттерде тек қазақ әндерін шырқайтын болыпты. Мектеп жасынан өнерге құмар боп өскен ол ауылдық, аудандық мәдени шаралар мен конкурстардың жеңімпазы, жүлдегері атана бастайды.
Настя мектепті аяқтаған соң Жәңгір хан атындағы агротехникалық университетіне оқуға түседі. Аталмыш оқу орнын химик-технолог мамандығы бойынша аяқтаған соң оқуын магистратурада жалғастырады. Бұл күндері өзі оқыған жоғары оқу орнындағы биотехнология және табиғатты пайдалану ғылыми-зерттеу институтында мамандығы бойынша еңбек етіп жүр. Студент кезінде де қоғамдық жұмыстарда белсенді болған оны «Грамада» беларусь этномәдени орталығының басшысы Михаил Беляев байқап, бірге жұ-мыстануға шақырған. Қазір ол - аталмыш этномәдени бірлестіктің жастар қанатының жетекшісі. Өз мамандығы бойынша жұмыс жасап жүрсе де, қоғамдық шаралардан қол үзгісі келмейтін Настя түрлі мәдени-көпшілік, жиындар мен фестивальдерде өзін жақсы қырынан көрсетіп жүр. Өңірімізге Елбасымыз келіп, Қазақстан халқы ассамблеясының форумы болған кезде Президентіміздің алдында ән шырқағанын да мақтанышпен еске алады. Сондай-ақ үстіміздегі жылдың сәуір айында Беларусь Республикасына тәжірибе алмасу мақсатында барған-ды. Сол жақта еліміздегі беларусь этномәдени бірлестігі мен қазақ халқы жайында жергілікті «Кніга ноша» аталатын газетке сұхбат беріп, алыстағы беларусьтарға елімізді жаңа қырынан танытыпты.
Бүгінде домбыра үйреніп жүрген ол "Қазақстан-Орал" телеарнасында өтіп тұратын Нина Павлычеваның «Звучи домбыра дружбы» атты бағдарламасына да түсіпті. Аталмыш бағдарламаның түсірілімдері уақытша тоқтағанымен, ұстазы Айгүл Нұх-қызының үйреткендерін үйінде қайталап тұратын көрінеді. Тіпті интернеттен домбыра үйрену курстарын алып, білімін жетілдіріп тұруды әдетке айналдырған. - Мен қазақ халық әндерін айтқанды ұнатамын. Тамара Асар мен Алтынай Жорабаеваны сүйіп тыңдаймын. «Саржайлау», «Ариайдай», «Туған жер», «Қарлығаш» әндерін орындаймын. Сондай-ақ беларусь, татар халықтарының әндерін де айта аламын. Мен мемлекеттік тілді осы ән айту арқылы үйренгім келеді. Өйткені мемлекеттік тілді меңгеру әр азаматтың борышы, - дейді ол.
«Оралдың оғланы» (Т.Тоқмамбетов) - бұл ақпаратта Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының амфитеатрында ҚР спорт шебері, қазақ күресінен облыстың абсолютті чемпионы Оралбек Қожагелдинді еске алуға арналған «Оралдың оғланы» атты әдеби-мәдени шара өткені жария етілген.
Кеш шымылдығы белгілі өнерпаз Дастан Есентеміровтің орындауындағы «Қазақтың жігіттері-ай» әнімен ашылды. Артынша «Біздің елдің жігіттері» деп әндеткен Фархат Оразов көрерменнің қошеметіне бөленді. Ал жас ақын Талғат Мықи «Батыс жақта Жымпитыдай бір ел бар» атты өлеңін оқып, жұртшылықты бір серпілтіп тастады. А. Маемировтың сөзіне жазылған «Бауырды аңсау» әнін композитор Жаскелең Ғайсағалиев орындаса, жас күйші Әлихан Сейітқалиев «Жеңіс» күйін жұртшылыққа тарту етті.
- Айдан алқа, жұлдыздан жүзік таққандай қасиетті Жайықтың жағасында кімдер келіп, кімдер кетпеді. Қол бастаған көсем, сөз бастаған шешен Сырым батыр, саусағынан саз тамған Құрманғазы мен Дина туған өлке. Оралбек ағамыз да шағын кешке сыятын тұлға емес. Отыз бес жылдық ғұмырында күллі қазақ жұртының жүрегінен орын ала білген Оралбек ағамыздың мәдени кешіне қош келдіңіздер, - деді Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының басшысы Бауыржан Халиолла. Аталмыш мекеме басшысы белгілі кәсіпкер Ержан Бахтияровтың аманатын орындап, «Оралбек батыр» кітабының авторы Нұрлан Сәдір мен кітаптың шығуына бірден-бір себепкер болған Абзал Құспанның иығына шапан жапты. Сонымен бірге осы кешті ұйымдастыруға қолұшын созған Тілек Махметов пен Мұратбек Мұхамедиев сияқты мәрт жігіттерге алғысын білдірді.
Шара барысында қойылған «Қасқыр мен адам айқасы» атты хореографиялық композиция көрерменді кереметтей әсерде қалдырды. Тарас Жауымбаев, Жаңылсын Хасанова, Альберт Ғазизжанов және қособалық Сәлімжан Әубәкіров сияқты әншілер өз өнерлерін ортаға салды.
- Қособа елінің тумасы Оралбек ағамыз туралы Нұрлан Сәдірдің «Оралбек батыр» атты кітабының тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартып отыр. Осы хабарды естіп, бір топ ауылдастары келіп отырмыз. Оралбек Матниязұлы туралы кітап жарыққа шықты дегенді естігенде, бүкіл ауыл болып қуандық. Ағамыздың артында қалған жары мен ұрпақтарына амандық тілеймін. Кітаптағы естеліктерді оқи отырып, Оралбек Қожагелдиннің туған жерге деген ыстық махаббатын сезінуге болады. Игі шараны ұйымдастырған елдің азаматтарына алғысымды жеткізгім келеді, - деген Қособа ауылдық округінің әкімі Жұмабай Сатаев Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы мен Оралбекке арнау жазған Ерік Мұхамбетқалиевке естелік сыйлықтар табыстады.
Самбо күресінен ардагерлер арасындағы әлем чемпиондары Қуаныш Әбуов пен Чапай Иманғалиев күрестің әдіс айласын көрсетіп, көрерменді бір серпілтті. Кейінгі ұрпаққа Оралбек сияқты елдің азаматын танып білсін деді ме екен, кешті тамашалаған көрермендердің дені балаларын ерте келіпті. Қособа жұртының да Оралбекке деген құрметінің шексіз екенін Марат Халиуллиннің орындауындағы әннен аңғардық. Кеш соңында амфитеатрға жиналған жұртшылық орнынан тұрып қол соқты.
«Ел үшін туған ер» (Б.Ширмединұлы) де палуан О.Қожагелдинге қатысты.
ҚР Журналистер одағының мүшесі Нұрлан Сәдірдің «Оралбек батыр» атты кітабы шыққаны, оған белгілі заңгер Абзал Құспанның бастамашы болғаны туралы жергілікті басылымдар, әсіресе, әлеуметтік желі беттерінде жиі жазылуда. Кітап кейіпкерінің ҚР спорт шебері, дзюдо мен самбодан облыс чемпионы, қазақша күрестен Батыс Қазақстан облысының бірнеше дүркін абсолюттік жеңімпазы, республикалық, халықаралық сайыстардың жүлдегері Оралбек Қожагелдин екендігін анықтап айтудың қажеті шамалы. Себебі біздің елде Оралбек Қожагелдинді білмейтін адам кемде-кем.
Кітаптың кіріспесінде бұл еңбекте Оралбек Қожагелдиннің өмір жолы, тұлғалық қалыптасу кезеңдері, отбасылық өмірі, қоғамдық қызметі және қасіретті қазасы туралы нақты куәгерлердің естелігі жинақталғаны жазылған. Біздің өңірде (Сырым ауданы) Оралбек жайлы әркім екі ауыз әңгіме айта алады. Ол әңгімелердің нұсқалары мен бояуы түрліше, бірақ мазмұны бір. Олай болуы орынды да. Себебі әрбір қазақтың жүрегінде өзінің Оралбегі бар. Оралбек жайлы әңгіме айтылса, әркім ол әңгімеден өзінің Оралбегін іздейді. Өзінің Оралбегіне тән мінезді, өзінің Оралбегіне тән қылықты көргісі келеді. Жаңа айтқандай, мазмұн біреу, қазақ үшін Оралбек Қожагелдин - батыр. Кітапты құрастырушылар еңбекке тақырып берер кезде осыны ескерген. «Оралбек батыр» кітабы - елдің аузындағы Оралбек жайлы айтылатын әңгімелерді хаттаған алғашқы басылым. Кітаптың жаңалығы деп осыны айтайық.
Жуырда Қособа ауылдық округінде, Оралбек Қожагелдиннің туған ауылы Жырақұдықта, өзі оқыған мектептің акт залында Нұрлан Сәдірдің «Біздің елдің жігіттері» сериясымен шыққан «Оралбек батыр» кітабының таныстырылымы өтті. Бұл шараны өткізуге ауыл тұрғындары өздері ұсыныс берген. Кейін округ әкімі Жұмабай Сатаев, ел азаматтары Серік Тоқмамбетов, Жеңіс Шапешов, Марат Халиоллин сынды ауылдықтар бірлесіп ұйымдастырды. Таныстырылымға кітаптың авторы Нұрлан Сәдір, «ДАНА.kaz» тарихи-танымдық журналының бас редакторы, өлкетанушы Қазбек Құттымұратұлы, белгілі заңгер, «Оралбек батыр» кітабының идея авторы Абзал Құспан арнайы қатысты.
Осы шарада «Оралбек батыр» кітабы қолыма тиді. Үйге келгесін шамалап қарап шықтым. Байқағаным, кітап авторы жазған дүниесін асыра әсірелеуге бармаған. Кей авторлар оқырманды баурау үшін суреттеуді көбейтіп, әдеби әдістердің небір шұрайын қолданады емес пе. Бұл кітап олай жазылмаған. Бірақ оқығанда бас алғысыз. Оқырман ретінде кітаптың бір тартымдылығын жазылу тілінің табиғилығынан деп түйдім. Еңбектің ең басты ерекшелігі - тастүйін фактілігі де сияқты. Кітаптағы деректердің түгелдей жете зерделенгені, сауатты адамдармен сарапталғаны көрініп тұр.
Шарада аталмыш еңбек туралы, Оралбек туралы әркім жылы пікірлер айтты. «ДАНА.kaz» тарихи-танымдық журналының бас редакторы, өлкетанушы Қазбек Құттымұратұлы «Оралбектің өмірінде өкініш жоқ!» деп айтты. Белгілі заңгер Абзал Құспанның аузынан «Ол - күрделі тұлға! Оралбек - өз заманының өнімі!» дегенді естідік. «Оралбек жайлы жазуға мастықпен кірістім. Мен Оралбек деген тұлға туралы түсінікке масайдым. Масаймасам, «сау» болсам, еңбек халықтың ықыласын туғызбас еді. Оралбекті жазу - маған бұйырған бақыт!» деді кітап авторы Нұрлан Сәдір. Есімізде қалған осындай есті сөздерді мақаланың ішінде қамти кеткенді дұрыс санадым.
ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын Бауыржан Халиолла кітаптың шығармашылық ұжымының еңбегіне елдің атынан алғыс білдірді. Шарада округ әкімі Жұмабай Сатаев, батырдың жары Сәуия жеңгей, ауыл қариясы Мәдина Жұмағұлова сөз алды.
Осы күні «Тұмар» мейрамханасында Оралбек батырдың рухына арналып ас берілді.
Таныстырылым шарасының барысында Оралбек Қожагелдинді мәңгі есте қалдыру мақсатында оның атын көшеге, не болмаса бір әлеуметтік нысанға беру туралы ұсыныстар да айтылды. Қособадан Жымпитыға жеткенше «Оралбек батыр есімін Жымпитыдағы дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне берсе, қалай болар екен?» деген оймен келдім...
«Алтынға бергісіз күміс!» (Ғ.Бәймен) - бұл мақала Рио олимпиадасының күміс жүлдегері В.Левитке арналған.
Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан жазғы олимпиада ойындарының оныншы күні Қазақстан ұлттық құрамасы боксшылардың алатын жүлдесін есептемегенде, медальдар санын 10-ға жеткізді.
Бірден айтайық, дүйсенбі қазақстандық боксшылар үшін сәтсіздіктерге толы, ауыр күн болды. Алдымен 52 кг салмақта рингке шыққан Олжас Сәттібаев әзірбайжан жігіті Эльвин Мамишзадеден үш раунд бойы басым түссе де, төрешілер жеңісті қарсыласына берді. Ал 75 кг салмақта қазақстандықтар алтын алады деп үміттенген Жәнібек Әлімханұлы 1:2 есебімен тағы бір әзірбайжан Камран Шахсуварлыдан ұтылды. Бұл жерде, біздіңше, алғашқы екі раундта Жәнібек белсенділік көрсетіп, қа-зыларға еш күмән қалдырмауы керек еді. Үшінші раундта алға ұмтылғанымен, кеш қалды. Бір қызығы, 25 жасар Камран Ақтө-беде туып-өскен, Жәнібекпен жас шағында талай кездескен. Қазақстан спорт шебері атағына қол жеткізгенмен, ұлттық құрамаға ілінбегеннен кейін 2013 жылдан өзінің тарихи отанының атынан шыға бастаған. Әйтеуір, қандай себеппен болсын, Ж. Әлімханұлы қол созым жерде тұрған жүлдеден қағылды. Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны, жерлесіміз Данияр Елеусінов 69 кг салмақта жартылай финалда француз Сулейман Сиссоконы айқын басымдылықпен ұтып жатқан. Алайда екінші кезеңде басынан жарақат алғандықтан, дәрігерлер кездесуді жалғастыруға рұқсат бермеді. Дегенмен жеңіс бірауыздан Д. Елеусіновке берілді. «Бұл олимпиада ойындары ғой. Сондықтан әр боксшы жеңіс үшін түрлі құйтырқы әрекеттерге барады. Қарсыласы Даниярды баспен сүземін деп, өзі жарыс жолынан шығып қалды», деді Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов бәсекеден кейін. Даниярдың жарақаты ауыр болмаса, бүгін түнде 69 кг салмақта өзбек боксшысы Шахрам Гиясовпен өткен соңғы шайқас алтын жүлде иесін анықтады.
Төрешілер тарапынан әділетсіздіктің көкесі қазақстандық Василий Левит пен ресейлік Евгений Тищенконың кездесуінен кейін болды. Екі кезең қорытындысы бойынша олардың бәсекесі тең дәрежеде деп бағаланса, үшінші раундта Василийдің қарсыласын қуып жүріп сабағанына қарамастан, жеңіс Е. Тищенкоға берілді. Бұған риза болмаған залдағы көрермендер гуілдеп, «Қазақстан!» деп айқайлап жатты. Ысқырық, шу спортшыларды марапаттаған кезде де басылған жоқ. Қайта В. Левиттің өзі қолын көтеріп, оларды тыныштандыруға тырысты. Дәл осындай жағдай 2004 жылғы Афины олимпиадасы кезінде орын алған еді. Онда ресейлік атақты гимнаст Алексей Немовқа төмен баға берілген кезде көрермендер жарысты жалғастыруға мүмкіндік бермей, шулап тұрып алған еді. Осы жолы да төрешілер шешімі дауға айналып, мамандар арасында қызу талас туғызды. Қазақстандықтарды айтпай-ақ қояйық, Ресей құрамасының бапкері Эдуард Кравцовтың өзі В. Левиттің жеңісін мойындады. Ал белгілі ресейлік промоутер Владимир Хрюнов қазақстандық боксшыға Вэл Баркер кубогын беру керектігін, егер өзімен келісімшартқа қол қойып, кәсіпқой боксқа ауысса, әлем чемпионы атануға мүмкіндігі бар екендігін мәлімдеді. Тағы бір атышулы промоутер Лу Дибелла АИБА-ның (халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы) былыққа батқанын айтып, отқа май құйса, кәсіпқой бокстан орта салмақтағы әлемнің экс-чемпионы, аргентиналық Серхио Габриэль Мартинестің пікірінше де, бұл кездесуде жеңген - В. Левит. Кейбір спортшылардың түрлі себеппен алтын алмағанмен, атақ-даңқы шарықтап кететін кезі болады. Сондықтан қазақстандық боксшының бұл күмісі алтыннан артық.
Оның алдында Олжас пен Жәнібектің жеңілмегендігін айтқан Мырзағали Айтжанов Е. Тищенконың өзі келіп, кешірім сұрағанын жеткізді. Алайда соны күллі әлем алдында мойындауы керек еді.
Ауыр атлетикадан Қазақстанның соңғы үміті Александр Зайчиковтың 105 кг салмақта қоссайыс қорытындысында екінші орынға көтерілетін мүмкіндігі болды. Бұдан тағы да төрешілер айырды. Жұлқа көтеруден кейін 193 кг салмақты еңсерген Александр үшінші орында тұрса, серпе көтеруді 223 келіден сәтті бастады. Әйтсе де екінші әрекетінде 227 келіні көтере алмады. Үшіншісінде әуелі төрешілер есептегенмен, артынан қазылар алқасы (жюри) бұл шешімнің күшін жойды. Сөйтіп, қазақстандық атлеттің жолына нүкте қойды. Бұл салмақта Илья Ильин болмағандықтан, өзбек спортшысы, 24 жасар Руслан Нурудинов өзін суда жүзген балықтай сезініп, 431 кг (194+237) көрсеткішпен чемпион атанды. Ал 19 жасар армениялық Симон Мартиросян қоссайыс қорытындысында 417 келіні (190+227) бағындырып, күміс жүлдені іліп әкетті. А. Зайчиков одан небәрі 1 келіге қалып қойды. Қызылорда облысында туып-өскен, қазақшаға судай, 17 тамыз күні 24 жасқа толған Александр Зайчиков енді Токио олимпиадасына әзірленетінін жасырған жоқ. Тек халықаралық ауыр атлетика федерациясының президенті Томаш Аян Рио олимпиадасынан кейін допинг дауына байланысты Ресей, Қазақстан, Беларусь сынды елдердің құрамалары бір жылға жарыстан шеттетілетінін мәлім етті. Бұл спорттың осы түрінде барынша таза өнер көрсетудің маңызы зор екендігін дәлелдейді. Сондықтан сыннан сабақ алып, Токио олимпиадасына тастүйін күйде бару үшін бәрін дұрыс жолға қою керек.
Олимпиаданың он бірінші күні бокс сайысында Жайна Шекербекова 51 кг салмақта франциялық Сара Урамуннан ұтылып, кемінде қола жүлде әперер жартылай финалға шыға алмады. Есесіне аса ауыр салмақтағы Иван Дычко нигериялық Эфе Аджагбуды тізе бүктіріп, келесі кезеңге аса қиналмай өтті. 20 тамыз күні ол ұлыбританиялық, жұдырығы жойқын Джо Джойспен қолғап түйістіреді. Қола қолда, финалға өту үшін барын салуы керек енді.
«81 кг салмақта Әділбек Ниязымбетов сауатты бокстасудың үлгісін көрсетті. Ол тағы бір британдық, Әділбектің сыралғы қарсы-ластарының бірі, өзбек Елшод Расуловты ұрып құлатқан Джошуа Буатсиді соққымен күтіп алып, адымын аштырмады. Финалда ол үш мәрте әлем чемпионы, кубалық Хулио Сесар Ла Круспен шаршы алаңға шығады. Әлемдік додаларда, соның ішінде Лондон олимпиадасында кілең күміс алып жүрген Әділбектің бағы жансын деп тілейміз», делінген мақала соңында.
«Орал өңірі» газетінің 20 тамыз күнгі саны «Ақ Жайықтың алтын ұлы» атты мақаламен (Ғ.Сейтақ) ашылған.
Рио-де-Жанейро қаласындағы жазғы олимпиада ойындарының он екінші күні барша қазақ еліне, Ақ Жайық жұртшылығына айрықша қуаныш сыйлады. Бейсенбіге қараған түні жерлесіміз, бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Данияр Елеусіновтің финалдық жекпе-жегін тікелей эфирден көру үшін Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының амфитеатрына жиналған халық аз болған жоқ. Жартылай финалда алған жарақатына қарамастан, Данияр бар шеберлігін салды. Егер ауыр соққы алса, қабағы кез келген сәтте қайта жарылып кетуі мүмкін еді. Соны ойлаған Данияр қорғанысты ұмытқан жоқ. Үш раунд бойы әдемі де тез қимылдарымен өзбек боксшысы Шахрам Гиясовтың алдын орап, оңтайлы сәтте өзі соққы жұмсап, теңдессіз шебер екендігін айдай әлемге көрсете білді. Мұның алдында біраз мықтыны жолдан тайдырған Шахрам осал емес-ті. Бірақ Даниярға түк істей алмай, амалы құрыды. Дегенмен Шахрам ер екен, қазақ жігітін өзі құттықтап, бауырлас халықтың өкілі екендігін танытты. Бәлкім, бокста үнемі бітпес бәсекеге түсетін қазақ пен өзбектің арасына сына қаға бермей, осылайша туыстықтың туын көтеру керек шығар.
Тәуелсіздік тойына теңдессіз тарту
Данияр Елеусіновтің тарихи жеңісімен амфитеатрға жиналған жұртшылықты Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов құттықтап, биік шыңдарға жету үшін спортпен айналысудың маңыздылығын атап көрсетті. Ең бастысы, Данияр ел сенімін ақтады. Жастар осылайша спортпен дендеп айналысса, талай асуды бағындыра алады. Бұл үшін барлық жағдай бар, тек еңбек ету керек.
Иә, Даниярдың да олимп шыңына жетуі - сол жылдар бойы төккен тер мен тынбай жаттығудың арқасы. Бұл жерде әкесі, жеке бапкері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Марат Елеусіновтің өлшеусіз үлесін айту керек. Боксқа баулып, өзі баптаған қос ұлы Дәурен мен Даниярды жетелеу оңайға түскен жоқ. Кезінде Оралда тиісті жағдай жасалмағаннан кейін амалсыз Астанаға көшті. Студенттер арасында әлем чемпионы атанған Дәурен де олимпиадада ел намысын қорғап, жүлде алуға лайықты еді. Амал не, Афины олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаевпен бір салмақта болғандықтан, 2008 жылы Бейжіңге бара алмады. Халықаралық додаларда талай рет топқа түсіп, жүлде алғанымен, құрама ауылы алыстап кеткендіктен, ақыры кәсіпқой боксқа ауысты. Сондықтан ендігі үміт Даниярда еді. Лондон олимпиадасында 21 жасар Данияр ширек финалда қарсыласына есе жіберіп, жүлдеге қол созым жерде тоқтады. Енді, міне, тәжірибесі толысқан, нағыз дер шағында олимпиада чемпионы атанып отыр. 25 жасында ел тәуелсіздігінің 25 жылдық тойына теңдессіз тарту жасады.
Қалайша толғанбайсың, қалайша қуанбайсың, Қазталов ауданы Қайыңды ауылында кіндік қаны тамған Данияр Елеусінов - Ақ Жайықтан шыққан алғашқы олимпиада чемпионы. Бұрын мұндай биікке Батыс Қазақстаннан ешкім көтерілген емес. Рас, Бейжіңде Таймураз Тигиев еркін күрестен күміс, Лондонда Даниял Гаджиев грек-рим күресінен қола жүлдеге қол жеткізгені естен шыға қойған жоқ. Алайда олардың екеуі де Орал деп онша бас қатырмайтын, шеттен келген легионерлер еді. Сондықтан Ақ Жайықтың өз ұлының жеңісі біз үшін мың есе қымбат. Бұл қала ғана емес, ауыл-аймақта дарынды балаларды қаршадайынан спортқа тартып, баулыса, дұрыстап жағдай жасаса, олардың арасынан да чемпион шығатынын дәлелдейді.
Тағы бір астын сызып айтатын жайт, 69 кг салмақта Бақтияр Артаев 2004 жылы Афиныда, Бақыт Сәрсекбаев 2008 жылы Бейжіңде, 2010 жылы Серік Сәпиев Лондонда топ жарса, биыл Данияр Елеусінов чемпион атанды. Бұған дейін олимпиада тарихында Куба елінің боксшылары ғана 91 кг салмақта төрт рет қатарынан (оның үшеуі Феликс Савонның, біреуі Одланьер Солистің еншісінде) озық шыққан еді. Енді қазақтар «өз салмағында» Токиода жеңімпаз болса, рекордтық көрсеткішке қол жеткізеді.
Әділбек Ниязымбетов 81 кг салмақта финалда қаша жүріп, «соғысудың үлгісін» көрсеткен кубалық Хулио Сесар Ла Крусқа төрешілер шешімімен жол беріп, екі мәрте қатарынан олимпиаданың күміс жүлдегері атанды.
Қазақстандық боксшы Дариға Шәкімова 75 кг салмақта марокколық Хадиджа Мардиді 3:0 есебімен жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. Ол кеше 2012 жылғы Лондон олимпиадасының әрі әлем чемпионы, атышулы америкалық Кларесса Шилдспен шаршы алаңға шықты. Дариға қазақ қыздары арасында алғаш рет олимп биігіне көтеріліп отыр. Кеше ел намысын аса ауыр салмақта Иван Дычко да қорғады. Қазақстан құрамасы осы олимпиадада медальдар санын 17-ге жеткізіп, рекордтық нәтиже көрсетуде.
Әйелдер күресінен 69 кг салмақта Эльмира Сыздықованың қола жүлдені иеленуі ерекше оқиға болды. Ол қазақ қыздары арасында күрестен тұңғыш рет олимпиада жүлдегері атанды. Алғашқы бәсекесінде олимпиада чемпионы, ресейлік Наталья Воробьеваға тап келген Эльмира барынша тайталасып күресіп, 1:4 есебімен ғана есе жіберді. Н. Воробьева финалға шыққаннан кейін Э. Сыздықова жұбаныш белдесуінде моңғолиялық Очирбатын Насанбурмааны 3:2 есебімен тізе бүктірді. Ал қола жүлде үшін бәсекеде мысырлық Энас Мостафаны айқын басымдылықпен (7:4) ұтты.
Оралдың қызы - олимпиада жүлдегері
Эльмираның жеңісті жолын келесі күні Қазақстан құрамасындағы ең тәжірибелі палуан Гюзель Манюрова мен Орал қаласында туып-өскен Екатерина Ларионова жалғастырды. 38 жасар Гюзель кезінде Ресей құрамасы сапында Афины олимпиадасында күміс медальді жеңіп алса, кейін Қазақстанға келіп, Лондонда қола жүлдені қанжығаға байлаған еді. Өзінің төртінші олимпиадасында 75 кг салмақта алдымен Венгрия елінің өкілі Жанетт Неметті 12:2 есебімен ойсырата ұтса, одан кейін камерундық Аннабель Алиді 8:6 есебімен жолдан тайдырды. Ал жартылай финалда бұрынғы отандасы, ресейлік Екатерина Букинадан жеңіліп жатып, жауырынын жер иіскетіп кетті. Финалда канадалық Эрика Уибеге есе жібергенімен, осының өзі - үлкен жетістік. Ал олимпиада додасына тұңғыш қатысып отырған 22 жасар Екатерина тіпті ерледі. Алғашқы белдесуінде белорус палуаны, кейін финалға өтіп, күміс жүлдегер атанған Мария Мамащуктан 2:8 есебімен ұтылғанымен, қола жүлде үшін бәсекелерде әдемі әдістер қолданып, Еуропа біріншілігінің жүлдегері, швециялық Хенна Йохансонды да, әлем чемпионы, америкалық Елена Пирожкованы да таза жеңіп кетті. Данияр Астана атынан шыққандықтан, Екатерина Ларионова Батыс Қазақстан облысының қоржынына бірінші медальді салды. Бұл табыстың да оралдықтар үшін жөні бөлек. Біз осыған орай Екатеринаның анасы Наталья Ларионовамен тілдескен едік.
«Қызымыздың Рио олимпиадасында сәтті өнер көрсетіп, жүлде алатынына сендім. Оның осындай табысқа жетуіне әкесі, кішкентай күнінен күрес өнеріне баулып келе жатқан Алексейдің қосқан үлесі өлшеусіз. Алексей елде қалса да, екі апта бойы тыным тапқан жоқ. Екатеринаның барлық қарсыластарының қарымын саралап, қызына ақылын айтты. Катя осының алдындағы жарыстардың бірінде миы шайқалып, жарақат алған еді. Абырой болғанда, дәрігерлер емдеп, қатарға қосты. Екі-үш күн бұрын сөйлескенімде, «Бәрі жақсы», - деді. Қола жүлдегер атанғаннан кейін қуанышта шек болған жоқ. Катяның өзі де: «Алға, Қазақстан! Әке, мен сені жақсы көремін!» деп сәлем жолдап жатты. Жалпы, 1994 жылғы Катямыз - отбасындағы бес баланың үлкені. Одан кейін Нұрлыбек 1998 жылы дүниеге келген. Тоқсаныншы жылдардың аса қиын уақытында Нұрлыбек Райымқұлов деген досымыз бізге қатты көмектесіп еді, есімін соның құрметіне қойдық. Қазақтың атақты палуаны, Алексейдің жас кезінде бірге жүріп, жарыстарға бірге барған сыралғы жолдасы Дәулет Тұрлыхановтың атын алған 1999 жылғы Дәулетіміз қазірдің өзінде апасы сияқты 63 кг салмақта грек-рим күресінен жасөспірімдер арасында халықаралық жарыстарда топ жарып жүр. 2003 жылғы Алексейімізден де күтер үміт мол. Ол Оралдағы спортқа дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта оқиды. Матвейіміз бес жаста.
Жас кезінде палуан болған отағасы Алексей кейін бапкерлікке ауысып, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы атанды. Бір сөзбен айтқанда, үйде бәріміз спортқа жақынбыз. Біздің отбасымызбен араласатын қазақ достарымыз да аз емес, бәрі құттықтап жатыр. Баршасына рақмет!», - деді Н. Ларионова.
«Иә, Екатерина Ларионовадан біз де жүлде күткен едік. Ол үмітіміз толықтай ақталды. Бұған дейін жасөспірімдер мен жастар арасында талай рет топ жарып, 2013 жылы Будапешт қаласында әйелдер күресінен әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған Екатеринаның алар асулары алда. Бұйырса, төрт жылдан кейін Токио төрінен көріп қалармыз.
Жеңісті күндерде жолыққанша!», делінген мақала соңында.
Ақын Нұртай Текебаев Данияр Елеусіновтің жеңісіне «Алтын құлжа» деген өлеңін арнаған.
Алтын құлжа
Данияр - даламның дарабозы,
Жеңіс сыйлап қазаққа, жарады өзі!
Тұғырда жарқырап тұрғанында,
Көңілдің көкке ұшты ала қазы.
Алаштың көкке тіккен байрағысың,
Алтын құлжа орындады ойдағысын.
Маңдайыңнан сүйген бақ еміренді,
Марғасқасың жаралған майдан үшін.
Айбаты арыстандай, қолы құрыш,
Жанары - от, жігері - асқақ, көңілі - ырыс.
Дүйім жұртты дүбірімен таңырқатты
Бойыңдағы балқыған дүлейлі күш.
Тұрқың бөлек соққандай таудан мүсін,
Қазақтың қайтпас қайсар арланысың.
Маңдайыңның етін жырып, алтын алдың,
Садақа қып аңсап күткен арман үшін.
Елбасы сүйсіне айтар мәрттігіңді,
Күдікті парша қылып серт тірілді.
Жасындай жарқылдаған жампоз жігіт,
Тұғырда желбіреттің көк Туымды!
Д.Елеусіновтің жеңісіне орай маман, көрермен де өз тілектерін білдірген.
Нұрсұлтан Қонарбаев,
облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің бапкері:
- Даниярды 2001 жылдан бастап танимын. Ол С. Қонақбаев атындағы балалар-жасөспірімдер бокс спорт мектебінде бокспен шұғылданды. Мен 2001-2007 жылдар аралығында жасөспірімдер бойынша облыстық құраманың аға бапкері болып жұмыс жасадым. Сол кезде Даниярды түрлі турнирлерге апардым. Жалпы, Данияр жарыстарда техникасымен, талантымен ерекшеленетін. Он үш жасында, яғни 2004 жылы ол ел чемпионы деп танылды. Бұл оның ең алғашқы жетістігі еді. 2006 жылы Азия мен әлем чемпионатын ұтып, әлем чемпионатында ең үздік боксшы атағына ие болды. Сол кезде әріптес ағам, Даниярдың әкесі Марат Елеусіновке «Егер Данияр осы бетінен таймаса, Алла бұйыртса, олимпиада чемпионы болады» дедім. Марат ағам «Айтқаның келсін» деп, өзінің ризашылығын білдірді. Міне, 10 жылдан кейін сол тілек орындалды. Данияр олимп шыңына көтерілгенде, Бразилияда жүрген Марат ағамен WhatsApp желісі арқылы хабарласып, құттықтап, осы бір сәтті еске алған едік.
Айдарбек Ақболатов,
Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің оқытушысы:
- Даниярдың финалдық айқасын көру үшін оралдықтардың біразы түн болғанына қарамастан, Қадыр орталығына келгенін көріп, қатты қуандым. Жерлестерінің, жалпы барша Қазақстанның осыншама қолдауын сезінсе керек, Данияр ел сенімін ақтады.
Даниярдың тактикалық және психологиялық тұрғыдан жақсы дайындалғаны бірден көрінді. Айқас барысында бапкерлер де жақсы бағыт-бағдар беріп отырды. Міне, соның арқасында жарақатына қарамастан, жеңіске жетті. Осылайша ол бала кездегі арманына қол жеткізді.
Олимпиада басталғалы балаларыммен бірге түрлі сайыстарды қарап, еліміздің спортшыларына жанкүйер болудамыз. Әсіресе, боксты жібермейміз. Міне, бүгінгі Қадыр орталығындағы көрсетілім шарасы әсерлі болды. Бірі 10, екіншісі бес жастағы балаларым Әлихан мен Әлижан да үлкен әсер алды. «Біздер боксқа қатысып, Данияр, Әділбек ағаларымыз секілді чемпион болғымыз келеді» деп, мені де ойландырып тастады...
Сондай-ақ туған жері Қазталов ауданынан қос хабар берілген. «Чемпионға арналған аутошеру» - тамыздың 18-і күні Қазталов ауылында жерлесіміз, олимпиада чемпионы атанған Данияр Елеусіновтің құрметіне аутошеру ұйымдастырылды.
Салтанатты шеруде сөз алған аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова:
- Данияр бауырымыздың жеңісі теңдессіз. Ол әлем алдында қазақ оғландарының қандай екенін дәлелдеді. Төрткүл дүние бұл жеңіске қызыға да, қызғана да қарады. Қараөзеннің жағасында, қызғалдақты алқапта кіндік қаны тамған Данияр - ел мақтанышы, - деді.
Аутокөлік шеруі Қазталов ауылының бас көшелерімен көк байрағымызды желбіретіп, жеңісті паш етіп, жүріп өтті.
«Қазталовтықтар түнімен тойлады» - Тамыздың 18-і күні түнгі сағат 00:30-да жерлесіміз, Қазталов ауданы Қайыңды ауылынан шыққан боксшы Данияр Елеусінов өзбек елінің боксшысы Шахран Гиясовпен қолғап түйістірді. Нәтижесінде Данияр бауырымыз айқын басымдықпен жеңіп, олимпиада ойындарының чемпионы атанды.
Жерлестерінің финалдық жекпе-жегін қазталовтықтар "Достық" саябағында тамашалап, жанкүйерлік танытты. Даниярдың жеңісіне қуанған жерлестері "Данияр - чемпион!" деп ұрандатып, қуанып жатты. Төрешілер Даниярдың жеңіске жеткенін хабарлағаннан кейін, жарысты халықпен бірге тамашалаған аудан әкімі Нұрлан Бекқайыр қазталовтық ағайынды құттықтап: - Бүгін біз үшін үлкен қуаныш. Даниярдың аты аудан тарихында және әлем спортының тарихында алтын әріптерімен жазылатын болады. Баршаңызға бүгінгі түнде Даниярға жанкүйер болып, қолдау білдіргендеріңізге өз атымнан алғысымды білдіремін, - деді.
Сондай-ақ Данияр Елеусіновтің жеңісінің құрметіне аудан көркемөнерпаздары ән шырқап, саябақтың түнгі аспаны әдемі отшашуға бөленді.
«Мораторий бес жылға ұзартылды» (www.akorda.kz) деген ақпаратта Елбасының төрағалығымен елдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және Жер реформасы жөніндегі комиссияның қызметі туралы кеңес өткені мәлім етілген.
Кеңеске Премьер-министр К. Мәсімов, Президент Әкімшілігінің басшысы Ә. Жақсыбеков, Премьер-министрдің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі А. Мырзахметов, Президенттің көмекшісі - Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Н. Ермекбаев, Ұлттық экономика министрі Қ. Бишімбаев қатысты.
Іс-шара барысында Жер реформасы жөніндегі комиссияның жұмыс қорытындылары талқыланып, жер заңнамасының өзгерістеріне мораторийді бес жылға ұзарту туралы шешім қабылданды.
- Жер кодексінің бірқатар нормаларына мораторий енгізілген кезден бастап комиссия маңызды жұмыс жүргізді, елдің барлық өңірінде кеңес өткізіп, азаматтардың пікірін тыңдады. Жұмыс барысында олар жақсы ұсыныстар айтты, атап айтқанда, жалға беретін телімдердің шекті көлемін, жерді пайдалану тәсілдері мен оны тиімсіз пайдаланған жағдайда қабылданатын шараларды анықтау туралы ұсыныстар енгізілді. Осылайша бәрі жерді 49 жылға дейін жалға беру институтын сақтау қажет деген ортақ шешімге келді. Сонымен бірге әлемдік тәжірибені тағы да зерттеп, қосымша уақыт қажет екені туралы тұрғындарға біліктілікпен түсіндіру керек. Сондықтан комиссияның мораторийді тағы бес жылға ұзарту туралы ұсынысын қабылдаймын, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ Қазақстан Президенті Үкіметтің жер заңнамасына өзгерістер енгізу туралы шешім қабылдаған кезде агроөнеркәсіп саласына қаражат тарту мақсатын басшылыққа алғанын атап өтті.
