Академик Әлия Бейсенова 90 жасқа толды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін отандық география мен экология ғылымдары саласында қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш Ұлттық ғылым академиясының академигі Әлия Сәрсенқызы Бейсенова торқалы 90 жасқа толды.
None
None

Қазақ ғылымында экология тақырыбын зерттеп жүрген ғалымдар саусақпен санарлық. Сол аз шоғырдың ішінде академик, география ғылымдарының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ә.С.Бейсенованың орны бөлек.

Ол - Қазақстан физикалық географиясы мен экология саласының көрнекті ғалымы. 400-ден астам ғылыми еңбек, оның ішінде 20-дан аса монография мен оқулық жазған салиқалы автор.

Алпыс жылдан астам Ә.Бейсенова Қазақстан табиғатын зерттеу тарихымен шұғылданып келеді. Осы тақырыпта кандидаттық (Мәскеу, 1967), докторлық (Баку, 1984) диссертация қорғаған.

«Қазақстан табиғатын қорғау» (1979), «Қазақстанды физикалық-географиялық тұрғыдан зерттеу» (1982), «Алғашқы зерттеушілер» (1987), «Қазақстан табиғатын зерттеу және физико-географиялық идеялардың дамуы» (1989), «Қазақстандағы географиялық зерттеулердің тарихи негізі» (2001) атты монографиялар жарияланған.

Бұл еңбектерде Ә.Бейсенова Қазақстан табиғатын зерттеуді тарихи кезеңдер арқылы қарастырып, көне заманнан ХХ ғасырдың бас кезіне дейінгі табиғаттанудың ұзақ шежіресін жасады.

Ол табиғат зерттеу тарихының бүгінгі заман үшін, әсіресе азаттық алған еліміздің табиғи ресурстарын пайдаланудың жолдарын іздестірудегі маңызы мен көкейкестілігін атап көрсетті.

Бұл зерттеулер көне дәуір мен орта ғасырлардағы Қазақстан туралы мәліметтерді, Батыс пен Шығыс елдерін жалғастырған алғашқы саяхатшылардың Қазақстан жеріне келуінен қалған деректерді, орыс-қазақ қатынастары басталған кезден бергі орыс тарихнамасында Қазақстан табиғаты жайлы жиналған материалдарды жан-жақты қарастырады.

Автор ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап Қазақстан табиғатын зерттеудің жаңа классикалық кезеңі туғанын, енді зерттеушілердің бұрынғыдай көргенін тізе бермей, Қазақстан табиғатының қалыптасу жолдары, олардың заңдылықтары жайлы ойланудың, ізденудің басталғанын жазады.

Осы кезден басталған зерттеулерге кең талдау жасайды. П.П.Семенов-Тянь-Шанскийдің, Н.А.Северцовтің, И.В.Мушкетовтің, Л.С.Бергтің Қазақстан жеріндегі зерттеулерін терең талдайды.

Осы қатарда қазақтың тұңғыш географ-ғалымы, саяхатшысы, орыс географиялық қоғамының толық мүшесі Шоқан Уәлихановтың географиялық мұрасын талдауға кең орын берілген.

Бұлардың еңбектері арқылы туған Қазақстан табиғатының тарихына байланысты теориялық идеялардан автор Арал-Каспий аймағының геологиялық-географиялық тарихына, Тянь-Шань тау жүйесінің оротектоникасына, табиғатты зонаға бөлу мен аудандастырудың принциптеріне кең тоқталады.

Автордың соңғы монографиясы республиканың географ, тарихшы ғалымдарының зор бағасына ие болып, оған Шоқан Уәлиханов сыйлығы берілді.

Ә.Бейсенованың бұл саладағы еңбектерін ТМД ғалымдары Н.А.Гвоздецкий, Ф.Н.Мильков, А.И.Соловьев, Н.Г.Фрадкин, О.Р.Назаревский, А.И.Иванов, И.И.Федосеев, В.А.Есаков, М.А.Мусеибов, Б.А.Будагов, Н.А.Когай, З.М.Акрамов, К.О.Отарбаев пен Қазақстан ғалымдары Г.Г.Муравлев, Н.М.Щукина, А.П.Горбунов, В.Я.Двоскин, Н.К.Мукитанов, Б.С.Сүлейменов, В.Я.Басин жоғары бағалап, құнды-құнды пікірлер жазды.

Қазақстан табиғатының тарихын зерттеу, оның бұрынғы жағдайларын бүгінгі күйімен салыстыра қарау ғалым Әлия Бейсенованы Қазақстан экологиясының мәселелерімен шұғылдануға алып келді.