- Ауылдық жерлерде халықтың шамамен 40%-ы тұрып жатыр, 20%-ы ауылда еңбек етеді. Ауыл шаруашылығын өркендету көптеген салалардың дамуына септігін тигізеді. Ауыл шаруашылығымен айналысатындардың барлығы бұл салаға қолдау көрсету үшін мемлекеттің қандай күш-жігер жұмсағанын жақсы біледі. Жыл сайын аграрлық секторға айтарлықтай қаражат жұмсалады, бірақ ол өзін ақтай бермейді. Нарықтық экономикада олай болмайды. Мұның себебі ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігінің төмендігінде жатыр, ал оны арттыру үшін қосымша қаражат салу керек. Бүкіл әлем аграрлық секторға инвестиция тарту ісімен айналысуда. Біздің мемлекетіміз де ауыл шаруашылығын дамыту үшін көбірек капитал тартуды қалады. Егер бұл жұмыс түсіндіруден басталып, тек содан соң ғана заңдар қабылданса, онда ахуал басқа болар еді, - деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, кеңесте республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі мәселелері, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы және алдағы кезеңге арналған жоспарлар қарастырылды.
- Елдің экономикалық дамуы әлемде болып жатқан үдерістер салдарынан зор қысым көріп отыр. Қазіргі қаржылық-экономикалық дағдарыс, сандық экономиканың жаңа парадигмасына көшу бізден мүлде жаңа қадамдар талап етеді. Біз соны таба білуіміз керек, бұл үшін елде ресурстар жеткілікті, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Өз баяндамасында А. Мырзахметов Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған комиссия Астанада, сондай-ақ бірқатар өңірде жұртшылықтың қатысуымен көшпелі отырыс өткізгенін айтты.
- Азаматтардың арыз-шағымдары үшін арнаулы сайт ашылып, call-орталықтар құрылды, бүгінде оларға 13 мыңнан астам телефон қоңырауы түскен. Түсіндіру жұмыстары барысында жұртшылықты барынша кеңірек қамту үшін әкімдіктер жанындағы қоғамдық кеңестер іске тартылды, халықтың 67 мың өкілімен кездесу өтті, - деді Премьер-министрдің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі.
А. Мырзахметов комиссияның негізгі ұсыныстары, соның ішінде ауыл шаруашылығы жерін жалға беру институтын сақтап, одан әрі дамыту, жалға берілетін жер телімдерінің шекті көлемін белгілеу қажеттігі жөнінде де айтты. Сондай-ақ халықтың жайылымдар мен шабындық жерлерге қатысты мүддесі мен талаптарын ескеру керектігі, жеке тұрғын үй салу үшін жер берудің нақты ережелері мен тетіктерін анықтау қажеттігі аталып өтті.
Мемлекет басшысы кеңес қорытындысы бойынша бірқатар тапсырма берді.
«Лубеннің көптен күткен қуанышы» (Қ.Елемесов) - бұл ақпаратта Шыңғырлау ауданының Лубен ауылына көптен күткен көгілдір отын келгені хабарланған. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жүзеге асып, халықтың пайдалануына беріліп жатқан бұл жетістік тұрғындарды қатты қуантуда.
Дағдарыстың әлемді ықтырған ызғарына қарамастан, еліміздің осындай дамуы, ауыл-елді газдандыру, инфрақұрылымды дамыту жұмыстарының еселі жүзеге асуы, шағын және орта бизнестің ауылдан бастап өркен жаюы - ел ертеңіне деген сенімділікті нығайтып, тәуелсіздігімізді тұғырлы ете түсуде.
Сүйінішті шараға облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев қатысып, осынау қажеттіліктің тек үйдің ішін жылытып қана қоймай, ауыл бизнесіне жол ашатынын, ауылға инвестиция тартып, аймақтың бизнеске қабілеттілігін арттыра түсетінін атап өтті.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Шафхат Өтемісов осы ізгі лебізді жалғастырып, ауылдық жерлердің табиғи отынға қол жеткізіп, әлемді алаңдатқан дағдарыс тұсында да мемлекетіміздің халқына қамқорлығын іркіліссіз жасап келе жатқандығын жеткізді. Ауыл тұрғыны, ардагер-ұстаз Ғұмар Қанатов қария мінберден игілікті іске қуанған халықтың үнін жеткізді.
Осы арада ауылға келтірілген көгілдір отын алауының салтанатты түрде жағылуы тұрғындарды қуантып, игі істің бастауын облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев пен ауыл тұрғыны Ғұмар Қанатов тұтатып берді.
Елді мекенге жоғары қысымды газ құбырын тартқан мердігер, «Батысгазстрой» ЖШС учаскесінің бастығы Серік Асқаров, ауылішілік газ құбырын өткізуді жүргізіп жатқан «Газстрой» ЖШС-ның директоры Жүсіп Қазиев бұл қуанышқа елмен бірге қуанатынын айтып, тұрғындарды құттықтады. Ізгі шараға шалғайдан арнайы келіп, халықтың әл-ауқатымен таныса жүрген Мәжіліс депутаттары Шафхат Өтемісов пен Кеңес Әбсәтіров, облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев аудан әкімі Альберт Есалиевпен бірге газ кіргізіп, игілігін тұтына бастаған Ғұмар қарияның отбасында болып, табиғи отынға қолы жеткен ауыл халқы-ның қуанышына ортақтасты.
Газ плитасын тұтатып жіберіп, шәйнегін қойып, шай демдеп жатқан ауыл тұрғыны Алтынзер Қанатова енді қолдың ұзарып, бұрынғыдай отын жиып, қала берді күл шығарып, әуре болмайтынына қуанып тұрғанын жеткізді.
Дәл қазір елді мекендегі 11 үйге газ кіргізілген. 82 отбасы толық және ішінара төлеп қойып, қосылуын күтуде. Газ құбырын аулаға дейін әкелу бүгінгі таңда 195 мың теңге, жобаны жасақтау 10 мың, дабыл жабдығын қою 30 мың, газ пеші, есептегіші бар, жалпы газды үйге қосу 250-265 мың теңге шамасына шығып отыр, - дейді округ әкімдігінің бас маманы Қ. Қосмағамбетов.
Бүгінгі таңда осы аталған Лубен елді мекені, Қарағаш, Қайыңды және Сегізсай ауылдарына газ кіргізіліп жатыр. Шыңғырлау ауданының 25 елді мекенінің 15-і бүгінгі күні табиғи көгілдір отынмен қамтылған және төрт елді мекені бойынша газбен қамту жұмыстары жүргізілуде. Алдымыздағы жылы бюджеттен Қарағаш ауылдық округінің Ақсуат ауылының әлеуметтік нысандарын газдандыру үшін қаражат бөлінген жағдайда, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, жоғарыда аталған 15 елді мекенге тағы да бір елді мекен қосылады.
Әділғазы Кереевтің «Шабындықта шалғы үні шалқиды» деген мақаласы өңірдегі жасыл орақ науқанының өту барысына арналған.
Облысымызда қысқы мал азығын дайындау жұмыстары жоғарғы қарқынмен жүргізілуде. Сала мамандарының мәлімдеуінше, биыл көктемгі жаңбырдың мол болуынан шөп қалың шығып, жоғары өнім алынуда.
Ағымдағы жылдың тамыз айының 15-і күнгі көрсеткіш бойынша шабындықтың әр гектарынан орташа есеппен 16,3 центнер өнім алып, өзгелерден озық тұрған - Зеленов ауданы. 128,316 мың гектар жерді шабуды көздеген аудан шаруалары осы уақытқа дейін оның 75,5 пайызын орындаған. Қазіргі таңда жоспарланған 203,87 мың тонна шөптің 153, 89 мың тоннасы жиналған.
Ал Бөрлі ауданы болса, жоспарды артығымен орындаған. Биылдыққа 474,3 мың тонна мал азығын дайындау жоспарланған. Өңірде 583,39 мың тонна мал азығы дайындалып, жоспар артығымен, яғни 123 пайызға орындалып отыр.
Шабылған шөптің өнімділігі гектарына орташа 10,8 центнерді құрайды.
Өзге аумақтармен салыстырғанда, биыл ең көп 363,900 мың тонна шөп жинауды жоспарлаған Ақжайық ауданы болып отыр. Бүгінге 175,076 мың тоннасы дайындалған. Оның ішінде ауыл шаруашылығы құрылымдары бойынша - 109,568 мың, жеке тұрғындар - 65,508 мың тонна. Ау-данның 18 ауылдық округінің 12-сінде алдағы қыс маусымына қажетті мал азығы толық әзір. Шабындықтарда 380 трактор, 395 шалғы, 136 тайлауыш, 143 тиегіш жұмыс жасауда.
Сондай-ақ кестеге көз жүгіртсек, шабындық төсіндегі қимылы ерек Қазталов ауданының пішенші-механизаторлары екенін байқауға болады. Аталған аудан шаруалары 343,13 мың тонна мал азығын дайындауға бекініп, Ақжайықтан кейін көбірек шөп жинауды жоспарлаған екінші аудан. Қос өзен жағасындағы пішеншілер көздеген меженің 241,660 мың тоннасын немесе 70,4 пайызын жинап үлгерген.
Шөптің шығымына қарай Бөкей ордасы ауданында қысқы мал азығын дайындау жоспарын биыл екі есеге орындау мақсат етілген. Яғни 238,230 мың тоннаға жеткізу көзделді. Күні бүгінге 206,500 мың гектар жер шабылып, одан алынған өнім 113,500 мың тонна қыстақтарға тасылып, үйілуде.
Жаңақала ауданының жоспары бойынша 125,41 мың тонна мал азығын дайындау болса, бүгінге дейін оның 82,8 пайызы дайындалды.
Мал азығын дайындау науқанына 180 трактор, 127 орақ қатысып, күні бүгінге дейін 189,08 мың гектар жердің шабындығы шабылды. Одан 103,8 мың тонна сапалы табиғи мал азығы жиналды.
Биылғы шөп өнімділігі бір гектардан орташа 5,76 центнер болып отыр.
Орақ қарқыны жақсы. Әсіресе, жоспарының 97,0 пайызын дайындаған Пятимар, 89 пайызын дайындаған С. Меңдешев атындағы, 84 пайызын дайындаған Мәстексай, Жаңажол округтерінде орақ іркіліссіз жүруде.
Тасқала ауданы бойынша да шаруашылықтарда шөп шабу науқаны қарқынды. Бүгінгі таңда 63,4 мың тонна шөп дайындалды. Жылдық жоспар 79,9 мың тонна болса, ол 79,3 пайызға орындалды. Орташа түсім гектардан 6,1 центнерді құрап отыр.
Жәнібек ауданы биыл 174,5 мың тонна мал азығын дайындауды жоспарлаған. Науқан басталғалы 154,2 гектар алқаптың шөбі шабылып, әр гектардың орташа шығымдылығы 7,7 центнерді құрауда. Бұл - 118,7 мың тонна мал азығы дайындалып, жоспар 68,2 пайызға орындалды деген сөз. Бұдан басқа былтырдан қалған 14,9 тонна пішен және бар.
Биыл Теректі ауданында да шөптің шығымдылығы жылдағыдан ерекше болды. Орташа есеппен өнімділігі гектарына 11,7 центнерден беруде. Науқан кезінде 216,96 мың тонна шөп жинауды мақсат тұтқан аудан шаруалары жоспарды әзірге 66,1 пайыздан асырған. Табиғаттың жауын-шашынсыз қолайлы шағы шөп шапқан шаруа ағайынға мол мүмкіндігін беріп тұрған кезде қалған 143, 4158 мың тоннасын жинап алуды көздеуде.
Сондай-ақ 254,93 мың тонна шөп жинауды жоспарлаған Сырым ауданы әзірге белгіленген жоспарларының 57 пайызын орындаған. Мал азығын дайындауға 157 маялағыш, 101 жинауыш, 287 шабу машинасы мен тырма, 389 трактор жұмылдырылған.
Қаратөбе ауданындағы шөп шабу жұмысының да барысы жаман емес. Гектарына орташа есеппен 6,3 центнер өнім алып, 140,00 мың тонна өнім алуды көздеген шаруалар қазіргі таңда жұмыстың 55,4 пайызын орындаған.
Шыңғырлау ауданы бойынша мал азығын дайындау науқаны қарқынды жалғасуда. Тапсырма бойынша 145,830 мың тонна пішен қамдау жоспарланған екен. Бүгінде соның 75,1 мың тоннасы, яғни 51,5 пайызы орындалды. Шөп шабу әлі тоқтаусыз жүруде. Қазіргі таңда аталмыш бағытта ауылдық округтер арасында Лубен ауылдық округі мал азығын даярлауда міндетке алған жоспарын 90,6 пайызын орындап, алда келеді.
«Березовтық балалар Орынборда демалуда» (К.Сақболсынова) - бұл мақалада Бөрлі ауданындағы Березов ауылы балаларының Ресейдің Орынбор облысындағы «Солнечная страна» атты білім беру-сауықтыру кешенінде тынығып жатқаны айтылады. Саяхатты облыс және Бөрлі ауданының әкімдігі Орынбор облысының басшылығымен бірлесе ұйымдастырған. Балаларды лагерьге жеткізуге «ҚПО б.в.» компаниясы автобус берген.
Жеткіншектер алғашында ата-аналарымен бірге келгенімен, қазіргі кезде олардың қасында Ақсай қаласындағы емханада қызмет ететін психолог пен мектеп мұғалімі бар. Башқұртстан шекарасына жақын көрікті жерде орналасқан лагерьдегі қамқорлыққа жасөспірімдер мен олардың жетекшілері дән риза. Балалар емдеу шарасын уақтылы алуда және қажетті дене шынықтыру амалдарын жасайды.
Олар осындағы демалыс ұнайтынын, алғашқы күннен жақсы әсерге бөленгендерін айтты. Лагерь қызметкерлері өте қамқор әрі сыпайы көрінеді. Күн сайын түрлі шаралар өткізіледі. Тәлімгерлер қызықты байқаулар ұйымдастырады. Демалушылар қолөнермен айналысады, ән салады, би билейді.
Лагерьге барарда әрбір балаға қойылған диагноз бен дәрігерлер тағайындауы енген шипажай кітапшасы ашылады. Сауықтыру кешенінің медбикесі Евгения Хамитованың айтуынша, балалар алмаг (магнитотерапия) аппараты арқылы ем қабылдайды екен. Бұл құрылғы дене жарақаттанған, сіңір созылған кезде пайдаланылады. Биоптрон құрылғысы иммунитетті нығайтса, ал милта сәуле терапиясының аспабы ас қорытуға, тамақ ауруын, созылмалы бадамша безінің қабынуын емдеуге пайдалы. Барлық емдік шара қатаң түрде сырқат анықтамасына байланысты дәрігер-физиотерапевтің тағайындауымен күнара жеті мәрте жүргізіледі.
Демалыс орнында балалар топқа бөлінген. Әрқайсысының өздері қиялына сүйеніп жасайтын таным белгісі бар. Қазақстаннан келген топ Астанадағы Бәйтерек кескінін басты нышан ретінде таңдапты. Күн сайын кестеге сай шаралар ретімен өтеді. Түскі астан кейін тынығып, ұйықтауға уақыт бөлінген.
- Білім беру-сауықтыру орталығы 2014 жылы құрылған. Оған Орынбор облысынан ерекше қабілеті бар талантты балалар қабылданады. Лагерь ашылғаннан бері 4 мың жеткіншек демалды. Әрбір ауысымның өзіндік тақырыбы белгіленген. Биыл «Құрлықтар жұлдыздары» тақырыбы таңдалды. Батыс Қазақстан облысының балалары осы кезеңге сәтімен келіп, туған елін басқаларға кеңірек таныстыруға мүмкіндік алды. Өзге елдің ұландары лагерьге бірінші рет келіп жатыр және болашақта бұл үрдіс жалғасын табатынына үміттімін. Кішкентай меймандар сауықтыру бассейніне түсіп, қылқан жапырақты және інжу ваннасын қабылдауда. Бұл - көптеген ауруға шипа, - деді лагерь директоры Татьяна Михелёва.
Мұнда Березов ауылынан жол тартқан 22 бала 11 күн демалмақ.
Лагерьдегі қызықты күндер тамыздың 10-ында басталған. Демалушылар таңғы жаттығу жасайды және арнайы құрал-жабдық орналасқан спорт залына, алаңдарға жиі барады. Шекарадан асқаннан кейін сәл алаңдағандарымен, тамылжыған табиғат аясында өткен түрлі ойын-сауық шаралары балалардың көңілдерін шайдай ашып, қуаныш сыйлаған. Олар сауықтыру кешенінде күніне бес мәрте тамақ ішеді. Дәрігерлер тарапынан тұрақты бақылау және жасалып жатқан жақсы жағдай денсаулықтарына оңынан әсер етуде.
«Орал өңірі» газетінің 23 тамыз күнгі санында «Үздік мектепке - 18 млн. 287 мың теңге» деген мақалада (Г.Жолдығалиқызы) ұстаздар қауымының биылғы тамыз кеңесі сөз болады.
«Өңірімізде білім беру саласында көптеген жоба жүзеге асып, игі істер жасалуда. Ендігі кезекте жаңа оқу жылынан бастап, әр ай сайын бір күнді «педагог күні» деп белгілеп, облыс әкімі өзі бастап, қала, аудан әкімдері қостап, білім ошақтарына барып, мұғалімдер мен шәкірттердің жағдайын өз көздерімен көріп, кейбір толғандырып жүрген мәселелері туралы сөйлеспек ниетте. Өңір басшысының бұл ұсынысы ұстаздар қауымының көңілінен шықты. Бұл туралы сенбі күні "Нұр Отан" партиясы БҚО филиалы ғимаратының мәжіліс залында өткен "Білімді ел - мәңгі ел" атты тамыз кеңесінде айтылды. Облыстағы барша ұстаздың басын қосатын алқалы жиынға облыс әкімі Алтай Көлгінов, ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева, білім беру ұйымдарының басшылары мен мұғалімдер қатысты», делінген мақалада.
- Ұлтты ұстаз тәрбиелейді. Заманауи оқушының ішкі әлемін еркін түсінуі үшін мұғалім шексіз ақпараттық кеңістіктерді еркін игере алуы тиіс. Бұл - заман талабы. Оқушыларды білім кеңістігінде ғылыми-техникалық шығармашылығын арттыруда робот техникасының маңызы зор. Осы бағытта Назарбаев зияткерлік мектептерімен «Робот техникасы» бағыты бойынша байланыстар орнатылуда. Ағымдағы жылда 160 педагог «Робот техникасы» курсы бойынша біліктіліктерін арттырса, осы технология бойынша облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған қазақтүрік мектеп-лицей-интернаты базасында 35 педагог біліктілік курстарынан өтті. Облыстық бюджет есебінен облыстағы 125 мектепке робот техникасы кабинеттерін сатып алуға 365 млн. теңге қаржы қарастырылды. Ағымдағы жылы білім ошақтарына бейнебақылау камераларын орнатуға жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылып, 319 нысанға 4700 бейнебақылау камералары орнатылды. Өңірімізде жеке балабақшалар санын көбейтуге ерекше көңіл бөлу қажет.
Өйткені бар жағдай жасалып жатқанымен, балабақшаға деген сұраныс өзекті күйінде қалып отыр. Қазіргі күнде 20 826 бүлдіршін кезекте тұрса, оның 17600-і Орал, 2238-і Ақсай қаласынан. Сондықтан өз ісін ашқысы келетін жандарға жеке балабақша ашып, кәсібін көркейтуге мүмкіндіктер бар. Біз де өз тарапымыздан қолдау көрсетуге дайынбыз, - деп білім саласындағы біраз мәселені тілге тиек еткен облыс әкімі Алтай Сейдірұлы Рио олимпиадасында еліміздің көк туын желбіреткен батысқазақстандық спортшыларды оқытқан ұстаздарға құрмет көрсетті.
ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің атынан батысқазақстандық ұстаздарды құттықтаған ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева елімізде білім саласының ширек ғасырда қол жеткізген жетістіктерін атап өтті.
Облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваның айтуынша, облыстың білім беру саласындағы бюджеті 2015 жылғы 42,2 млрд. теңгеден 2016 жылы 53,1 млрд. теңгеге өсті. Соның ішінде республикалық бюджеттен 3,0 млрд. теңге мектепке дейінгі балалар және кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға, білім беру нысандарын күрделі жөндеуге, колледж оқушыларына шәкіртақы мөлшерін өсіруге бөлінді.
Республикалық бюджеттен 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап білім беру саласы қызметкерлерінің орташа жалақысы 29%-ға дейін өсуіне байланысты еңбекақы төлеу жүйесінің жаңа моделін енгізуге 10,9 млрд. теңге көлемінде трансферттер бөлінді. Ағымдағы жылы шетел инвестициясы есебінен Орал қаласында жастар және оқушылар сарайын ашу жоспарлануда.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасын іске асыру шеңберінде 10 білім беру нысанына жалпы сомасы 1548 млн. теңгеге күрделі жөндеу жүргізілуде, соның ішінде 1005 млн. теңгесі республикалық бюджеттен, 543,8 млн. теңгесі жергілікті бюджет есебінен қа-растырылған. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен бір білім беру нысанына 159,7 млн. теңгеге, шетел инвестициясы есебінен екі білім беру нысанына 527,0 млн. теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оқу орындарының материалдық-техникалық базасы айтарлықтай жақсаруда, білім беру ұйымдарын компьютерлік техникамен жарақтандыруға жергілікті бюджеттен 259,8 млн. теңге бөлінді.
«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша ұлттық қор есебінен Шыңғырлау ауданында 290 орындық бөбекжай құрылысы аяқталуда, шетел инвестициясы есебінен Бөрлі ауданы Бөрлі ауылында 140 орындық бөбекжай пайдалануға берілді. Сонымен қатар шетел инвестициясы есебінен Ақсай қаласында 320 орындық бөбекжай құрылысы басталды.
Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде 1210 орындық төрт балабақша құрылысының жобалық-сметалық құжаттары жасақталуда, соның ішінде Орал қаласында екі балабақша (360 және 290 орындық), Ақжайық ауданы Чапаев ауылында (280 орындық) және Сырым ауданы Жымпиты ауылында (280 орындық). Мектепке дейінгі білімді қамтамасыз етуде бизнес өкілдерін қатыстыру бойынша атқарылған шаралардың нәтижесінде 2010 жылы үш жеке мектепке дейінгі ұйым болса, 2016 жылы олардың саны 24 бірлікке дейін артты. Жеке балабақшалар саны барлық балабақшалардың 5%-ын құрайды.
Мектепке дейінгі ұйымдардың желісін дамыту және тәрбиемен қамтудағы көрсеткіштердің артуына қарамастан, Ақжайық, Бөрлі, Жаңақала, Зеленов, Сырым, Тасқала, Теректі аудандары мен Орал қаласында мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды ұйымдастырудағы қажеттілік сақталып отыр.
Елімізде жаңартылған білім беру мазмұны бағдарламасына көшу стратегиясы жүзеге асырылуда. Білім беру жүйесінде бұл мұғалімдердің жұмысына жаңа талаптар қояды.
2015 жылдың 1 қыркүйегінен бастап еліміздің 30 мектебінде Назарбаев зияткерлік мектебінің тәжірибесін тарату мақсатында 12 жылдық білім берудің жаңа бағдарламасы апробациядан өтті, оның ішінде біздің облысымыздан екі мектеп - Орал қаласының М. Ықсанов атындағы №36 орта мектебі мен Теректі ауданының Шаған орта мектебі осы бағытта жұмыс жасауда.
2016 жылдың 1 қыркүйегінен бастап білім берудің жаңартылған жүйесі кезең-кезеңімен енгізілмек. Ағымдағы жылдың жаңа оқу жылынан бастап бірінші сыныптар бес күн оқитын болады. Аудандық (қалалық) білім бөлімдерінің болжамды мәліметі бойынша 1 қыркүйекте 6-7 жастағы 11467 оқушы бірінші сыныпқа қадам баспақ ниетте. Жаңартылған білім беру мазмұнына көшуге байланысты бастауыш сынып және пән мұғалімдерінің біліктілігін арттыру курстары ұйымдастырылды. Жаңа бағдарламаға сәйкес оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер сатып алуға баспаларға сұраныс жасалған.
Облыстағы білім беру саласының бүгіні мен келешегі туралы орамды ойлар айтылған тамыз кеңесінде жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуге елеулі үлес қосқан ұстаздарға ҚР Білім және ғылым министрлігінің марапаттары табыс етілді. Бөрлі ауданы, Ақсай қаласындағы №4 орта мектебінің мұғалімі Екатерина Тэн, облыстық балалар мен жасөспірімдер туризм және экология орталығының қосымша білім беру педагогы Светлана Петченко, Ә. Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейінің мұғалімі Гүлжиһан Тасқарина, Батыс Қазақстан индустриалды колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Марья Сисенғалиева "Ы. Алтынсарин" төсбелгісімен, сондай-ақ облыстық білім басқармасының бөлім жетекшісі Надежда Лебедева, Ақжайық ауданы, Абай атындағы мектеп-гимназиясының директоры Светлана Оразова "Білім беру ісінің құрметті қызметкері" төсбелгісімен марапатталды.
Тамыз кеңесінде республикалық "Үздік педагог" байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздарына да сый-сияпат тапсырылып, құрмет көрсетілді. Олардың қатарында мектепке дейінгі білім беру ұйымдары бойынша Бөрлі ауданы №3 мектепке дейінгі балалар ұйымының педагог-психологы Ботагөз Еділбаева, орта білім беретін ұйымдар арасында облыстық дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицейінің география пәнінің мұғалімі Айсәуле Сидарова, техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдар арасында Орал ақпараттық-технологиялар колледжі химия және биология пәндерінің оқытушысы Жазира Бисалиева бар. "Орта білім беретін үздік ұйым" байқауының жеңімпазы атанған Ә. Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейіне 18 млн. 287 мың теңгенің сертификаты мен бейнекамера табыс етілді.
«Оралда 30 спорт алаңы салынбақ» деген көлемді ақпарат (С.Әбілқалықов) Спорт күніне арналған.
«Сенбі күні «Атамекен» лагерінде спорт күні мерекесіне арналған салтанатты шара өтті. Өңір спортшыларын атаулы мерекемен облыс әкімі Алтай Көлгінов құттықтады», делінген онда.
Облысымыздағы спорт саласының дамуын баяндаған бейнероликпен ашылған шара барысында спорт ардагерлеріне құрмет көрсетілді.
- Әрбір мемлекеттің Туы екі жағдайда көтеріледі. Біріншісі, Мемлекет басшысының басқа елге жасаған ресми сапары барысында, екіншісі спортшыларымыз жеңіске жеткен кезде. Биылғы мереке олимпиада ойындарымен тұспа-тұс келіп отыр. Қазақстандық спортшылар Рио олимпиадасында жақсы жетістікке қол жеткізді. Оған біздің жерлестеріміз де өз үлестерін қосты. Бұл, әрине, біз үшін мақтаныш. Күні кеше, түннің бір уағы болғанына қарамастан, Қадыр орталығына барып, даңқ-ты жерлесіміз Данияр бауырымызға қолдау көрсеттік. Сөйтіп, оның олимпиада жеңімпазы атанғанының куәсі болдық. Сонымен қатар Екатерина Ларионова да еліміздің абыройын асқақтатты. Бұл - батысқазақстандықтардың ортақ жетістігі.
Елбасы республикамызда спортты, соның ішінде бұқаралық спортты дамыту бағытында тиісті шаралардың қолға алыну керектігін айтқан болатын. Сол бағытта өңірімізде де қажет шаралар алынуда. Мәселен, шорт-трек, бенди, хоккей, шахмат, бокс, күрес сынды спорт түрлері облысымызда жақсы дамуда. Мұндай жағдайға жетуімізге спорт ардагерлерінің, бапкерлердің қосып жүрген үлесі көп.
Жалпы, спортпен айналысуды әркім өзінен бастауы керек. Осы сәтті пайдаланып, 4 қыркүйекте өтетін көпшілік жүгіру және қала күніне орай 9 қыркүйекте болатын велошеру шараларына шақырғым келеді. Оған біз де, яғни мемлекеттік қызметшілер де қатысамыз.
Біз алдағы уақытта балалар мен жасөспірімдер спортының дамуына жете мән беретін боламыз. Соған орай облыс орталығы мен аудандарда спорт алаңдарын салу жоспарда бар. Мысалы, келер жылы Орал қаласының өзінде көп қабатты үйлердің аулаларында 30 спорт алаңы салынады. Бұл бұқаралық спорттың дамуына да мүмкіндік беретіні анық, - деді өз сөзінде Алтай Сейдірұлы.
Содан кейін өңір басшысы үздік спортшылар мен жаттықтырушыларды өзінің алғысхатымен марапаттады. Олардың арасында жастар арасында шахматтан әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Жанат Сайын, шорт-тректен жасөспірімдер арасында ІІ қысқы олимпиада ойындарының қола жүлдегері Анита Нагай, бокстан жасөспірімдер арасындағы ІV «Азия балалары» халықаралық спорттық ойындарының жеңімпазы Нұрсұлтан Нұриддинов, грек-рим күресінен кадеттер арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Дәулет Ларионов, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Рио олимпиадасына қатысушылар А. Дергунов пен А. Ергучевтің тәлімгері Александр Аккунишников, жеңіл атлетика бойынша бапкер, олимпиадаға қатысушылар Г. Шейко мен П. Репинаның жаттықтырушысы Рустам Куватов бар. Сондай-ақ спортты жүйелі түрде насихаттағаны үшін өңіріміздегі ақпарат құралдарының басшылары марапатталды.
Өз кезегінде салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы облыстық филиалының төрағасы Айдар Батырханов спортшыларды, спорт мекемелеріндегі кәсіподақ қызметкерлерін аталмыш ұйымның төсбелгісімен, құрмет грамотасымен, алғысхатымен марапаттады.
Шара барысында аудандардан келген балалар мен жасөспірімдер спорт түрлері бойынша сынға түсті.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы БҚО департаменті жедел басқарма басшысының орынбасары Бейбіт Ирменов «Жемқорлықтың жолын жұмыла кескен жөн» деген мақаласында сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесін тілге тиек еткен.
Cыбайлас жемқорлық - қоғамның көлеңкелі тұсында тамыр жайып отыратын ауыр індет. Ширек ғасыр ішінде әлемге танылып келе жатқан мемлекетіміздің кең қанат жаюына тұсау болып отырғанын мойындауға тиіспіз. Демократия тетіктері мығым орнығып келе жатқан елімізде әрбір адамның моральдық-құқықтық теңдігі қорғалуы үшін барлық жағдай жасалуда.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарында Елбасымыз: «Қазір қазақстандық мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа кезеңі бастау алды. Менің Жарлығыммен Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі министрлік, оның құрылымында - Жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың ұлттық бюросы құрылды. Осылайша тек мемлекеттік қызмет жүйесі ғана емес, сондай-ақ жемқорлыққа қарсы іс-қимыл танытатын, яғни жемқорлық көріністерінің барынша алдын алуға бағдарланған жүйе де жаңғыртылып отыр. Бұл жерде жемқорлықпен күрестің өзі барынша дәйекті бола түседі және жүйелі сипатқа ие болады», - деген еді. Сонымен қатар соңғы жылдары «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Мемлекеттік қызмет туралы» ҚР Заңдары аясында құқықбұзушылыққа қарсы әрекет қатаңдай түскені белгілі.
Елбасы бекіткен 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның ықпалы түрлі мемлекеттік органдарда, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік, кәсіпкерлік сала мекемелерінде айрықша байқалады. Заңбұзушылықтың алдын алуға байланысты дөңгелек үстел, семинар, есеп жиындары, БАҚ арқылы ағарту шаралары үздіксіз қолға алынуда.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының БҚО бойынша департаменті былтыр 250 қылмыстық құқықбұзушылықты анықтады. Ал бұл көрсеткіштің мемлекетке тиген залалы орасан зор. Латын тілінен алынған «corruptio» сөзінің этимологиялық төркіні «параға сатып алу», «пара» деген мағынаға саяды. Рим империясы дәуірлеп тұрған кездің өзінде-ақ «corrumpire» түсінігі болған. Яғни «сындыру, бүлдіру, бұзу, зақымдау» деген түсініктің аясында құқыққа қарсы іс-әрекетті білдірген. Ерте заманнан-ақ, лауазымды адамдардың, саяси қайраткерлердің сатқындығы қатаң айыпталып отырған.
Тұрғындардың құқықтық сауаты бекем бола түскен сайын сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күшейе түсетіні анық. Мемлекеттік саясатты тиімді жүргізуге зор кесел келтіріп отырған парақорлықтан аулақ жүру, құқықбұзушылықты әшкерелеу - баршаға міндет. Бұл ретте мемлекеттік аппаратта жүргізіліп жатқан реформалар бүгінде оң нәтиже беруде. Мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігі мен қабілеті терең талдау жүргізілетін конкурстар арқылы бағалануда, мамандардың мансаптық өсу жолы да таза болуына қатаң талап қойылуда.
Қазіргі уақытта қоғамдық бақылау институттарының құзыреті күшейтілуде. Халықаралық және ұлттық деңгейде сыбайлас жемқорлық деректерін талдау арқылы қылмыстық құқықбұзушылықтың алдын алуға қатысты зор жұмыстар жүргізілуде. Әрине, бұл іске қоғам тарапынан зор қолдау қажет. Ол үшін мемлекетіміздің әрбір азаматы Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адам-дардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті. Жеке мүддесінен гөрі ел қамын ерте ойлаған жан парақорлық секілді жаман қасиеттен аулақ болатыны анық.
Ләззат Шағатайдың «Бірдей форма, бірыңғай баға арман болып тұр...» деген мақаласына жаңа оқу жылына дайындық мәселесін арқау еткен.
«Жазғы демалыстың аяқталып, балалардың мектепке баратын күндері де жақын қалды. Қаладағы сауда нүктелерін араласаңыз, баласына мектепке киім іздеп, сеңдей соғылысқан ата-ананы көзіңіз шалады. Адамдардың қарасы, әсіресе, орталық базардың маңайында көп. Себебі түсінікті де, мектеп формасына қолжетімді баға осы жерде. Ал ірі сауда орталықтары мен арнайы киім дүкендеріндегі баға қарапайым халықтың қалтасына біраз салмақ түсірері анық. Жазғы демалыстың аяқталып, балалардың мектепке баратын күндері де жақын қалды. Қаладағы сауда нүктелерін араласаңыз, баласына мектепке киім іздеп, сеңдей соғылысқан ата-ананы көзіңіз шалады. Адамдардың қарасы, әсіресе, орталық базардың маңайында көп. Себебі түсінікті де, мектеп формасына қолжетімді баға осы жерде. Ал ірі сауда орталықтары мен арнайы киім дүкендеріндегі баға қарапайым халықтың қалтасына біраз салмақ түсірері анық», делінген онда.
Мектеп формасы қандай болуы керек?
Жыл басында ҚР Білім және ғылым министрінің бұйрығымен оқушылар арасындағы әлеуметтік теңсіздік пен діни алауыздықтың алдын алу бағытында орта білім беру ұйымдарына міндетті мектеп формасы талап етілген болатын.
Ал бұл талап бойынша оқушылардың мектеп формасында қандай шарттар сақталуы тиіс екенін білесіз бе?
Ең алдымен зайырлылық сипатта болуына мән беріңіз, киімнің пішіні классикалық үлгіде, бірыңғай түсті, үш түстен артық және тым ашық түстердің болмауы ескерілуі қажет. Мектеп формасы күнделікті, мерекелік және спорттық болып бөлінеді. Ер балалардың мектеп формасының топтамасына дара костюм (бешпет), жакет, мерекелік және күнделікті жейде (қысқы ауысымға тоқыма жакет пен жылы жейде), кең тұратын әрі аяқтың тобығын жабатын шалбар кіреді. Ал қыз баланың үлесіне бешпет, жилет, белдемше (юбка), классикалық жейде (қысқы ауысымда тоқыма жилет, жылы жейде, сарафан) және кең тұратын әрі тобықты жабатын шалбар тиесілі. Сондай-ақ мектеп формасына спорттық киімдерді (аяқ киім, футболка, спорттық костюм) қосыңыз. Әр мектептің қалауы бойынша мектеп формасының үстіңгі бөлігі мен галстукке эмблема немесе жапсырмалар тағуға рұқсат етіледі. Алайда жарақат алуға ұрындыратын ұсақ-түйек заттардың тағылуына, әр түрлі конфессиялардың діни белгілерін енгізуге жол берілмейді.
Қай жерде, қанша тұрады?
Орталық базар алаңында ашылған мектеп жәрмеңкесіндегі бағалар өзге дүкендермен салыстырғанда ақылға қонымды. Бұл жерде Қытайдың қара базарынан, Алматының барахолкасынан, Қытайдың Гуанчжоу өлкесінен, Қырғызстаннан әкелген тауарларды жиі кездестіресіз. Өкінішке орай, сапа жағынан Ресей өнімдерінен қалыс қалады. Айталық, бастауыш сыныптың ер балаларына арналған костюмнің орташа бағасы 12-13 мың теңгені құрайды. Бұл сомаға бешпет пен жакет, шалбар (кейбірінде қос шалбардан) кіреді. Түркияның тауары сыртқы түрі керемет болғанымен, іші синтетика, қыста салқын, жазда ыстық тартады. Киімнің өлшеміне қарай бағасы да арта береді. Ал бұл топтаманы дарадан сатып алсаңыз, бір шалбардың құны 4500-6000 теңге аралығында, бешпетіңіз де 5-6 мың теңгенің айналасы, жакет 1500-2000 теңге. Ақ жейденің бағасы 3500-ден сапасына қарай 8 мың теңгеге дейін өсе береді. Спорттық костюмнің ең арзаны - 4500-8000 мың теңге аралығы. Аяқ киімдердің таза былғарыдан жасалғандары 8 мың теңгеден жоғары, егер жасанды теріден жасалған болса, 3000 теңгеден оңай табасыз. Спорттық аяқ киімдердің төмен бағасы - 4 мың теңге. Қыздардың да киімдері осы шамасында. Бастауыш сыныптың қыздарына арналған сарафандар 4000 теңге, ақ жейде 3000 теңгеден басталады, ал белдемшелер 3500-6000 теңгеден сатылуда. Оған өзге де шұлық, бантик, галстук, белбеу секілді аксессуарларды қоссаңыз, әрқайсысы кем дегенде 2000 теңгені құрайды. Осы ұсақ-түйекті саудаласаңыз, 10 мың теңге ақшаңыздан қалай қағылғаныңызды байқамай қаласыз. Сондай-ақ базар аумағындағы «Школа», «Адал», «Ресей жәрмеңкесі» дүкендеріндегі мектеп киімдерінің бағасы жоғарыдағы көрсеткіштермен бірдей деуге болады.
- Біреулер қалтасына қарап киім таңдайды. Арзанның аты - арзан. Тез тозады, тігістері сөгіліп, түстері тез оңғыш келеді. Дүкеннің ашылғанына төрт жыл болды, тауарларының барлығы Ресейден әкелінеді. Сапалары орташа, аса керемет дей алмаймын, алайда бізге сын айтып келген адамдар кездеспеді. Бағасы базармен бірдей. Тұрақты клиенттеріміз бар, - дейді «Школа» балалар киім дүкенінің Галина есімді сатушысы.
Әрине, қолжетімді көрінген бұл сомадағы киімдердің сапасы да соған сай. Төзімділігі әрі кетсе бір жылдан аса алмайды. Денеге жәйлі әрі бір кигенде құйып құйғандай үйлесе кететін, матасының құрамында синтетикасы жоқ, тігістері түзу әрі тура пішілген киімдер әлдеқайда қымбатырақ.
Мысалы, алысқа бармай-ақ сол маңдағы «Атриум» сауда үйіндегі оқушылар киімдері «аспандағы айды сұрайды». Бір ғана бешпеттің құны 23-25 мың, шалбары 15-16 мың, жейдесі 8-12 мың, аяқ киімдердің ең арзаны 8-10 мыңнан, спорттық аяқ киімдер 9-10 мың теңгеден басталады. Қыздардың сарафандары 10-12 мың, белдемшелері 9-10 мың, жейденің ең арзаны 8 мың теңгеден табасыз. «City Center» сауда орталығындағы бағалар да осы құралыптас. Өйткені бұл сауда орындарындағы тауарлар Түркия, Ресей, Германия, Италия елдерінен тасымалданады. Есесіне бұл киімдердің сапасы киюге төзімді, қанша жуылса да, өңін жоғалтпайды, екі-үш жыл қатарынан үздіксіз киюге жарамды. Бұдан кейін қаламыздың «Мектеп формасы» («Спецодежда») дүкеніне бас сұқтық. Бұл жердегі баға да қалтаға жеңіл соқпасы анық, бірақ сапаға жоғары мән берілген. Дегенмен отандық өнімнің иісі мұрынға да келмейді, жапсырмадағы өлшемдер қазақша жазылғаны болмаса, тауарлар Ресейдің Новосібір облысында тігілген.
Киімді қай жерден сатып алған тиімді? Егер базардан алсаңыз, бастауыш сыныптағы бір ұл-қызыңызды киіндіруге кететін шығын шамамен 25-30 мың, арнайы мектеп формасы дүкенінде 45-60 мың, ірі сауда орталықтарында 70-90 мың теңгені құрайды. Бұл ең төменгі көрсеткіштер және бұған оқу құралдары мен мектеп сөмкелерін қоспаңыз.
«Осылайша, қала бойынша бағаларды сараптап көрдік. Енді қалай таңдайсыз, қайсысын қалайсыз, «көрпеңе қарай көсілу» өз еркіңізде», деп аяқталған мақалаға байланысты пікірлер де берілген.
Айжан Насихат,
қала тұрғыны:
- Барлық мектепке ортақ бірыңғай мектеп формасын енгізетін уақыт келді деп ойлаймын. Әуелден айтылып келе жатқан даулы мәселе болғанымен, арнайы заң болмағандықтан, әркім өз қалауынша киініп жүрді. Биыл білім министрінің бұйрығымен міндеттелді. Бүгінде қала мектептеріндегі киім үлгісі әр мектепте әр түрлі. Бұл мектеп үшін жақсы болғанымен, оқушы басқа мектепке ауысқан кезде тағы да сол мектептің формасын тіктіруге тура келеді.
Ата-ана тағы да сол үшін қалтасын жұқартады. Мысалы, 2-сыныпқа баратын ұлыма тек күзгі мектеп киімін алуға 25 мың теңге қаржы жұмсадым. Бұған сөмке мен спорттық киімдерді, оқу құралдарын қоспаңыз. Мен анау-мынау дүкендерден емес, базардан ең арзанын алдым. Бұл деген масқара емес пе? Отбасында отағасының ғана жұмысы бар. Сонда көп балалы отбасылардың балалары қайтпек?
Бәріне ортақ, жалпы үлгідегі мектеп формалары отандық өндіріс орындарында дайындалса, жалпыкөпшілікке қолжетімді, базарларда саудаға шығарылса, қарайған жұрт сол жерден алар еді.
Нұрғайша,
қала тұрғыны:
- Қызым - қаламыздағы №38 мектептің оқушысы. Оқу жылының соңында ата-аналар жиналысында бірауыздан келісіп, мектеп формасын қаламыздағы «Мектеп формасы» («Спецодежда») дүкенінен сатып алатын болып келістік. Бұл жерден жакетті 5800 теңгеге, белдемшені 5900 теңгеге, бешпетті 10000 теңгеге, жылы жемпірді 4 мың теңгеге сатып алдық. 25 мың теңге ақшам тек төрт дана киім алуға ғана жетті. Бір артықшылығы, дүкендегі киімдерді жыл бойына сатып ала беруіңізге болады. Сапасында сөз жоқ, өте жақсы тігілген. Артық қылау таппайсың. Өкінішке орай, бағасы шарықтап тұр, оқу жылы жақындаған сайын бағасы да өсіп жатыр. Әлі спорттық киімдері мен оқу құралдарын алу керек, оның да бағасы күйіп тұр. Құзырлы мекемелер мектеп формасын әр мектеп бойынша емес, Қазақстан бойынша бірыңғай етіп, барлық сауда нүктелерінде бірыңғай бағамен шығаруды қолға алса, құба-құп болар еді.
Жанат,
қала тұрғыны:
- Қызым №43 мектептің 4-сыныбына барады. Мектептің келісімі бойынша «Мектеп формасы» («Спецодежда») дүкенінен барып киім алдық. Бұл жердегі бағалар көңіліме қонбады. Өте қымбат. Осы жерден қызымның белдемшесі мен ақ жейдесі, жакетіне 15100 теңге жұмсадым. Одан бөлек бешпетін 10800 теңгеге алдым. Осыдан бір ай бұрын барғанда бешпеттің бағасы 9800 теңге болатын. Өзге киімдердің де бағалары 700-1000 теңге аралығында шарықтап кетіпті. Кәсіпкерлердің ата-аналардың қалтасын қағып, аяқ астынан тез байығысы келген шығар. Бұл әрекеттерін ұят деп санаймын.
Зәуре Ғұмарова,
облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Биыл ҚР Білім және Ғылым министрлігінің арнайы бұйрығы бойынша мектеп формасы барлық орта білім беру ұйымдарына міндеттелді. Алайда әр мектеп ата-аналар жиналасының жалпы қорытындысы бойынша қандай үлгіні қалайды, таңдау өздерінде. Сондай-ақ киімді базардан ба, дүкеннен бе, тапсырыс беріп алдырады ма, оған біздер араласа алмаймыз. Нарықтық экономикаға байланысты әр кәсіпкер бағаны өздері қадағалайды. Дегенмен аз қамтылған отбасының балаларына, жетім және қорғаншылықтағы балаларға жалпыға бірдей білім беру қорынан қаржы бөлініп, мектепке баруға көмектесеміз. Сондай-ақ «Мектепке жол» шарасы барысында да демеушілердің көмегімен бұл мәселені шешіп келеміз.
«Қош, Рио! Алда - Токио!» деген мақала (Ғ.Бәймен) Рио олимпиадасының аяқталуына арналған.
Рио-де-Жанейро қаласындағы атақты «Маракана» футбол стадионында ХХХІ жазғы олимпиада ойындары салтанатты түрде жабылды.
Оған осы олимпиадада өнер көрсеткен, әлі елдеріне қайта қоймаған спортшылар қатысты. Олардың арасында Қазақ елінің өкілдері де болды.
Рио олимпиадасына әлемнің 207 елінен 11544 спортшы қатысып, 306 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Жарыс қорытындысында барлығы 86 мемлекеттің өкілдері жүлдеге қол жеткізді. Ал Вьетнам, Пуэрто-Рико, Сингапур, Бахрейн, Кот-д'Ивуар, Косово, Фиджи және Иордания сынды сегіз бірдей елдің спортшылары алғаш рет алтын жүлдені иеленді. Бұл олимпиада өрісінің кеңейіп, бәсекелестіктің күшейіп келе жатқанын көрсетеді. Жалпы медальдар саны жөнінен АҚШ спортшылары 46 алтын, 37 күміс, 38 қола, барлығы 121 жүлдені жеңіп алып, командалық есепте 1-орынды иеленді. Спортшылар арасында америкалық жүзу шебері Кэти Ледекидің бір өзі төрт алтын, бір күміс медальді жеңіп алып, елінің мерейін асырды. Сондай-ақ америкалық тағы бір жүзу шебері Майкл Фелпс алтын медаль санын 23-ке, ямайкалық желаяқ Усэйн Болт 9-ға жеткізді.
Салтанатты рәсім барысында Бразилия халқының тарихы, салтдәстүрлері мен өнері барша әлемге паш етілді. Ән мен би, театрландырылған көріністер стадиондағы халыққа айрықша әсер сыйлады. Сондай-ақ олимпиаданың ең жарқын көріністері әлем назарына ұсынылды. Олардың арасына қазақстандық дзюдошы Отгонцэгэг Галбадрах пен әйелдер күресінен батысқазақстандық Екатерина Ларионованың жеңісті жұлып алған сәттері енгізілді.
Бұдан кейін дәстүр бойынша Халықаралық олимпиада комитетінің президенті Томас Бах марафонның жеңімпаз-жүлдегерлеріне медальдарын салтанатты жағдайда табыс етті. Сондай-ақ олимпиада комитетінің жаңа мүшелері таныстырылды. Белсенді еріктілер де ұмыт қалған жоқ.
Грекия мемлекеті және олимпиада әнұрандары орындалды. Олимпиаданың қасиетті байрағы Токио мэрі Юрико Коикэге табыс етіліп, Жапония астанасы таныстырылды.
Рио олимпиадасын ұйымдастыру комитетінің басшысы Карлос Артур Нузман осы олимпиада ойындарын жоғары деңгейде өткізуге үлес қосқандардың бәріне ризашылығын білдірді. «Әлемде бейбітшілік болсын. Бәсекелер тек спорт алаңдарында өтсін», деді ол. Халықаралық олимпиада комитетінің президенті Томас Бах Рио олимпиадасын ұйымдастырушылар мен оған қатысқан барлық мемлекеттер өкілдеріне алғысын айтып, Рио ойындарын жабық деп жариялады.
Айта кетейік, Қазақстаннан Рио олимпиадасына 26 спорт түрінен 104 спортшы қатысып, бақ сынады. Қазақстандықтар барлығы 17 медальмен (3 алтын, 5 күміс, 9 қола) ел спорты тарихында күміс және жалпы жүлделер саны жөнінен рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп, жалпы есепте 22-інші орыннан көрінді. Қазақстан қоржынына соңғы екі жүлдені боксшылар түсірді. Қыздар боксынан 75 келіге дейінгі салмақта Дариға Шәкімова жартылай финалда 2012 жылғы Лондон олимпиадасының әрі әлем чемпионы, атышулы америкалық Кларесса Шилдске есе жіберіп, қола жүлдені иеленді (кейін дәл осы К. Шилдске ең үздік боксшы ретінде олимпиада тарихында алғаш рет Вэл Баркер кубогы табыс етілді. Ал ерлер арасында 1936 жылдан бері беріліп келе жатқан кубокты бұл жолы өзбек боксшысы, қазақстандық Біржан Жақыповты ұтқан Хасанбой Дусматов алды). Аса ауыр салмақта Иван Дычко да жартылай финалда ұлыбританиялық Джо Джойстан аса алмай, екі мәрте қатарынан олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды. Қыздар бәсекесін қоса есептегенде, қазақстандық боксшылар бір алтын, қос күміс, екі қола, барлығы бес жүлдені еншіледі.
Енді алда 2020 жылы 24 шілде - 9 тамыз аралығында Жапония астанасы Токиода өтетін ХХХІІ жазғы олимпиада ойындары тұр. Оның бағдарламасына жаңадан каратэ сынды спорт түрлері енгізілмекші. Демек, Қазақстан үшін де медаль алатын мүмкіндіктер молая түспекші.
Ендеше, жеңісті күндерде кездесейік.
19 тамыз күні «Приуралье» газетінің фототілшісі Медет Досымов тосыннан қайғылы қазаға ұшырады. Осыған орай «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин мен журналист Есенжол Қыстаубаевтың қоштасу сөздері берілді.
«Қош бол, Медетжан!» - Қабырғамызды қайыстырып, аққан жұлдыздай Медет әріптесіміз ортамыздан ғайып болды. От пен суды тілсіз жау деп жиі айтамыз. Бауырымыздың ажалы судан келді. Өткен сенбіден бері барша әріптестерім бір-біріне қайыр болсын айтып, біразы Медеттің жарқын бейнесін суреттеп, әлеуметтік желіде қоштасты. Жексенбіде мәңгілік мекеніне апарып, қара жердің қойнына тапсырдық. Өзінің әкесі, басқа да ағайын-тумасы жерленген жер, Ақжайық ауданы, Жайық ауылының маңындағы қорымға қойылды.
Медетті аудандық редакциядан "Приуралье" газетіне бет құрушы қызметіне, одан әрі өз қалауымен фототілшілікке ауыстырған кездегі қуанышты сәттері көз алдымда. Ерекше қағілез, ақкөңіл, тәртіпті жан еді. Әрдайым кәсіби біліктілігін арттыруға ынталы болды. Жұмысты жан-тәнімен беріліп жасайтын. Табиғатты, яғни туған жерді ерекше сүйетін. Өн бойынан есіп тұратын қарапайымдылығын барлығы құрметтейтін. Ол өзінің еңбекқорлығы мен көркем мінезі арқасында бәріне ерекше сыйлы болды. Мекеменің дамуына, ұжымның ауызбіршілігіне зор үлес қосқан азамат.
Бұл жарық дүниеде Медеттің өмірі қысқа болды. Бірақ ендігі екінші өмірі ұзақ боларына сенемін. Ол оған қажеттінің бәрін атқарып үлгерді. Қалғаны біздің еншімізде. Медетжан, біздер, әріптестерің, қарап қалмаймыз. Сенің мерейің үшін қызмет етеміз. Анаң, жарың, қызың әлі талай сен үшін мақтанатын болады.
Қаза қайырлы болсын! Жатқан жерің жарық, топырағың торқа болсын, Медетжан!
Е.Қыстаубаев: «Ажал қас пен көздің арасында деген сол екен ғой. Өткен жұма күні кешкі сағат алтыларда біз сені соңғы рет көріп тұрғанымызды қайдан білейік.
Ғайса, Сырымбек және осы жолдардың авторы көлігімізді күтіп, «Жайық Престің» бірінші қабатында отырғанбыз. Сол күні жұмысымыз ерте бітіп, үйлерімізге уақытында қайтатын болғасын ба, көңілді едік. Төртінші қабаттан сен де түсе қалдың. Әдеттегідей елгезек қалпыңмен бәрімізге ақжарқын амандастың. Бұл жолы ертесін алыс ауданға шұғыл іссапарға кетіп бара жатқансың. Сол арада қалта телефоның безілдеп қоя берді. Асығыс сөйлеп, әлдекімге «Міне, келе жатырмын, міне, келе жатырмын» - деп үсті-үстіне жауап қайтардың. Арқаңда жолқапшығың, ішінде фототілшінің саймандары қаршығадай қағілез денең қылаң қағып, тыпыршып тұрдың, асығып тұрдың. Сол арада көлік келіп, бәріміз сыртқа ақтарылдық. Анадай жер озып барып, «Ағалар, қалай қарай барасыздар?» - дедің қайырылып. Асығып айттың... Әзілдесетін әдетімізге басып, «Тасқалаға тартып бара жатырмыз» - дедім. «Ойбой, жолымыз бөлек екен, мен Карев көшесіне қарай барамын» - деп тарта жөнелдің. Бәріміз ду күліп, «Кел, кел, отыр, жеткізіп тастаймыз» - деп әрең тоқтаттық. Қуанып, мәз-мейрам болып, ортамызға қойып кеттің. Карев көшесіне келгенде «Әрі қарай өзім барамын» - деп түсіп қалдың. Түстің де, адымдай жөнелдің. Әлденеден кешігетіндей, бірдеңеден құр қалатындай жүгіре басып бара жаттың. Көрген-баққанымыз осы. Келесі күні қаралы хабар жетті сумаңдап. Отызға да толмаған ғұмырың Барбастаудың тұңғиығында сені тапжылмай күтіп жатқан ажалға асыққан екен ғой.
Елгезек қалпың, «ағалап» тұратын кішіпейілділігің, жұмысыңа деген адалдығың естелік болып қалды енді. «Фототілші Медет» деп өткен шақпен айтылатын есімің қалды әріптестеріңнің арасында. Асығып бара жатқан қалпыңды тоқтата алмаған өкініш қалды. Барбастаудың басына барғызбасы неге барғызды екен деген әттең-ай, қалды. Бақұл бол, Медет...»
Газеттің 25 тамыз күнгі санында журналист Н.Текебаевтың «Қордаланған мәселелерді қозғаған кездесулер» деген мақаласы облыс әкімінің бірнеше ауданға жасаған іссапарына арналған.
Жуырда облыс әкімі Алтай Көлгінов аудандарды аралап, тұрғындармен кездесті. Бірнеше құрылыс нысанында болды. Әсіресе, бөкейордалықтар мен жәнібектіктер қордаланған мәселелерді қозғап, шер тарқатты.
Жаңа құс фабрикасы бой көтереді
Облыс әкімі Алтай Көлгінов жұмыс сапарын Зеленов ауданындағы Щапов ауылында бастады. Мұнда «Керуен жолы» ЖШС құс фабрикасының іргетасы құйылып жатыр. Құрылысқа тапсырыс берген «Жайық Агро LTD» ЖШС-ның басшысы Темірғали Ескендіровтің айтуынша, кәсіпорынға Бельгия, Голландия, Польша, Венгриядан әкелінген жабдықтар орнатылады. Кешен аумағында 250 жұмыс орны ашылады. Құс фабрикасына Голландиядан жұмыртқалар әкелініп, инкубатордан шығарылған етті балапандар (бройлер) 40 күн өсіріледі, кейін сойылады. Балапандарға азық ретінде жергілікті аймақта егілген арпа, бидай, соя берілмек. «Келесі жылы құрылыстың бірінші кезеңі бітеді. Жылына 6 мың тонна құс еті шығарылады. Біздің облысқа АҚШ, Ресей, Беларусь, Украинадан тоңазытылатын құс еті импортталатыны белгілі. Алдағы уақытта нарықтың 50 пайызын отандық өніммен толтырамыз деп есептеймін. Жобаға «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы ауқымында «Сбербанк» АҚ қаржы құюда. Биыл құрылысқа 1,7 млрд. теңге бөлінді», - деді Темірғали Ескендіров. Облыс әкімі бұл жоба екі жылдан бері жоспарланғанын айта келіп, кәсіпорын басшылығы болашақта «импорттың орнын басып, экспортқа өнім шығару мүмкіндігін қарастырса, елдегі индустрияландыру бағдарламасы ауқымында қолдауға ие болатынын» айтты.
Жаңақалалықтар ауыз суға жарымақ
Жаңақала ауданында облыс әкімі Алтай Көлгінов «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынып жатқан 16 үйдің құрылысын көрді. Кейін ақсақалдармен болған кездесуде М. Жаданов пен К. Зейнуллин аудан тұрғындары көтерген ауыз су мәселесіне қатысты іргелі істер қолға алынып жатқанына ризашылық білдірді. Облыс басшысы суармалы жайылмалардың ескірген қақпаларын жөндеуге 24 млн. теңге, Қарасу, Төртқұлақ жайылмалардың жобалық құжаттарын жасауға 5 млн. теңге қаржы бөлінгенін мәлімдеді. Бұдан соң Қылшыққұмдағы жер асты су көзінен тартылатын Жаңақала топтық су желісінің құрылысын сапалы жүргізу барысын мамандармен талқылады.
Жуалыой, Жаңақазан, Мәстексай, Жаңажол, Сарыкөл, Жаңақала, Көпжасар ауылдарын қамтитын магистраль 151 шақырымға созылмақ. Яғни 16 мыңға жуық тұрғын сапалы ауыз су ішіп, күнделікті тұрмыста қолданатын болады. Құрылысты жүргізуге 2 млрд. 801 млн. 398 мың теңге бөлінеді. Қазіргі уақытта «СПС» ЖШС жобалау жұмыстарын жүргізуде.
«Азғырдан» туындаған түйткіл аз емес
Бөкей ордасы ауданындағы Ұялы ауылында орналасқан Ш. Жексенбаев атындағы жалпы білім беретін орта мектепке күрделі жөндеу жұмысы жасалуда. Бұған ҚПО б.в. компаниясы әлеуметтік жоба аясында 142,1 млн. теңге бөлген. Мердігер - «Раза строй» ЖШС. Облыс әкімі жөнделіп жатқан ғимарат ішін аралап көрді. Үш қабатты мектеп бөлмелерінің қабырғасы қайта сыланып, жаңа еден төселіп, жылыту жүйесі ауыстырылуы тиіс екен. Бірақ маусымда басталған жөндеу жұмысы өте баяу жүріп жатқаны байқалады. Құрылысқа жауапты серіктестік өкілдері қыркүйек айының басында барлық жұмыс бітеді деп уәде берді. Күрделі жөндеуге алпыстан аса адам жұмылған. Мектеп директоры Ардақ Әлиеваның айтуынша, білім ұясына 400 бала еркін сияды екен, ал биылғы оқу жылында 250 оқушы қабылданбақ.
Облыс әкімі Алтай Көлгінов Бөкей ордасы ауданы Темір Масин ауылдық округіне қарасты «Нарын» шаруа қожалығында болды.
Жәңгір хан атындағы БҚАТУ ғалымдарымен тығыз қарым-қатынас орнатқан шаруашылықта 560 бас ақбас тұқымды ірі қара, 1649 бас еділбай тұқымды қой өсірілуде. Бұдан бөлек 123 бас жылқы бағылады. Қожалық жетекшісі Нағым Тәжмұратов 20 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бірақ оның айтуынша, мал мамандары жетіс-пейді. Жалпы, ауылдық округте жетпіске тарта шаруа қожалығы бар.
Нағым Тәжмұратов шаруашылығының күйлі екенін әңгімелей келе, ауылдық округ орталығы - Бөрліге газ, ауыз су құбыры әлі күнге тартылмағанын, электр желілері әбден тозғанын құлағдар етті. «Малға тиесілі ветерина-риялық анықтамалар алу, барлық құжатты рәсімдеу электрондық база арқылы жүзеге асырылады. Интернет желісі қажет. Малды аптап ыстықта жүк көлігіне тиеп, күтіп тұрудың мехнаты зор», - деді ол. Облыс басшысы Алтай Сейдірұлы аудан әкімі Нұрлан Рахымжановқа ауданның бас жоспарына келер жылға ауыз су мәселесін шешуді енгізуді тапсырды, жобалық-сметалық құжатына қажетті қаражатты бөлдіруді қолға алатындығына тұрғындарды құлағдар етті.
Басқа да шаруа қожалық иелері болған осы кездесуде Темір Масин ауылдық округінің әкімі Меңдібай Қитанов аудан аумағының Атырау облысымен шектесетін тұсында орналасқан Азғыр полигонына қатысты түйткілдер бар екенін атап өтті. Ресейге жалға берілген сынақ алаңына құлауы тиіс зымыран қалдықтары белгіленген нысанадан ауытқып түсіп, кейбір бөлігі жарылып, шабындықтар өртеніп жататын көрінеді. Содан полигонға таяу жатқан ауылдық округтердегі шаруа қожалықтары қиналып отыр. Себебі ауданда мал басының өсуіне байланысты жайылым мәселесі өткірлене түскен. Тұрғындар бұл күрмеулі мәселені бейжай қалдырмауды сұрады.
Қарағайға қамқорлық қажет
Өңір басшысының Бөкей ордасына жасаған жұмыс сапарының екінші күні игі дәстүрден бастау алды. Хан ордасы ауылындағы қонақүй қасында биыл 5 гектар жерге 5 мың түп қарағай көшеті егіліп, қоршауға алынған еді. Күн шапағы төгілген ертеңгілік облыс әкімі Алтай Көлгінов пен облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар сол алаңда тал отырғызды. Орда орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің директоры Талғат Саматовтың айтуынша, мемлекеттік орман қорында 16 405 гектар жер болса, соның 4 мың гектары орман. Мекемеде 37 қызметкер болса, солардың 17-сі - орманшы. Орманды өрттен сақтау, зиянкестерден қорғау бағытында жұмыстар жүріп жатыр.
Жалпы, аудандағы орман алқабын сақтап қалу мәселесі жылма-жыл экологиялық ахуал нашарлаған сайын күрделене түсуде. Бұрын 180 см тереңдіктен шығатын жер асты су қорының деңгейі екі жарым метрге төмен түскен. Соңғы бірнеше жыл қатарынан жазғы маусымдағы жауын-шашын аз және қыста түсетін қар да мардымсыз. Ал су тасымалына қажетті техниканың жеткіліксіздігіне байланысты жаңа отырғызылған қарағайдың 3 мыңдайы ғана өркен жайған. Облыс басшысы Алтай Сейдірұлы жуырда 5 гектар алқаптағы қарағай тұқымын өсіру үшін суландыру жүйесін жасауға техника бөлуге ықпал ететінін айтты. Жас қарағайды уақтылы суғарып, күтімге алуға жергілікті басшы-мамандар жауапты қарауы тиіс.
Бұдан соң облыс басшысы ауылдағы жеке кәсіпкер Архат Салимовтің жеке стоматология кабинетін көрді. Былтыр ашылған жеке тіс емдеу орны «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында 1,5 млн. теңгеге жабдықталған. Кабинет орналасқан ғимараттың екінші жағында Гүлнәр Шәріпованың қаржысына ашылған дәріханадан басы ауырып, балтыры сыздағандар қажет дәрі-дәрмекті іздеп келеді. Сонымен қатар Хан ордасындағы тарихи музей кешенін аралаған облыс басшысы кейін Жәңгір хан, күйші Дәулеткерей Шығайұлы сынды танымал тұлғалардың кесенелері орналасқан қорымға барды.
Жол құрылысымен айналысатын жергілікті компания жоқ
Бөкей ордасы ауданындағы Сайқын ауылында «Символ» ЖШС жас мамандарға арнап салып жатқан алты баспана қыркүйек айында берілмек. Бұған облыстық бюджеттен 40,2 млн. теңге бөлінген. Серіктестік басшысы Есқайыр Елемесовке облыс басшысы Алтай Көлгінов жұмысқа жергілікті тұрғындарды көптеп тарту қажеттігін ескертті. Сонымен қатар жеке кәсіпкер Бибігүл Жұмағұлова өз қаражатына он отбасыға арнап екі үй салуда. Кейін бұл үйлерді аудан әкімдігі меншігіне алып, әлеуметтік жағынан осал отбасыларға жалға береді. Құрылыстың мән-жайына қаныққан облыс әкімі кейін «Күйшілер» аллеясында қариялармен және жастармен кездесті. Жиында еңбек ардагерлерінен Ноқаш Қадымов Ресейдің Астрахань-Мәскеу бағытында жүретін пойыздарын Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарындағы теміржол стансаларына аялдату мәселесін РФ Федералдық жиналысы Федерация Кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенкомен кездесуде ашық айтылғанына ризашылық білдірді. Ал Әбуқан Есалиев Жамбыл, Көктерек, Бөрлі ауылдарына су құбырын тартуға 770 миллион, 11 елді мекенге көгілдер отын жеткізуге 2 млрд. 133 млн. 603 мың теңге қаражат қажет екенін, әйтпесе қаржы есебі енген жобалық-сметалық құжат мерзімі келер жылдан кейін жарамсыз болатынын айтты. Өңір жетекшісі ауыз су мен газ құбырын тарту облыс бойынша өзекті екенін тілге тиек етіп, дегенмен жұмыс жоспарына бекітіп, қаржылық мүмкіндікті қарастыратынын жеткізді. «Облыстық және жергілікті маңызы бар жолдардың 26 пайызының ғана жай-күйі қанағаттанарлық дәрежеде. Бірақ жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Елбасы тапсырмасымен соңғы үш жылда автожол сапасын жақсартуға бөлінген 19 млрд. теңге игерілді. Жәнібек ауданының орталығынан бастап жол жөнделіп жатқанын білесіздер. Енді Сайқын ауылынан бастап Жәнібекке қарай тартылған республикалық маңызы бар жолды жөндеуді бастаймыз. Облыс бойынша Бөкей ордасы ауданындағы «Жамантау» кен орнында ғана қиыршық тас бар. Құрылысқа пайдалану үшін сапасын тексеру қажет. Биыл Сайқын ауылынан бермен қарай келетін жолды жөндеуге 115 миллион теңге бөлдік. Бірақ жол құрылысын жүргізетін жергілікті компаниялардың болмауына байланысты, қаражат конкурс рәсімін өткізуге Теректі ауданына жолданды. Алдағы уақытта тағы да қаражат қарастырамыз», - деді облыс әкімі Алтай Көлгінов жол сапасына қатысты сын айтқан зейнеткер Иран Дәулетовке. Кездесуде аудан жастары да сөз алды.
Одан әрі облыс басшысы Сайқын ауылында бірнеше кәсіпкерлік нысанында болды. «Аймақтық индустриаландыру картасына» енген сүт өнімдері цехын «Санди» ЖШС-ның басшысы Бибігүл Жұмағұлова 20 млн. теңгеге ашқан. Оның 9 млн. теңгесін «Өндіріс - 2» несиелік бағдарламасы арқылы үкіметтен алған. Цехтағы сүт өңдейтін жабдықтың жұмысын ресейлік маман түсіндірді. Оның айтуынша, құрылғы автоматты түрде жұмыс жасайды. Қаптамаға құйылатын өнім температурасы арнайы бағдарлама арқылы реттеледі. Бибігүл Жұмағұлова цех толық қуатында істеу үшін шикізат жетіспейтінін тілге тиек етті. Күніне 200 литрге жуық қана сүт өңделеді екен. Бұдан соң облыс әкімі «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы ауқымында 3 млн. теңгеге салынған керамзит блок тас дайындайтын цехқа барды. Шағын өндіріс орны былтыр 12 мыңдай керамзит блок тас шығарған. Құрылыс материалын дайындаумен төрт-ақ жұмысшы айналысады. Керамзит Ресейдің Волгоград облысынан тасымалданады. Цех иесі Қуаныш Шәріпқалиев әр тас 180 теңгеден саттық-қа шығатынын әрі өтімді екенін айтты.
Облыс басшысы осы нысанда аудан кәсіпкерлерімен кездесіп, олардың қолға алған жобаларына сәттілік тіледі. Сонымен қатар шағын және орта бизнес иелері ұсынған көрмемен танысты.
Ақобаға «Ақбұлақ» бармақ
Жәнібек ауданы орталығынан шығатын «Жәнібек - Қазталов» республикалық маңызы бар жолдың 20 шақырым бөлігіне 2014 жылдан бері күрделі жөндеу жүргізілуде. Облыс әкімі Алтай Көлгіновке «РСУ-1» ЖШС-ның техникалық директоры Ерұлан Жолдыбаев жұмыс барысын баяндады. Биыл жолдың 11,5 шақырымына қара жамылғы төселмек. Жалпы, жол сапасын жақсартуға республикалық бюджеттен 2 млрд. 680 мың теңге қарастырылған. Биыл 799 миллион теңге жұмсалуда. Жол құрылысына 55 адам тартылған. Ұзынкөл ауылы жанында шағын асфальт зауыты құрылыс материалын дайындайды екен. Бірақ Ресейден тартылған электр қуатының төмендеуіне байланысты өндіріс қарқыны баяулаған. Серіктестік бүгінге дейін 8 шақырым жол бетіне асфальт жабынының бір қабатын тартқан. Енді екінші қабаты төселуде. Облыс әкімі Алтай Көлгінов жол сапасына мұқият болып, күзгі жауын-шашынға іліктірмей, белгіленген мерзімнен ерте аяқтауды тапсырды.
Жәнібек ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшин мәртебелі меймандарға Күйгенкөл ауылында Жәнібек суландыру-суғару жүйесін жаңғырту жайын тарқатып айтты. Оның айтуынша, Ресей Федерациясында Еділ өзенінен тартылған су арнасы 40 жылдан бері тазартылмаған. Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарынан он ауылдық округ бойынша он төрт елді мекенді қамитын магистраль ауыл шаруашылығын дамытуда аса маңызы зор. Ұзындығы 328 шақырымнан асатын арнада судың ағысы баяулаған. Облыс басшысы қажетті жобалық-сметалық құжатты дайындауды тапсырды.
- Жыл сайын Еділ өзенінен су босату үшін Ресей Федерациясына 1 млрд. 600 млн. теңге бөлетін едік. Нарықтағы рубль бағамының өзгеруіне байланысты қосымша 600 млн. теңге қаражат қажет болды. Содан Еділ өзенінен тартылған арнадағы су ағысы төмендеді. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жақында қосымша қаражат бөлетін болды. Қыркүйекте Ресей тарапы Жәнібек суландыру жүйесіне және Қазталов ауданындағы Қараөзен мен Сарыөзенге су босатады. Қазіргі уақытта секундына 1,7 текше метр су ағып тұр, екінші су айдау сорғысы іске қосылғаннан кейін секундына 2,5 текше метр су жіберіледі. Бұл судың тапшылығын азайтуға оң әсер етеді, - деді өңір жетекшісі Күйгенкөл ауылында өткен аудан ардагерлерімен кездесуінде. Жиында Ақоба ауылындағы ақсақалдар ұйымының төрағасы Мұрат Мұханбетқалиев ауыл тұрғындары бірнеше жыл қатарынан ауыз су мәселесін шешуді сұрап келе жатқанын айтты. Аудан басшысы Наурызбай Қарағойшин екі жыл бұрын құны 272 млн. теңгелік жобалық-сметалық құжаттың әзірленгенін мәлімдеді. Облыс басшысы Алтай Сейдірұлы Ақоба ауылына келесі жылы ауыз су құбырын тарту жоспарланатынын айтты. Басқосуда Талов ауылының тұрғыны Светлана Гоман да «Ақбұлақ» игілігіне ауылдастары мұқтаж болып отырғанын жеткізді.
«Күрделі жөндеу қыркүйек айына дейін аяқталсын!»
Облыс әкімінің жұмыс сапары Қазталов ауданында жалғасты. Қазіргі кезде Тереңкөл ауылдық округі орталығы Нұрсай ауылына 11 шақырым қашықтықтағы «Апандыой» жер асты су қорынан «ҚұрылысГаз» ЖШС құбыр тартуда.
Қазіргі уақытта ауыл жанынан сыйымдылығы 50 текше метр, ұзындығы 27 метр су босататын мұнара салынып жатыр. «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында шілде айында басталған жобаға 61,6 млн. теңге бөлініпті. Келер жылы аяқтау көзделгенімен, бір ай жарымда ауылішілік желілерді тартуға серіктестік директоры Каримолла Жақыпов облыс басшысынан 100 миллион теңге қаражат бөлдіруді сұрады.
Одан әрі облыс басшысы Нұрсай ауылында «БатысСтройСервис» ЖШС күрделі жөндеу жүргізіп жатқан жалпы білім беретін мектепке барды.
- Қыркүйек айына дейін жөндеуді аяқтаңыздар. Оқу үдерісіне кедергі болмасын. Жұмысты түнгі ауысымда үзбестен жалғастырыңдар. Бұл ғимарат сапасына теріс әсерін тигізбеуі керек, - деп қатаң тапсырма берді ғимарат бөлмелеріндегі қарбаласты аралап көрген соң облыс әкімі Алтай Көлгінов серіктестік директоры Серікқали Жолымбетовке.
Серіктестік басшысының айтуынша, маусымның 20-сында басталған күрделі жөндеу жұмысы 80 пайызға орындалған. Жергілікті бюджеттен бөлінген 124 миллион теңге құрылыс материалдарына жұмсалуда. Жұмысқа 65 адам тартылған. Оның 25-і «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша орналасқан. Жөндеу жұмысын қазан айының аяғында толық аяқтау жоспарланған екен. Серіктестік қыркүйектің біріне дейін мектеп ғимаратын дайындап үлгеруі тиіс.
Жұмыс екі ауысымда жүруде
Түн ортасы ауа облыс әкімі Алтай Көлгінов бастаған жұмыс тобы Чапаев - Жалпақтал - Қазталов бағытындағы автожолдың жөнделіп жатқан учаскесіне жетті. Асфальт жабындысының қызуы қайтпағанын жол бетіне қызығушылықпен төсеген алақанымыз бірден сезді. Қара жамылғының ауыр техникамен тегістелгеніне екі-ақ сағат уақыт өткен екен.
Облыс басшысы аз-кем уақыттан соң жұмысшылар қосынына барып жұмыс барысымен танысты. «Uniserv» ЖШС-ның бас директорының орынбасары Дінмұхаммед Сәтбаевтың айтуынша, биыл он сегіз шақырымды жөндеуге 2 млрд. 407 млн. теңге бөлініпті. Жолды жөндеуге 43 техника тартылса, 30 жүк көлігі тәулігіне 1000-1200 тонна құрылыс материалын тасымалдайды. Серіктестік қарауында 120 қызметкер бар. Жұмыс екі ауысымда жүріп жатыр. Облыс басшысы Алтай Көлгінов «Uniserv» компаниясының өкіліне жол сапасына мұқият болуды, жергілікті тұрғындарды жұмысқа көптеп қабылдауды тапсырды. Орташа еңбекақы мөлшері - 100 мың теңге құрап отыр.
- Бүгінге дейін 11 шақырым жол бөлігіне асфальт төселген. Жалпақтал ауылының бұрылысына 7 шақырым қалды. Жөндеу жұмысы кестеде белгіленген мерзімнен сәл озған. Келесі жылы Қазталов ауданына дейінгі 60 шақырым жолды күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлiгi жобалық-сметалық құжатты қарап, мемлекеттік сараптамадан өткізуде. Құзыретті орган жобаны мақұлдаған соң, республикалық бюджеттен қаражат жіберуге сұраныс жолдаймыз, - деді облыс басшысы Алтай Көлгінов.
Осы нөмірде Сенат депутаттары Ерболат Мұқаев пен Рашит Ахметовтың «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттеріне берген «Берекелі ел бақытты» деген сұхбаты (Серік Иқсанғали) жарияланған.
- Сіздер қазір ел аралап, сайлаушылармен кездесіп жүрсіздер. Сол іссапарлардан алған жалпы әсеріңіз қандай? Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы атап өтілмек. Тарихи оқиғаға байланысты айтар ойларыңызды білсек?