Сексенінші жылдардың орта кезінен бастап ол экология тақырыбына көптеген мақалалар мен еңбектер жазып, Қазақстанда жастарға экологиялық білім мен тәрбие беру ісін көтерді.

Ол кісінің ынтасымен 1986 жылы КазПИ-де физикалық география кафедрасының қасынан «Ландшафттар экологиясы және табиғатты қорғау» атты лаборатория ұйымдастырылды.

1989 жылы институттың жаратылыстану-география факультетінің құрамында экология бөлімі ашылды.

Ол кезде Қазақстан ғана емес, бұрынғы Одақ көлемінде экология амандығы бойынша кадр тәрбиелейтін бөлім жоқ еді.

Сондықтан Әлия Бейсенова өз ұсынысын дәлелдеп, КСРО Жоғары білім министрлігіне дейін барды. Министр Г.А.Ягодин өзі қабылдап, Ә.Бейсенованың ұсынысын қолдады.

КазПИ құрамындағы осы бөлім кейін кеңейіп, экология және география факультеті болып (1991) жаңадан құрылды.

Онда «Туризм», «Халықаралық туризм» бөлімдері ашылды. Ә.Бейсенова декан болып сайланып, осы факультетті он жылдай басқарды.

Әлия Бейсенова қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Ол президент жанындағы отбасы және әйелдер істері жөніндегі комиссияның мүшесі ретінде бірқатар мәселелерді көтеріп жүр.

Осыдан он бес жылдай бұрын академик Әлия Бейсенова Вашингтонда «Қазақстанның экологиялық жағдайы» тақырыпта баяндама жасады. Бұл баяндаманың бармаған жері жоқ. Өйткені, экология - қазір ғаламдық мәселе.

Академик жоғарыда айтқан баяндамасында осы мәселені ең алдымен білім арқылы, одан кейін кәдімгі ғылым арқылы талдау жасай отырып, осы бір өзекті мәселені қалай шеше аламыз деген сауалға жауап іздеді.

Біз ауа ластанды, су ластанды деп даурыға бергеннен не ұтамыз? Одан да біздің түрлі сынақтардан тозған жерлерімізді қайта өңдеу мен құнарландыру керек. Яғни, жерді қайта өңдеу мәселесін көтерді.

Бұл баяндама бойынша эколог ғалымға шетелдік ғалымдар тарапынан сауал көп болды. Өйткені экологияның араласпайтын жері жоқ. Сенің косметикаң да, шаш бояуың, киген киімің мен ішкен-жегенің, бәрі-бәрі – экология. Сондықтан халыққа экологиялық білім беру мәселесінің маңызы зор.

Әлия Бейсенова қазір де осы мәселеге орай шетелдерге түрлі мақалалар жіберіп жатыр. Олар да жиі сұрақтар жіберіп, көбінесе радиацияның зардабымен туған балаларды қалай суықтырып, сақтай аламыз деген мәселе төңірегінде сауалдар қойып жүр. Сондықтан да медицина саласының мамандарымен де жұмыс істеуге тура келеді.

Осының бәрі жоғары бағаланған болу керек, 2006 жылы Американың айтулы зерттеу орталығы Ә.Бейсенованы «жыл әйелі» деп танып, арнаулы медальмен марапаттады. Екінің біріне бұйыра бермейтін бұл атақ академик ғалымның еңбегіне берілген лайықты құрмет деп білеміз.

Академик бұл күндері өзі ұзақ жылдар талмастан еңбек еткен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Экология және география» ғылыми-әдістемелік орталығының басшысы.

Елордадағы Еуразия ұлттық университетінде де өзі негізін қалаған жаратылыстану ғылымдары факультетінен байлынысын үзбеген. Магистранттар мен докторнаттардың жетекшісі.

Ол кісінің әрбір тәлімді әңгімесінің айтары да, берері де бар. Дидарласа қалсаңыз, жаңыңыз жадырап, керемет әсер аласыз.

«Мен жасымнан табиғатқа ғашық болып өстім,- дейді ғалым,- не құдіреті барын табиғат өзіне тарта берді. Қазақтың өзендері мен көлдері, таулары мен қыраттары, құмы мен даласы мені көп ойландырды. Ғылымға құштарлық осылай басталды. Ұстазым Ақжан Машани болса, классикалық зерттеулерден, өзіміздің Шоқан Уәлихановтан көп үйрендім. Эколог маман ретінде шетелдерде баяндама жасадым. Сонда мен жаңғырған Қазақ елі жерасты-жер үсті байлығын экономикасы мен экологиясын түзетуге, елдің әл-ауқатын арттыруға бағыттап отыр дегенді айтамын. Бұл – Тәуелсіз Қазақстан саясаты. Осы жағдайды тереңінен түсініп, бұл бастамаларға қолдау көрсету керек. Біздің Алматының экологиялық ахуалы соңғы жылдарда нашарлап кетті. Қаланың экологиялық мәселесіне үлкен мән беру – уақыт талабы. Мұны мамандармен бірге атқарушы билік мықтап ескеруі қажет...», - дейді ғалым.