Рашит АХМЕТОВ:
- Иә, қазір іссапар үстіндеміз. Біз сәл мүмкіндік болса, Жайық өңіріне тартып кетуге асығып тұрамыз. Туған жер қашанда өзіңе ыстық қой. Әрине, басқа да іссапар баршылық. Отанымыздың өзге өңірлеріне, шетелге дегендей. Бірақ елмен жүздесу бәрінен де ыстық. Биыл халыққа қолайлы болып тұр. Жайық алқабында егін бітік, шөп шүйгін шығыпты. Бұл да халықтың бір берекелі несібесі.
Елдің де жағдайы қалыпты. Бұрынғыдай емес, бізбен жүздескенде ұсақ-түйекті сөз ететіндер тым сирек. Соған қуандық. Үнемі жыланып, ауызды қу шөппен сүрте беруге бола ма? Маған бір ұнағаны - Жәнібек ауданындағы кездесуде сол өңірдің ақсақалдары: «Бізге тек тұщы су мен қатқыл жол мәселесін шешіп берсеңдер болды. Қалғанына аса алаңдаудың қажеті жоқ» - деді. Несі бар, бұл - тек оң ахуалды көріп, бағалай білгеннің сөзі. Жол демекші, таяудағы кездесуде ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Ақ Жайық өңірінің оңтүстік аудандарына қатқыл жол салу, жөндеу ісіне бөлінетін қаржы мәселесінің шешімін табатынын айтты.
Енді Тәуелсіздік жайына келсек. Тарих үшін 25 жыл қас қағым уақыт қана. Ал мемлекетке ол қиындықты еңсеру, даму және үнемі алға ұмтылу кезеңі іспеттес. Осы жылдар ішіндегі Қазақстан бойынша саяси-экономикалық, әлеуметтік өзгерістер жер мен көктей. Жаңа мемлекет нығайды, адамның ділі мен санасы өзгерді, бұрынғы кезеңнен мүлдем өзге, жаңа ұрпақ өмірге келді. Бір ғана мысал. Осыдан 15 жыл бұрын жыл сайын 20 шақырым жол, соның ішінде оған қатқыл төсем салу адамдарға бір арман еді. Қазір жыл сайын 20 емес, 30-40 шақырым жол бойына қатқыл табанды төсем салу қалыпты іске айналды. Әрине, ел қиындықсыз емес, бар және болуы да заңды. Өйткені даму қашанда қиындықты өткеру, еңсеру жолымен жүреді ғой. Біз «Мәңгілік ел» құрудамыз. Түсіне білген кез келген жанға аталмыш атаудың мағынасы терең. Өйткені сол мақсатқа жету үшін бүкіл ел болып, жұмыла әрекет жасауымыз қажет. Меніңше, тәуелсіздік тек мемлекеттік рәміздерден тұрмайды. Отандастардың елдің жарқын ертеңін жақындатуға тырысуы, соған орай еркін еңбек етуі де - тәуелсіздік нышанының мың да бір белгісі. Елбасымыз Н. Назарбаев алдымызға мақсат етіп қойған бес институционалдық жаңғырту мен «100 қадамды» жүзеге асыру билік пен халықтың өзара қатынасына көзқарасын өзгертіп, адамдарды жасампаз еңбекке жұмылдырып, шыңдауы тиіс. Сонымен бірге әркім де «Отан маған емес, мен Отаныма не бердім, не беремін?» деген мақсат жолында өзін-өзі жетілдіруі тиіс. Бүгінгі заман Қазақстанға үлкен саяси-экономикалық мүмкіндіктер берді. Тек соны мезгілінде және толыққанды пайдалана білмесек, ұтылғанымыз. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы тек дүркіретіп той тойлаумен шектелмегені жөн. Біз өткен істерді нәтижелеп, алдағы міндеттерді белгілеп, жасампаз істерді жоспарлап, соған бағыт алсақ, мейлінше тиімді. Осыған біз, Парламент депутаттары да лайықты үлесімізді қосудамыз және алдағы уақытта сол бағытпен жүре береміз. Мәселен, елдегі экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін ҚР Парламенті бірінші кезекте қала мен ауылда орта және шағын кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған заңдарды қабылдады.Сөйтіп, Елбасымыздың жалпыға бірдей еңбек қоғамын құруға бағытталған бастамасын қолдап қана қоймай, соны жүзеге асыру ісіне жол ашты. Негізі қоғамды масылдықтан сақтандыру қажет. Кез келген адам, кез келген қоғам үнемі қиындықты басынан өткеріп дағдыланса, ешқандай масылдық туындамақ емес.
Ерболат МҰҚАЕВ:
- Елбасының барлық жаңғыртулары мен бастамалары тек қолдауға лайық. Көпке мәлім, 1995 жылға дейін екі рет Парламент жұмыс істеп, ақыры тарап тынды. Елбасымыздың Ата заңға енгізген өзгертулеріне орай, 1995 жылы жаңа мазмұнды Парламент өмірге келді. Ол өзінің қаншалықты өміршең екенін толық дәлелдеп шықты. Басқаны айтпағанда, ТМД елдерінде кездесіп қалған биліктің сан алуан тармақтарының өзара қырқысы мен текетіресінен құтылдық. Нәтижесінде қоғам алаңсыз өмір сүріп, еңбек етуге мүмкіндік алды.
Өткен ғасырдың аяғында Елбасымыздың бастамасымен «Қазақстан - 2030» мемлекеттік бағдарламасын белгілеп, жүзеге асыру қолға алынды. Кезінде соған күмәнмен қараушылар аз болған жоқ. Қазір ол ақиқатқа айналды. Енді біз әлемнің ең дамыған 30 елінің құрамына енуіміз керек. Ол мақсат та саты-саты бойымен жүзеге асып келеді. Жекелеген түрлі көрсеткіштер бойынша қазірдің өзінде таңдаулы мемлекеттердің қатарындамыз. Әрі қарай сан мен көрсеткішке иек артқым келеді. Тек өңір бойынша өткен ғасырдың аяғында елді мекендерді газдандыру тек 20 пайызды құраған екен. Қазір бұл көрсеткіш 94 пайызға жетті. Өткір әлеуметтік мәселенің бірі - балабақшамен қамту сол кезде 32 пайызды құраса, қазір 94 пайыздың төңірегінде. Бұл - елдегі жоғары көрсеткіштің бірі. Бүгінде Жайық өңірінде апатты мектеп жоқ. Үш ауысымды оқу келмеске кетті. Енді көлік жолы жайына келсек, бұрын қатқыл жолмен қамту 19 пайыз болса, қазір орта есеппен алғанда 32 пайызға жетіп отыр. Соңғы жылдары жол құрылысына бөлінетін қаржы анағұрлым артты. Тағы бір көрсеткіш. 2008 жылы облыстың жол құрылысына бар болғаны 2 млрд. теңге ақша бөлінген екен. Биыл барлық қаржы көзінен осы мақсатқа 17 млрд. теңге бағытталды. Айырмашылық сегіз еседен астам. Бұрын санаулы ғана аудандар облыс орталығымен қатқыл табанды жол арқылы байланысқан еді. Енді тек Бөкей ордасы, Жәнібек, Қазталовтан басқа аудан орталығының Орал қаласымен аралығында қатқыл жол бар.
Алдағы жылдары аталмыш аудандардың да облыс орталығымен қатқыл жол арқылы тұрақты байланысы боларына сенемін. Мұның сыртында Зеленов, Тасқала аудандарына баратын көлік жолдары жөнделіп, қайтадан асфальт төселумен қатар, оның аумағын кеңейту жұмысы жүргізілуде. Оған «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша бес миллиардтан астам қаржы бөлінген.
Байқап тұрсаңыз, бүгінгі әлем жедел де жиі өзгеріп келеді. Сондықтан еліміз кез келген ықтимал қатер мен оқыс әрекеттерге сақадай сай әзір тұруы тиіс. Елбасымыз Н. Назарбаевтың соңғы бастамалары да соның алдын алудың шараларын жүзеге асыруды көздейді. Соны жүзеге асыру жолында біздің Парламент 59 заң қабылдады. Отанымыздың сан алуан бастамаларын төрткүл дүние түсіністікпен қабылдап, қолдау көрсетуде. Қазақстанның БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесіне алынуы - соның бір дәлелі.
- Енді еліміздің заң шығарушы органындағы жұмыстарыңызға тоқталсаңыз...
Рашит АХМЕТОВ:
- Жанымдағы әріптесім екеуміз Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінде бірге жұмыс істейміз. Жұмыс өте күрделі. Биыл мемлекеттік бюджет мұнайдың әр баррелінің ықтимал құны 30 долларға есептеліп жасақталған. Біздіңше, ол мұнай бағасының ең төменгі шегі. Жыл аяғына дейін оның көтерілуі де, көтерілмеуі де мүмкін. Ол біз түгілі, сол саланың мамандарына да белгісіз. Бірақ жыл аяғына таман бюджет тағы да нақтылануы тиіс. Басымдық кірісті өсіруге беріледі. Демек, сол үшін салықты жақсы жинау қажет. Әрі әзірге аса қажеттілігі жоқ салаларға бөлінер қаржыны да мүмкін қысқарту қажет шығар. Өйткені мемлекет жалақы мен зейнетақы, әлеуметтік төлемдерді мезгілінде беруге міндетті. Онсыз мүлдем болмайды. Елбасымыз да, Үкімет те, Парламент те халықты әлеуметтік жағынан қорғансыз қалдырмайды. Міне, қазіргі әлемдік дағдарыс, соның ішінде көршілес Ресейге қарсы қолданылған түрлі шектеу шараларының тиер зиянына қарамастан, ел экономикасы алға дамуда және дами береді де. Мені қуантатыны - банк жүйесі тұрақтанып келеді. Әсіресе, екінші деңгейдегі банктердің ахуалы мемлекеттің қатаң бақылауы мен қадағалауында. Қаржы жүйесін жетілдіру мен тұрақтандыру күн тәртібінен де түспек емес. Сонымен бірге мынаны баса көрсеткім келеді, дағдарыстан жедел шығуды күту - ағаттық. Оның өзі біртіндеп қалпына келіп, кейде тым ұзаққа созылатын экономикалық үдерім. Мұның өзі бәріне, соның ішінде біздің мемлекетке де барлық жадығаттарды жіті және толық пайдалану міндетін жүктейді. Жалпы, басқасы сияқты қаржы саласындағы ахуал да қалыпты және мүлдем түңілерліктей емес. Оған дәлелім - бізде әлемдегі ең оңтайлы да тиімді инвестиция тартуға шақыратын заңдар қабылданған. Инвестиция тартумен қатар, мемлекет шағын және орта кәсіпкерлікті мықты қолдап отыр және бұл бағыттан еш айнымайды. Ал Отанымыздағы қоғамдық тұрақтылық пен ұлтаралық келісім - соның бәрінің берік кепілдігі. Неге елдің бәрі Швейцарияға өте құштар? Өйткені бұл ел - дүние жүзіндегі ең тыныш жердің бірі. Бүлінген елге ешкім инвестиция салмайды, ондағы шағын және орта кәсіпкерлік туралы сөз қозғау өте қиын.
Ерболат МҰҚАЕВ:
- Кез келген мемлекет те заң негізінде өмір сүреді. Сондықтан заңды талқылау мен қабылдау - күнделікті жұмысымыз. Өмір үнемі қозғалыста. Нәтижесінде әлсін-әлі өмірге бейімдеп, заңдарға өзгеріс енгізіп жатамыз. Бұдан басқа мемлекетаралық келісімшарттарды қарап, сараптап, беркітеміз. Менің ойымша, халықпен жүйелі кездесулер, БАҚ өкілдерімен жүздесулер мейлінше пайдалы да тиімді. Олар тек өте құнды ақпарат беріп қана қоймай, жаңа ойлар мен ұстанымдарға негіз болып жатады. Заңдар қабылдауға да көпшілік пікірінің мол көмегі бар. Ел аралап қайтқаннан соң, біз әлеуметтік- экономикалық және басқа мәселелер негізінде депутаттық сауал жолдаймыз. Кез келген мәселені көтеріп қана қоймай, олардың түптің түбінде шешілуіне күш саламыз.
Соның кейбіреуіне тоқтала кетсем.
Мәселен, алыс аудан - Жәнібектің тұщы су мәселесін түбегейлі шешу қажет. Жаңақала және Қазталов аудандары да суға өте мұқтаж. Ресейден Еділ суын алу арқылы тұйықтан шығу үшін парламентаралық деңгейде мәселе көтерілді. Оның шешімін табарына үміттіміз. Киров-Шежін су арнасы арқылы Қараөзен, Сарыөзенді өмір нәріне қанықтыру да - алдағы бір мақсат. Сөйтіп, сол арқылы өңір мүддесін қорғауға лайықты үлес қоссақ. Ал халықаралық кездесулерде өңірмен шектеліп қалмай, түгел ел мүддесін қорғауға тура келеді.
Рашит АХМЕТОВ:
- Әлі есімде, бір халықаралық парламенттік басқосуда әлемдегі асбест зауыттарын жабу жөнінде мәселе көтерілді. Себебі асбест өндіру мен өңдеудің экологиялық зияны көп екен. Біз қарсы шықтық. Неге? Қазақстанда Қостанай облысында асбест зауыты бар, онда үш мың адам жұмыспен қамтылған. Зауыт жабылса, адамдар қайда қалады? Нәтижесінде шешім қабылданған жоқ. Мәселеге аса қатысты болмаса да, ағылшын тілін білмеудің қаншалықты тиімсіз екені шетелге шыққанда, халықаралық жиында анық сезіледі. Өзгелер ағылшынша сайрап жатқанда, сен тек аудармаға жүгінесің. Көп тілді меңгерген қандай жақсы! Мені жастардың шетелде оқуы да қуантады. Тек «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқыған 10 мың жастан басқа, әлемнің әр елінде білім алып жатқан отандастар жеткілікті. Міне, солар - елдің «алтын» қоры.
- Ел ішінде, әсіресе, келешек зейнеткерлер арасында бірыңғай мемлекеттік зейнетақы қорының ертеңіне алаңдаушылық байқалады. Осыған байланысты бірер ауыз сөз...
Рашит АХМЕТОВ:
- Алаңдайтын түгі де жоқ. Зейнетақы қорының сақталуына мемлекет кепілдік береді. Оның белгілі бір бөлігі ақша айналымына түсіп жатқан болар. Мол ақшаның бос жатқаннан гөрі айналымға түсіп, қорға үстеме пайыз жинағаны тиімді емес пе?! Елбасымыздың тапсырмасы бойынша оның белгілі бір бөлігі шетелдік валютаға айырбасталды. Оның тиімді жағын да ескеру керек. Бір сөзбен айтқанда, ешкім де уақыты келгенде зейнетақысыз қалмайды. Сөз соңында айтарым, заң баршаға бірдей. Сондықтан келешекте заң шығару мен қабылдау жұмысын жетілдіріп, ел игілігі жолында еңбектене береміз.
«Қырғызстан мен Ресейден қазақ балалары келді» (А.Жомартқызы) - бұл ақпаратта тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Бірлік-Единство.kz» жастар лагерінің салтанатты ашылуы сөз болған. Достық үйінде өткен шараға жерлестерімізбен қатар, Ресей мен Қырғызстан елдерінен келген 200-ге жуық жастар жиналды.
Лагерь осымен алтыншы мәрте жалауын желбіретті. Шараға жазушылар, депутаттар, қоғам қайраткерлері қатысып, жастарға арнап «Келісім бүгін - бейбітшілік әрқашан!» тақырыбында толеранттылық сабақтарын өткізді. Сонымен қатар қазақ тілін үйренудің инновациялық әдістерін ұсынды.
- Қазіргі таңда кейбір жеткіншектер теріс әдеттерге салынып, өмірден өз жолын таба алмай жатқанын көреміз. Біздің мақсатымыз - жастарды бұрыс әдеттерден аулақ ұстап, отансүйгіштікке баулу, өркениетті ұрпақ тәрбиелеу, - дейді ҚР Парламанті Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских.
- Аталмыш шараның арқасында көрші елде тұратын жастар жыл бойы бір-бірімен хабарласып, пікір алмасады. Еліміздегі бірлік және келісім саясаты жөнінде сауаттарын ашып, болашақта патриот болып өседі, - дейді ҚР Президенті жанындағы "Қоғамдық келісім" РММ қызметкері Дәурен Назаров.
- Мен Астрахан қаласынан келдім. Өзім «Жолдастық» ұйымының мүшесімін. Аталмыш жастар орталығы жырақтағы қазақ балаларының ана тілін ұмытпай, салт-дәстүрін жаңғыртуына сүбелі үлес қосып жүр. Ол үшін түрлі шаралар өткізеді. Мәселен, соңғы шарамыз Жамбыл Жабаевтың туған күніне арналған болатын, - дейді Астрахан облысының «Жолдас-тық» жастар орталығының мүшесі Аялин Мұсаева.
Лагерь жұмысы 25 тамызға дейін жалғасады. Оның барысында жастар маңызды мәселелерді талқылап қана қоймай, спорттық-туристік жарыстар және интеллектуалдық ойындарға қатыспақ.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен «Әскердегі балаларымен скайп арқылы тілдесті» деген ақпарат әскери өмірге арналған.
Елбасымыздың Бес институционалды реформасын жүзеге асырудың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындау мақсатында Орал шаһарындағы 5517-әскери бөлімінде айтулы шара өтті.
Ақ Жайық өңірінен әскерге шақырылған әскери қызметшілердің ата-аналарының, туыстарының, қоғамдық ұйымдардың, құқық қорғау құрылымдарының және БАҚ өкілдерінің қатысуымен Ашық есік күні оздырылды.
Шараға қатысушылар 1995 жылдың 7 сәуірінде тәжік-ауған шекарасын күзету кезінде ерлікпен қаза тапқан Ұлттық ұланның 17 жауынгерін үнсіздікпен еске алып, ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды. Одан кейін әскери бөлімнің клубында Ұлттық ұланның басшылығымен кездесу өтті. Ұлттық ұланның бас тәрбиешісі, генерал-майор Мұхаметқали Сатов елдің әскери тарихы, тәуелсіздіктің 25 жылы ішіндегі Қарулы Күштердің дамуы мен қалыптасуы жайында әңгімеледі, көпшіліктің сұрақтарына жауап берді және жауынгерлік қызмет пен оқуда үздік көрсеткіштер көрсеткен ұлдарын жақсы тәрбиелеген ата-аналарға алғысхаттарды табыстады.
Ұлттық ұлан әскері туралы жалпы мәлімет алған соң, көпшілік назарына балаларының сәлемдемесі жолданған бейнежазбалар ұсынылып, перзенттері қызмет атқарып жатқан әскери бөліммен тікелей байланыста хабарласуға мүмкіндік туды.
Шара соңы әскери бөлімнің көркемөнерпаздары дайындаған мерекелік концертке ұласты.
Биыл Ақ Жайық өңірінде егін біршама бітік шықты. «Жаздық дәнді дақылдар орылуда» (Г.Дыбысқалиқызы), міне, осыған арналған.
Облыс диқандары күздік дәнді дақылдарды жинап болды. Биылғы ылғалдың мол болуы күздік дақылдардың әр гектарынан орташа есеппен алғанда 27,7 центнерден өнім алуға мүмкіндік берді. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда (2015 жылы әр гектарынан 7,6 центнерден) әлдеқайда жоғары. Әсіресе, күздік дәнді дақылдар егістігі ең ауқымды, яғни 31,52 мың гектар болған Зеленов ауданының шаруалары әр гектарынан 32,5 центнерден мол өнім алып, ел-жұртты қуантты. Өткен жылы күздік дақылдар алқабы 30,11 мың гектар болса, биылғы күздік егістік 45,36 мың гектарды құрады.
Қазір алқаптарда жаздық дәнді дақылдарды жинау жұмыстары жалғасуда. Биыл жаздық дақылдар 169,96 мың гектар алқапқа егілді. Өткен жылы мұндай дақылдар егістігі 230 мың гектар болды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының 23 тамыздағы мәліметіне сүйенсек, егіс алқабының 87,21 мың гектары, яғни барлық егістік көлемінің 51,3 пайызының егіні орылып, бастырылған. Әзірге әр гектардан орташа түсім 11,1 центнерді құрауда. Егіннің шығымдылығы бойынша Орал қаласы көш басында. Орал маңындағы шаруашылықтар әр гектарынан 13,9 центнерден, шыңғырлаулықтар 12,7 центнерден, бөрліліктер 11,8 центнерден дән алуда.
- Биылғы жауын-шашынның мол болуы, жерде ылғалдың мол сақталуы және шаруалардың агротехникалық шараларды талапқа сай әрі дер кезінде жүргізуі астықтың мол болуына әсер етті. Ауа райы қалыпты болса, жиым-терімді тамыз айының соңына қарай аяқтауды межелеп отырмыз, - деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Денис Омашев.
«Комитет - әр үйге» қандай қызмет көрсетеді?» деген көлемді хабарда (Айша Өтебәлі) Қазақстанның орталық коммуникациялық қызметі БҚО филиалында өткен кезекті баспасөз мәслихаты сөз болған.
Бұған ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті БҚО бойынша басқарма бастығының орынбасары Асқар Капулов, басқарманың арнайы есепке алу бөлімінің бастығы Гүлнара Ибрашева, басқарманың құқықтық статистиканы қалыптастыру бөлімінің бастығы Ержан Мұхитов қатысты.
- Біздің бұл басқосуды ұйымдастырудағы басты мақсатымыз - азаматтарға «Комитет - әр үйге» жобасын жете түсіндіру. Бүгінгі таңда ғаламтор желісінде комитет порталында азаматтар үшін құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы ақпарат бар. Мысалы, кез келген азамат өзіне берілген талонның көмегімен қылмыс туралы арыздың, мемлекеттік органдарға берілген өтініштердің қаралу нәтижелерін, өзіне қатысты айыппұлдар жайын, іздеуде жүрген сезікті адамдарды, алимент төлеуден қашқақтап жүргендерді, сонымен қатар сатып алғысы келген автокөлігінің қандай да бір жол-көлік оқиғасына қатысы бар-жоғын біле алады. Сондай-ақ азаматтар статистикалық есептермен, талдау-зерделеу материалдарымен танысып, карталардың көмегіне жүгіне алады.
Күні бүгінге дейін порталды 1,5 миллионнан астам азамат қараған. Солардың ішінде айыппұлдар бойынша 192 000, іздеуде жүргендер туралы ақпаратты 300 мыңнан астам адам, өтініштердің қаралу нәтижелері туралы 295 мың, қылмыс туралы арыздың қаралуын 95 мыңнан астам адам қараған, мыңдаған адамдар қыл-мыс туралы электронды арыз беріп, кәсіпкерлер тексерісіне байланысты 34 мың адам жүгінген. Сондай-ақ комитет сервистерінде ақпаратты алу тәртібі мейлінше жеңілдетілген. Мысалы, тексерістің тіркелгендігі туралы ақпаратты «тышқан» батырмасын үш рет басу арқылы алуға болады. Яғни ғаламторға кіріп, сілтемені басып, тіркеу нөмірін енгізген кезде сервис тексерістің тіркелгендігі туралы ақпаратты лезде шығарып береді. Сонымен қатар «электронды үкімет» мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланудамыз. Мысалы, айыппұлдың бар-жоғы жөніндегі мәліметті комитет сайтынан басқа «e.gov» порталынан да білуге болады. «Электронды үкіметтің» төлем жасау шлюзімен кіріктірілуінің арқасында сайт қолданушылары сол жерде айыппұлдарын да төлей алады. Біздің ақпаратымыз азаматтарға түрлі мәмілелер жасау кезінде өздерін қауіпсіздендіруге көмектеседі. Мысалы, автокөлікті сату-сатып алу кезінде, займ алу, сенімхат табыстау, жұмысқа қабылдау, тағы басқа да жағдайларда.
Көптеген азамат біздің мекемені соттылық туралы анықтама беретін орын деп қана таниды. Бұл дұрыс емес, біздің жұмыс ауқымымыз қазір кеңейді. Бүгінгі шараны осыны түсіндіру үшін ұйымдастырып отырмыз. Қазіргі таңда «ҚСжАЕК - әр үйге» жобасы жасақталды. Бұл жоба қарапайым азаматтарды құқықтық ақпаратпен қамтамасыз етуге, олардың мұқтаждықтарын қанағаттандыруға, сонымен қатар халықтың прокуратура органдарына деген сенімін нығайтуға бағытталған. Комитеттің басты және негізгі міндеті - бұрын қылмыс жасаған адамдардың мемлекеттік мекемелерге жұмысқа орналасуына, ал бұрын зорлық-зомбылыққа, қылмысқа қатысы бар адамдардың білім беру мекемелеріне жұмысқа орналасуына жол бермеу. Комитет, сонымен қатар қылмыстық қудалау органдарында қылмыстық құқықбұзушылық туралы арыздың заңмен белгіленген мерзімде қабылданып, тіркелуін және қаралуын қадағалауды жүзеге асырады. Сондай-ақ еліміздегі әр қала, ауыл, көше, үй, ауланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қылмыстылықтың жай-күйін талдауға қажетті шынайы құқықтық статистиканы қалыптастырады.
Қазіргі таңда ғаламтор тұтынушысы туралы толық ақпарат алуға болады. Оның көрнекті мысалын Google компаниясынан көреміз, ол өзінің ID-тұтынушысының көмегімен барлық ақпаратты (қай елден, аймақтан, жасы, жынысы, сұрау салу тарихы т.б.) және қажетті ақпаратты іздеуге көмектеседі. Тұтынушы туралы қажетті ақпаратты жинап алып, оны операциялық (нұсқамалық) талдау ақпаратына айналдыру арқылы біз сервистерді ілгерілетудің нүктелік стратегиясын аламыз. Мысалы, ұрлықтан зардап шеккен адам бізге жүгінген кезде, оған ұрлықтар, олармен күрес әдістері, нақты аудан, нақты үйдегі ұрлық статистикасы, учаскелік инспектор, тағы басқа да толық ақпаратты ала алады, - деген Асқар Жұмағалиұлы сөз кезегін басқарманың арнайы есепке алу бөлімінің бастығы Гүлнара Ибрашеваға берді.
Гүлнара Асқарқызының сөзінше, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бес институционалдық реформасын жүзеге асыру үшін Ел-басы тапсырмасы бойынша қылмыстың географиялық картасы жасақталды. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 32-қадамында «Қылмыстық құқықбұзушылық картасы» бойынша интернет-портал құру жөнінде айтылған.
- Осыған орай «Қылмыстық құқықбұзушылық картасы» интернет-порталы құрылып, бүгінде ол жетілдірілуде. Осы карта арқылы еліміздің әрбір азаматы қылмыстық оқиғалар жиі орын алатын аумақты біліп отырады, бұл тұрғындардың қауіпсіздік шараларын алып, сақтанып жүруіне ықпал етеді. Қылмыстық оқиға орын алған жағдайда 2-3 минуттан соң-ақ аталмыш географиялық карта арқылы кез келген адам сол оқиға жөнінде толық ақпарат алады. Қылмыстық карта арқылы тексеру 1991 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Мысалы, аталмыш картада бостандыққа шыққан үш педофил қылмыскер туралы ақпарат бар. Олардың біреуі Орал қаласының, ал қалған екеуі - Жәнібек ауданының тұрғындары. Біз мұндай ақпараттарды тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін дерекқорға енгіземіз, - деген Гүлнара Ибрашеваның сөзін басқарманың құқықтық статистиканы қалыптастыру бөлімінің бастығы Ержан Мұхитов жалғастырды.
- «Қылмыстық құқықбұзушылық картасымен» облыстың 12 ауданы түгел қамтылған. Бірақ Зеленов, Тасқала, Теректі және Жаңақала аудандарының қылмыстық картасы әлі іске қосыла қойған жоқ. Мұндай карталар облыс және аудан орталықтарында іске қосылған. Ауылдық округтерге келесі жылы қосылмақ. Қылмыстық картасы кез келген азамат үшін қолжетімді, ол үшін электронды мекенжай бойынша арнайы сайтқа кіру керек. Бұл - құқық қорғау органдары үшін үлкен көмек. Тұрғындар үшін де қылмыстық картаның пайдасы көп. Мысалы, кез келген адам пәтер немесе аутокөлік сатып алар кезде, біздің дерекқордан сатып алғалы тұрған мүліктері жөнінде ақпарат біле алады. «Апатты жағдайлар картасы» немесе «Жол-көлік оқиғасы картасы» интерактивті жүйесі 2013 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл карта арқылы, өзінің аты айтып тұрғандай, жол-көлік оқиғасы жөнінде ақпарат алуға болады. Бұдан басқа «Жасөспірімдердің қылмыстық картасы» бар. Бұл карта мемлекеттік органдардың сараптама қызметіне балалар арасындағы қылмыс жағдайын бақылауға мүмкіндік береді. Қала мектептерінде жасалған қылмыстар осы порталда тіркеледі. Бұл карта бала тәрбиесінде ықпалды. Онлайн режимінде жұмыс істейтін қызмет кез келген адам үшін қолжетімді. Ол үшін ниет білдіруші азамат комитеттің ақпараттық қызмет көрсету сайты-на мына мекенжай бойынша https://service.pravstat.kz. кірсе болғаны. Сондай-ақ портал арқылы мойныңызда төленбеген айыппұл бар ма, жоқ па, соны білуге болады. Қылмыс жасап, қашып жүргендер мен балаларына алимент төлемейтін безбүйректердің дерегін де біздің базадан ала аласыз, - деді Ержан Мұхитов өз сөзінде.
Жиын соңында журналистер облыстық құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқарма қызметкерлеріне сұрақтар қойып, оған тиісті жауап алды.
«Жақсы істер жалғасын таппақ» (С.Иқсанғали) Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбековтің баспасөз мәслихатына арналған.
«Қазақстан Орталық телекоммуникациялар қызметінің облыстық бөлімшесінде өткен баспасөз мәслихатында Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбеков журналистер алдында өзі басқаратын ауданда өткен жылы және ағымдағы алты айда тындырылған істер жөнінде есеп берді. Соңынан БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап қайтарды», делінген онда.
Әу дегеннен әңгімесін ел шежіресінен бастаған Абат Абайұлы Сырым топырағының Қобыланды батыр мен Ер Тарғын, Едіге сынды қаһармандардың ізі қалған, Төлеген мен Қыз Жібектің мөлдір махаббатына бесік болған киелі жер екенін тебірене әңгімеледі. Биыл ширек ғасырлық мерекесі тойланғалы отырған тәуелсіздігіміздің де бір бастауы осы Сырым еліне тікелей қатысты. Өйткені бұл өңір - «Батыс Алашорда» сынды ұлт-азаттық қозғалысының өрлеген, кеңінен танылған жері.
Сол дүбірлі оқиғалар өткен жердің бүгінгі жұрты аталар дәстүрін одан әрі жалғастырып, жасампаз еңбектің жарқын үлгісін көрсетуде. Аталмыш ауданның бүгінгі аумағы - 11,9 мың шаршы шақырым. Биылғы 1 шілдедегі мәліметке сәйкес бойынша халық саны - 20 мың адам. Олар 12 ауылдық округ пен 38 елді мекенде өмір сүріп жатыр. Аудандық бюджет биылғы алты айда 4,2 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 700 млн. теңгеге артты. Ағымдағы алты айдың ішінде өнеркәсіп өнімінің көлемі 115,2 млн. теңгені құрап, көрсеткіш 105,5 пайызға жетті.
Өңірдегі басқа аймақтар сияқты Сырым ауданының негізгі экономикалық бағыты - ауыл шаруашылығы. Соның ішінде мал шаруашылығына басымдық берілген. Бұл орайда сырымдықтар мақтан ете алатын көрсеткіштер аз емес. Қазір ауданда 15,3 мың бас жылқы, 115,5 мың қой мен ешкі, 20,5 мың сиыр және басқасы бар. Әрі мал басының саны жыл өткен сайын өсіп келеді. Шар-уашылықтардың мемлекеттік бағдарламаларға қатысы да қалыпты. Мәселен, «Агробизнес - 2020» бағдарламасы жүзеге асырылғаннан бері тоғыз бағыт бойынша 41 жоба жүзеге асырылуда. «Сыбаға» бағдарламасы іске асқалы 64 шаруашылық 741 млн., «Құлан» бағдарламасы бойынша 17 шаруашылық 401,6 млн., «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 11 шаруашылық 129,1 млн. теңгеге мал сатып алды. 2013 жылы мұнда асыл тұқымды мал өсіруші бір шаруашылық тіркелсе, биыл оның саны 11-ге жетті. Бұрын астықты аудан болған аймақта биыл 5 мың гектардай жерге дәнді дақылдар егілген. Жазғы бидай ору аяқталды. Түсім жақсы. Енді күзгі бидай орылуда. Шөптің шығымы да тамаша. Демек, сырымдықтардың берекелі болған мешін жылына өкпесі жоқ. Бұдан басқа қазір ауданда 19 ауылдық тұтыну кооперативі құрылған. Олардың жұмысы жөнінде айтуға әлі ерте. Дегенмен келешегіне сенім бар.
Елбасымыз Н. Назарбаев қашанда баса көрсеткеніндей, қай қоғамның да қозғаушы күші - шағын және орта кәсіпкерлік. Бұл жөнінде сырымдықтардың айтары мол. Ағымдағы жылдың 1 шілдесінде ауданда 1076 шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Қазір бұл салада 2203 адам жұмыс істейді. Шағын кәсіпкерліктің күшімен 1522,2 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, адамдарға қызмет көрсетілді. Бұдан басқа «Жұмыспен қамту - 2020 жол картасы» бағдарламасы жүзеге асырылғаннан бері 272 адам 421 млн. теңге несие алды. Нәтижесінде 407 жұмыс орны ашылып, тоғыз мейрамхана, 12 халыққа тұрмыстық қызмет көрсету орны, бір қонақүй және басқасы іске қосылды. Мүлікті заңдастыру барысында 34 мүлік жария етілді. Аталмыш науқан одан әрі жалғасуда.
Мал шаруашылығына берік жем-шөп қорын жасақтау үшін мол су қоры қажет. Соған байланысты Өлеңті көлдетіп суару жүйесін қалпына келтіру жоспарланған. Оған 18 млн. теңге қаржы бөлінді. Жоба жүзеге асырылғаннан кейін 1000 гектар суарылып, ел игілігіне ұсынылмақ. Айтпақшы, елдің азық-түлік өнімдеріне сұранысын жедел және жан-жақты өтеу мақсатында былтыр да, биыл да жәрмеңкелер ұйымдастырылған. Енді күз басталып, көкөніс және жеміс өнімдерінің пісіп-түскен шағында жәрмеңкелер де жүйелі және толыққанды өтері сөзсіз. Соңғы жылдары қымыз пісіп, қымыран ашытатын ағайындардың саны өсіп келе жатқаны қуантады. Олар да өз еңбегінің жемісін жерлестеріне ұсынып, қала берді сыртқа шығарып, қазақтың ұлттық сусындарын насихаттауда өнегелі іс тындыруда.
Қашанда қай санаттағы болсын көлік жолының маңызы аса жоғары. Сондықтан көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту күн тәртібінен түспейді. Бүгінде Сырым жерінен республикалық маңызы бар ұзындығы 196 км Самара - Шымкент тас жолы, өңірлік мәні бар 132 шақырым облыстық көлік жолы өтіп жатыр. Бұдан басқа аудандық маңыздағы 296 км көлік жолы бар. Міне, осы жолдарды түрлі деңгейде жөндеу және жаңадан салу жүйелі түрде іске асырылады. Мысалы, өткен жылы басталған Бұлдырты ауылына дейінгі ұзындығы 12 км кірме жолға жөндеу жүргізу толығымен аяқталып, 540 млн. теңге игерілген. Сондай-ақ Жымпиты - Қаратөбе бағытындағы жолдың 55 шақырымына жөндеу жұмысы жүргізілуде. Оған жалпы құны 2,6 млрд. теңге қаржы бөлінген. Бүгінде аудан орталығындағы жалпы қолданыстағы 45 көше жолының ұзындығы - 27,2 км. Былтыр үш көшеге жалпы құны 206 млн. теңгені құрайтын орташа жөндеу жүргізілсе, биыл тағы бес көшеге тап сондай жұмыс атқарылмақ. Сонда аудан орталығындағы көше жолының 30 пайызы жаңартылады. Бұдан басқа ауданның даму жоспарына сәйкес, Жымпиты ауылының Қарасу мөлтек ауданын бас жоспарға сәйкес дамыту мақсатында Асадуллин, Қолғанатов көшелеріне жол құрылысын жүргізу - алдағы уақыттың еншісінде. Сонымен бірге биыл аудан орталығындағы үш көшені абаттандыру ісіне 22,2 млн. теңге жұмсалуы тиіс. Тағы бір айта кетерлік жәйт, аудан орталығында жыл өткен сайын тұщы су тапшылығы айқын сезілуде. Халықтың ең бір күрделі тұрмыстық мәселесін шешу мақсатында келешекте жер асты тұщы су көздері арқылы аудан орталығын қамту көзделген.
Кезек күттірмейтін тұрмыстық түйткілдің бірі - көгілдір отынмен қамту. Осы жылға дейін Сырым ауданында 12 елді мекен газ құбырына қосылған болатын. Биыл олардың қатарын тағы да 10 елді мекен толықтырып, аудан бойынша газбен қамту халықтың 90 пайызын құрады. Енді қалған алты елді мекенге газ құбырын өткізудің жобалық-сметалық құжаттары жасақталған. Оны бастап кетуге биыл облыстық бюджеттен 68,9 млн. теңге қаржы бөлінді.
Білім беру саласында 22 мектеп, балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығы орталығы, жас туристер стансасы, балалардың саз мектебі, екі мемлекеттік балабақша, тоғыз мектеп-балабақша, 24 шағын орталық және басқасы бар. Салаға бөлінген қаржы да жыл өткен сайын артып келеді. Өткен жылы оған 1,5 млрд. қаржы бөлінсе, биыл ол 2,1 миллиард теңгеге жетті. Алайда әлі де 362 бүлдіршін балабақша кезегінде тұр. Олардың басым көпшілігі - аудан орталығының тұрғындары. Демек, әлі де жаңа балабақша салу қажет. Өйткені бала өсімі де қалыпты. Аудан басшылығы мәселеден хабардар, келешекте оны шешумен айналыспақ. «Жұмыспен қамту - 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша 2014 жылы Қ. Мырзалиев атындағы орта мектеп күрделі жөндеуден өтті. Биыл аталмыш жұмыс Қособа орта мектебінде жалғасуда.
Аудандағы денсаулық сақтау саласының ахуалы да жақсы. Мұнда бір аудандық аурухана, алты дәрігерлік амбулатория, бес фельдшерлік-акушерлік орын, 19 медициналық пункт адамдарға қызмет көрсетіп жатыр. Жоғары білімді дәрігер саны - 29, орташа медициналық қызметкер - 175, көмек көрсету қызметінің адамдары - 65. Соңғы бес жылда ауданға келген 11 дәрігердің бәрі де тұрғын үй мен қамтамасыз етілген. Биыл тағы да екі дәрігер келіп, жұмысқа кірісті. 2013-2015 жылдары дәрігерлік амбулаторияларға үш арнайы көлік сатып алынған. Бұдан өзге республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінген 42,7 миллион қаржыға 32 медициналық қондырғы сатып алынып, адам игілігіне жұмсалуда.
Мәдениет және спорт саласында да тұшымды нәтижелер мол. Аудандық және сегіз ауылдық мәдениет үйі, бес клуб халыққа есігін айқара ашса, спорт орындары да бір босамайды. Жымпиты, Бұлан халық театрлары, «Ақ ниет» әжелер алқасы, «Жауқазын», «Аружан» үлгілі би ансамбльдерінің, «Ибалы» би тобының да өз көрермені мен тыңдарманы бар. Сонымен, ағымдағы жылдың алты айында ауданда 854 мәдени-көпшілік және бұқаралық спорт шаралары оздырылыпты. Сырымдықтардың 29 пайызы немесе 5907 адам спортпен тұрақты айналысады. Бұл - оңды көрсеткіш. Жекелеген спортшылардың жеңістері жерлестерін қуантып жүр. Көршілес түркімен елінің астанасы - Ашхабадта өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында сырымдықтар Отарбай Айзан, Нұрымжан Ғаббасов, Гауһар Сағадат сынды спортшылар боз кілемде өзге палуандармен иық тірестіріп, биік тұғырдан көрінді. Елді мекендердегі мәдениет ошақтарының материалдық-техникалық негізін нығайту мақсатында 11,7 млн. теңгеге қажетті жабдықтар сатып алынған. Ал балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебіне «Газель» көлігі берілді.
Қазір қай жерде де күрделі әлеуметтік мәселе - жұмыссыздық назардан тыс қалмайды. Бұл орайда Сырым ауданындағы ахуал қалыпты. Бүгінде ресми жұмыссыздық деңгейі 0,6 пайызды құраған. Сөйтіп, өткен жылмен салыстырғанда, оның деңгейі 0,1 пайызға төмендеген. 173 адам тұрақты және уақытша жұмыс орнына ие болған. Жаңадан ашылған жұмыс орнының саны - 241.
Адамдардың бойындағы масылдық сезімін жою немесе болдырмау мақсатындағы жұмыстың нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасы саны 50 пайызға азайды. Мемлекеттік «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы да ахуалды оңалтуға мейлінше себепші. Осы мақсаттағы жұмысты жалғастыру үшін биыл ауданда «Жастардың кадрлық резерві» жобасы қолға алынған. Оған 42 жас қатысып, 25-і іріктеуден өтіп, сегізі резервке алынды. Ағымдағы алты айда төрт бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылып, талай адамның үміті ақталды.
Абат Абайұлы аудандағы көлеңкелі тұстарды да айналып өткен жоқ.
- Мәселен, мал ұрлығы тыйылмай отыр. Оған қарсы кешенді шаралар жоспарланып, жүзеге асырылмаса, кесірі өте көп. Жалпы қылмыс деңгейі төмендегенімен, аталмыш келеңсіз көрініс жойылар емес. Қылмыспен күресті тек құқық қорғау орындарының мойнына іліп қоя алмайды. Ол үшін көпшілік болып, жұмыла күреспесе, оң нәтиже күту қиын, - деді ол.
«Тойдың сәні - тамада, алайда...» деген мақалада (Б.Ғабдуллин) тамада, той басқару мәселесі сөз болады.
Ел ішінде, әсіресе, қазақ арасында той айы саналатын тамыз да түгесілуге таяу. Бірақ «Жиған-тергенім тойға бұйырсын» деп аңсайтын қазақтың тойы бір аймен шектелмесі кәміл. Ендеше, дәл қазір, тап бүгін тамадалық өнер туралы сөз қозғағанның еш сөкеттігі бола қоймас (әрине, «тамада» сөзінің «асаба» деген баламасы бар екендігі маған мәлім. Өз басым «асабаны» сәтті аударма деп қабылдай алмадым, оның үстіне «тамада» «асабадан» әлдеқайда әуенділеу естіледі).
...Әлқисса, атам қазақ әлімсақтан сөз өнеріне ерекше мән берген. Тарихтың тереңіне зер салсақ, оған мысал жеткілікті, әрине. Сөйте тұра бәлкім бабаларымыздың бүкіл өнер атаулының алдына «Өнер алды - қызыл тіл» деп сөз өнерін қойғаны да жеткілікті шығар. Әйтпесе, қантөгіске ұласқалы тұрған талай дау-дамайды орамды ой, ұтымды сөз арқылы бейбіт жолмен шешкен бұрынғылардан «Ел бастау қиын емес, қонам деген жерден көл табылар, қол бастау қиын емес, шабам деген ерге жау табылар, бәрінен бұрын алқа топтың, аламан жұрттың алдында сөз бастау қиын, тауып айтсаң, береке, таппай айтсаң, келеке боласың» деген ғибрат қалар ма еді?!
Қазір кім көп, Құдай сақтасын, тамада көп. Таяқ лақтырсаң, тамадаға тиеді, әйтеуір. Бірақ сан бар, сапа жоқ. Бүгінгі тамадалардың басым көпшілігі той басталғаннан той тарқар сәт таянғанша аузы аузыма жұқпай сөйлей берсем болды, менен өткен мықты жоқ деп ойлайтыны кәміл. Ал біздің дәуірімізге дейінгі ежелгі Римнің аузымен құс тістеген шешені, дарынды жазушы, мемлекет һәм қоғам қайраткері Марк Тулий Цицероннан жолы кіші, жасы кіші бір замандасы бірде «Ушыққан талай дауды одан әрі өршітпей, сіз сөз арқылы бейбіт жолмен реттедіңіз. Сіздіңше, шешендік дегеніміз не?» деп сұраса керек. Сөйтіп, әлгі бейбақ шешендік туралы сала құлаш жауап күтіп тұрса, Цицерон «Шешендік дегеніміз - керек жерде, қажет кезде үндемеу» деп қысқа-нұсқа қайырған көрінеді... Демек, көрдіңіз бе, шешендік дегеніміз әсте ешқандай татуы, дәмі жоқ сылдыр сөзді суша сапыру емес. Ал тойдың аудиториясына яки бұқаралық санаға ешқандай ықпал-әсері жоқ арзан сөзді оңды-солды сапыру - бүгінгі тамадасымақтарға тән ортақ көп кемшіліктің бірі әрі ең бастысы.
Бүгінгі той - кешегі той емес. Яғни әр тойдың өзіндік азды-көпті ерекшелігі яки ішкі иірімдері бар. Той тізгінін ұстар тұлғаның әп дегеннен ең басты назар аударуы тиіс мәселесі, міне, осы фактор.
Бұл - кешегі тойдағы айтқаныңды айна қатесіз бүгінгі тойда айтып, береке таппайсың деген сөз. Мұндай қарадүрсіндіктен той жақсы өтіп, тамаданың абыройы артып, рейтингісі көтерілмейді. Әрі әлгіндей атүстілік тамаданы шығармашылық тоқырауға тіреп тынады. Ендеше, көп оқу, талмай ізденіс керек!
Жалпы, той өткізу - үлкен жауапкершілік. Мысалы, бір үйдің бойжеткен қызы жасы 20-ға толып, ұзатылып бара ма, демек, әлгі әулет қызының теңіне қосылу тойын бақандай 20 жыл күтті деген сөз. Ал енді әке-шеше барын салып, нарын салып, қажет десеңіз, тіпті жанын салып, 25-ке келген ұлының үйлену тойын жасаудың қамында ма, ендеше, бұл да атаана мен ағайын-туыстың жылдар бойы аңсап күткен қуанышы. Енді осы талай жыл күткен тойдың қалай өтуі той тізгінін ұстаған тамадаға тікелей байланысты. Жақсы тамада той иелерінің қолының қысқалығынан дастарқаны жұтаңдау жайылған немесе басқалай міні бар тойды өзінің той жүргізу шеберлігімен байқатпай, әлгі тойдың кем-кетігін елетпей жібереді. Керісінше олақ, қарадүрсін тамадалар (егер оларды тамада деуге болса, әрине) дастарқаны майысқан, өзге шаруасы да келіскен тойдың өзінің берекесін қашырады.
Қазіргі тамадалардың дені той басталар-басталмастан той тарқағанша қол шапалақ сұрап, ығырыңды шығарады. Ей, айналайын-ау, егер сенің сөз саптауың, той жүргізу мәнерің тойшы қауымға ұнап, көңілдерінен шығып жатса, олар сені қақсатпай-ақ қол шапалақтайды емес пе?! Осыған да көл-көсір көп ақыл керек пе???
Тойды қыздырмақ болып, «Ағайын, айқай-шу қайда?» деп жар салатын асабаларды да жиі көріп жүрміз. Бұл енді барып тұрған сөздің мән-мағынасын түсінбеушілік. Әйтпесе, қазақта «Айқай шықты, шу шықты, айқай-шу шықты» деген жақсы сөз емес. «Айқай-шу шықты» деген сөз «үлкен түсінбеушілік орын алды, дау-дамай, ұрыс-керіс шықты» деген мағына береді. Сонда айқай-шуды жоқтап тұрған тамада өз жауапкершілігіндегі тойда дау-дамайды, ұрыс-керісті қалағаны ма???
Тойды жүргізіп тұрып, өзінің руын айтып, «Қане, осы рудың қазақтары болса, қол көтеріңіздер!» деп буынсыз жерге пышақ ұрып, бұйыра сөйлейтін тамадалар да баршылық. Тойға келген қазаққа трайбализмді тықпалаудың не қажеті бар??? Немесе «Мен бір айдың өзінде 2-3 несие (кредит) төлеймін. Осыны ескеріп, тамадаға да демеуші (спонсор) болып отырыңыздар, ағайын» деп бұлданатын, орысша айтқанда, әрі наглый, әрі қайыршы тамадаларды да көріп жүрміз. Өз басым әлгіндей сауға сұрауды бұқаралық мәдениетке мүлдем жат көргенсіздіктің бір түрі деп есептеймін. Алсаң, несие алған сен өзің, ал оны желеу етіп, халықтың қалтасына түсудің не жөні бар???
Былтыр бір ағамыз өзінің 60 жасқа толу мерейтойына қонақ ретінде шақырғасын бардық. Қазақтың қай тойы уақытында басталып еді, бұл мерейтой да межелі уақытынан екі сағаттай кеш басталды. Жәй басталуының басты себебі, тамада түсте тағы бір мерейтойды басқарып, сол бітіп болмай, кешігіп келген екен. Өзінің кешігіп келгенімен қоймай, әлгі асаба өзінше тойды бастап жатып, «...Осындай елге сыйлы, басы милы ағамыз алпысқа толды деп қадірлі қонақтар сіздер де келдіңіздер, кешігіп болса да, қарным қампайып, бұтым талтайып, мен де келіп қалдым», - деп салды. Дені дұрыс, сөзі дұрыс яки жөн білетін кісі әуелі тамада басымен кешігіп келгені үшін көпшіліктен кешірім сұрамас па еді?.. Сонан соң дене бітімінің кем-кетігі онсыз да көзге ұрып, көрініп тұр ғой, «қарным қампайып, бұтым талтайып» деудің не қажеті бар-ды?..
«Халайық, менің айтқан сөзіме қол соқсаңыздар, алақандарыңызға гүл шығады, қол соқпасаңыздар, алақандарыңызға жүн шығады» деп «сәуегейлік» танытатын тамадалар да ұшырасады. Қалай ойлайсыз, осы да тап қырлық па, меніңше, барып тұрған оспадарлық! Дегенмен мұның өзі мына келесі мысалмен салыстырғанда әлі де «айналайын-ау», сірә...
Осыдан бірер ай бұрын бір жора-жолдастың қыз ұзату тойында болдық. Тамаданың деңгейі әп дегеннен белгілі болды. Бірақ «Қонақ қойдан жуас» дегендей, шыдап отыруға тура келді. Сөйткен тамадамыз бірінші отырыстың белортасына таман қыз-қыздымен той қонақтарына «Әтеште не жоқ?» деген сұрақ қойды.
- Әтеште ұят жоқ, - деп қойып қалды бір қазақ.
- Дұрыс емес! - деп бәлсінді тамада.
- Әтеште теща жоқ, - деп өзеуреді тағы бір қандасымыз.
- Бұл да дұрыс емес!
- Әтеш өзінде бажа болғанын қаламайды, - деп білгішсінді және бір қазекем.
- Әлі де ойланыңыздар, - деп маңғаздана шалқайды асаба мырза.
Тағы бір қонақ орнынан көтерілді де әуелі, - «Ұлы сөзде ұят жоқ» деген бар ғой, - деп алып, - Әтеште қазақша айтқанда, мүшеқап, орысша айтқанда, презерватив жоқ! - деп «жар салды».
- Міне, азамат! Міне, сыйлығыңыз! - деп мәз болды тамада.
Әлгі өрескел сұрақтың бірінен-бірі өткен оспадар жауаптарына той қонақтарының арасында «Естір құлаққа ұят екен» деп қысылып-қымтырылғандардан гөрі, қол шапалақтап, мәз болғандар басым болды-ау. Бұл да бір бұқаралық мәдениеттің тобырлық деңгейге дейін төмендеп, әбден төменетек болғанының бір айғағы да. Әйтпесе жаңағы естір құлаққа ерсі сұрақ та, оған берілген бірінен-бірі өткен анайы жауаптар да жанжүректі тебірентерлік, көңіл толқытарлық дәреже-деңгейде өтуі тиіс қыз ұзату тойында тілге тиек, сөзге өзек болар жайттар ма еді?..
Асылы, тамада тойға дейін кемі бірді-екілі той иелерімен емін-еркін әңгіме-дүкен құрып, өзіне аса қажет ақпарат-мәліметтерді біліп алғаны ләзім. Әйтпесе қазіргі қаптаған тамадаларда «Күнде басқарып жүрген көп тойдың бірі ғой» деген ұшқары көзқарас басым. Міне, осы бірінші қателіктің өзі бір тойдағы бірнеше қателікке жол ашады...
Меніңше, тамада тойға дейін той иелерімен жүздесіп-пікірлесу барысында той қонақтарының негізін кімдер құрайды (мысалы, қарапайым ауыл тұрғындары, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, техникалық интеллигенция немесе өнер адамдары...) соны біліп алып, той сценарийін той қонақтарының негізгі бөлігі сүйсініп қабылдайтындай деңгейде құруы шарт. Мәселенки, той қо-нақтарының, той контигентінің басым көпшілігі халықтың қандай бөлігінен құралатындығын күн ілгері білу арқылы тамада аталмыш тойдың аудиториясына фольклорлық сипаттағы ма, жоқ әлде қазіргі заманғы әзіл-қалжың көбірек өте ме, міне, осындай маңызды мәселелерді алдын ала болжай алады. Әрине, тойға жиылған жұрттың көңілінен 100% шығу өте қиын, бірақ той тізгінін ұстаған кісінің соған ұмтылуы парыз. Ең бастысы, тамада топтың ішіне сіңіп, бар-жоғы белгісіз боп кететіндей емес, керісінше, интеллектуалдық тұрғыдан көпті жетелеп отыратындай тұлға болуы тиіс. Осы орайда қазіргі асабаларға тән тағы бір ортақ кемшілік - олардың ортаға тілек айтып, тост көтеруге шыққан қонақтарды кекетіп-мысқылдауы. Мәселен, кейбір тамадалар қонақ тілегін айтып болысымен іле-шала, «Енді сіз сүй дейсіз ғой, енді сіз бүй дейсіз ғой» деген сарындағы кекесін мысқылға көшеді. Тамада тойдың үстінде ешкімді кекетіп-мұқатпағаны жөн, зады, мұндай арзан маневр оған абырой әпермейді. Керісінше, тамада сөзден жаңылғанды жетелеп, сүрінгенді демеп жіберуге әр кез пейілді болуы шарт. Өйткені ол тойдың тамадасы яки кеменің капитаны, экипаждың командирі! Сол себепті тойдың тізгінін ұстаған тұлға көптің көңілінен шығуға һәм тойдың бастан-аяқ жақсы өтуіне үнемі мүдделілік танытуға міндетті.
Футболдан 1966 жылы Англияда өткен VІІІ (сегізінші) әлем чемпионатының екінші жартылай финалында Англия мен Португалия құрамалары кездесіп, осы ойынның тек 22-минутында ғана франциялық төреші Швинтенің ысқырығы қайыра естілген екен. Менің бұл мысалды алға тартып отырған себебім, кейбір тойлар тамада бастап берісімен өзі бір жүйелі арнаға түсіп, жарасымды жалғасып жүре береді. Ондай жағдайда той басқарушының «мен тамада екенмін» деп орынсыз кимелеп, килікпегені абзал. Яғни жоғарыда тілге тиек болған футбол матчындағыдай тамада тек қажет кезде ғана тізгінге жүгінгені жөн.
Өз басым интеллектуал тамадаларға құрметпен қараймын. Мұндай деңгейдегі тамадалар қысқа күнде қырық құбылатын саясаттың өзін әдемі әзіл, орынды қалжыңға айналдырып жібереді. Осыдан үш жыл бұрын Ақтөбедегі бір жолдас жігіттің қызының ұзатылу тойына қатысудың сәті түсті. Отағасы шаруасы шарықтап тұрған кәсіпкер, ал оның шаңырағының шамшырағы әуелі, әрине, Алла Тағаланың, сонан соң отағасының арқасында ат төбеліндей аз ғана қазақты бақандай бес адамға көбейткен (Құдай көпсінбесін!) ардақты ана екендігін білетінбіз (әрі әр перзентінің арасына тап көп уақыт салмай, бес рет босанса да, досымыздың келіншегі тал бойында бір міні жоқ талдырмаш гүлнәзік келіншек-ті). Мәні мен сәні келісіп, қай-қай жағынан да жарасымды өткен тойдың соңын ала әдеттегідей қонақтарына ризашылығын білдіру үшін той иелеріне, ата-анаға сөз ұсынылды. Отағасы тойға келген дүйім жұртқа келістіріп рақметін айтты. Ал жұбайы «Мен отағасының айтқанына қосыламын» дей келе, қыз-күйеу баласына баянды бақыт пен ұзақ та жаймашуақ өмір тілеп, сөзінің соңына таман туған ұясынан ұшып бара жатқан балапанына деген аналық қимастық сезімге бой алдырып, жанарына жас айналды. Осыны байқап тұрған тамада: - Гүлдерайым жеңеше, Ерік ағам екеуіңіз бес перзент сүйіп, ұл-қызыңызды түгелдей тең құрбысының алды қылып жеткіздіңіздер. Бұл тойға дейін сіздер Айнұр қарындасымыздың екі ағасын үйлендіріп, ұяға, екі әпкесін ұзатып, қияға қондырдыңыздар. Міне, бүгін кенже қызыңызды ел-жұрттың ақ бата, ақ тілегімен алақандарыңыздан ұшырып, теңіне қосудасыздар. Ана ретінде сіздің көңіліңіз біржола жәйланды. Енді сіздің сәмбі талдай сымбатты өн бойыңызға салмақ жамап, қоң жинап, әлемдегі ең іргелі мемлекеттердің бірі - Германияның тізгінін ұстаған қазіргі ат үстіндегі канцлері Ангела Меркель секілді нән келіншек болуға толық хақыңыз бар, - дегенде тамаданың тапқырлығына риза болып, дуылдата қол соқпаған қонақ қалмады.
Саяси тақырыпқа тағы бір сәтті мысал. Осыдан үш ай бұрын келін түсірген әулет жақында жаңа құдаларын шақырып, біз сол дастарқанда жаңа құдалармен бірге болдық (жігіт жағының тойына шақырылсақ та, сол күндері іссапарда болғандықтан, екі жастың шаңырақ көтеру, отау құру тойына қатыса алмап едім). Келін түсірген отбасы жас келінге дән риза. Шынында да, «Жүзі жылыдан түңілме» дегендей, жас келіннің көркіне ақылы сай, әрі әдемі, әрі әдепті бала екендігі бір көргеннен-ақ сыпайы сәлемдесуі мен тәрбиелі жүріс-тұрысынан-ақ аңғарылып тұрды. Жас келіннің әп дегеннен үйдің шаруасын үйіріп әкеткендігін, үй-жайды мұнтаздай таза ұстауы мен тамақты дәмді пісіретіндігіне қоса, ине-жіп ұстауға керім икемді екендігін үйдегі үлкен кісі - Зүбайда әжей дастарқан басында сүйсіне әңгімеледі. Тіпті жас келіннің абысындарының бірі сөз арасында жас келіннің жасауында тігін мәшинесі бар екендігін де айтып өтті. Қайыр-хош, сол құдалықты келін түсірген үйдің әлі үйленбеген кіші ұлы жүргізді. Өзі бір әжептәуір тамадалық өнері бар бала екен. Бұл жігіт те жас жеңгесіне бек разы.
- Егер Астанадағы көкелер менің Ләйлә жеңешем дайындаған женттің дәмін татса, бірден «Мына жентті халықаралық «ЭКСПО - 2017» көрмесіне қояйық» деп ұсыныс айтар еді, - деді бір сөзінде. Қайнысы мақтаған женттің дәмін көрдік, шынында да, тіл үйіреді екен! Демек, жаңағы саяси сипаты бар теңеу әбден орынды!
Біздің қазаққа жағу қиын. «Тілек айтуға шығатындар неге ортаға билеп шығады?» деп кінәлайтындар да бар. Ей, айналайын-ау, онда тұрған не бар? Тойға келген адам тост көтеруге билеп шықпағанда, енді саптық қадаммен яки строевой шагпен шықпайды ғой! Билегені дене бітіміне, түр-тұлғасына жарасса, билей берсін. Әрі-беріден соң тойға келген қонақтың билеуі де тойды қыздырып, қызықты өткізудің басты элементтерінің бірі емес пе. Тек әдептен озбаса болды да.
Мен білетін бір тамада «Қазақтың тойын тамада болып бастап, тамада болып аяқтау үшін тамадаға ең сезімтал интуиция, аяқасты импровизация, қазақтың ұлан-ғайыр даласындай кең кругозор, жан-жақты эрудиция, шымыр логика және үлкен дипломатиялық шеберлікке қоса, қазақша айтқанда, темірдей жүйке, орысша айтқанда, железный нерві керек» деп есептейді. «Болмасаң да, ұқсап бақ...» деп хакім Абай айтқандай, меніңше, тамада біткеннің жаңағындай интеллектуалдық өреге ұмтылғаны ләзім. Әйтеуір, «Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы, Қиыннан қиыстырар ер данасы» дегендей, тамаданың әр сөзі, әр сөз саптауы «аламанға дем беріп, алқа топты меңгеріп», тойдың жақсы өтуіне қалтқысыз қызмет етуі шарт.
Иә, тойдың сәні - тамада, алайда бәрі бірдей емес. Айтқан емес, айтар сөзінің әсер-ықпалын алдын ала дәл болжай білетін сұңғыла тамада ғана тойдың сәні. Біздің бұл айтқанымызға сіздің не алып-қосарыңыз бар, әлеумет?..
Семей ядролық сынақ полигонындағы жарылыстардан зардап шегуші Мейрам Базарұлының «Үрей тудырып, зардап әкелген Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 25 жыл» деген мақаласында аталмыш полигон туралы сөз болған.
Кеңес заманында Қазақстанның әр түрлі аумағында атом бомбалары сынақтан өткені, ядролық жарылыстар болғаны кейінгі жылдары ғана белгілі болды. Соның бірі - Семей ядролық полигоны.
Естіген адамға тек қорқыныш сезімін ұялатып, үрей тудыратын атышулы аталмыш ядролық полигонды ашу үшін еліміздің ең шұрайлы жерлерінің бірі саналатын және аты әлемге әйгілі қазақтың ғұлама біртуар данышпандары - Абай, Шаhкәрім, Мұхтар бабаларымызды өмірге әкелген қасиетті Семей өңірінің Абыралы, Саржал, Шыңғыстау, Дегелен тауларының баурайынан кезінде ойып тұрып 18 млн. га жер бөлінді.
Алғашқы ядролық сынақ осыдан тура 67 жыл бұрын, яғни 1949 жылдың 29 тамызында жасалды және барлығы осы полигонда әр түрлі мақсатта, әр түрлі қуаттағы және әр түрлі ортада (әуеде, жер бетінде және жер астында) 500-дей ядролық жарылыс болып, сынақтар өткізілді.
Айта кеткен жөн, бастапқысында адамдарға, жануарлар мен табиғатқа тікелей зардабын тигізген ашық аспанда, жер бетіндегі сынақтар жасалды. Тек халықаралық келісімге қол қойылған кезден бастап, ядролық сынақтарды жер астына жасай бастады. Атом бомбаларының жарылыстары сұмдық ауыр болды. Семей полигоны маңындағы радиациялық әсер аймағында тұратын 500 мыңнан астам адам осы сынақтан азап шекті. Әсіресе, халыққа, жан-жануарға және табиғатқа ең ауыры 1949 жылдан 1963 жылға дейін жер бетінде жасалған сынақтардың зардабы қатты болғаны белгілі.
Бұл ретте Кеңес үкіметі мен Қорғаныс күштері тарапынан аймақтағы адам және мал ауруларының есеп-қисабы 1990 жылға дейін мұқият жасырылып келгенін атап айту - парызымыз. Семей қаласында Қорғаныс министрлігіне тікелей бағынатын жабық түрдегі радиациялық медицинаның ауруханасында сол радиацияға ұшыраған адамдар арнайы есепке жатқызылды. Сол кездері аймақтағы тұрғындар арасында онкологиялық, жүрек-қан тамыр, жүйке және психикалық аурулар саны күрт өсті. Азап шегіп, өлім құшқан адамдар қаншама. Отбасында дүниеге кемтар болып келген балалар саны көбейді. Бұның өзі қазақ ұлтының келешегіне төнген зор қауіп болатын.
Сол Семей өңірінің тумасы болғандықтан, өзіме өткен ХХ ғасырдың 60-70-жылдары Семей қаласындағы №12 мектеп-интернаттың оқушысы ретінде осы сынақтардың тікелей куәгері болуға тура келді. Айына кем дегенде 3-4 рет әрбір сенбі-жексенбі күндері таңғы ұйқыдан біздерді тәрбиешілеріміз ерте оятып, интернат маңындағы стадионға жетелеп апаратын. Төсек жамылғысының бір бөлігін астымызға салып, біздерді, қазақ ауылының балаларын соның үстіне жатқызып, келесі бөлігін үстімізге жабатын. Содан кейін кәдімгі жер сілкінісі кезіндегідей қатты жердің дірілін сезініп, гүрілдеген дауысты еститінбіз. Кішкене балалар түгілі, қасымыздағы ересек балалардың өздері де қорқатын. Есімде қалғаны, біздерге қала маңында жер сілкінісі болды деп айтатын. Ол кездегі осы сұмдық пен барлық шындықты ешбір қазақ білмеген болар деп ойлаймын.
Кеңес дәуірінің де кетеуі кетіп, Горбачевтің қайта құруы мен жариялаған ашықтық қағидалары қазақ даласына да жетті. 1980 жылдардың аяғына қарай халықтың төзімі әбден таусылып, шегіне жеткен еді. Басқа ядролық державалармен салыстырғанда, Қазақстан аумағында қиратқыш әлеуеті жағынан орасан зор ядролық арсенал болды. Қазақстандағы қарудың жиынтық ядролық қуаты бұрынғы Кеңес одағының барлық ықтимал дұшпандарының аса маңызды стратегиялық объектілерінің барлығының тамтығын да қалдырмауға жетіп артылатын. Бұл қаруды қолдану миллиондаған халқы бар мыңнан астам қаланы, ол былай тұрсын, тұтас мемлекеттерді, тіпті құрлықтарды жермен жексен етуге мүмкіндік беретін. Бұл ретте Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Қазақстан дүние жүзінде қуаты жағынан 3-болып саналатын ядролық қарудан өз еркімен бас тартып, ядролық клуб елдерінің - АҚШ, Ресей, Қытай, Франция және Ұлыбританияның кепілдігін алды.
Өз кезегінде Қазақстан стратегиялық қару-жарақ пен оны жеткізу құралдары орналастырылған жай ғана орын болған жоқ. Біздің елде жайласқан сұмдық әскери-техникалық әлеует қуаты жағынан тұтас бір индустрия, өзіндік бір «мемлекет ішіндегі мемлекет» еді.
Әлі күнге дейін мерзімі менің есімнен ешқашан шықпайтыны, әскерилер Семей полигонында 1989 жылы 12 ақпанда кезекті жоспарлы ядролық сынақ өткізді. Үңгірлердің (штольня) бірінде қуаты 70 кило тоннадан астам ядролық заряд жарылды. Әскерилер мен мамандардың қателігінен болар, соның салдарынан жер бетінде саңылаулар пайда болып, олардан екі тәулік бойы радиоактивті газдар шығып жатқан. Нәтижесінде пайда болған «радиоактивті бұлт» 300 мыңнан астам адам тұратын Семей, Павлодар облысына қарасты үлкен аумақты бүркеді. Бұл аймақта радиациялық фон 3000-4000 микрорентгенге жетті. Яғни бұл көрсеткіш қалыпты жағдайда сағатына 15-20 микрорентген болатын табиғи радиациялық фоннан екі жүз есе асып түскен болды.
Осы кезде Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, облыс басшысы болған, кейіннен полигонды жауып, зардап шеккен аймақтағы тұрғындарға көмек көрсету бастамасын көтеріп, үлкен еңбегі сіңген Кешірім Бозтаев жергілікті телеарнадан сөз сөйледі. Ал Алматыдағы Ғылым академиясы алдындағы алаңда белгілі қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменов бастаған қазақтың зиялы қауымы митинг өткізді.
Жалпы алғанда, осы сәттерде қазақ халқының ашу-ызасын туғызып, Кеңес үкіметі мен Коммунистік партияға деген азайған сенімі жоғалып, елдің егемендікке ұмтылған сезімі қайта оянғанын ерекше айту керек.
Осы күрестің нәтижесінде, жалпы Кеңес дәуірінде тұңғыш рет, 1990 жылы Қазақстанда биліктегі коммунистік партияның рұқсатынсыз «Невада-Семей» жалпыхалықтық антиядролық қозғалысы (қазіргі кезде халықаралық деген мәртебеге ие болды) пайда болғанын айтқым келеді. Оның алғашқы және заңды төрағасы болып көрнекті қоғам қайраткері, ақын Олжас Омарұлы Сүлейменов сайланды (айта кету қажет, Олжас Сүлейменовті Семей өңірі халқы кезінде КСРО халық депутаты етіп сайлады, таяуда осы ерен еңбектерін бағалап, Елбасы Н. Назарбаев өзінің Жарлығымен Қазақстанның Еңбек Ері атағын берді).
Өрісі кеңге жайылған, атағы көпшілікке тараған «Невада-Семей» қозғалысының бастамасымен сол кездегі республика және жергілікті биліктің «үнсіз» қолдауымен сол 1990 жылдың 6 тамызында Семей облысының Абай ауданының орталығы - Қарауыл ауылында еліміздің әр түкпірінен жиналған 10 мыңнан астам адам қатысқан атышулы митинг өткізілді. Онда ядролық қаруды сынауға жалпы, бірдей мораторий жариялау жөніндегі ұсынысты КСРО және АҚШ Президенттеріне үндеу қабылданды. Онда былай делінген болатын: «Сайын даламыз ядролық жарылыстардан қалтырап бітті, сондықтан да онда ары қарай үнсіз қалу мүмкін емес. 40 жыл ішінде бұл арада мыңдаған Хиросималар жарылды. Біз келешекті қауіппен күтудеміз. Уайымсыз отырып, су мен тамақ ішу, өмірге нәресте әкелу мүмкін емес болып барады. Қазақстандағы ядролық қаруды тоқтату үшін, өз үйімізде бейбітшілік пен тыныштық орнату үшін, өз құқықтарымыз үшін күресу мақсатында біз «Невада Семей» қозғалысын құрдық». Осы уақытқа дейін үнсіз тығылып келген халық бір дауыстан «Ядролық қаруға жол жоқ!», «Сынақтар тоқтатылсын!» деп мәлімдеді. Ядролық сынақтардың қатері жөнінде барлық бұқаралық ақпарат құралында ашық әңгіме бола бастады. Түрлі елдердің парламенттері өз сессияларында қозғалыс ұрандарын талқылап жатты. Радиациялық сәулелердің зардаптары жайлы дәрігерлер мен ғалымдардың ақпараттарды ашық айтып қозғауға батылдары жетті. Бұқараның қысымымен Семей полигонындағы сынақтар саны азая бастаған еді. Халықтың бастамасымен және талабымен тұңғыш рет КСРО Үкіметі ядролық қаруды сынауға тыйым салу - «мораторий жасау туралы» шешім шығаруға мәжбүр болды. Осы жерде халықтың: «Халық қаласа, хан түйесін сояды» деген мақал көңілге оралады. 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Қазақстан Республикасының егемендігі туралы Декларацияда ел аумағы - ядросыз аймақ деп жарияланды.
Сөйтіп бірлік, табандылық, Отанын, жерін әрі елін сүйгіштік қасиеттерін айқын көрсеткен қазақ халқы өз мақсатына, яғни жеңіске жетті!
Дүние жүзіндегі ажал отын шашқан ең үлкен полигон жабылып, Кеңес одағының басшылығы атом қаруынан бас тарту әрекетін жасай бастады. Семей полигоны жабылғаннан кейін Ресейдің, АҚШ пен Францияның полигондарында ядролық қаруды сынауға мораторий жарияланды. Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаев Семей полигонын жабу туралы Жарлығымен 1991 жылдың 29 тамызында Семей ядролық полигоны жабылып, оның базасында Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталық құрылды.
Бұл қозғалыс халықтың тілегі және талабымен құрылғандықтан, ел ішінде де, дүние жүзінде де зор қолдауға ие болды. Елдің тілегін ақтап, көп іргелі істерді атқарды. Соның нәтижесінде Кеңес үкіметі Семей облысының әлеуметтік-экономикалық дамуын, өңірде тұратын халықтың денсаулығы мен тұрмыс деңгейін көтеру туралы арнаулы қаулы қабылдатқанын ауыз толтырып айтуға болады.
Соның ішіндегі ең маңыздысы және тарихи шешім болып саналатыны - 1991 жылы 29 тамызда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Семей полигонындағы ядролық жарылыстардың үні мәңгіге өшірілді!
Қазіргі күні - Елбасымыздың бастамасымен және Біріккен ұлттар ұйымының арнайы қарарымен дүние жүзінде жыл сайын 29 тамыз ядролық сынақтардың тоқтатылған күні, сынақтардан зардап шеккен адамдарды еске алу күні ретінде аталып өтіледі.
Айта кету керек, 1992 жылғы 18 желтоқсанда тәуелсіз Қазақстан Парламенті тарапынан қабылданған алғашқы заң актілерінің бірі саналатын «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.
Заңның мәтініне сәйкес, Семей ядролық сынақ полигонында 40 жыл бойы жүргізілген ядролық қаруды сынау адамдардың денсаулығына және айналадағы табиғи ортаға орны толмас зиян келтірді, халықтың жалпы аурулары мен өлімін көбейтті. Бүкіл Семей аумағы мен Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарының полигонға жақын жатқан аудандары экологиялық апат аймағы деп танылды. Ядролық сынақтардың апатты зардабының қатерлі әсері уақыт озған сайын күшейе түсіп, ұрпақтан-ұрпаққа, ауысып, барған сайын қатерлі әсер етуде. Бұған қоса, Қазақстан үкіметі зардаптарды жою, халықты емдеу, сауықтыру, оңалту, әлеуметтік қорғау және аумақты әлеуметтік-экономикалық дамыту жөніндегі шаралар кешенін қабылдау қажеттігі бекітілді. Алайда заң нормаларында қажетті шаралардың әлі де бекітілмегенін және толық іске аспағанын ашық айтқан әділ болады деп ойлаймын. Себебі, 1949 жылғы алғашқы жер бетіндегі жарылыстан бастап Семей, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстары радиациялық сәулеленудің ықпалына ұшыраған басқа да аумақтар тұрғындарының арасында сырқат санының ұдайы өсіп келе жатқаны байқалады. Бұлар өкпе мен сүт бездерінің обыры (рак), лимфогемобластоз және басқа да қатерлі ісікті патологиялары. Жалпы алғанда, жүргізілген дәрігерлік сараптамалардың қорытындысында қатерлі ісік ядролық сынақтар басталғаннан бері үш есе өскенін көрсетті. Семей полигонына жақын нақ сол аудандарда жетілуіндегі әр түрлі ауытқулар, тәндік және естік кемшіліктер әр қилы сәбилер дүниеге ерекше көп келетіні дәлелденді. Мамандардың айтуынша, соның бәрі нақ қысқа мерзімді және қалдықты радиацияның кесірінен болатын генетикалық мутациямен байланысты. Адамдар ғана емес, Жер-ана да ауыр азап пен зор зардап шекті. Жылма-жыл радионуклидтердің жи-нала беруі жердің құнарлығын азайтады. Жерде орасан зор микроэлементтер: темір, мыс, магний және басқа металдар әр түрлі дәнді дақылдар адам организміне сіңіп, радионуклидтер мен түрлі изотоптағы элементтер мың жылда да ыдырамайтыны айқын болды.
Сондықтан да осыдан 13 жылдан астам уақыт бұрын қабылданса да, «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заңның нормаларында белгіленген міндеттерін республикалық және жергiлiктi мемлекеттiк органдар ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтардың (полигон маңындағы тұрғындарға, кезінде ядролық жарылыс салдарынан түрлі мөлшердегі радиация қабылдап, қазіргі кезде түрлі себептермен еліміздің өзге өңірлерінде тұратын азаматтар) денсаулығы мен мүлкіне келтiрiлген зиянның орнын толтыртуға байланысты құқықтарын қамтамасыз етпеуде.
Қорыта айтқанда, полигонда жүргізілген жарылыстардан зардап шеккен азаматтарға мемлекет тарапынан тиесілі төлемдер, жеңілдіктер мен өзге де денсаулығын қорғау шараларын қамтамасыз етудегі міндеттерiн үкімет әлі толық мөлшерде орындай алмай отырғандығы қынжылтады. Сонымен бірге бұл мақалада тек Семей ядролық сынақ полигоны жайлы ғана айтсақ, жаңсақ болар. Батыс өңірінде қызмет жасай жүріп, Кеңес заманынан бері «Азғыр» ядролық сынақ аймағы болғаны маған мәлім болды.