География институты көптеген оқымыстылармен ұжымдаса отырып, үш томдық «Ұлттық атлас» жасады.

Осы ғылыми жұмыстың жуан ортасында да академик Әлия Бейсенова жүр. Аталған еңбек басында орыс тілінде жарық көрді. Артынан қазақ және ағылшын тілдерінде де жарияланды.

Онда жер атауы, елдің байлығы, топонимика, әлеуметтік, климаттық жағдайлар – бәрі-бәрі қамтылған. Қоршаған ортаны қорғау министрлігі зор қолдау көрсетті.

Мұндай атлас өркендеген елдердің көпшілігінде болғанымен, қамтылуы жағынан «Қазақстанның Ұлттық атласына» жетпейді. Осы тұрғыдан мақтануға болады.

Сөз жоқ, экономика мен экология бір-біріне тәуелді. Мұны Әлия Сәрсенқызы үнемі айтып, жазып жүреді.

«Шыны керек, қазір біздің жер асты байлығымызды пайдаланып жатқан шетелдік инвесторлар айналасында экологиялық талаптарды сақтамағаны үшін әртүрлі әңгіме мен дау-дамайлар шығып жатады. Неге? Өйткені бізге өтпелі кезеңде экономиканы тұрақтандыру үшін шетелден келетін инвесторлардың қаржысына иек артуға тура келді. Ол кезде оларға экологиялық талаптар қоя алмадық. Бұл істі заңдық тұрғыдан реттеуді кейін қолға алдық қой. Жалаңаш адам алдымен үстіне бір нәрсе іліп, сосын барып пәлте киеді ғой. Біз қазір қанша шындап осы мәселелерді қолға алуға мәжбүр болып отырмыз. Өтпелі кезеңде шетелдің инвестициясына тәуелді болғандықтан қателіктер жіберіп алдық. Қабылданған Экологиялық кодексті әлі де пысықтай түсуіміз қажет. Сонда жағдай өзгереді»,- деп тұжырымдайды Ә.С.Бейсенова.

Академик апайымыз ғылымға қосқан үлесі туралы айта келіп, «одан гөрі отбасыма қосқан үлесімді жоғары қоямын» дейді. Себебі ұстаздық жауапкершіліктен аналық жауапкершілік жоғары.

Академик үнемі газет-журналдарға экология, елдік, бірлік мәселелерін көтеріп мақала жазып, сұхбат беріп отырады. Бір кездері Президент жанындағы «Отбасы және әйелдер ісі» ұлттық комиссиясының мүшесі ретінде, талай игі бастама көтергенін де білеміз.

Ұстаздың теледидардағы кейбір бағдарламаларға көңілі толмайды. Желікпе, шоу бағдарламаларды орайымен сынап, қатаң сөз айтқан кезі аз болмады.

Тәлім-тәрбиеге қатысты бағдарлама жүргізушілерінің тақырып таңдауға ерінетінін, бәлкім оған журналистердің өресі жетпейтінін де сын тезіне алады.

«Біздің Қазақ радиосы кейде «Алтын қорынан» алып, керемет классикалық әндер береді. Бұл жақсы. Классика ешқашан сәннен шықпайды. Бірақ соңғы кезде бұл бастама да солғындай түскен секілді»,- деп бір қайырды академик.

Академик Әлия Бейсенова есімі жақын және алыс шетелдерге де, тіпті бүкіл әлемге кеңінен мәлім. Тек соңғы жылдары ол экологияға қатысты, «Мәңгілік ел» идеясына байланыстырып бірнеше оқулық, монография жазды.

Академик, география ғылымдарының докторы Әлия Сәрсенқызы жұбайы Серік Қирабаевтың қазасынан кейін еңсесі түсіңкіреп қалса да, ғылым үшін, салиқалы ұрпағы үшін бойын қайта тіктеді.

Бүгінде тоқсанның тұғырына қонып, Алматы мен елорданың арасын жол қылып, телефонмен, тіпті онлайн жүйесімен қалың шәкірттеріне кеңес беріп жүрген жайы бар.

Біз бүгін халқымыздың мақтанышына айналған академик Әлия Сәрсенқызын мерейлі жасқа шығуымен құттықтап, алда да ел ғылымының жаңа буынына жол көрсетуден, ақыл-кеңес беруден талмаңыз дейміз.


Жұмаділ Шілдебаев

Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, педагогика ғылымының докторы


Соңғы жаңалықтар