Ежелден аталарымыз еркін өмір кешкен заманында Бөкей хандығы болған осы өлкенің, жері мен халқы да түрлі сынақтардың құрбаны болған екен. Өңірдің экологиялық зардаптарын айқындап көрсетіп, тұрғындардың денсаулығы мен әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында «НевадаСемей» антиядролық қозғалысының жалғасы ретінде Батыс өңірінде «Нарын» қозғалысы дүниеге келгендігін естіп, оқып білдім.
Оның басы-қасында өңірдің тумасы, туған жердің нағыз жанашыр азаматы - Кәкен Көбейсінов ақсақалдың сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Осы мәселені облыс басшылығына, Үкіметке, тіпті Елбасының алдына тікелей қойып, Батыс Қазақстан өңірінің «Азғыр» ядролық сынақ аймағымен шекаралас аудандарының тұрғындары үшін шарапаты мол әлеуметтік маңызы бар шаралардың қабылдануына қол жеткізілді.
Тура осы жерде ел ағасы жасынан асып, оның ардақты ақсақалы атанған Кәкен Көбейсінов ағамыздың еңбегін ескере отырып, Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы атағына әбден лайық екенін қазір өңіріміздің тұрғындары айтуы орынды деп ойлаймын және облыс басшылығы мен облыстық мәслихат депутаттары тарапынан қолдау табатынына сенімім мол.
Осыдан 55 жыл бұрын алғашқы космонавт Ю. Гагаринге арнап, белгілі ақынымыз О. Сүлейменов: «Адамға табын жер енді!» деген әйгілі дастанын шығарған еді. Қазіргі қалыптасқан жағдайға байланысты мен бұл өлеңнің тақырыбын өзгертіп, «Адамзат, Жерге тағзым ет!» дегім келеді.
Жалпы, қазақ үшін асқан қасиетті егіз ұғым бар, ол: «Жер және Ана»! Көп жағдайда екеуі қатар айтылады.
Кезінде Кеңестер одағының Америка Құрама Штаттарымен ядролық тепе-теңдігін қалыптастырып, ұстап тұру үшін қазақтың қасиетті жерлері қаншама зардап шекті. Сол адамдар қолымен жасалған жарылыстардың кесірінен Семей, Азғыр ядролық сынақ полигондары маңындағы халықтың денсаулығына келген залалды қалпына келтіру үшін әлі талай шараларды жүзеге асыру қажет болар.
Бірақ та бұл істе менің ойымша, КСРО-ның заңды мұрагері атанған Ресей Федерациясы көп міндеттемені өз мойнына алуы шарт. Себебі, қазақ жерінде 40 жылдан астам зұлмат ядролық жарылыстар жасап, нәтижесінде өз қолдарына толық алып, иелік ететін «ядролық қорған» Ресейдің қорғаныс қуатын арттыруда екендігі әбден шындық. Бұған қоса қазіргі кезде Ресейге ұзақ мерзімге жалға берілген әскери полигондар мен Байқоңыр ғарыш айлағының қоршаған ортаға, сол жерлерді мекендейтін халыққа теріс әсері жайлы құпия қалпында қалуда. Кім білер, жылдар өтер, ол да кезіндегі Семей, Азғыр ядролық сынақ полигондары сияқты шындығы ашылатын болар деп сенемін.
«Содан болар, ядролық сынақ полигондарындағы жарылыстар осыдан 25 жыл бұрын тоқтатылса да, Жер-анамыздан оның жаңғырығы әлі күңіреніп естіліп тұрғандай көрінеді. Киелі қазақ жері тек бейбіт мақсатқа, өркендеу жолында пайдаланылсын демекпіз!» делінген мақала соңында.
«Жанкешті еңбектің жемісі бұл» - Ғ.Бәймен Рио олимпиадасының қола жүлдегері Екатерина Ларионованың бапкері әрі әкесі Алексей Ларионовтан алған сұхбатын осылай атапты.
Жуырда мәреге жеткен Рио-де-Жанейро олимпиадасы батысқазақстандық спортшылар үшін де сәтті болды. Ақ Жайықтан түлеп ұшқан бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Данияр Елеусінов алтыннан алқа тақса, оралдық Екатерина Ларионова әйелдер күресінен қола жүлдегер атанды. Біз осыған орай спортшының әкесі әрі жеке бапкері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Алексей Ларионовпен тілдескен едік.
- Алексей Станиславович, жеңіс құтты болсын!
- Иә, рақмет. Бұл табыс оңайлықпен келген жоқ. Ол жылдар бойы жанкешті еңбектің жемісі дер едім. Катя күрескен 63 кг салмақта кіл мықты жиналды. Солардың ішінде әлем чемпиондары мен жүлдегерлері бәсекелестікке шыдамай, жарыс жолынан шығып қалды. Олардың орнына жас палуандар жарқырап көрінді деуге болады. Соның бірі қызым Катяның болғандығына қуаныштымыз. Ол жұбаныш белдесуде Еуропа біріншілігінің жүлдегері, швециялық Хенна Йохансоннан жеңіліп жатып, қарсыласын шалу арқылы құлатып, жауырынын жер иіскетті. Содан кейін қола жүлде үшін бәсекеде әлем чемпионы, америкалық Елена Пирожкованы да таза жеңді. Енді қызымыз Оралға оралғаннан кейін кішкене демаламыз, содан кейін дайындыққа қайта кірісеміз.
- Сіздің шәкіртіңіздің осындай табысқа жетуінде кімдердің үлесі зор деп білесіз?
- Ең алдымен кезінде Оралда бізді қолдаған азаматтардың бәріне ризашылығымды білдіремін. Катя кішкентайында самбомен айналысты. Дзюдоны да теріс көрген жоқ. Қазақстан чемпионы, Азия біріншілігінің жүлдегері атанды. Әйтсе де спортта өз дегені болмаса, тосқауыл қоюға тырысушылар кездеседі. Сол себепті еркін күреске ауысуға тура келді. Қазақстан өз алдына, бұл күрестен Катя кадеттер, жасөспірімдер арасында Азия, әлем чемпионаттарында биіктен көрінді. Тауы қайтып қалмас үшін ересектер арасындағы сынға қосуға көп асықпадық. Дегенмен әйелдер күресінен 2013 жылы Будапешт қаласында өткен әлем чемпионатында Катя қола жүлдені жеңіп алып, өзіне назар аудартты. Содан кейін, міне, екінің бірінің қолы жете бермейтін олимп шыңын бағындырып отыр. Мұнда әйелдер күресінен Қазақстан құрамасының бас бапкері Қайрат Сағадиевтің үлесі мол. Мен оны шәкірттерінің тілін таба білетін аса талантты бапкер деп білемін. Бұған Рио олимпиадасына әйелдер күресінен төрт палуан барса, соның үшеуінің жүлде алуы дәлел бола алады. Енді осы табыс молая берсе деп тілейміз.
- Сіз бір ұлыңыздың атын Дәулет деп қойған екенсіз?
- Иә, оның сыры мынада. Мен жас кезімде атақты қазақ палуаны Дәулет Тұрлыхановпен бірге жүрдім. Алматыдағы спорт ротасында бірге қызмет еттік. Ол менен бір-ақ жас үлкен, мен 1964 жылдың төлімін. Екеуміз классикалық (қазір грек-рим) күрестен бір салмақта (69 кг) болдық. Оқу-жаттығу жиындарында бірге жүретінбіз. Алайда ол үнемі менің алдымды орап кетіп отырды, Қазақстанда екінші нөмірлі палуан атандым. Сондықтан жасөспірімдер арасында екі мәрте Қазақстан чемпионы, Азия біріншілігінің жүлдегері атанғаныма қарамастан, мен күресті қойып, бапкерлікті қолай көрдім. Ал Дәулет кейін 74 кг салмаққа ауысып, КСРО-ның жеті дүркін чемпионы атанып, ешкімді шыдатпады. Әлем чемпионы, олимпиада ойындарының күміс және қола жүлдегері болды. Осындай атақ-даңқына қарамастан, Дәулет мені ұмытқан емес. Шыны керек, ата-анамнан жастай жетім қалғандықтан, мен Оралдағы балалар үйінде тәрбиеленіп, қиындықты көріп өстім. Қос бауырым Геннадий мен Сергей де күресті.
1981 жылдан бапкерлік қызметтемін. Биыл жаттықтырушы болғаныма 35 жыл толды. Міне, осындай қарапайым қызметтегі маған Дәулет қолдау көрсетіп отырды. Тіпті кезінде Қазақстан чемпионы болғанымды айтып, Оралдан пәтер алуыма да көмектесті. Осындай шынайы достықты қалайша ұмытайын, 1999 жылы өмірге келген ұлыма Дәулет деп қойдым. Шүкір, сол Дәулетіміз қазірдің өзінде грек-рим күресінен жасөспірімдер арасында халықаралық турнирлерде олжа салып жүр. Спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған спорт-интернаттың 11-сыныбында оқиды. 2003 жылғы Алексейімізді де ағасының қасында болсын, күрес әліппесін үйренсін деп сол мектеп-интернатқа бердік. Олардың қандай палуан болатынын болашақ көрсетеді.
Жұбайым Наталья екеуміз ел қатарлы тұрмыс кешіп, бес бірдей баланы тәрбиелеудеміз. Үлкені 22 жасар Катя болса, одан кейін Нұрлыбек 18-ге толды. Оның есімін жасымыздан бірге жүрген досымыз Нұрлыбек Райымқұловтың құрметіне қойдық. Кенжеміз Матвей бес жаста. Биыл Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығы тойланады. Міне, осындай мерейлі жылы қызымыздың олимпиада жүлдегері атанғанына өте қуаныштымыз. Осының бәрі - тыныш өмірдің, ел бірлігінің арқасы.
«Ел ырысында» өнім арзан» деген ақпаратта (Т.Тоқмамбетов) Орал қаласындағы «Ел ырысы» базарында ауыл шаруашылығы тауарларының кеңейтілген жәрмеңкесі өткені айтылады.
Өз өнімдерін делдалсыз тұтынушыларға тікелей ұсынуға жағдай жасау мақсатында ұйымдастырылған жәр-меңкеде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге сауда орындары тегін берілді.
- Жәрмеңкеге Зеленов, Ақжайық, Сырым аудандарының шаруа қожалықтары өз тауарларын халыққа ұсынуда. Сонымен қатар «Белес», Валиев, «Агаев» және «Аққайнар» кәсіпорындары да өз өнімдерін шығарып, сауда орындарын толықтырып отыр. Алдағы уақытта бұл жәрмеңке әр сенбі сайын өзінің жалғасын табатын болады. Сатылымға шығарылып отырған тауарлар нарық бағасынан 10-15%-ға төмен, - дейді «Ел ырысы» базарының басшысы Нұрлан Наурызбаев.
Жәрмеңкеде қияр - 140 тг., асқабақ - 120 тг., баклажан - 60 тг., сәбіз - 50 тг., қарбыз - 40 тг., қауын 60 теңгеден сатылуда. Орал қаласының тұрғындары мен қала қонақтарын ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі әр аптаның сенбі күні аталмыш сауда орындарында күтетін болады.
Жәнібек ауданынан журналист Нұрымбек Жапақовтың «Алғыр шопан болып еді Шобанова» деген мақаласында атақты шопан, еңбек ардагері Дәметкен Шобанова жөнінде баяндалады.
«Бұл апай туралы 1983 жылы аудандық газетте жазыппыз. Онда апай 50 жасқа толып, зейнетке шығып жатқан. Ол шақта Борсы ауылдық округіне қарасты Партияның 26-сиезі деп аталатын совхоздың директоры Шалгез Мұхамбетқалиев болатын. Совхоз клубында арнайы жиын жасап, ауылдың атақты шопаны Дәметкен Шобановаға сый-құрмет көрсетіп, әспеттеп шығарып салды», дейді автор.
Совхоз директоры ұзақ жылдар бойы Тегісшіл елді мекенінде еңбек еткен озат шопанға құттықтау хатын салтанатты түрде табыс етіп жатып: «Орден-медальды алып жатырсың ғой, аты бір бет қағаз демесең, мұның өзі де үлкен марапат, ескерткіш болып қалады», - деп жарасымды әзілдеп қойды. Дәметкен апай да көп жылғы еңбегінің зейнетін көру қуанышына жетіп тұрғанына толқыды ма, әлде жаңадан тағайындалған директордың қолынан бұрын-соңды марапат алмағанын меңзеді ме: «Орден-медаль үйде бір төбе екендігі рас, ал мына құттықтаудың жөні бөлек, оның үстіне зейнетке шығып жатқанда, бұл - ұмытылмайтын құрмет қой», - деп қатты разы болған-ды...
...Содан бері аттай зулаған ондаған жылдар уақыт тынысына өз бедерін салыпты. Сағым күндер ағып өте шыққанымен, мән-мазмұнына қарай түйсікте өшпес ізі қалады. Сол 1983 жылдың жазында уақыт тапшылығына байланысты Дәметкен апайдың тек шопандық өмірінің бір сәтін ғана жазған едік. Жақында онымен асықпай кеңірек сөйлесудің сәті түсті.
Ес жиғалы апайды Тегісшілден көргесін, жаратылысынан осы жерден шығар деп шамалаушы едік. Сөйтсек, ол осыдан 83 жыл бұрын Ақоба ауылының Оян деген елді мекенінде дүниеге келіпті. Жұмыс қазанында қайнап өскен әке-шешесінен шаруаның жайын жаттап алған қыз сегіз жасынан еңбекке араласты. Сиыр жегіп, жер жыртып, егін салған ересектердің бейнетті, қиыншылықтарға толы жұмысын көрді. Көріп қана қойған жоқ, солармен тізе қосып, бірлесе жұмыс істеді. Техниканың тапшы уақытында қолмен атқаратын жұмыстың ауыртпалығы бір бұл емес, сол кездегі қаршадай балалардың барлығының да басына түсті. Егін шыққан уақытта масақ теріп, оны буып, қырманға жаяу жеткізетін зауал шақтар да ұмытылар ма?!. Күз келіп, ала жаздай атқарған жұмыс аяқталып, сабаққа баратын күн туады. Дәметкен дәріс алған ол уақыттың қиыншылығы өз алдына бір әңгімеге жүк боларлық болып өткен іс. Ояннан қазіргі Тау ауылының Большевик елді мекеніндегі мектепке жаяу-жалпылап келіп оқиды. Әсіресе, қыста қиын. Қарғадай қыз 5-сыныптан әрі қарай оқуын жалғастыра алмады. Ауылда жылдың төрт мезгілінде ретімен келіп тұратын маусымдық жұмыстарда істеді. Уақыт шіркінде тоқталыс бар ма, сөйтіп жүріп, бой жеткенін де байқамай қалыпты. 19-ға келгенде ауылдың Бөкей деген жігітіне тұрмысқа шығады. - Қоян жылғы, дәлірек айтқанда, 1952 жылғы қыс қатты болды, - дейді Дәметкен апай, - «Сапарғали» пунктіне апарылған 12 отар қой сол қыста қырылып, содан тек 600 басы ғана қалды. Аталған елді мекенде жұбайыммен бірге ұзақ жыл жұмыс істедік. Ұл-қыздарымыз дүниеге келіп, тоғыз баланың анасы атандым. Бертін келе тұрған жеріміз колхозға айналды. Тұрмысымыз да оңға басып, жақсара бастады.
Еңбекпен көзін ашқан Дәметкеннің алғырлығы мен алымдылығын сезген бөлімше басшысы Лұқпан Бахтияров 1972 жылы аға шопан бол деп қолқалап, бір отар қой ұсынады. Осындай жауапты жұмысты алғаш рет қолға алғанына және сол жылдың қысы қатты болғанына қарамастан, тынбай еңбектенуінің арқасында ол көктемде бағымындағы әр жүз саулықтан 100 қозыдан алды. 1973-1976 жылдары тиісінше 115, 120 және 130-дан қозы алуға жетісті. Қарамағындағы бір отар қойдан жүн алудан да озық болып, жыл сайын әр саулықтың бір-біреуінен алынған 4-5 келі сапалы жүнді ел қазынасына тапсырды. Аға шопанның еңбектегі жетістігі аудан, қала берді облысқа жария болды. Ауылдық, аудандық кеңестердің депутаты болып сайланды. Түрлі деңгейде оздырылған жиналыстарда ылғи мақтаудан, марапаттаудан кенде қалмады. Алғысхат, мадақтама қағаздың сан түрін алды. Кеудесінде бірнеше медаль жарқырады. Ерен еңбегі үкімет пен партия тарапынан жоғары бағаланып, үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды. Кеңес дәуірінде жеңіл автокөлік алудың өзі қиынның қиыны болатын. Қазіргідей базарда самсап тұратын автокөлік ол кезде жоқ еді. Тек қана мемлекеттік сауда арқылы сатылатын жеңіл автокөлікті алу үшін кезекке тұратынсың, ал ол кезек қапелімде келіп болмай жылдар бойы күтуге тура келетін. Алайда озат малшы, механизатор сияқты еңбек адамдарына жеңілдік жасалып, жеңіл автокөлікті өз қаржысына кезексіз алатын. Дәметкен апай да ақадал еңбегінің нәтижесінде осындай тізімге ілігіп, 1977 жылы кезектен тыс су жаңа қызыл «Жигули» мінді. - Өзің білесің, кезінде жаздың да, 1983 жылы зейнет демалысына шықтым. Совхоз директоры Шалгез Мұхамбетқалиев: «Денсаулығың бар ғой, бірер жыл жұмысыңды атқара тұр», - дегесін 1985 жылға дейін өзім үйреніп қалған шопандығымды жалғастырдым. Совхоз әкімшілігі ұзақ жылғы еңбегімді елеп, Тегісшілден 8 бөлмелі үй салып берді. Ол заманда еңбек адамына деген құрмет пен қамқорлық ерекше еді ғой, - дейді кейуана бізбен әңгімесінде.
Кезінде озат шопан болған Дәметкен Шобанова жасы ұлғайғасын денсаулығы сыр беріп, Жәнібекте тұратын қызының қолына қоныс аударды. Қазір аздап көзінің көруі көмескілеу тарта бастағаны болмаса, денсаулығына басқалай өкпе айта алмайды. Аудан әкімдігінен, мектеп әкімшілігі тарапынан болатын шақыру-ларға барып, салтанатты шараларға құрметті мейман ретінде қатысады.
Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің ректоры, Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық кеңес хатшысы Ақсерік Әйтімовтің «Тәуелсіздік пен тұрақтылық кепілі» деген көлемді мақаласында Ата заңның қоғамдағы орны сөз болады.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Тарих толқынында» атты кітабында: «Адамның өзге біреулермен өзара қарым-қатынасы, өмір мен өлім проблемасы, адамның жарық дүниеге келуі, өсуі, ержетуі, тіршілік етуі, қартаюы, жасы үлкендер мен кішілердің бір-бірімен қарым-қатынасы, ата-ана мен балалар арасындағы сыйластық сияқты алуан түрлі көкейтесті маңызды мәселелер ешқашан да назардан тыс қалмаған. Міне, мұның бәрі жинала келіп, имандылық, күнделікті тіршілік-тұрмыстағы адамгершілік қағидалардың жазылмаған кодекстерінің қалыптасуына көшпелілердің бүкіл қоғамдық және жеке өмірін толық жұмылдыра білді» (102-б ) делінген.
Қоғамды демократияландыру барысында жаңа саяси институттар - Парламент, 1993 және 1995 жылдардағы Конституциялар қабылданды, тәуелсіз сот билігі қалыптасты. Қазақстанда көппартиялық жүйе пайда болды. Осы кезеңде елімізде 14 саяси партия мен 30-ға жуық саяси қоғамдық қозғалыс, бірлестік құрылды.
1995 жылы 30 тамызда елдің жаңа Конституциясын қабылдау жөнінде бүкілхалықтық референдум өтіп, оған сайлаушылардың 90,58 пайызы қатысты. Олардың 89,14 пайызы жаңа Конституцияның қабылдануын қолдады. Конституция барлық қазақстандықтардың ой-пікірін есепке ала отырып жасалған құқықтық-саяси құжат болды. Өйткені Конституцияны қалыптастыруға қалың қазақстандық жұртшылық тікелей қатыса отырып, республикалық референдумда қабылданды. Бұл үдеріс Ата Заңға ерекше үстем күш беріп, оның әлеуетін арттырады.
Қолданыстағы Конституция республика өмірінде экономикалық қана емес, саяси өзгерістерге де жол ашты. Қос палаталы кәсіби Парламенттің жасақталуы да соның жарқын айғағы. Түйіндей айтсақ, 1995 жылы қабылданған Ата Заң мемлекеттің шұғыл бетбұрысын қамтамасыз етіп, Қазақстанның қазіргі жеткен жетістіктерінің бірден-бір кепілі бола алды. Бұл Конституция мемлекеттік биліктің біртұтастығын бекіте отырып, оны шашыраңқы күйден, біртұтас, жұмылған жұдырықтай жүйеге айналдырды. Мемлекеттік билік органдарының халық алдындағы жауапкершілігін күшейтті. Халық пен мемлекеттің арасындағы коммуникативтік күшке айналды.
1995 жылғы желтоқсанда өткен бірінші қос палаталы Парламент сайлауынан кейін Қазақстанда қоғамды демократияландыру қадамдары одан әрі жалғасын тапты. Ашық баламалы сайлау, саяси күрес мәдениеті, көппартиялық жүйеге кең жол ашылды. Оның нақтылы дәлелі ретінде елімізде жүргізілген Президент, Парламент Сенаты, Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлауды айтуға болады.
Қазақстандағы болып жатқан демократиялық өзгерістер 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық дауыс беру арқылы референдумда қабылданған еліміздің жаңа Конституциясында өзінің басты көрінісін тапты.
Жаңа Конституция көлемі жағынан едәуір қысқарып, 9 бөлімнен, 98 баптан тұрады. Онда еліміздің экономикалық күш-қуаты мен мүмкіндіктері ғылыми тұрғыдан тиянақталып, халықтың әлеуметтік топтарына тиісті кепілдікті құқықтар беретін көкейкесті мәселелерді шешу ескерілді. Жаңа Ата Заң құқықтық мемлекет құру-ға бағдарланған. Конституцияның кіріспесінде: «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тiлей отырып, қазiргi және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершiлiгiмiздi сезiне отырып, өзiмiздiң егемендiк құқығымызды негiзге ала отырып осы Конституцияны қабылдаймыз», - делінген. Мем-лекеттік билік заң шығарушы, атқарушы және сот биліктеріне бөлінеді. Конституция бойынша Қазақстан Президенттік республика болып табылады. Президент елдің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын белгілейтін мемлекет басшысы, ең жоғары лауазымды адам болып есептеледі. Конституцияда Парламенттің орны мен атқаратын қызметі айқын белгіленген. Ол заңдар шығарып, қабылдайтын орган. Парламент - Сенат және Мәжіліс палаталарынан тұрады. Бұған дейін Парламентте мұндай екі палата деген ұғым болған емес. Жаңа Конституцияда екі палаталы Парламенттің ерекшеліктері де жан-жақты көрсетілген. Жоғары мемлекеттік органдар жүйесіндегі үкіметтің тиісті орны, сот билігінің, прокуратураның қызметтері де айқындалған. Бұрынғы Ата Заңда көрсетілген, бірақ жете тиянақталмаған көптеген маңызды мәселелердің түйіні кейінгі Конституцияда жаңаша шешілген. Оны, әсіресе, жер, тіл, азаматтық, негізгі құқықтар мен бостандық сипаты туралы, қос палаталы Парламент құрылымы және Президент туралы баптар мен тармақтардан айқын көруге болады. Қорыта келгенде, біздің жаңа Конституциямыз, еліміздің рәміздері халқымыздың бірнеше ғасырлар бойы аңсаған шынайы егемендікке қол жеткізгендігінің нақты көрінісі болып табылады. Сондықтан республикамыздың әрбір азаматы Ата Заңымыздың мазмұнын жете біліп, оның талаптары мен қағидаларын мүлтіксіз сақтауға, мемлекеттік нышандарды құрметтеуге міндетті. 2007 жылы мамырда «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Ол республика халқы тарапынан түсіністікпен жылы қабылданды. Конституциялық реформалардың негізгі мақсаты - қоғамды одан әрі демократияландыру. Бұл жаңа өзгерістер мен толықтырулардың негізгі мәні қандай? Біріншіден, президенттік жүйеден басқарудың президенттік-парламенттік моделіне көшудің конституциялық негізі қаланды. Елбасы өз ұсынысымен біраз өкілеттілігін Парламентке берді. Конституцияға осыған байланысты бірқатар өзгерістер енгізілді. Парламенттің құзыреті едәуір кеңейтілді. 2012 жылдан кейін Президент 7 жылға емес, 5 жылға сайланатын болды. Мемлекет басшысы ел басқарудағы міндеттер мен жауапкершілікті Парламентпен бөлісті. Президент Үкімет басшысын саяси партиялардың фракцияларымен ақылдасып, кеңесуден кейін әрі Мәжіліс депутаттары көпшілігінің келісімімен ғана тағайындайтын болды, яғни Президент Үкіметті жасақтауды Мәжіліспен келісіп шешеді. Енді ПремьерМинистрді бекітуде, демек, бүкіл Үкіметті де бекітуде басты рөл Мәжіліске беріледі. Парламенттің мәртебесін көтеретін бірқатар өзгерістер енгізілді. Біріншіден, оның сандық құрамы өсті. Мәселен, Мәжілісте енді 107 депутат болады. Екіншіден, оны сайлаудың түрі өзгерді. Бұрынғыдай мажоритарлық жүйемен жеке округтер бойынша емес, пропорционалды негізде партиялық тізім бойынша сайланады. Депутаттар сайлаудың пропорционалдық жүйесіне көшу саяси партиялардың қоғамдағы рөлін арттыруға, әрі депутаттардың сапалық құрамын жақсартуға көмектеседі. Парламент бюджетті бекітуге ғана емес, оның орындалуына да бақылау жасай алады. Палаталардың бірлескен отырысында Парламент Үкімет пен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің бекітілген бюджеттің орындалуы туралы есебін қарап бекітеді. Егер оны бекітпесе, бұл Үкіметке білдірілген сенімсіздік деп танылады. Мәжілістің Үкіметке сенімсіздік білдіруі үшін бұрынғыдай депутаттар дауысының үштен екісінің емес, депутаттардың жай көпшілік дауысы жеткілікті болады. Сөйтіп, Конституцияға енгізілген түзетулерге сәйкес, Үкіметтің Мемлекет басшысының алдында ғана емес, Парламент алдында да жауапкершілігі белгіленеді.
Сонымен бірге қазір Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес, Мәжілістің 9 депутаты Қазақстан халқы ассамблеясынан сайланады. Сенат депутаттарының бір бөлігі ассамблеямен кеңескеннен кейін тағайындалады. Сенат та көп өкілеттілікке ие болады. Ол Ұлттық банктің төрағасын, Бас прокурорды, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасын тағайын-дау және оларды қызметтен босату жөнінде Президентке келісім береді. Сенат құрамы республика Президенті тағайындайтын 15 депутаттың есебінен көбейтілді. Парламенттегі 154 депутаттың 47-сі сенаторлардан құралады. Сенат пен Мәжілістің бірлескен отырысы ең қажетті жағдайда өтеді. Конституциялық реформа бойынша жергілікті өзін-өзі басқару жаңа деңгейге көтеріледі. Мәслихаттардың бұл бағыттағы мәртебесі күшейтіледі. Жергілікті мәслихаттар мен олардың депутаттарының өкілеттілігі кеңейтілді. Олардың өкілеттік мерзімі 4 жылдан 5 жылға ұзартылады. Мәслихаттар жергілікті әкімдерді тағайындауға келісім береді. Ендігі жерде облыстардың, қалалар мен аудандардың әкімдері сол деңгейлердегі мәслихаттардың келісімімен ғана тағайындалатын болады. Сондай-ақ мәслихаттарға басым көпшілік дауыспен әкімдерге сенімсіздік білдіру, оларды қызметінен босату жөнінде мәселе көтеру құқығы берілді. Осылайша, мәслихаттар мен олардың депутаттарының саяси рөлі арта түседі. Жергілікті өзін-өзі басқарудың негізі мәслихаттар болатыны Конституцияда баянды етілген. Конституциялық реформада саяси партиялардың қоғамдағы рөлін күшейтуге көп негіз жасалған. Сайлауда жеңіске жеткен партия Үкімет жасақтауға мүмкіндік алады. Конституциядағы қоғамдық бірлестіктерді мемлекеттік қаржыландыруға салынған тыйым алынып тасталды. Енді саяси партиялар бұл қаржыға иек арта алады. Енді Президенттің саяси партияны басқаруға құқығы бар. Бұл да саяси партияның рө-лін арттыра түспек. Сот жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар ескерілді. Судьяны іріктеу-таңдау бір жүйеге келтіріліп, Жоғарғы сот кеңесінің қарауына берілді. Бұдан былай барлық деңгейдегі соттардың судьяларын тағайындауға ұсынымды Жоғарғы сот кеңесі жасайтын болады. Адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау біршама жақсартылған. Жаңа өзгерістерге байланысты біздің елімізде адамдарды апатқа ұшыратуға соқтырған террорлық қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ соғыс кезінде ерекше ауыр қылмыстар жасағаны үшін ғана адамдарға өлім жазасы қолданылады. Сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтауға бағытталған Конституцияның 16-бабының 2-тармағы жаңа редакциямен қабылданды: Заңда көзделген реттерде ғана және тек қана соттың санкциясымен тұтқындауға және қамауда ұстауға болады, тұтқындалған адамға шағымдану құқығы беріледі. Прокуратура органдары бұл құқықтан айырылады. Соттың санкциясынсыз адамды 72 сағаттан аспайтын мерзімге ұстауға болады. Мұның өзі адам құқығын сақтауға бағытталған оң өзгеріс болып табылады. Жаңарған Конституция бойынша жасы қырыққа толған, мемлекеттік тілді толық меңгерген, соңғы 15 жыл бойы Қазақстанда тұратын, туа біткен республиканың азаматы болып табылатын кез келген адамның Президент болып сайлануға құқығы бар. Конституцияға енгізілген жаңалықтардың ішінде парламентарийлердің ұсынысымен енгізілген 42-баптың 5-тармағындағы «Ел Президенті болып бір адам қатарынан екі реттен артық сайлана алмайды» деген тұжырым одан әрі күшінде қалып, ол «бұл шектеу Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне қолданылмайды» деген сөздермен толықтырылды. Мұны палаталардың бірлескен отырысында депутаттардың өздері көтерді. Тұңғыш Президенттің тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің іргесін қалаудағы ерен еңбегін бағалай отырып, елдің экономикалық қуатын арттыру, қорғаныс қабілетін күшейту, республиканы бүкіл әлемге таныту жолындағы қыруар істеріне көрсетілген құрмет ретінде осындай қадамға барғанын депутаттар ашық айтты. Соған сәйкес Н. Назарбаев тұңғыш Президент әрі жалпыға танылған ұлттық көшбасшы ретінде ерекше құқыққа ие болып, Конституцияда белгіленген екі мерзімнен тыс, әрине, баламалы негізде мемлекет басшысының лауазымына дауысқа түсу мүмкіндігін алды. Парламент қабылдаған өзгерістер мен толықтырулар сипаты Конституциямыздың жаңа мазмұнға ие болғанын көрсетеді. Бұл Конституциялық реформа заман талабынан, тарихи қажеттіліктерден туған еліміздің алға басуының, ілгерілеуінің маңызды алғышарты болып табылады. Біздің еліміз саяси жаңарудың, демократиялық дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Қазақстан Республикасы Парламентінің төменгі палатасы - Мәжілісті, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдары - облыстық және аудандық мәслихаттарын мерзімінен бұрын сайлау 2007 жылғы 21 мамырда Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуімен байланысты болып, ол елдің президенттік басқарудан президенттік-парламенттік басқару түріне өтуін заң жүзінде баянды етті. Мұндай қадам демократияны дамыту мен азаматтық қоғам құруға бағытталған Қазақстан Республикасында жүзеге асырылып отырған саясаттың қисынды нәтижесі болды. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет бұл сайлау пропорционалды жүйе негізінде партиялық тізіммен өтті. Мажоритарлық жүйеден кетіп, саяси партиялар бәсекеге түсетін сайлау жүйесі қалыптасты. Сайлауға жеті саяси партия қатысты. Ел азаматтарының өз еріктерін еркін білдіруі нәтижесінде «Нұр Отан» партиясы жеңімпаз атанды. Мониторингтің нәтижелері бойынша тұтастай алғанда Қазақстан Республикасындағы кезектен тыс сайлау елдің қолданыстағы заңына сәйкес өткізілді. Барлық саяси партиялармен қатар, үміткерлерге тең жағдай жасалды. Бұқаралық ақпарат құралдарында белгіленген күнге дейін сөйлеуіне, халыққа өз бағдарламасын таныстыруына мүмкіндік берілді. Сөйтіп, біз тарихымызда тұңғыш рет Шығыс Азия мемлекеттерінің тәжірибесін және өзіміздің көпұлтты әрі көпдінді қоғамымыздың ерекшелігін ескеріп, Батыс демократиясының қағидаттарына сай келетін тәуелсіз мемлекет орнатуға қадам жасадық.
1995 жылғы Конституцияны талқылау кезеңінде еліміздегі беделді заңгерлерден бөлек, Францияның Конституциялық кеңесінің өкілдері, осы елдің Мемлекеттік кеңесінің мүшелері, Ресей зерттеу орталығының ең беделді заңгерлері жобалық жұмыстың жоғары талқылау шараларына атсалысты. Айта кетейік, тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет бүкілхалықтық талқылауға салынған да, елдің көптеген пікірі ескерілген Негізгі Заң да осы 1995 жылы қабылданған Конституция. Қазір келтіріліп жүрген ресми мәліметтерге қарасақ, құжатты талқылауға 3 млн. 345 мың адам қатысыпты. Жұртшылық тарапынан сарапталған 31 мың 886 ұсыныс түссе, соның 1 мың 100-і конституция жобасына енгізілген.
Конституцияның қоғам өміріндегі, еліміздің тарихындағы орны бөлек. Өткен жылы ел болып жиырма жылдығын атап өткен біздің Ата Заңымыз өз өміршеңдігін көрсетті. Конституция қағидаттарына сәйкес, еліміздің демократиялық жолмен даму бағыты айқындалды. Құқықтық мемлекет қалыптастыру қағидалары қоғамда және азаматтардың санасында түпкілікті бекітіліп, өз жемісін беруде. Ең бастысы, Қазақ елінде кейбір көршілеріміздегідей, «ертеңіміз қалай болады» деген үрей жоқ, араб елдеріндегідей тығырыққа тірелтетін дағдарыстардан да аулақпыз. Осының бәрі қолданыстағы Ата Заңды арқау ете отырып, оның ережелерінен еш ауытқымай, елге, халыққа қызмет етіп отырған тұңғыш Президент - Елбасының сабырлы конституциялық сарабдал саясатының жемісі.
Осы игі істердің жалғасын Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ астанасы - Вашингтон қаласында өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі қорытынды саммитке қатысқан кезінде кім-кімге де ой салатын «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін жария етіп, барша әлем басшыларын қарусыздану мен таратпау ісіне әрі қарай да батыл үлес қосуға шақыруы болды. Әлемде алғаш болып өз елінің аумағындағы ядролық сынақ полигонын жапқан Елбасы ахуалды дәлме-дәл айқын түсіндіріп берді, сондай-ақ адамзат өркениетіне төніп тұрған қауіп туралы және кез келген соғыс бүкіл тіршілік атаулыны ажал аранына түсіретін заманда өмір сүріп отырған адамзатқа төнген қауіп орайында терең алаңдаушылық білдірген еді.
Сонымен бірге Президентіміз Н. Назарбаев қабылдаған бес институционалды реформасы, Қазақстан Республикасының дамыған мемлекеттердің отыздығына кіру жөніндегі жариялаған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары қоғам мен мемлекетті түбегейлі қайта өзгеруіне және Ата Заңды нығайтуда жасалған нақты қадам болып табылады.
«100 нақты қадам» жоспарында: «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру», «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету», «Индустрияландыру және экономикалық өсім», «Біртектілік пен бірлік», «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» бөлімдері еліміздің өмірлік, өзекті мәселелерін қамтыған.
Ең бастысы, Қазақстан мемлекеттігінің нығаюына, бірлігі бекем еліміздің «Мәңгілік Ел» жолында дамуына, халқымыздың өсіп-өркендеуіне негіз болған Конституциямыз биылғы жылы 25 жыл толатын Тәуелсіздігімізді тұғыр-лы етуге әлеуетті екенін танытып отыр. Ендеше, әрбір қазақстандық Ата Заңымызды сыйлап, құрметтей білсе, сол игі!
Сондықтан да қазіргі өзгермелі заманда, жаһандану тұсында адамның қоғаммен, мемлекетпен, бір-бірімен Ата Заң аясында үйлесімді өмір сүру үшін бабалардан бастау алған даналықтың еліміздің егемендегі мен ертеңін «Мәңгілік Ел» жоспарын іске асыру жолында өмірлік ұстанымы бола алатыны анық. Осы орайда елімізде бірлік, ынтымақ пен татулық, әр отбасына баянды бакыт тілеймін.
Журналист Г.Әжігереева «Әбу Дабиде өкілдігін ашқан компания» деегн мақаласында «Топан» компаниясы жөнінде жазады.
«Биыл Оралдағы «Топан» компаниясы мұнайгаз жабдықтарының жаңа түрін өндіріске енгізді. Сонымен қатар өнім өткізу нарығын кеңейту мақсатында Таяу Шығыстағы мұнайшы компаниялармен әріптестік орнатты. Енді «Топан» ирандық «ElektroKavirCo» компаниясымен бірлескен кәсіпорын құруға кірісті», делінген онда.
Құрылғанына 20 жылға жуықтаған «Топан» серіктестігіне бәсекелестік жағдайындағы нарықтан өз орнын алу оңайға түспеді. Алайда кезінде Оралдағы қорғаныс саласына қараған мықты зауыттарда жұмыс істеген білікті инженер конструкторлардың басын қосып, өндірістің өркендеуіне жол тапты. Қазіргі уақытта түрлі деңгейдегі басқосуларда аты көп айтыла бермейтін бұл кәсіпорында ұзын саны 200-дің үстінде адам жұмыс істейді. Зауыттың бас кеңсесі Оралда және оның Атырау, Ақтау, Астана, Алматы, Ақсай қалаларында өкілдіктері бар.
- Кәсіпорынның ерекшелігі мынада - «Топан» ЖШС мультибрендті өнеркәсіптік компания. Серіктестік кен өндіру, мұнай және газ саласындағы, химиялық, фармацевтикалық және тамақ өнеркәсібі компанияларына, ғылыми-зерттеу институттарына және білім беру мекемелері ұйымдарына өнеркәсіптік тауарларды өндірумен, жеткізумен, қызмет көрсетуге қатысты сан түрлі қызметтерді көрсетеді. Өзге бәсекелестерімен салыстырар болсақ, «Топан» тапсырыс берушілерге қажетті өнімдердің толық кешенін ұсынады, сонымен бірге инжинирингтік және сервистік қызмет көрсетеді, - деді компанияның стратегиялық даму жөніндегі директоры Ғайса Жұмалиев «Даму» кәсіпкерлік қорының БҚО филиалы ұйымдастырған пресс-тур барысында.
Айтса айтқандай, компанияның қызмет бағыттарына инжиниринг және өндіріс (соның ішінде CT-KZ сертификаттарын ұсына отырып, мұнай және газ сапасын сараптау, есептеу жабдықтары жүйесін өндіру, автоматтандырылған газ реттегіш станса, өлшегіш құралдарын шығарады), жабдықтарды жобалайды, жасақтайды, іске қосады, химиялық өнімдер өндіреді және оларды жеткізеді. Компания мұнайгаз және тау-кен өнеркәсібі үшін ірі көлемдегі химия өнімдерін жоғары технологиялы химиялық ерітінділерді, реактивтерді өндіреді. «Топанның» химиялық өндірістік базалары Желаев және Бөрлі ауданындағы Тұңғыш ауылдарында орналасқан. Сондай-ақ компания зертханаларды жабдықтайды және электр техникалық өнім түрлерін жеткізумен айналысады.
- Оралдық компания әлемге әйгілі «General Electric» корпорациясының «GE Sensing» және «GE Panametrics» бөлімшелерінің «Алтын» әріптесі саналады. Өткен жылы компания Бірікккен Араб Әмірлігінде, Әбу Дабиде сегіз адам жұмыс істейтін өкілдігін ашты. Компания биыл Таяу Шығысқа бет бұрып, жаңа әріптестер тапты. Иракта «Лукойл Оверсиз» және «Газ-промНефтьБадра» компаниялары үшін екі сервистік инженерлік келісімшартты іске асырды. Биыл Иран елінің «ElektroKavirCo» компаниясымен КИП жүйесін және электр техникалық құрал-жабдық шығаратын бірлескен кәсіпорын құру жөнінде меморандумға қол қойылып, қазір құжаттарын реттеу жұмыстары жүргізілуде, - деді аталмыш компанияның инжиниринг филиалының директоры Нұрлан Мошанов.
Соңғы екі-үш жыл ішінде компанияның шығарылатын өнім түрлерін молайтып қана қоймай, өнім өткізу нарығын кеңейтуіне мемлекеттік қолдау-көмектің сеп болғаны анық. 2014 жылы «Топан» ЖШС «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша екінші деңгейдегі банктердің бірінен алынған несие қаражатын субсидиялауға қол жеткізді. Осы несиенің есебінен 2015 жылы ауданы 1500 шаршы метр болатын заманауи технологиялық жабдықтармен жабдықталған мұнай және газ есептеу жабдықтарын өндіретін өндірістік жаңа цех салынып, іске қосылды. Мұнайгаз компаниялары мұнайды экспорттық құбыр желісіне шығару үшін алдымен оның сапалық көрсеткіштерін тексеріп, анықтау үшін осындай жабдықтарды пайдаланады. Енді ондай компаниялар жабдықтарды бұрынғыдай шетелден емес, Оралдағы зауыттан тапсырыспен алмақ. Қазірдің өзінде ұлттық және жеке мұнайгаз компанияларымен әріптестік орнатылып, мұнайгаз саласындағы өндірісшілер мұнай және газ сапасын анықтайтын блоктарға тапсырыс беруде. Бұл цехтың іске қосылуымен 50 адамға жаңа жұмыс орны ашылған.
- Мұнай ұңғымасының шығынын өлшейтін «УЗДС «Топан» қондырғысын компанияның конструкторлары ойлап шығарды. Мамандар шетелдік, ресейлік жабдықтардың жақсы жағын негізге ала отырып, құрылымын әлдеқайда жетілдіріп қайта жасады. Қазақстанда оның баламасы жоқ. Жақында оған патент алынды. Мұндай жабдық мұнайгаз компанияларына ұңғыма шығынына мониторинг жүргізіп, оның тиім-ділігін арттыруға, жұмыс сапасын жақсартуға септігін тигізеді. Әзірге жабдық Маңғыстау облысында және Ресейдегі «Ингип» компаниясында сынақтан өтті. Екі компаниямен бұл жабдықты сынақтан өткізуге келісімшартқа қол қоймақпыз. Келешекте осы Оралда шығарылған жабдықты Иранға экспорттау бағытында жұмыстанудамыз. Күзде халықаралық мұнайгаз жабдықтары көрмесіне апарамыз, - деді «Топан» ЖШС-ның инжиниринг филиалының директоры Нұрлан Мошанов.
Осы пресс-турға журналистермен бірге қатысып, аталмыш кәсіпорынның тыныс-тірлігімен танысқан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Снежана Имашева БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында қазіргі экономикалық интеграция үрдісі жағдайында отандық кәсіпкерлерге нарықтан ойып тұрып өз орнын табу, адуын бәсекелестікке төтеп бере білу маңызды екендігін жеткізді.
- Бәсекелестікке қабілетті болу үшін жұмыс тәжірибесі ғана емес, инвестициялар да қажет. Сондықтан мемлекет кәсіпкерлікті дамыту үшін жеңілдетілген несие беруге мән-маңыз беріп отыр. Жоғары технологиялы өнім шығаратын шағын цех немесе ірі кәсіпорын мемлекеттік қолдаудың көмегімен дамудың жаңа деңгейіне жете алады, - деді Мәжіліс депутаты С. Имашева.
Облыстық газеттің 27 тамыз күнгі санында «Ата заң - еліміздің басты заңы» атты көлемді ақпаратта (Г.Әжігереева) Оралдағы Салтанат сарайында облыс әкімі Алтай Көлгіновтің төрағалық етуімен 30 тамыз - Қазақстан Республикасының Конституциясы күні мерекесіне орай «Конституция - мемлекеттің негізгі заңы: өткені, бүгіні мен болашағы!» атты конференция өткені айтылады. Шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің және облыстық мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орындарының ректорлары, мемлекеттік және құқық қорғау құрылымдарының, зиялы қауым, үкіметтік емес ұйымдардың, этно-мәдени орталықтардың және БАҚ өкілдері қатысты.
Тарих беттерін парақтасақ, 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум нәтижесінде Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды. Ата заңның қабылдануы егемен Қазақстанның конституциялық дамуының жаңа кезеңінің бастауы болды. Басқосуда жиналған қауымды мерекемен құттықтаған облыс әкімі Алтай Көлгінов Ата заңның Қазақстанның әлемдік өркениетке қарай қарыштай қадам басуының алғышарттарын жасап берген жасампаз құжат екендігін айта келе, еліміздегі нарықтық экономиканың үлкен серпін алуы, демократиялық қоғамдық-саяси жүйенің дамуы, адам және азаматтардың еркіндігі осы негізгі заңнан бастау алатындығына тоқталды.
- Ендігі мақсат - Қазақстан халқының ауызбірлігін сақтап, мемлекеттілікті арттырып, дамыған 30 ел қатарынан көріну. Бүгінгі таңда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында еліміздің алдағы уақыттағы стратегиялық жолы айқындалды. Қазіргі таңда әлемдік сын-тегеуріндерге қарамастан елімізбен бірге өңіріміз әл-ауқаты артып келеді. Жаңа ғасырда Қазақстан халқы, тек заң ғана үстемдікте болатын мемлекет пен азаматтық қоғам құру үстінде. Осы жолда еліміздің Конституциясының алар орны ерекше болмақ, - деген Алтай Сейдірұлы Ата заңымыздың негізгі қағидаларын басшылыққа ала отырып, Елбасы тапсырмаларын іске асыруда ауқымды жұмыстар тындырылғанын атап көрсетті.
Ата заңның қабылдануымен елімізде құқықтық мемлекеттік негіз қаланып, заңдылық пен тәртіп нығайды, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ету бағытында нақты шаруалар атқарылды. Осындай жұмыстардың арқасында елімізді дүние жүзі қауымдастығы этносаралық, дінаралық және қоғамдық келісім орныққан, тұрақты дамып келе жатқан келешегі кемел мемлекет ретінде таниды. Бұл туралы конференцияда сөз алған ҚР Парламенті Мәжілісінің IV және V шақырылымдағы депутаты Виктор Киянский, облыстық әділет департаментінің басшысы Алмат Нарқұлов, қоғам қайраткері, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ ректорының кеңесшісі Қазыбай Бозымов, «Болашақ» корпоративтік қорының директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Салтанат Тұманбаева жан-жақты тоқталды.
Жиынға қатысқан ҚР Жоғарғы соты азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Еліс Әбдіқадыров жиналғандарды қастерлі мерекемен құттықтады. - Бүгін Оралдың жаңа шағынауданында азаматтық істер жөніндегі соттың жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Жаңа технологиялы жабдықтармен жабдықталған сот ғимараты жұмыс істеуге қолайлы, - деген Еліс Әбдіқадыров Жоғарғы сот төрағасының атынан облыс әкіміне алғыс айтты. Сондай-ақ облыстық соттың төрағасы Бек Әметов өз сөзінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биліктің бір тармағы сотқа, сот жүйесіне деген ерекше қамқорлығын айта келіп, жергілікті бюджет қаржысына салынған әдемі сот ғимаратының сот жүйесі мамандарына үлкен жауапкершілік жүктейтініне тоқталды.
Жиында 19 жыл бойы Жаңақала ауданын басқарған, бүгінде облыстық мемлекеттік мекемелер қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Төлеген Мерғалиев еліміздің егемендік алған жылдарындағы қиыншылықтарды, «жабайы демократиялық» жағдайларды, Ата заңымыз қабылданғаннан кейінгі елімізде заңды сыйлау, заңға бағыну мәдениетінің қалыптаса бастаған кездерін еске алды.
- Бүгінде егемендіктің 25 жылы ішінде еліміз адам танымастай өзгерді, әлемде Қазақстанды білмейтін ел жоқ. Осының барлығы Елбасымыздың дана саясатының, Ата заңымыздың жемісі екендігін айтуымыз керек. Биыл егемендік алғанымызға 25 жыл толады. Бұрын қандай едік, қазір қандаймыз? Осының барлығына шүкіршілік етуіміз керек. Қанағат керек. Үлкеніміз-кішіміз, ат үстінде жүрген азаматтарымыз бар, қолымыздан келгенінше Елбасыға көмекші болуымыз керек, - деді Төлеген Тастайұлы.
Сондай-ақ конференцияда облыстық мәслихаттың хатшысы Мәлік Құлшар, ғалым Мұрат Сдыков, «ТДК-42» телеарнасының директоры Табылғали Сапаров жиналғандарды мерекемен құттықтады.
- Конституцияда айтылатын ең басты құндылық - адамның өмірі, құқықтары мен бостандығы. Өте орынды айтылған сөз. Әдетте біз бұған мән бермейміз, 100 жыл бұрынғы тарихқа оралайықшы. 1916, 1917, 1930 жылдарды алайық. Алты миллион қазақтың екі миллионы репрессияға ұшырады, аштықтан қырылды. Қай заң адамның өмірін, құқығын қорғады? Енді жүз жылдан кейінгі қазіргі заманды қараңыз, Ата заң бір адамның өмірін заңсыз қиюға мүмкіншілік берді ме? Жоқ, міне, жүз жыл арасындағы айырмашылық!- деген «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин Елбасының бастауымен, егеменді елдің мықты заңының арқасында ғана мықты елге айналғанымызды баса айтты.
Сот жүйесінің, прокуратура, құқық қорғау саласының бір топ мамандары Конституция күніне орай облыс әкімінің алғысхаттарымен марапатталды.
«Қалалық №2 сот жаңа ғимаратқа көшті» (А.Төлеуғалиева) - бұл ақпарат Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында және ҚР Конституцияcы күні қарсаңында Орал қалалық №2 соты жаңа ғимаратының ашылуынан хабардар еткен. Салтанатты шараға облыс әкімі Алтай Көлгінов, ҚР Жоғарғы соты азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Еліс Әбдіқадыров қатысты.
- Қазіргі заман талабына, әлемдік стандартқа сай салынған жаңа ғимаратта соттың әділ шешімдері қабылданып, сот ісі ашық әрі айқын болады деп сенемін. Бұрын қазақ елінде әділдіктің символы билер институты болды. Жаңа қоғамда олардың рөлін әділ судьялар атқаруда. Елбасының қол-
дауы арқасында елдің сот жүйесі заман талабына сай дамуда, - деген Еліс Нұрқасымұлы облыс әкімі Алтай Көлгіновке ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәмидің алғысхатын табыстады.
- Бүгін өңіріміз үшін елеулі оқиға болды. Конституция күніне орай жаңа сот ғимараты бой көтерді. Бұл ғимараттың ашылуы ерекше мәнге ие. Себебі Елбасымыздың бекіткен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында сот жүйесін жаңғырту бағыттары белгіленген. Жаңғырту материалдық-техникалық жағынан да қарастырылуы қажет. Судьялар және сот жүйесінің қызметкерлерін бүгінгі ерекше оқиғамен құттықтаймын. Жаңа ғимарат сот жүйесі қызметінің жоғарылауына септігін тигізері сөзсіз, - деді Алтай Көлгінов.
Өз кезегінде сөз алған сот саласының ардагері Қуаныш Әбуовтың айтуынша, ол осыдан 39 жыл бұрын қалалық соттың бұрынғы ғимаратының салтанатты ашылуына қатысқан. Құқық қорғау органдарында 41 жыл қызмет еткен доғарыстағы судья сол кездегі қызметін еске алды. «Ол кезде екі-үш судья бір кабинетте отыратын. Сот актілері қолмен толтырылатын. Тіпті кейде сот отырыстары дәліздерде өтетін еді. Ал жаңа ғимараттың ішінде сот қызметінің барлық жағдайы қарастырылған», - деді Қуаныш Әбуов.
Ғимаратты салған «Жиенбай» ЖШС директоры Александр Қарағойшин қалалық №2 соттың төрағасы Мұрат Иманбаевқа бейнелік кілтті табыстаған соң, жаңа ғимараттың лентасы қиылды.
Қалалық №2 соттың жаңа ғимараты жергілікті бюджет есебінен бой көтерді. Оның жалпы көлемі 7478 шаршы метрді құрайды. Мұнда барлық қажетті және қауіпсіздік жағдайлар қарастырылған. Қызметкерлер үшін жалпы 31 кабинет, оның ішінде 15 сот отырысы залы, екі күту залы, адвокаттар мен прокурорларға арналған кабинеттер, медиация бөлмесі, мұрағат және медициналық кабинеттер бар.
«Үздік тауар өндіретін кәсіпорындар анықталды» деген ақпаратқа (С.Әбілхалықов) облыстық қазақ драма театрында «Қазақстанның үздік тауары» аймақтық байқау-көрмесі өткені арқау болған. Жеңімпаз кәсіпорындарды облыс әкімі Алтай Көлгінов марапаттады.
Облыстық кәсіпкерлік палатасы ұйымдастырған аталмыш шараға өңіріміздегі 18 кәсіпорын қатысты. Олардың үштен бірі бұл байқау-көрмеге алғаш рет келіп отыр. Биыл ірі және орта бизнес субъектілерімен қатар, жеке кәсіпкерлік өкілдері де кеңінен тартылғанын айтып өткен жөн. Ал ауылдық жерден ат терлетіп келгендердің ішінде бөкейордалықтар, қазталовтықтар және қаратөбеліктер бар.
- Бұл байқау-көрменің мақсаты - елімізде жасалған тауарларды қолдау әрі оны көпшілікке кеңінен таныстыру. Бүгінгі шараға балаларға арналған құрал-жабдықтардан бастап, құрылыс, мұнайгаз, ауыл шаруашылығы, медицина салаларына арналған түрлі бұйымдар, жаңа технологиялар қойылған. Жыл өткен сайын мұнда әкелінетін тауарлардың түрі көбейіп, сапасының артып келе жатқандығының куәсі болып жүрміз. Батысқазақстандық кәсіпкерлер де өз еңбектері арқылы өңіріміздің, республикамыздың атын әлемге кеңінен шығарып жүргендігі бізді қуантады. Сол үшін оларға өз ризашылығымды білдіремін. Өздеріңіз білесіздер, кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар сәтті жүзеге асуда. Соның арқасында көптеген жан өз кәсіптерін ашып, елдің берекесінің артуына үлестерін қосып жүр. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады, - деді шара барысында сөз алған Алтай Сейдірұлы.
Шараға қатысушы кәсіпорындар биыл да үш бағытта сынға түсті. Сараптау комиссиясының қорытындысына сәйкес «Өндірістік бағыттағы үздік тауар» аталымы бойынша жоғары сапалы газ жабдықтарын шығаратын, аталмыш байқауға алғаш рет қатысып отырған «БатысМұнайГазЖабдықтары» ЖШС жеңімпаз атанды. Ал «Үздік азық-түлік тауары» мен «Тұрғындарға арналған үздік тауар» аталымдарында «Фирма «Родник» және «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» серіктестіктері өзгелерден озық деп танылды.
«Тәжірибе алмасты» деген ақпаратта (А.Жомартқызы) «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалының ғимаратында облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Махамбет Ихсанғалидің төрағалығымен «Тілдерді дамыту мен қолдаудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын орындаудағы негізгі жұмыс бағыттары» тақырыбында тәжірибелік семинардың өткені айтылады. Оған аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшылары қатысты.
Аталмыш бағдарламаның соңғы үш жылдық кезеңіне келдік. 2017-2019 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары Үкімет қаулысымен бекітілді. Іс-шаралардың негізгі бағыттарымен таныстырған соң, аудандардағы бөлім басшыларынан нақты жоспарды талап етеміз, - деді облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Гүлжайна Бисенғалиева.
- Еліміздің өзге облыстарымен салыстырғанда, біздің өлкедегі тілдік мәселе күрделілеу. Кей аудандарда орыс тілінің пайыздық көрсеткіші үстемдеу болып тұр. Сондықтан тіл саясатын жүргізгенде «Өзге тіл - тірлік үшін, өз тілің - бірлік үшін» қағидатын есте сақтау керек, - деді «Еуразия» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Айдарбек Ақболатов «Тіл және тәуелсіздік» тақырыбындағы баяндамасында.
Назарбаев зияткерлік мектебінің сектор меңгерушісі Әлима Дүйісмағамбетова «Топ алдында сөйлеу мәдениеті» тақырыбында әңгіме қозғады.
- Қазіргідей жаһандану кезеңінде тіл мәселесіне ерекше көңіл бөлу керек. Сондықтан әр бөлім басшысына жоспарға сай қызмет етуді тапсырамын. Егер осы бағытта нақты жұмыстар атқарылмайтын болса, шара қолдануға тура келеді, - деп Махамбет Мәтенқожа семинарды қорытындылады.
Облыстық газет «Мектепке жол» шарасын ұдайы беріп келеді. «Акция аясындағы қайырымдылық» деген топтамаға бірнеше аудандағы істер арқау болған.
Жыл сайынғы дәстүр бойынша балдырғандарды мектепке бірлесе дайындайтын акция Зеленов ауданының орталығында «Жақсылық жасауға асығайық!» үндеуімен жүзеге асты.
Оған аудан әкімі Кәрім Жақыпов бастаған басшылар, аудандық мәслихат депутаттары, ауыл әкімдері үн қосты.
- «Мектепке жол» акциясының берері мол. Акция қаржылай не-месе заттай көмек көрсетумен ғана шектелмейді. Игі іс жасауға бір кісідей жұмылып, қайырымдылық жасаудан шет қалмайық. Биыл ауданымыздағы 3000 оқушыға көмек көрсетілетін болады, - деген аудан басшысы Переметный, Озерный, Новенький, Зеленый, Егіндібұлақ білім ордаларының 53 оқушысына оқу құрал-жабдықтарын, мектеп сөмкесін табыстады.
Биыл жергілікті бюджет есебінен акцияға 7 млн. 284 мың теңге бөлініп, оған 1019 балаға спорттық киім, аяқ киім және оқу құралдары сатып алынған.
Ауданымызда аталмыш акцияға атсалысып, қайырымдылық танытушылар қатары жыл санап артып келеді. Оған жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалығының жетекшілері, ұстаздар, жағдайы келген жандар оқушыларға барынша көмек көрсетуде.
Атап айтсақ, облыстық мәслихат депутаттары М. Жәкібаев, И. Инютин, аудандық мәслихат депутаттары Н. Хайруллин, Қ. Дильманов, А. Андрейщев, Н. Дүзбатыров, Н. Ешмұратов, «Кроун Батыс», «Достық», «Асан», «Заман», «Жайықмұнай», «Белес Агро» ЖШС басшылары мен қызметкерлері. Тағы бір айта кетерлігі, «Киргенев» шаруа қожалығы Ульян білім ошағының оқушыларына 1 млн. теңгеге мектеп формасын, оқу құралдарын алып берген.
Шара соңында ата-аналар атынан Дильбар Өтепбергенова, оқушылар атынан Камен мектебінің оқушысы Данияр Жұманиязов сөз сөйлеп, ризашылықтарын білдірді.
***
Подстепный қазақ жалпы білім беретін мектебінде «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы кең көлемде ұйымдастырылды.
Биыл сауапты шара ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылған. Мектептің акт залына жиналған демеушілер мен балаларды аудан әкімінің орынбасары Алтай Тоқжанов құттықтап, осындай игі істі қолдаған азаматтарға алғыс білдірді. Подстепный №1 орта мектебі, Госплемстанция мектебі және Подстепный қазақ орта мектебінің көп балалы, аз қамтылған отбасында тәрбиеленіп жатқан оқушылары мен мүмкіндігі шектеулі оқушыларға мектеп формалары мен оқу құралдар табысталды. Акцияны қолдап, үлес қосқандардың қатарында аудан әкімі М. Мұқаев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ж. Хусаинова, ауданымыздың бас имамы Х. Сыдиықов болды. Сонымен бірге ірі мекемелер мен жеке кәсіпкерлер де белсенділік танытты. Олардың арасынан «Жайықгидрогеология» ЖШС, «Төлеңгіт» жеке қожалығы, «Евразия» мейрамханасы басшылығы, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы, «Талап» ЖШС, «ЭкодашиГаз и К» ЖШС, «Гумаров», «Сүндетбаева», «Игазиева», «Кусайнова», «Федорова» жеке кәсіпкерлері және тағы басқа жүрегі жылы азаматтар мен азаматшаларды атап өтуге болады. Акция барысында 54 балаға 515 мың теңгеге көмек көрсетілді.
***
Жақында Қазталов ауданының Қараоба ауылындағы Ғ. Қараш атындағы мектеп-гимназияда қайырымдылық шарасы өтті. Бұл акцияның басты мақсаты - балаларды орта біліммен қамтамасыз етуге толық жағдай жасау.
Шараға аудандық мәслихат депутаты Г. Көшбаева, Қараоба ауылдық округінің әкімі Н. Дүйсеков, мектеп-гимназия директоры Р. Жұмағұлов қатысты. Қайырымдылық шарасы барысында аудандық мәслихат депутаты Г. Көшбаева үш оқушыға өз атынан мектеп формасын алып беріп, 36 мың теңге көлемінде демеушілік жасаса, «Леди Лиза» жеке кәсіпкерлігі, «Асқар тау» әкелер клубы, «Ибат» шаруа қожалығы да үш оқушыны мектеп формасымен қамтамасыз етті.
Сонымен қатар аудандық газ шаруашылығы, Қараоба ауылдық округ әкімшілігі, ауылдық мәдениет үйі, медициналық пункт, малдәрігерлік, электр торабы бөлімдері және «Арай» балабақшасы мен мектеп ұжымдары, «Дулат», «Ерғазы», «Арсен» шаруа қожалықтары балаларға оқу құрал-жабдықтарынан демеушілік көрсетті. Акция барысында 176 мың теңге көлемінде сыйлық жасалды.
***
Ақжайық ауданында медицина қызметкерлерінің отбасындағы ұл-қыздар үшін «Мектепке жол» акциясы өткізілді.
Қандай ма қайырымдылық қозғалысынан шет қалмайтын ақ желеңді жандар «Мектепке жолға» да жыл сайын белсене қатысып келеді. Аудандық емханада ұйымдастырылған шараны аудандық орталық аурухана кәсіподақ ұйымының төрайымы Шара Манасова ашты. Ауылдардағы әріптестерінің жанұяларындағы мектеп оқушылары үшін сыйлықтарды аурухана директорының орынбасары Галина Қарабалина табыстады.
Денсаулық сақтау саласында тоғыз ауылда жұмыс жасайтын 13 қызметкердің балаларына жалпы сомасы 85000 теңгені құрайтын спорт костюмы, мектеп формасы және аяқ киімдер үлестірілді.
«Қастерлі құжаттың мән-маңызын саралады» деген ақпаратта (Г.Шәңгерей) облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз залында ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігі Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен 30 тамыз - ҚР Конституциясы күні мерекесіне орай үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің, мемлекеттік қызметшілердің, ғалымдардың қатысуымен «Ата Заң - құқықтық мемлекет қалыптастыру жолын белгілеген Қазақстан халқының тарихи таңдауы» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өткені паш етілген.
Конференцияның модераторы аталмыш департамент басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Мирболат Нұртазин мемлекет саясатының түп қазығы Ата Заңның бүгінгі қағидаттары, қалыптасу жолдары жайында әңгімеледі. Орал қалалық әділет басқармасының басшысы Естай Рашқалиев, ҚазИИТУ ғылыми-білім кешенінің проректоры, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Гаухар Қайырлиева, ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігі БҚО бойынша департаментінің басқарма басшысы Әзілхан Мұқашев, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті тарих, экономика және құқық факультеті деканының орынбасары, тарих ғылымдарының магистрі Назгүл Сабырғалиева өз баяндамаларында Тәуелсіздік пен тұрақтылықтың теңдессіз тартуы, берік тұғыры, дербес мемлекеттігімізді көрсететін қастерлі құжаттың мән-маңызын ашып берді.
Басқосуда «Азаматтық бақылау» әлеуметтік жобасының қоғамдық қабылдауының жұмысы таныстырылды. Жобаның мақсаты Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңының және мемлекеттік қызмет саласында, мемлекеттік қызмет көрсету және мемлекеттік қызметкерлердің Әдеп кодексі талаптарының сақталуына байланысты сұрақтарға кеңестік көмек көрсету болып табылады. Бүгінде бұл жобаны мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «Батыс Қазақстан облыстық Азаматтық альянсы» қауымдастығы» ЗТБ іске асыруда.
«Салиқалы саясатқа шақыратын бастама» деген ақпаратта (С.Ізбасарұлы) облыс орталығындағы Достық үйінде облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы болғаны айтылады. Ол Елбасымыз Н. Назарбаевтың биыл көктемде АҚШ-та болған ядролық қаруға қарсы бүкіләлемдік басқосуда жария еткен «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін талқылауға арналды. Алқалы басқосуға мемлекеттік органдар мен мекемелердің басшылары, ҮЕҰ-лар мен саяси партиялардың өкілдері қатысты. Сондай-ақ оған облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов қатысып, сөз сөйледі.
Дөңгелек үстел отырысын облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ербол Салықов ашып, қысқаша сөз сөйледі. Ол Елбасының бүкіл мемлекет басшыларын салиқалы саясат жүргізуге шақыратын тың бастамасының дүние жүзінде зор қолдауға ие болғанын, адамзатты ядролық және өзге де жойқын қарулардың қатерінен құтқарудың қамы көп адамның көкейінде жүргенін атап көрсетті. Әрі жиынға қатысушыларды күн тәртібіндегі мәселені кеңінен талқылауға шақырды.
Басқосуда Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің ректоры, облыстық қоғамдық кеңестің хатшысы Ақсерік Әйтімов күн тәртібіндегі мәселе бойынша шағын баяндама жасады. Ол Отанымыздағы атышулы Семей сынақ айлағының жабылғанына биыл 25 жыл толғанын айта келіп, айналасына ажал шашқан әскери нысанның жұмысын тоқтатудағы Елбасымыздың ерекше еңбегін атап өтті. Біздің мемлекеттің ядролық қару-жарақты сақтаудан ерікті түрде бас тартқан төрткүл дүниедегі санаулы елдің бірі екенін айтты. Өкініштісі сол, Семейдегі зұлмат орнының үні өшкенімен, еліміздің жеріндегі өзге де ресейлік сынақ айлақтары сынақтарын түпкілікті тоқтатқан жоқ. Аталмыш ажал орындарының өңіріміздің табиғаты мен халқына залалы жөнінде де нақты мысалдар келтірілді.
Жарыссөзде «Ақ отау» үкіметтік емес ұйымының төрайымы Алтынай Есқалиева бейбітшілік жолындағы табанды күресі мен жалынды жігері үшін Елбасына қашан да сүйсінетінін жасырған жоқ.
- Оның адами және көсемдік қасиеттері тек қолдауға лайық. Әлем соғыстан шаршады және осы ғасыр Елбасымыз айтқанындай, жаппай қырып-жою құралдарынсыз өтсін! - деді ол сөзін түйіндей келіп. Облыстық соғыс және еңбек ардагерлері ұйымының төрағасы Мырзағали Мұхамбетов 29 тамыз әлемдегі жаппай қырып-жою қаруларын құрту күні ретінде аталып өтілетінін жеткізді. АҚШ-тағы басқосуда әлем елдерінің Н. Назарбаевтың «ХХІ ғасыр - соғыссыз әлем» бағдарламасын қолдап, оның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің ресми құжаты мәртебесін алғанына қанағаттанарлық сезімін білдірді. Өңірдегі ресейлік Капустин Яр сынақ айлағының қатерін азайту және мүлдем жою жолындағы жерлестеріміз: Кәкен Көбейсінов, марқұм, жазушы Энгельс Ғаббасов және басқаларының белсенді азаматтық әрекеттеріне жоғары баға берді. Жүздесуде облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Амангелді Дәулетжанов, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың доценті, философия ғылымдарының кандидаты Венера Есенғалиева және басқалары сөйлеп, ой-пікірлерімен бөлісті. Кездесуді облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов қорытындылады.
«Өнегелі өмір» деген ақпаратта (Т.Әнуарұлы) облыстық тарихи-өлкетану музейінде Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Өте Мусиннің туғанына 130 жыл толуына орай «Өнегелі өмір» атты көрменің ашылғаны айтылған.
Музей қызметкерлері «Аңқаты» кеңшарының аға малшысы болған, сталиндік сыйлықтың лауреаты Өте Мұсаұлы атамыз жайлы жәдігерлерді көрермен назарына ұсынды.
- Бұл жәдігерлерді кезінде Өте атамыздың немересі Сәуле Нұралиева апамыз музей қорына тапсырған болатын. Өте Мусин 1955 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін тынымсыз еңбек еткендігі көрмедегі жәдігерлерден көрініпақ тұр. 1939-1940 жылдары Мәскеудегі бүкілодақтық көрмеге қатысқандағы мақтау қағаздары, фотосуреттер мен жеткен жетістіктерінен сыр шертетін мұрағаттар сақталған. Міне, бүгін солардың бәрін жұртшылыққа ұсынып отырған жайымыз бар, - дейді экскурсия жетекшісі Гүлбөбек Жәрдемғалиқызы.
Көрменің таныстырылымы концерттік бағдарламаға ұласты. Шара барысында аталмыш мекеме басшысының орынбасары Нұргүл Нұрхатқызы көрмеге қатысушыларға ризашылығын білдірді. Көрме соңында күйші Досым Мақсотов пен термеші Фархат Оразов өз өнерлерін көрсетті.
«Жыр - жүректің жылуы» деген ақпаратта (Ш.Ержігітова) Бөрлі ауданы Ақбұлақ мәдениет үйінің қызметкерлері мен Ақбұлақ ауылдық кітапхана меңгерушісінің ұйымдастыруымен Қаратөбе ауданының Саралжын елді мекенінде дүниеге келген ақын-композитор, алты алашқа ән оздырған Мұхит Мерәліұлының 175 жылдығына арналған әдеби-сазды кеш оздырылғаны мәлім етілген.
Оны Ақбұлақ ауылдық кітапхана меңгерушісі М. Имашева ашып, Мұхит Мерәліұлының өмірбаянымен таныстырды.
Шараны жүргізген ұстаз Тоқжан Мақсатова әншінің «Ақиіс», «Айнамкөз», «Зәуреш», «Жылқышы», «Қилым» әндерінің тарихымен таныстырып өтті.
Әншінің «Ақиіс» әнін нақышына келтіріп, Ақбұлақ ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Медал Сапиев шырқап берді. Мәдениет үйінің директоры Марал Бисенова өзінің қоңыр даусымен әншінің «Айнамкөз» әнін тыңдармандарға тарту етті. Әншінің «Дүние» өлеңінің 1-түрін «Мақсат» медициналық колледжінің студенті Аида Мұса, 4-түрін жаңа технологиялар колледжінің студенті Ажар Құтлиева мәнерлеп оқып берді.
Мұхит Мерәліұлына арналған әдеби-сазды кешке қатысқан қонақтар Мұхиттың әндерін сүйсіне тыңдап, тамаша әсер алды. Кешке белсене қатысқан ауыл тұрғындары алғысхатпен марапатталды.
Газеттің 30 тамыз күнгі нөмірі облыс әкімі Алтай Көлгіновтің құттықтауымен ашылған.
«Құрметті батысқазақстандықтар!
Сіздерді мемлекеттік мереке - Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Конституцияны қатаң ұстану - бұл мемлекеттіліктің табысты дамуының және қоғамдағы азаматтық келісімнің негізі. Ол бойынша өмір сүру - бұл демократияның ең жоғарғы мектебі» деп атап өтті.
Елімізде жүзеге асып жатқан күрделі өзгерістер, еліміздің қарқынды дамуы - мемлекетіміздің Конституциясымен тікелей байланысты. Бірлігіміздің мызғымастығын қамтамасыз еткен Конституцияға құрметпен қарау және оның қағидаларын қатаң сақтау - әрбір азаматтың қасиетті борышы.
Қоғамдық қатынастарды реттейтін барлық заңның бастауы болған Конституциямыз көпұлтты мемлекеттің шаңырағын шайқалтпай, жыл өткен сайын бірлігін бекемдеп келеді.
«Конституция - ұлттың туу туралы куәлігі іспеттес» деген сөз бар. Біз жаңарған қоғам, тәуелсіз ел ретінде қазақстандықтардың талабын ескере отырып, қабылдаған Негізгі заңымыз өзінің өміршеңдігін дәлелдеп келеді.
Тәуелсіздіктің ширек ғасыр уақытын енді ғана артқа тастаған жас мемлекетіміз халықаралық аренада саясат, экономика, мәдениет, спорт және т.б. салаларда толағай табыстарға қол жеткізді. Біздің осы баянды істеріміздің бастауында Бас құжатымыз тұр.
Сіздерді тағы да ҚР Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін», делінген онда.
«Жаһандық қауіпсіздікке арналған алқалы басқосу» (www.akorda.kz) деген ақпаратта Қазақстан Президентінің «Ядролық қарусыз әлем қалыптастыру» атты халықаралық конференцияның пленарлық отырысына қатысқаны айтылған.
Семей ядролық полигонының жабылғанына 25 жыл толуына орай өткен конференция жұмысына мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, дипломатиялық корпустың, ғылым мен білім саласының өкілдері, көрнекті қоғам қайраткерлері, сондай-ақ әлемнің 50-ден астам елінен шетелдік қонақтар қатысты.
Елбасы конференцияға қатысушыларға арнаған сөзінде жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін Қазақстан Президенті сыйлығын тағайындау туралы көтерген бастамалары үшін ризашылығын білдірді.
- Жалпы, мен бұл бастаманы қолдаймын. Мүмкін оны ядролық қарусыздандыру үшін берілген сыйлық деп атаған жөн болар, оның атауын қайта ойластыру қажет. Біз ақылдасып, бұл сыйлықты тағайындау туралы шешім қабылдайтын боламыз, - деді Қазақстан Президенті.
Бұдан бөлек Нұрсұлтан Назарбаев қарашада Қазақстанның елордасында Астана бейбітшілік саммиті өтетінін мәлімдеді.
- Саммитке көптеген елдердің мемлекеттер пен үкіметтері басшылары, танымал саясаткерлері мен қоғам қайраткерлері, ғалымдары мен бизнесмендері қатысатын болады. Сыйлықты тағайындау және оны алғашқы лауреатқа тапсыру туралы сол саммитте айтуға болар еді, - деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті 1991 жылғы 29 тамызда еліміз үшін де, бүкіл әлем үшін де тарихи маңызды оқиға болғанын атап өтті.
- Ширек ғасыр бұрын біздің жеріміз бен халқымызға 40 жылдай азап тартқызған милитаризмнің ең сұрапыл сынағы заңды түрде тоқтатылды. Біздің шешімімізден кейін барлық жетекші ядролық державалардың полигондарының үні шықпай қалды, алайда олардың ешқайсысы әлі күнге дейін жабылған жоқ. Қазақстан - мұндай қадамға барған алғашқы ел. Біздің халқымыздың қалауы солай болды. Бұл оқиғаның барша әлем үшін маңыздылығы осында, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті ширек ғасыр ішінде біздің республикамыз бейбітшілікке, ядролық қарудан азат болуға бастайтын тиімді модельді қалыптастыра алғанын айтып, оны барлық елде қолдану жөнінде ұсыныс жасады.
Мемлекет басшысы ядролық қару арқылы өзін-өзі жою қаупін азайтуға және бейбітшілікті бірте-бірте демилитаризациялауға бағытталған бірқатар ұсыныстар айта келіп, мұның халықаралық қарым-қатынаста терең ментальді өзгерістерді, көптарапты жаңа саяси шешімдерді, жоғары деңгейдегі сенімді қажет ететіне назар аударды.
- Ядролық арсеналды қысқарту үдерісін іс жүзінде сондай әскери күш-қуатқа ие барлық мемлекеттердің қатысуымен көпжақты үдеріске айналдырған жөн. Мұның алдында қазір «ядролық қаруы бар» ел атану қарсаңында тұрған мемлекеттердің ядролық мәртебесі толықтай заңдастырылуға тиіс. Барлық ядролық державалар ядролық қаруды азайту туралы жалпыға ортақ шарт әзірлеу жөніндегі келіссөздерді бастауы керек, - деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы ядролық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі халықаралық құқықты түгел кодификациялаудың маңыздылығын атап өтті.
- Атом қаруын иеленуден өз еркімен бас тартқан, сондай-ақ ядролық қарусыз ел деген мәртебесі бар мемлекеттерге ядролық державалар тарапынан кепілдік беруді заңдық тұрғыдан міндеттейтін жүйені жетілдіру қажет. Ядролық қаруға ие болуға және таратуға қарсы қатаң шаралар-дың нақты қолданылатын тетіктерін әзірлеу керек. Мұндай көпжақты келісімдерді БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарларымен бекіткен жөн, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұдан бөлек Қазақстан Президенті әлемдік қоғамдастықты қақтығыстардың алдын алу үшін ірі державалар мен жаңа халықаралық ұйымдар арасындағы қарым-қатынасты реттеудің жаңа тетіктерін әзірлеуге шақырды.
- Қарудың әдеттегі түрлері мен әскери технологиялардың таралуын бақылауды күшейту де аса маңызды. Барлық үкіметтерді ядролық қауіпсіздіктің негізін құрайтын халықаралық шарттар мен институттарды одан әрі нығайту жөніндегі жаңа міндеттемелер қабылдауға шақырамын. Сонымен қатар мен бүгін өз елдері мен халықтары атынан өкілдік етіп отырған барлық парламенттердің мүшелеріне бұған белсене атсалысу жөнінде сөз арнаймын. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі ретіндегі Қазақстанның қызметі халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жөніндегі осы және өзге де шараларға арналатын болады. Ядролық қауіпсіздікті күшейту жолындағы, ядролық қаруды сынақтан өткізу мен жетілдіруге қарсы кең қоғамдық қозғалыс ядролық қауіптен арылу ісіне тың серпін беруге тиіс, - деді Мемлекет басшысы.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев конференцияға қатысушылар айтқан ұсыныстар бүкіл әлемдегі саясаткерлер мен ғалымдардың құлағына жетеріне сенім білдіріп, жиналғандардың жұмысына жеміс тіледі.
Сондай-ақ іс-шара барысында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша халықаралық ұйымдар мен шет ел үкіметтері өкілдері баяндама жасады.
«Ақпарат айдынындағы әріптестік нығаймақ» деген мақалада (Н.Текебаев) облыстық прокуратура ұйымдастырған форум туралы сөз болады.
«Қазіргі уақытта мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдары арасында тиімді байланыс орнатудың маңызы күннен-күнге арта түсуде. Осы мақсат аясында жұма күні Достық үйінде облыстық прокуратура «Құқықтық журналистика» тақырыбында өңірлік форум ұйымдастырды. Емін-еркін диалог барысында біраз түйінді мәселелер ортаға салынып, ашық пікір алмасылды. Орынды ұсыныстар айтылды», делінген онда.
Шараны ашқан облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов мемлекеттік саясатты насихаттаудың маңызы жөнінде айта келіп, нақты дерекке сүйеніп, ақпаратты жедел ұсынатын, терең талдау жасайтын, өзіндік байыпты көзқарасы бар кәсіби журналистің қоғамдағы орны мен оған қойылатын талап зор екенін айтты. Оның пікірінше, заңнама аясында сөз бостандығын қорғау, мемлекеттік органдардың ашықтық қағидатына бейім болуы, сондай-ақ ақпарат алаңында БАҚ өкілдерінің сақтық танытуы қашанда маңызды. Бұл ретте азаматтардың құқығы бұзылғанда, осы жағдайды прокуратура бақылауға алып, ақ-қараны ажыратуға атсалысатыны белгілі. Форум қатысушыларын алдағы Конституция күнімен құттықтаған облыс прокуроры маңызды шараны бірлесе өткізуге ұйытқы болған облыс әкімдігіне ризашылық білдіріп, өңір жетекшісіне сөз берді.
- Осыдан бір ғасыр бұрын ақын, қоғам қайраткері Ғұмар Қараштың «Газет - біздің білмегенімізді көрсететін ұстазымыз, газет - біздің қараңғыда жарық беріп, тура жолға салатын шамшырағымыз» деп айтқаны әлі күнге маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Біздің өңірдегі жергілікті баспасөздің тарихы терең, мазмұнға бай. Өткен жылы Ақ Жайықтың айнасы болған «Қазақстан-Орал» телеарнасының 50 жылдығын атап өттік. Келесі жылы өңір басылымдарының қара шаңырағына айналған «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттерінің 100 жылдық мерейтойын атап өтеміз. Елбасымыз «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында мемлекеттің транспаренттілігі мен есеп беруінің негізгі критерийлерін қалыптастыруда халықтың ақпаратқа қолжетімділігін кеңейту керегін айтты. Осы орайда бұқаралық ақпарат құралдарының орны ерекше.
Соңғы бес айдың БАҚ өкілдерімен өз басым бірнеше мәрте кездестім. Қоғамдық келісім мәжілістерінде көптеген мәселе ашық талқыланды. Баспасөз мәслихаттары мен басқа да іс-шаралар ұйымдастырылды. Қазір интернет ресурстары көптеп ашылып, әлеуметтік желілер маңызға ие болуда. Біз ақпаратты берудің басқа технологиялары ашылатын жаңа дәуірдің табалдырығында тұрмыз. Құқықтық журналистка - қоғам назар аударатын алаң. «Электронды үкімет» порталы аясында облыс әкімдігі блог жүргізіп, сондай-ақ әлеуметтік желілер арқылы тұрғындар сұрағына жауап беріп, БАҚ өкілдеріне жедел ақпарат ұсынуға тырысуда. Қазіргі кезде мәлімет тез таралады. Бұған ешкім бейжай қарай алмайды. Мәселен, биыл Ақтөбе мен Алматы қаласында болған жағдайлар қоғамда алаңдаушылық туғызды. Содан заман талабына сай сапалы ақпарат тарату өте өзекті екені аңғарылды, - деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.
Бұдан соң мінберде облыстық прокуратураның бірінші басқармасының басшысы Жаннұр Ахметбек сөйлеп, мемлекеттік органдардың БАҚ-пен өзара байланысының құқықтық негіздеріне тоқталса, облыс әкімінің баспасөз хатшысы Жарқын Жұмаділов «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» ҚР заңы аясында атқарылып жатқан іс-шараларды атап өтіп, баспасөз саласында салмақты сараптаманың кемшін екенін жеткізді.
Ал облыстық ішкі істер департаменті басшысының орынбасары Берік Өтеулин кейде БАҚ өкілдері оқыс оқиғаларды ерте жариялап, күдіктіні дер кезінде анықтауға көмектескенімен, кейде қылмыстың уақтылы ашылуына кедергі жасап жататынын тілге тиек етті. Осы орайда ашық талқылауға ұласқан форумның екінші кезеңінде департамент тарапына тілшілер тарапынан біраз сын айтылды. Мәселен, жедел мәлімет алуға жүгінген БАҚ өкілдеріне құзырлы орган сұранысты міндетті түрде жазбаша беруді ұсынады екен. Бірақ ресми жауап бергенше, біраз уақыт өтеді. Ал бұл ақпараттың маңыздылығына кері әсерін тигізетіні белгілі. Күдіктінің жеке басына қатысты, қылмысты ашудың құпиялылығына байланысты дерек бере алмайтындарын жеткізген Берік Өтеулин аталған мекемеге жолданған хатқа жауап министрлік белгілеген нұсқаулыққа сәйкес жүзеге асырылатынын мәлімдеді. Осы арада талқылауға араласқан облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов заңнамада БАҚ тарапынан жасалатын сұраныстың арнайы формасы көрсетілмегенін ескертті.
Басқосуда сөйлеген «Tengrіnews» ақпараттық порталы және «Время» газетінің меншікті тілшісі Злата Удовиченко мемлекеттік органдардың ресми сайттарынан ақпарат алу мүмкін еместігін, кейбір іс-шаралардың өтетіні туралы журналистердің алдын ала құлағдар болмайтынын алға тартты. «Информбиржа» газетінің бас редакторы Сергей Кульпиннің пікірінше, мемлекеттік органдардың баспасөз қызметі жедел әрі сапалы ақпарат ұсынуға тырысуы тиіс. Ал «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин қисынсыз тұжырымға сүйеніп, қоғамда дабыра тудыруға әуес болмай, ағартушылық бағыттағы жарияланымдарды қолға алудың маңыздылығына тоқталды.
Одан әрмен дөңгелек үстелде журналистердің құқығын қорғау төңірегіндегі түйткілдер тарқатылды. Сонымен қатар баспасөз қызметшілері еңбек демалысында болғанда мемлекеттік органнан ақпарат алу қиынға соғатыны, тілшілерді ұялы телефонмен мекемеге кіргізбейтіні айтылды. Облыс прокуроры өз сөзінде алда екіжақты құқықтық байланыс тетіктерін реттеуге құзырлы орган белсенді араласып, бақылауға алатынын және қосымша іс-шаралар ұйымдастыратынын жеткізді. Форумда қорытынды сөз алған облыс басшысы Алтай Көлгінов қоғамда әрдайым мәселелер туындап отыратындығын, сондықтан сын айтпастан бұрын салмақты тұжырым жасау қажеттігін айта келіп, мемлекеттік органдар БАҚ алдында ашық болуға ұмтылатындарын, негізі мүдде бір екенін ескеріп, ақпарат алаңында әріптестікке әрдайым дайын екендерін жеткізді.
«Инвестициялық форум өтеді» (А.Байқонақова) - бұл ақпаратта қыркүйектің 8-інде, қала күні қарсаңында Оралда «WestKazInvest-2016» III халықаралық инвестициялық форумы және тауар өндірушілердің көрмесі өтетіні хабарланған. Өңірдің экономикалық даму үрдісіндегі маңызды шараға ұлттық және өнеркәсіптік компаниялардың, екінші деңгейдегі банктердің, қазақстандық және халықаралық даму институттарының өкілдері жиналады. Сонымен қатар Ираннан, Финляндиядан, Түркиядан, Біріккен Араб Әмірлігінен, Ресейдің шекаралас облыстарынан қонақтар келіп қатысады.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Миржан Сатқановтың айтуынша, форум өңірдің инвестициялық әлеуетін таныту, өңіраралық әріптестіктікті нығайту, өңірлер мен елдер арасында біріккен кәсіпорындар құру мақсатына арналған. Нақты айтсақ, аталмыш шара облыстың инвестициялық ахуалын жақсартуда маңызы зор болуы тиіс.
Инвестициялық форум екі бөлімнен тұрады. Оның бірінші бөлімінде облыстың іргелі кәсіпорындарының көрмесі ұйымдастырылып, оның барысында өңірдегі инвестжобалардың тұсаукесері жасалады. Шараның екінші бөліміне экономиканы дамыту, жаһандану және инвестиция тарту саласындағы тәжірибелі сараптамашылар қатысып, ой бөліседі.
- Мысалға, Иран біздің өңірге әлеуетті нарық болып табылады.
Қазір бұл елден барлық санкциялық шектеулер алынып тасталды. Сондықтан барлық ел Иранға ұмтылып, нарықтағы өз орнын алуға жанталасуда. Біздің кәсіпкерлер үшін де Иран Ислам Республикасымен әріптестіктің жақсы келешегі ашылады деп үміттенеміз. Иран да елімізге өз өнімдерін экспорттауға құлықты, - деді Миржан Сатқанов.
Биылғы жеті айдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 194,8 млрд. теңгені құрады және бұл өткен жылдың сәйкес мерзіміндегі көрсеткіштен 26.8%-ға жоғары. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Соның ішінде облыста Қытаймен калий тыңайтқыштарын өндіру жобасы іске асырылуда. Араб инвесторларымен бірге мұнайды терең өңдеу зауытының құрылысын бастау жоспарланған. Су тазалау және қоқыс қалдықтарын өңдеу бойынша фин компаниясымен келісімдер жүргізілуде. Сондай-ақ түрік инвесторларымен электр қалқандары өндірісі жобасы жүзеге асырылуда. Қорыта айтар болсақ, өңірдің инвестициялық ахуалын жақсарту мақсатында жоспарланған жүйелі жұмыс бар. Алдағы өтетін форум облыс экономикасына отандық және шетелдік инвестициялар ағынын бұруды көздейді. Форумға қатысуға ынталы кәсіпкерлердің барлығы www.westkazinvest.kz. тіркеле алады.
«Құрмет көрсетті» деген ақпаратта (С.Ізбасарұлы) ауыл шаруашылығы саласының және партия ардагері Михаил Усовты 85 жасқа толуына орай облыс әкімі Алтай Көлгінов қабылдап, құрмет көрсеткені сөз болған.
Михаил Иванович - Ресейдің Челябинск облысының тумасы. 1955 жылы Челябинск қаласындағы ауыл шаруашылығын механи-каландыру мен электрлендіру институтын бітіріп, жолдама бойынша өңірімізге келіп, еңбек жолын бастады. Орал механикаландыру және электрлендіру техникумында бес жыл бойы жұмыс істеп, қатардағы оқытушылықтан аталмыш оқу орнының басшылығына дейін көтерілді. Сонан соң №9 техникалық училищенің директоры болып еңбек етті. Әрі қарай Зеленов аудандық ауыл шаруашылығы өндірістік басқармасы басшысының орынбасарлығынан аупарткомның бірінші, обкомның екінші хатшысы лауазымына дейін өсті. Ол обкомның екінші хатшысы ретінде 15 жыл қызмет атқарған кезінде ұлтымыздың аяулы ұлы, жерлесіміз М. Ықсановпен жұмыстас болғанын күні бүгінге дейін мақтан тұтады. Бүгінде М. Усов Орал қаласында тұрады. Ұл-келіні, қыз-күйеу баласы және немере-жиендері бар.
Сан жылғы жемісті еңбегі үшін екі рет «Еңбек Қызыл ту», «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы» ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталған.
- Облыстың жас әкімі мені жылы ықыласпен қабылдады. Әңгімеміз бірден жарасып, ол маған жақын сала - ауыл шаруашылығы туралы баяндады. Сонан соң Орал қаласының дамуы және өңірдегі экономикалық ахуал туралы әңгімелеп берді. Орал сүйікті қалам болғандықтан, ол туралы сөз жаныма майдай жақты. Бір сөзбен айтқанда, жүздесу іскерлік жағдайда өтті. Өзім де өңір мен өмірдегі оң өзгерістерге риза екенімді айттым. Сондықтан әкімді жаңа лауазымымен құттықтай отырып, оған жұмыста тың табыстар тіледім. Алтай Сейдірұлының бар күш-жігері мен қайратын Ақ Жайық өңірін одан әрі дамытып, алға бастыруға сарқа жұмсайтынына сенім білдіремін, - деді кездесуден шыққан соң Михаил Усов.
«Қола жүлдегерге қошемет» (Ғ.Бәймен) - бұл көлемді ақпаратта облыс әкімі Алтай Көлгінов бастаған Ақ Жайық жұртшылығының әйелдер күресінен Рио олимпиадасының қола жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, «Құрмет» орденінің иегері Екатерина Ларионованы «Орал» халықаралық әуежайынан қарсы алып, құрмет көрсеткені айтылған.
Оралға Е. Ларионовамен бірге олимпиадаға қатысқан басқа да спортшылар, атап айтқанда, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, ескекшілер Алексей Дергунов пен Андрей Ергучев, спорттық жүрістен сынға түскен Григорий Шейко мен Полина Репина оралды.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов Рио олимпиадасында қазақстандық спортшылардың үлкен табысқа қол жеткізгенін, соның ішінде жерлесіміз, бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Данияр Елеусіновтің алтыннан алқа тағып, Қазақстанның көк байрағын биікте желбіреткенін айта келіп, қола жүлдені иеленген Екатерина Ларионованы жеңісімен құттықтады. Оған КIA автокөлігінің кілтін табыс етіп, сонымен қатар пәтер де берілетінін жария етті. Е. Ларионованың жеке бапкері, әкесі Алексей Ларионовқа 2 млн. теңгенің сертификаты табыс етілді. Басқа да олимпиадашыларға бағалы сыйлықтар тапсырылды.
«Біз үшін олимпиадаға қатысып, ел намысын қорғаған спортшыларымыздың бәрі жеңімпаз. Оларға Елбасы тапсырмасына сәйкес мемлекет тарапынан бұдан былай да қолдау көрсетілетін болады», деді өңір басшысы.
Рио олимпиадасының қола жүлдегері Екатерина Ларионова өзін құрметпен қарсы алғаны үшін батысқазақстандықтар мен облыс басшысына ризашылығын білдіріп, Токио олимпиадасында алтын медаль алу үшін бар күш-жігерін жұмсайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ спорт ардагері, еркін күрестен КСРО спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Амангелді Мұсабеков Орал қаласында Данияр Елеусінов пен Екатерина Ларионованың табысына орай палуандар мен боксшылар даярлайтын арнайы спорт мектебі ашылса деген тілегін айтты. «Катяның інісі Дәулет те палуан. Грек-рим күресімен айналысып жүрген ол Қазақстан өз алдына, Азия біріншілігі мен халықаралық жарыстарда олжа салып жүр. Төрт жылдан кейін Дәулет жиырма жасқа толады. Сондықтан Токио олимпиадасына Катя мен Дәулет және олардың әкесі Алексей бапкер ретінде қатысуы әбден ықтимал», деді А. Мұсабеков.
Бұдан кейін Екатерина Ларионова бастаған олимпиадашылар қала көшелерімен салтанатты түрде жүріп өтті.
Айта кетейік, Е. Ларионова қазіргі кезде БҚО ішкі істер департаментінің жедел қимылдайтын арнайы жасағында қызмет етеді. Оған Риодағы табысына орай полиция лейтенанты шені берілді.
Алексей ЛАРИОНОВ,
жеке бапкері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы:
- Катя енді Токио олимпиадасына дайындалатын болады. Қызым небәрі 22 жаста, сондықтан тұрмыс құруына әлі ертерек. Өйткені спортта бағындырмаған шыңдары баршылық. Әрине, Риода Катя Ларионованың қола жүлдені иеленуі барша батысқазақстандықтар үшін үлкен қуаныш болды. 13 жыл бойы төккен тер мен еткен еңбек босқа кеткен жоқ. Катяның спорттағы жолы тақтайдай тегіс болды деп айту қиын. Жасөспірімдер мен жастар арасында талай рет топ жарған Катядан бапкерлерінің үміт күткені жасырын емес. Оның тіпті Лондон олимпиадасына баратындай мүмкіндігі болды.
Дегенмен ол кезде 63 кг салмақта Бейжің олимпиадасының қола жүлдегері Елена Шалыгина бар еді. Ол медаль әкелемін деп уәде еткеннен кейін Лондонға сол палуан кетті, бірақ жолы болмады. Ал Катя Ларионова тура жеті айдан кейін Будапеште ересектер арасында өткен әлем чемпионатында қола жүлдегер атанып, бұл салмақта өзінің орны нық екендігін дәлелдеді.
Мен өзім Катяның жеке бапкері болсам да, қызымды Рио алдында Қайрат Сағадиев бастаған мамандарға сеніп тапсырдым. Қайрат Сағадиев екі жылдың ішінде әйелдер құрамасын жоғары деңгейге көтерді. Риоға барған төрт палуанның үшеуі жүлде алды. Міне, нәтиже деген осы. Катяның салмағында (63 кг) бәсекелестіктің күшті болғаны сондай, үш бірдей әлем чемпионы жүлдеден тыс қалды, соның біреуін қызым жолдан тайырды. Катяның шешуші белдесулерде жеңіске жетуіне бұрын бірнеше күрес түрімен айналысқаны және бапкерлерінің дер кезінде берген ақыл-кеңестері ерекше әсерін тигізді. Мысалы, Катя жұбаныш белдесуінде Еуропа біріншілігінің жүлдегері, швециялық Хенна Йохансонға бірінші кезеңде есе жібергенімен, екінші кезеңде белдесу тағдыры қыл үстінде тұрған сәтте дзюдо әдісін қолданып, таза жеңіп кетті. Ал 2012 жылғы әлем чемпионы, америкалық Елена Пирожковамен қола жүлде үшін бәсекеде үзіліске дейін жеңіліп жатты. Үзіліс кезінде Қайрат Сағадиев пен олимпиаданың тағы бір қола жүлдегері Эльмира Сыздықованың жеке бапкері Владислав Сутормин Катяға классикалық (грек-рим) күрес әдісін қолданып көруге кеңес берді. Бұл әдісті үйде жүргенде, классикалық күреспен айналыс-қан өзім де үйреткен едім. Қызым батыл шешім қимылдап, қарсыласының қолын қаусыра ұстап, лақтырғанда, теледидар көріп отырған бәріміз бөркімізді аспанға аттық. Катяның інісі Дәулет те болашағынан үлкен үміт күттіреді. Оған даңқты палуан Дәулет Тұрлыхановтың жолын берсін деп тілейміз.
Катяның өз салмағы 69 кг шамасында, содан жарысқа барар алдында кемінде 6-7 кило салмақ қууға тура келеді. Қыз балаға бұл жеңіл емес, әрине.
Жалпы, қызымыз өмірде сабырлы, бірақ аса жігерлі, алға қойған мақсатынан қайтпайды. Токио олимпиадасында да жүлде алады деп сенеміз.
«Ақ орамал» акциясы бастау алды» деген ақпаратта (Г.Әжігереева) Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне және Елбасының Вашингтон қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммитте жариялаған «Әлем. XXI ғасыр» манифесін ілгерілету мақсатында Қазақстан халқы ассамблеясының бастамасымен қолға алынған «Ақ орамал» республикалық акциясының Ақ Жайық өңірінде бастау алғаны хабарланған.
Бұл акция қазақстандықтарды этностық шығу тегіне, әлеуметтік, діни немесе басқа да ерекшеліктеріне қарамастан, бейбітшілік идеясы аясына шоғырландыруды көздейді. Отбасының игілігін мұрат еткен, перзентінің жолына бар ақ тілегін арнаған, бақытын ерінен күткен, бейбітшілікті Тәңірден тілеудей-ақ тілеген, ұлтының ұйытқысы әйел-ананың ақ орамалы қашан да қастерлі. «Ақ oрамал» акциясының пәлсапалық астары терең, оған дана халқымыздың ежелгі дәстүрі - татуластыру салты негіз болған. Яғни бағзы жаугершілік замандарда әйел-ана басындағы орамалын шешіп алып, жауласушылардың ортасына тастап, жанжалдың тоқтауына себеп болған.
Акцияны ұйымдастырушылар бастарында ақ орамалдары желбіреген 5 мыңға жуық белсенді, іскер және көп балалы аналардың қатысуымен бірге Достық даңғылы бойымен шерулетіп өтті. Аналар шеруі Мәңгілік алау алаңына жетіп, митингке ұласты. Митингіні ашқан облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов Қазақстанның Тәуелсіздік алған алғашқы күндерден-ақ өзінің татулық пен келісім салтанат құратын бейбіт мемлекет құруға бағыт ұстанғанын, Елбасының халқы мен жерінің тыныштығы үшін әлемдегі төртінші орында тұрған ядролық арсеналдан бас тартып, Семей ядролық полигонын жабуға батыл шешім қабылдағанын айтып өтті.
- Ел тәуелсіздігінің 25 жылы ішінде мемлекеттің басты саясаты бейбітшілік, келісім және татулық болып белгіленді. Осы ұстаным әлі күнге жалғасын табуда. Елбасы Вашингтон қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммитте сөйлеген сөзінде «Мемлекетіміздің басты бағыты - бейбітшілік» деп атап көрсетіп, «Біз балалар мен немерелеріміздің болашағын ойлауға тиіспіз», «ХХІ ғасыр өскелең ұрпақ үшін, жұмыс істеу үшін, еңбек ету үшін бейбітшілік керек» деген болатын. Сондықтан да барлық халықаралық қауымдастықты, алып елдердің жетекшілерін әлемде бейбітшілік орнатуға үндеді. Қаншама ел Елбасының сөйлеген сөзін қолдап отыр. Осы акцияның өтуі, Қазақстанда мыңдаған аналарымыз бен қарындастарымыздың көшеге шығып, Елбасы саясатын қолдауы және әлемде бейбітшілік орнасын деген оймен акцияға шығуы - соның көрінісі, - деді Марат Тоқжанов.
Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ақұштап Бақтыгереева ана туралы, ананық ақ жаулығы туралы толғанды. «Жас ұрпақ, қыздар, ананың ақ жаулығын кірлетпейік деп өсіңіздер.
Ана болған жас келіндер, анадан қалған ақ жаулыққа мен де кір жұқтырмаймын деп ұрпақтарыңның бесігін тербетіңіздер, айналайындар. Сонда ғана адамзат ұрпағы өзінің борышын орындайды. Сонда ғана жер бетінде ақ мейірім, ақ сүтті ақтаған ұрпақ өседі. Бізге керегі - ана сыйлау тәрбиесі, бізге керегі - ананың ақ сүтін қастерлеп, анадан бата алатын дін», - деген ақын жаңадан отау құрған Бекжан Исмағұлов мен Айнұр Шүйіншәлиева, Әдиет Құрмекеш пен Лаура Айтмағанбетова сықылды жас жұбайларға аналық ақ тілегін білдіріп, қос қалыңдыққа адал жар, абзал ана болсын деген ниетпен ақ орамал тарту етті.
Жиында А. Островский атындағы орыс драма театрының әртісі Светлана Романова, «Арба» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлмира Батпақұлова, БҚО Қазақстан халқы ассамблеясының этномәдени бірлестігінің бір топ әйелдері бейбіт өмірді қадірлеуге, елдегі тыныштық пен бірлікке ұйытқы болуға шақырды. Бұдан кейін ана туралы балалардың оқыған өлеңдері де әсерлі шықты. Алаңға жиналған қауым шара соңында «Ана туралы әнді» қосыла шырқап, аспанға ақ көгершіндерді ұшырды.
«Аналар бас қосқан тұңғыш форум» (Г.Әжігереева) соның жалғасы іспеттес.
«Облыстық қазақ драма театрында облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің ұйымдастыруымен бірінші аналар форумы өтті. Оның жұмысына көп балалы және патронатты аналар, облысымыздың қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысып, түрлі салада еңбек етіп жүрген белсенді және іскер әйелдер қатысты. Форумға облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысты», делінген онда.
Алқалы жиынға қатысушыларға қош келдіңіздер айтқан өңір басшысы қоғамдағы, отбасындағы ана рөліне тоқталып, Елбасының «Әйелдер Тәуелсіздік жылдарының бәрінде менің ең сенімді тірегім болды. 25 жылдағы барлық жетістіктеріміз сіздердің белсене атсалысуларыңыздың арқасында ғана мүмкін болды. Сіздер біздің қоғамдағы бірліктің, жасампаздық пен тұрақтылықтың бейнесіне айналдыңыздар» деген сөзін еске салды. Облыс басшысының айтуынша, облысымыздағы халық саны 600 мыңнан астам адамды құраса, оның басым бөлігін әйелдер (әйелдер - 329 889, ерлер - 308 559) құрайды. Олар бала тәрбиесінде, үй шаруасында, азаматтық және мемлекеттік қызметте, өндірісте, сауда айналасында, басқа да салаларда еңбек етеді. Өңірімізде 8 мыңнан астам көп балалы ана бар. Соңғы жылдары облыста атқарушы және өкілетті органдарда басшылық қызметтегі әйелдер саны (ондай әйелдер - 114, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты - 1, облыс әкімінің орынбасары - 1, аудан әкімдерінің орынбасарлары - 5, ауылдық округ әкімдерінің орынбасарлары - 15, облыстық басқармалардың, аудандық және қалалық бөлімдердің басшылары - 36, түрлі деңгейдегі мәслихаттардың депутаттары, хатшылары - 56) өсіп отыр. Сонымен қатар білім беру саласында 17 мың, денсаулық сақтау саласында 8,5 мың нәзікжанды жұмыс істейді. Бүгінде өңірде 34 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі болса, солардың басым бөлігін (20600-ін) ақжаулықтылар басқарады.
- Отаншыл ұрпақты тәрбиелеп, ел ертеңінің еңсесін көтерер ұлдар мен қыздарды өсіріп, баптап, қоғамдық өмірде қажырлы еңбегімен атсалысып жүрген азаматшалардың бір бөлігі осы залда отыр. Болашақ ұрпақты тәрбиелеу ісіндегі табандылығыңыз, өмірлік ұстанымыңыз, еңбекқорлығыңыз, даналығыңыз үшін мың да бір рақмет! - деген облыс әкімі Алтай Көлгінов бүгінгі қоғамдағы әйелдер алдында тұрған міндет-мақсаттарды саралады. Басты құндылықтардың бірі - отбасы институтын нығайту, қыздар тәрбиесі, жастар арасындағы суицидтердің өсуі, жас ұрпақты радикалдық діни секталардың арбауынан сақтау мәселелері сықылды түйінді түйткілдерге қоғаммен бірлесе отырып жіті назар аудару, жалпы кейінгі толқынға рухани-адамгершілік тәрбиесін беру жөніндегі ойымен бөлісті. Форумға қатысып отырған Рио олимпиадасының қола жүлдегері Екатерина Ларионованың анасы Наталья Михайлқызына ел намысын қорғайтын спортшы тәрбиелегені үшін және спортшының өзіне жеңісі үшін алғыс айтты.
Форумда аналар кеңесінің төрайымы, Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледж директоры, педагогика ғылымдарының докторы, қалалық мәслихат депутаты Шалқыма Құрманәлина облыстың қоғамдық-саяси дамуындағы және ұрпақ тәрбиесіндегі аналар рөлі жайында баяндама жасады. Жиында сөз алған облыстық мәслихаттың депутаты Л. Тұрсынова, «Аналар үйі» қоғамдық жобасының жетекшісі Н. Лисицына және өзгелері бала тәрбиесі, қоғамдағы әйелдер белсенділігін арттыру мәселелері жайындағы ой-пікірлерімен бөлісті.
Жиын соңы концерттік бағдарламаға жалғасты.
«Үздік жүргізушілер анықталды» деген ақпаратта Оралдағы 5517-әскери бөлім базасында ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының «Үздік жүргізуші» және «БТР үздік экипажы» аталымдары бойынша байқау жеңімпаздары анықталғаны хабардар етілген.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оған Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Жаңаөзен және Орал қалаларындағы әскери бөлімдерден іріктеліп келген үміткерлер қатысты.
Сайыс соңында жалпыкомандалық есепте 6655-әскери бөлімінің (Ақтөбе) командасы топ жарса, 5517-әскери бөлім (Орал) екінші, 3502-әскери бөлім (Ақтау) үшінші орынды иеленді.
Жекелей сында 3502-әскери бөлімнің экипажы (командирі, кіші сержант Бауыржан Арынов, механик-жүргізуші, кіші сержант Талғат Мұсаев, көздеуші-оператор, сержант Жандос Татименов) «БТР үздік экипажы» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Ал әскери «КамАЗ» жүргізушілері арасында сол 5 км қашықтықта түрлі кедергілермен жүріп өтуден Ақтөбедегі 6655-әскери бөлімнің аға сержанты Есен Қадиев бірінші келді.
Шара соңында «Батыс» өңірлік қолбасшысы, генерал-майор Қайрат Ақтанов жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубок, медальдар, грамота, бағалы сыйлықтар табыс етті.
«Патриоттық акция басталды» деген ақпаратта (Г.Шәңгерей) тамыздың 25-інде Орал қаласындағы «Еуразия» туристік кешенінде халықаралық «БІРЛІК-ЕДИНСТВО.KZ» жастар лагері шеңберінде Қазақстан Республикасының 25 жылдығына арналған «Ұлы дала тұлғалары» - «Личности великой степи» республикалық жастар экспедициясы патриоттық акциясы бастау алғаны жария етілген.
Шараға Президент әкімшілігінің Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының сектор меңгерушісі Назипа Шанай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Наталья Жұмаділдаева, БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов қатысты. Бұл патриоттық акция үш тұжырымдамалық, яғни «Мәңгілік ел» жалпыхалықтық патриоттық идея құндылықтарымен ұштасатын патриоттық, халықтың Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілігі, ғылыми-танымдық және ақпараттық, қазақстандық біртектілікті нығайтатын, рухани және адамгершілік құндылықтарды насихаттау негіздерінде жүзеге асырылмақ.
- Біз тарихи кезеңде өмір сүрудеміз, мемлекеттілік тұрғысынан 25 жыл дегеніңіз бұл қысқа мерзім бе? Адам ғұмырында ол кезең алға мақсат қойған, арманға толы ең қызықты уақыт. Сондықтан Елбасының «Қазақстан - 2050» стратегиясындағы мақсат-міндеттерді жүзеге асыратын ұрпақ сіздерсіздер, - деді жастарға қарата сөз сөйлеген Назипа Шанай. Ал Ғайса Қапақов аталмыш акция бойынша жастардың өңірге экспедицияға шығып, содан оралғаннан кейін олардың арасынан жаңа тұлғалардың есімдерін ашатынын атап өтті.
Орал қалалық әділет басқармасының басшысы Естай Рашқалиевтің «Конституциясы сапалы елдің жолы айқын» деген мақаласы Ата заңға арналған.
ҚР Конституциясы - демократиялық, өркениетті даму жолына түскен мемлекет пен қоғамның негізгі және айрықша жоғары заң күші бар нормативтік-құқықтық актісі.
Ол - мемлекеттің саяси, құқықтық және экономикалық даму жүйесін айқындайтын, ел халқымен қабылданған өміршең стратегиялық құжат. Мемлекеттің құрылтайшы құжаты деп атасақ та қателеспейміз.
Конституцияға сәйкес мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы - халық. Халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді. Өз кезегінде Конституция мемлекеттің негізгі басқару тетіктерін, қоғамдық қатынастарды, мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару институттарының негізгі қағидаттарын, еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысын, оның біртұтастығын және Конституциялық заңдармен реттелетін мемлекеттік биліктің де бастауларын айқындайды.
Ең бастысы, Конституциямыз - азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі. Барлық құқықтардың қайнар көзі болып табылады, оның нормалары - ұлттық заңнамалардың дамуының негізі.
Биыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық белесін тарих қойнауына табыстайды. Осы уақыт ішінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдықсаяси өмірінде Конституциямыздың атқарған рөлі өлшеусіз. Өйткені ҚР Конституциясының басты міндеті - тұрақтылықты нығайту, халықтың әл-ауқатын көтеру және демократияны дамыту. Қазақстан жерінде ортақ тарихи тағдырмен байланысқан әр түрлі этностық топтардың басын біріктіріп, болашаққа деген зор сенім сыйлады. Сондықтан Ата заңымыз бүгінгі заманның барлық көкейкесті мәселелерін толық қамтыған және құқықтарымызға, мемлекет құрылымына толық түсінік бере алады деп нық айтамыз.
Конституция мемлекеттік саясаттың негізгі ұстанымдарымен қатар, халықтың әлеуметтік жағынан қорғалуына зор мүмкіндіктер мен басым бағыттар белгілейді. Өмір сүру құқығы, жеке бас бостандығы және ар-ождан бостандығы, денсаулық сақтау, білім беру және т.б. азаматтардың құқықтарына қатысты адамзаттың өмір сүруіне маңызды ықпал ететін нормаларды толыққанды қамтиды.
ҚР-ның қолданыстағы Конституциясы еліміз егемендік алғаннан кейін 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған Ата заңымызды әрі қарай жетілдіру мақсатында, уақыт талабына сай қабылданған. Республика қызметiнiң түбегейлi принциптерi: қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, бүкiл халықтың игiлiгiн көздейтiн экономикалық даму, қазақстандық патриотизм, мемлекет өмiрiнiң аса маңызды мәселелерiн демократиялық әдiстермен, оның iшiнде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу. Конституцияны дайындау барысында еліміздің конституциялық құрылысының жинақталған тәжірибесі, сонымен қатар осы тұрғыдағы халықаралық үлгілер де ескерілген. Бұл ретте Конституцияны әзірлеуде Елбасы - ҚР Президенті Н. Назарбаевтың орасан зор үлесін айта кеткен жөн.
Қабылданған күннен бастап, Конституция әлеуметтік бағдар ұстанған нарықтық экономикасы бар мемлекет құруға және жүйелі демократиялық өзгерістер жүргізуге арналған құқықтық іргетасқа айналды. Конституция Қазақстан қоғамында демократиялық саяси жүйенің қалануына айтарлықтай роль атқарып келеді. Демократияның базалық принципі биліктің айқын тежемелік және тепе-теңдік тетікті үш тармаққа - заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлінуі тиімді іске асырылды.
Уақыт пен заман ағымына сай және жүргізіліп жатқан саяси реформаларға сәйкес еліміздің Ата заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттіліктері туындап, 1998, 2007 және 2011 жылдары өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Қызметі заңдылық принципіне негізделген әдiлет органдары мемлекеттiң қызметiн құқықтық қамтамасыз етудi жүзеге асыратын, мемлекеттiк органдардың, лауазымды адамдар мен азаматтар-дың жұмысында заңдылық режимiне қолдау жасайтын, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ететiн билiк органы ретінде Конституция талаптарының бұлжытпай орындалуына айтарлықтай өз үлесін қосып келеді.
Өткен жылы Елбасымен қабылданып, жария етілген «100 нақты қадам» Ұлт жоспары Конституциямызбен үндесіп, соңғы екі жылда көптеген жаңа заңнама қабылданып, қолданысқа енгізіліп үлгерді. Бұл заңдардың барлығының бастауында, әрине, ҚР Конституциясы тұр. Себебі қабылданған барлық заңнамалық актілер Конституция талаптарына қайшы келмеуі тиіс.
Конституциясы сапалы мемлекеттің жолы айқын, ісі мәңгілік! Елбасымыз бастап, халық қостаған «Мәңгілік ел» идеясын құқықтық жағынан мықтап бекіту үшін Ата заңымыздың атқаратын қызметі ерекше.
ҚР Конституциясы күнін мерекелеудің негізгі мақсаты - қоғамдық санада бұл күнінің маңыздылығын сезінуді арттыру, Ата заңға жұртшылықтың назарын аудару, қоғамда елдің негізгі заңын құрметтеу дәстүрін нығайтып, өскелең ұрпақты конституциялық құрылымды құрметтеу рухында тәрбиелеу. Ата заңымыздың ережелерін мүлтіксіз орындау әрі оны құрметтеу, Қазақстан Республикасы заңдарын сақтау - әрбір азаматтың басты міндеті.
Еске сала кетейік, Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газетінің материалдарын басылымның сайтынан да (https://oraloniri.kz/) оқуға болады.